Қоғам • 08 Қараша, 2019

Таңбалар әлеміндегі мәдени жарылыс

11083 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Белгілі француз ойшылы Леви-Стросстың «ХХІ ғасыр – гуманитарлық ғылымның ғасыры болады, әйтпесе ол мүлде болмайды» дегені бар. Ал Тарту-Мәскеу семиотикалық мектебінің негізін қалаушы Юрий Лотман болса, «Адамзаттың зияткерлік тарихы – адам жады үшін күрес» дей келе, бұл мәселеге одан да кеңірек қарайды.

Таңбалар әлеміндегі мәдени жарылыс

Рухани жаңғыру – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық біре­гей­лікті сақтап, ел ішінде бей­бітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілет­ті, та­быс­ты ел болу. Осы тұрғы­да, Тұң­ғыш Прези­дент – Ел­ба­сы Н.Ә.Назар­баевтың «Ру­хани жаң­ғыру» бағ­дар­ламасы – жеке тұлға­ның даму мүм­кіндіктері­нің негізгі са­ты­­ларын қамтыған ке­шен­ді жоба.

«Рухани жаңғыру» бағдар­­ламасында қойылған міндет­терді жүзеге асырудың негізгі тетік­­терінің бірі – «Жаңа гумани­тарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Аталған жоба аясында Ұлттық аударма бюросының үйлестіруімен гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген 48 еңбек ана тілі­мізге аударылды. Аударма про­цесі жалғасып жатыр. Бұл жалпы қазақы оқырман үшін де, зерт­теушілер мен студенттер үшін де үлкен мүмкіндік және мұндай ауқымды жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр.

Осы келелі іс аясында әлемдік ақыл-ой аламанында айтарлықтай орны бар Юрий Лотманның «Семио­сфера» («Таңбалар әлемі») деп ата­латын еңбегі қазақ тіліне тәр­жі­маланды. Таңбалар жүйесі туралы ғылым, яғни семио­тика – кез келген ауқымдағы гумани­тар­лық ізденістердің өзіндік ерек­шеліктері айқын көрініс тапқан әрі бір ізге түсірілген ғылым. Жал­­пы, гуманитарлық пайым тұр­ғы­­сынан алғанда да, тарихи, мәдени, әдеби анализ тұрғысынан алған­да да бұл кітаптың берері мол.

Жалпы, семиотиканы таңбалар жүйесі туралы ғылым деп білеміз. Семиотиктер бүкіл жаратылыс­ты таңбалардың жиынтығы деп қарайды. Сөз де бір таңба, өмір де бір таңба, мәдениет, ауа, жер, ақиқат бәрі өз алдына бір таңба. Әлбетте, бұл ғылым жоқ жерден пайда болған жоқ. Көне ойшылдар мұның алғышарттарын сөз қылған болатын. Таңбаның та­би­ғатын діни, сонымен қатар материалистік тұрғыдан қарас­тырған ғалымдар да болды. Алай­да, бұл мәселені ғылым ретін­де жүйеге түсірген ғалымдар қа­т­арында Ч.Пирс, Ф.Соссюр, Ч.Мор­­ристерді атауға болады. Кейін­нен мұны түрлі мазмұнда терең­дете қарастырғандардың қатарында Барт, Якобсон, Леви-Стр­осс, Греймас, Дерида сынды басқа да зерттеушілерді ерекшелеп атауға болады. Аталған ғалымдардан Лотман ізденісінің басты ерекшелігі ғалымның семиотиканы ең әуелі мәдени код ретінде, яғни мәтінге айналған мәдени қатынастар, ақпараттар ағыны ретінде қарастыруы деп білемін.

Бұл еңбегінде Юрий Лотман семиотика теориясы мен методологиясын, семиосфера құры­лы­мы мен ерекшеліктерін нақ­ты мысалдармен, типология­лық тал­даулармен түсіндіріп береді. Еңбек сонысымен құнды. Талдаулар тарихи дәйектермен, көбіне әдеби мәтін сюжеттері­мен бекітіліп отырады. Осы еңбегі арқылы ол Мәскеу–Тарту семиотика мектебінің негізін қалаушы ретінде әлемге танылды. Автор осы еңбегінде тілдердің жойылып кетпеуі мен үнемі қолданыста болуы үшін қажет қарым-қатынастардың мәдени негіздеріне ой жүгірте­ді. Семиотика кеңістігін түгел­дей бүтін бір жүйе немесе ағза ретінде қарастыруды ұсынады. Соны­мен қатар семиосфераны сипаттай­­­тын белгілерді, олардың қыз­метін, семиотикалық процес­тер мен семиозис құбылы­сын түсін­ді­ріп өтеді. Лотман мәдениет және тіл, мәдениет және мәтін, мә­де­ниет және тарих, мәдениет және ақпарат, мәдениет және мәтін функ­циясы, мәтін мен тарих, мәтін­нің тарихи заңдылықтары деген күрделі қарым-қатынастарды арнайы қарастырып, олардың түп негізін қозғайды.

