Әдебиет • 08 Қараша, 2019

Абайды таниық, ағайын!

251 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мен ауыл шаруашылығы саласының маманымын, зейнеткерлікке шыққанға дейін осы саладағы түрлі жауапты лауазымдарда қызметтер атқардым. Елімізде Абайдың 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталатынын естіген соң, өз ой пікірлерімді ортаға салғым келді. Мен мұны қазақтың рухани тұрғыда шыңдалуына бағытталған өте маңызды мемлекеттік шара деп білемін.

Абайды таниық, ағайын!

Бір ғасырдан астам уақыт бойы халқымыздың санасына да­нышпандық дүниетанымымен терең бойлап, өшпес із қалдырған Абай шындықтары, әлі де талай жылдар бойы, халқын ақиқат жолына бастап, оларға рухани азық болып қала берері сөзсіз. Абай өсиеттерін бойына терең сіңірген жандар неғұрлым көп болса, халқымыз да соғұрлым парасат биігіне жоғарылай бермек.

ХХІ ғасырға еніп кеттік. Өрке­ниет дамыған сайын уақыт ыр­ғағы да жиілеп кеткендей сезіледі, мұны жаһандану деп түсініп отырмыз. Батыс құндылықтарына ессіз еліктеп, қазақи болмысымызға шекеден қарайтын әдетті байқағанда пұшайман күйге түсесің. Асқанда да, сасқанда да күш алатын тірегіміз Абай болмас па? Бірақ Абай өсиеттері тек айтылғаны болмаса, жүрекке де, зердеге де жет­пей жүргені тым өкінішті. Жем­қорлық, сыбайластық бүгінде мемлекеттің дамуын тежейтін, іштен шалатын қауіпті күшке айналып бара жатыр. Сөзбұйдалар көбейіп кетті. Абайдың «мыңмен жалғыз алыстым» деуі жайдан-жай айтылмаған болар, біз әлі де болса алдап-арбап, қулықпен, ұрлықпен мал табу психология­сына жақынбыз, одан таза арыла алмай келе жатырмыз. Оны кезінде Герольд Бельгер де: «бұл қазақ неге қу болуға сонша құмар?» деп айтқан еді. Қазақтың қа­мын бір қазақтай ойлаған неміс бауырым бәлкім, сырт көзге бадырайып көрініп тұрған соң айтқан болар.

Менің тұстастарымның дені Ке­ңес заманында интернационал­дық тәлім-тәрбие алғандар. Әскер қатарында немесе студенттік кезде үйреніскен достармен әлі күнге дейін дидарласып тұрамын. Мені олардың арасындағы орыс емес басқа ұлт өкілдерінің өз ұл­тының болашағы жөнінде еш­қандай бүкпесіз шынайы айтқан әңгімелері толғандырады. Жас кезімізде оларға таза мән бермеген екенбіз. Бұл орайда мен солардың біреуімен болған әңгі­меге тоқтағым келеді. Мен бірде досыма: «сен ұлы халықтың өкі­лі­сің ғой» дегенімде, ол «біз ұлы болсақ мемлекеттігіміз болар еді­ ғой, ендігі қалған уақытта ұлты­мыз­дың сақталып қалуының өзі неғайбыл» деп күрсінді. Досым­ның сол күрсінісінен кейін-ақ маған «әңгіме өзіңде барды сақтай білу, бағалауда екен ғой» деген ой келді. Мемлекет болу ха­лықтың пешенесіне жазылуы кездейсоқ құбылыс емес, қазақ­тың елдігін, ұлт болып ұйы­суын, мемлекеттігін сақтау үшін тарихқа, Абай еңбектеріне үңілу керек.

Абай – демократ, ойшыл, хал­қын мемлекетшіл санаға, әділеттік ұстанымдарға жетеле­ген қайраткер. Қазақтың ел болуына Абайдың сіңірген еңбегін, тұлғалық болмысын дұрыс ба­ғалауымыз керек. Тоқсан жас­тан асқан шағында өмірден озған Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Ұлы Отан соғысының ар­дагері, ақын аудармашы Мұзафар Әлімбаевтың «Көңіл күн­деліктері» атты кітабында «ақын, поэт» латын тілінде пай­ғам­бар деген ұғымды білдіретіні ай­тылыпты. Артына өшпес сөз қалдырған Абайды поэ­зия пай­ғам­бары деп түсінеміз, ол сонымен қатар қазақтың рухани да пайғамбары, адастырмас темір­қазығы.

Кешегі Кеңес дәуірінде Маркс,­ Ленин идеяларын жаппай оқытатын саяси білім беру жүйе­сі болғаны бәрімізге белгілі. «За­мана оны илемек» деп Абай айтқандай, марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын жат­қа айтатындар болды. Ал біздің бүгінгі ұрпақ рухани шам­шы­рағымыз Абайды танып бол­ды ма, оның өсиеттерін зердеге тоқи алды ма? Көрші Ресей­де Пушкин шығармаларын ұлық­тау жұмыстары жақсы жолға қойыл­ған, бірнеше пушкинтану институттары жұмыс істейді, оның поэзиясы әлем жұртшылығына аян. Абайтану жөнінде ауызды қу шөппен сүртуден аулақпын. Бірақ бізде Абай шығармашылығына қызығушылық танытатындардың көбі әзірше ат төбеліндей зия­лы аға буын өкілдері ғана, қал­ған­дарының белсенділігі әзірше байқалмайды. Зиялы қауымның аға буын өкілдері кезінде қомақты абайтану шараларын атқарды, ол үлкен жұмыстың басы еді, оны біздің ұрпақ жақсы біледі. Бүгін Абай қазақ поэзиясының жарық жұлдызы деген жалаңдау ұранмен жүрміз, оның данышпандық дең­гейіне тереңдемейтін секілдіміз. Абай ақиқаттары бойды, ойды жаулап алатын дәрежеге жетуі қа­жет. Сонда олар өскелең ұрпақ­тың санасына жағымды әсерін тигізеді.

Рас, тәуелсіздік алғаннан кейін елімізбен қатар, ақынды сыртқа таныту үшін бірсыпыра елде Абай ескерткіштері орнатылды. Ескерткіш – сол тұлғаны та­нытатын елшілік секілді, сон­­дық­тан асығыстық танытпай, Абайдың философ, ойшыл тұл­ғасын өзгелер де дөп танитын сапалы ескерткіштер орнатылуы дұрыс еді. Қазір ғаламтордан дү­ниенің қай нүктесін де тауып­ қарай бересің. Абайдың Қы­тай­дағы мүсіні Конфуцийге, Өзбек­стандағы ескерткіші Шығыс ертегілерінің кейіпкерлеріне ұқ­сап кеткен секілді әсер қал­ды­рады. Ресейдегі Қазақ елшілігі алдындағы ескерткіш те қазақтың кең шапанын киген кемеңгер да­нышпан Абайдың кейпін бермейді.

Бір жақсысы, еліміздің барлық қалаларында Абай даңғылдары, көшелері бар. Абай атындағы даңғылдар мен көшелер бойында дана ақынның өлеңдері мен «Қара сөздерінен» үзінділер көз алдымызда менмұндалап тұрса, оның жалынды сөз иірімдері әр адамның санасына тереңірек сіңер еді. Мақсат Абайды танып қана қоймай, ол қалдырған адами құндылықтарды күнделікті тіршілікте басшылыққа ала білу болар еді.

 

Мырзағали ҚҰРМАНОВ,

еңбек ардагері

 

Қостанай облысы,

Қостанай ауданы