 «Семиосферада» жинақталған ғалымның таңдаулы еңбектері оны төрткүл дүниеге танытты. Таңдалған кітапқа кірген монографиялар («Мәдениет және жарылыс», «Ойшыл әлемдер ішінде»), түрлі жылдарда жарық көрген мақалалары, бүгінгі таңда қайтадан ғылыми айналымға еніп, гуманитарлық білім мамандары үшін орасан мүмкіндік алаңын тудырып отыр. Бүгінде әлемнің озық жоғары оқу орындарында семиотика дербес пән ретінде жүргізіледі. Таңбалар туралы ілімге деген қызығушылық ең алдымен ақпарат алмасу, ғылыми дискурс һәм мәдени таным тұрғысынан аса маңызды. Бүгінде біз мәдени, ұлттық, тарихи код туралы оның түпкі мәніне бойламай жиі сөз қозғаймыз. «Семиосфера» бұл түсініктердің түпкі механизмінен бастап, таралу тәртібіне дейін айқындап бере­ді. Таңбалар туралы ілім – өнер мен өмірдің, ұлт пен мәдениеттің, тарих пен тіл білімінің, адам ба­ла­­сының ақпарат алмасу қағи­дат­­тарының мәнін тайға таңба басқандай түсіндіреді. Мәсе­леге, оның бастапқы міндеті тұрғы­сы­нан қарауды үйретеді.

Төменде осы еңбектегі мәдени қаты­настар, тілдік әлем, мәдениет пен өнердің, өмірдің тоғысар тұс­та­ры жайлы мәселелерге тоқ­таламыз.

Бұл тақырыпқа сөз қозғағанда ғалым таңбалар жүйесін аталған еңбегінде әуелі тілдік әлеммен байланыстырады. Лотманның пікі­рінше, біз тіл кеңістігіне тас­тай батып, судай сіңіп кеткен­біз. Әлбетте, қай жағынан алып қарастырсақ та, біз тілдік кеңістіктен қаша алмаймыз. Біз оның бір бөлшегіміз, ол да біздің бір бөлшегіміз. Бұл ретте тілмен арақатынасымыз жайбарақат деп айта алмаймыз: тілдің шегінен тысқары шығу үшін бар күш-жігерімізді саламыз, жалған мен өтірікті, ауытқушылықтарды, кеміс­тіктеріміз бен олқылықтары­мыздың денін дәл осы тілге артып қоямыз. Тілмен күресу талпыныс­тары тілдің өзі сияқты көнеден келе жатыр. Тарих, бір жағынан, бұл талпыныстардың үміт­сіз­дігі­не, екінші жағынан, өмірі біт­пей­тініне көзімізді жеткізіп отыр.

Лотманның тілдік кеңістігі күн­делікті қолданыстағы тілмен шек­телмейді. Ол біздің адами, м­әдени, ұлттық санамыздың қам­ти­тын шеңберлерімен тікелей байланысты. «Рухани жаңғырудағы» сана жаңғырығын түйсінуде де бұл еңбектің маңыздылығы ерекше.

«Таңбалар әлемінің өзегінің бірі – оның әртектілігі», дейді Лотман. – Уақыт осіндегі циклдік қозғалыстарда түрлі қосалқы жү­йелер қатар орналасады. Мәсе­лен, қазіргі заманда Еуропада әйел­дер модасының айналым жыл­дамдығы жылмен өлшенсе, тілдің фонологиялық құрылымы баяу өзгеретіні соншалық, тіпті біз оны өзгермейтін дүние деп қабылдауға бейім болады екенбіз».

Расында да қазіргі қазақ тілі­нің мазмұн байлығы күн санап жұтап бара жатқанымен, екінші жақтың пайымы тұрғысынан ол өзгермес дүние ретінде қара­лып, үйреншікті байбалам қалпына түсіп отыр. Осы тұс­та Ю.Лотман Лермонтовтың «Ақын­дар өз табанын өзі сорып, қоректенетін аюларға ұқсайды» деген тұжырымын келтіреді. Семиотикалық құрылымдарға қатысты бұл мысалды қазіргі ана тіліміздің ахуалымен қарай­лас қарауға да болады. Ұлттық кеңістігімізді қалыптастыратын ана тіліміз десек, оның өзге мәдениеттер кеңістігіндегі орны қандай? Бүгінде балабақшаларда қостілді тұлға қалыптасып келе­ді, оның даму динамикасы­ның қарқыны қандай? Егер бұл сұрақтарды да Лотман көтеріп отырған таңбалар әлемі аясында қарастырсақ, нендей нәтижелерге қол жеткіземіз?

Лотман кез келген ұлттың мәдени шекарасының маңыз­дылығына тоқталады. Әрі қарай ғалым ойын одан сайын тереңдетіп ұлттық мәдениеттің өзге мәдени қабаттармен қатынасын да тілге тиек етеді: «Бұл шекара семиотикадан тыс саладан баса көктеп кіретін басқыншылармен қиылысады, ал бұл басқыншылар баса көктеп кіргені былай тұрсын, өзімен бірге динамикасын ала келеді, кеңістікті түрлендіріп жібереді, әйтсе де кеңістік заңдары бо­йынша өздері де түрленеді. Сонымен бірге семиотикалық кеңістік өзінен мәдениеттің тұтас қабаттарын ұдайы шығарып тас­тап отырады. Бұл қабаттар мәдениеттің шегінен тысқары түзілім топтарын жасайды да, мәдениетке мүлдем ұмыт болып, жаңа қабат ретінде қайта кіру үшін, өз уақытын күтіп отырады. Семиотикадан тыс саламен ауыс-түйіс динамиканың таусылмас қорын қалыптастырады».

Бұл «мәңгі қозғалыс» ұдайы жаңғырып, жаңарып, толығып отыратындықтан ешқашан тоқта­майтыны да баршаға мәлім.

Ең алдымен, қазақ тілі болсын, өзге де тілдер болсын, тіл тео­риясы тұрғысынан алғанда бар­лығының болмысы бір. Лот­ман бұл тұрғыда тілдер таби­ғатын әрі күрделі қатынас жүйесі әрі адамзаттың мәдени жады тұр­ғы­сынан қызықты салыстыру­лар негізінде қарастырады. Мәде­ниет те өз кезегінде, тек мәде­ниет шеңберінде емес, мәде­ниет­тен тыс кеңістікті тану ар­қы­лы зерделенеді. Бұл өте қызық па­йым. Қазақ тіл білімі саласы­ның мамандары мен мәдениет­тану­шылары үшін Лотман ұсын­ған категориялар ең алдымен пәнді мағыналық кеңістік және пәнара­лық қатынастар әлемі ретін­де қарастыру мүмкіндігі дер едім.

Мәденит ұғымының ерекше­лігін кеңінен қозғаған бұл еңбек­тің қамту аясы өте кең. Ғалым кез келген тақырып өзегін оның стратегиялық ауқымын сақтай отырып саралайды. «Өмірді мәтінге айналдыру – оқиғаларды түсіндіру емес, ұлттың жадына енгізу. Ал бірыңғай ұлттық жадтың болуы бірыңғай ағза түрінде ұлттық ұжымның өмір сүру белгісі» дейді Лотман. Осы іс­петтес тұжырымдар ғалым па­йы­­мының мәселеге мүлде өзге қы­ры­нан қарайтынын аңғартады.

Ғалым кезінде алып талант иесі Толстой тереңдеп барған тақырыпқа да ой жүгіртеді. Толстой «Өнер дегеніміз не?» деген әйгілі сұраққа, «өнер – адам­заттың ізгілікке үздіксіз ілбіп жылжуы» деген мазмұнда ой қоры­тады. Таңбалар әлемінде өнер де өз алдына бір таңба. Алайда, оның өзіндік жүйесі мен ішкі динамикасын қалай талдаймыз? Өнердің өзін емес, оның қызметін тану қаншалықты тиімді? Лотман дәл осы функционалдық тұрғыдан тұжырым жасайды да: «Өнер танитын ақиқаттың таусылмайтыны сияқты, жаңа тілді іздеу жолындағы өнер де ешқашан түгесілмейді» дейді.

Әлбетте, бір жағынан, ХІХ ғасырдағы позитивистік филосо­фия, екінші жағынан, гегель­дік эстетика санамызда «өнер – ақиқаттың айнасы» деген түсі­нікті қалыптастырғаны мәлім. Ал әрқалай символистік және декаденттік теориялар жиын­тығы өнер мен өмірді, ит пен мысықтай құбылыс ретінде насихаттады. Мұндай антитезаларды Лотман шынайы өнерде мәңгілік егіз ұғымдай көрініс тапса, ал өмірде мүлде мүмкін емес қатынас деңгейінде қарастырады. Лотман пайымынша, пенденің таным кеңістігі өнердің басты құралы. Олай болса, адамның таным кеңістігі дегеніміз не? Бұл ұғымның аясында біз қандай категорияларды қарастырамыз деген кешенді сұрақтарды алға тартады.

Таным көкжиегін саралай келе, Лотман Батыс пен Шығыс текетіресіне де ой жүгіртеді. Бұл тұрғыда ғалым пікірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қойылып отырған мәселемен мазмұндас келеді. Ұлттық сана туралы айтылған тұста Елбасы Н.Назарбаев: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өз­деріне ғана тән қалыбы мен тәжі­рибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай ерік­сіз таңуында. Әжептәуір жаңғыр­ған қоғамның өзінің тамыры тари­хы­ның тереңінен бастау алатын рухани коды болады» дейді. Аталған тақырып туралы «Семиосферадан» мына үзін­ділерді келтіре кетсем: «Батыс» өркениеті «шығыс» өрке­ние­тін мәдени «тіршілік етпей­тін» бірдеңе деп емес, «әлем­дік мә­дениет» деп аталатын тұтастыққа қосылатын серік­тесі ретінде қабылдап, онымен тү­йіс­кенде, өркениет ең алдымен өз­геше көрінген мәтіндерді өз фило­со­фиясы мен ғылымының метатіл­дері арқылы қайта баяндайды».

«... Шығыс және Батыс Еуропа қатынастарындағы көз алдымызда болып жатқан түбегейлі өзгеріс, бәлкім, жалпы еуропалық тернарлық жүйеге көшуге және «ескі әлемді түбірімен жойып, оның қирандыларына жаңа әлемді тұр­ғызу керек» деген мұраттан бас тартуға мүмкіндік беретін шы­ғар. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алу нағыз тарихи апат болар еді».

Бұл тұрғыдан алғанда мәдениет адамзат тарихының күрделі және кең ұғымдарының бірі болып саналады. Осы проблемаға арналған әдебиет те көлемді әрі көрнекті: тарих философиясынан бастап әртүрлі дәуірлердегі материалдық және рухани мәдениеттің жеке мәселелері жөніндегі нақты зерттеулерге дейін ұшы-қиыры жоқ саланы қамтиды. Алайда проблемалар мен аспектілер қанша жерден көп болса да, олардың барлығы ықтимал екі тәсілге саяды дейді Лотман: «Екі түрлі талдау: дедуктивті және индуктивті, логикалық және тарихи». Лотманның «Семио­сфера» еңбегінің құнды­лығын ондағы қамтылған тақырып­тарды саралай отырып бағам­дауға болады. «Мәтіндегі мәтін», «Болжамсыздық сәті», «Динами­каның екі формасы», «Түс – семио­тикалық терезе», «Өнер феномені», «Мәтіннің үш функциясы», «Символ — «сюжеттің гені»», «Тарихи факт проблемасы», «Мәдениет жады», «Тари­хи заңдылықтар және мәтін құ­рылымы», «Мәдениет және ақ­парат», «Мәдениет және тіл», «Ұжым­дық сана ретін­дегі мәде­ниет және жасанды сана мәсе­лелері», сондай-ақ «Мәде­ниет фе­номені» сынды тақырып­тар­­дың қай-қайсысы болсын оқыр­­манды әртарапты рухани пікір алмасуға итермелейтін дүниелер.

 

Ұлан ЕРКІНБАЙ,

А.Байтұрсынұлы Білім академиясының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор