Медицина • 08 Қараша, 2019

Мәмс – маңызды реформа, дұрыс бағыт

400 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында арнайы тоқталған болатын. Медициналық сақтандыру қоры – тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы. Қор халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді Үкімет бекіткен тәртіп бойынша сатып алады. Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиа­лымен келісімшартқа отырған медициналық қызмет ұсынушылардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№6 қалалық емханасы». Біз осы емхананың емдеу-профилактикалық қызметінің басшысы Есжан ҚАЛИЕВКЕ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты тұрғындарды мазалап жүрген мәселелерді сауал ретінде қойған едік.

Мәмс – маңызды реформа, дұрыс бағыт

–Есжан Қанапияұлы, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап еліміздің денсаулық сақтау са­ла­­­сына медициналық сақ­тан­­дыру жүйесі енгізіледі. Сіз­дер­­дің емханаларыңыз бұл өзге­ріске дайын ба?

– Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесі – маңызды реформа, дұрыс бағыт. Біздің емханамыз бұл жүйеге толығымен дайын. Бүгінгі таңда барлық қызметкерлер бұл реформадан хабардар.

– 2020 жылдың 1 қаңта­ры­нан бастап емханаға келген па­циенттер өздерінің санатта­рын, мәртебелерін қалай біледі?

– Қазіргі уақытта емхана қыз­­меткерлері, дәрігерлер мен ме­йір­бикелер, әсіресе учаскелік дәрігерлер өз учаскесіне тір­кел­ген, қабылдауына келген паци­енттерге медициналық сақ­тан­ды­ру жүйесінің ерекшеліктері, медициналық сақтандыру пакеті, азаматтардың санаты, мәртебесі туралы, т.б. толық ақпарат беріп отырады.

– Жұмыс берушілер тара­пы­нан жарна аударылып жат­қан жұмыскерлерден, мемле­кет қамқорлығындағы 15 са­нат­­тан бөлек, бізде тіркеуге, есепке алынбаған тұлғалар да бар. Алдағы жылы МӘМС жүйесі іске қосылғанда жарна аудар­маған бұл азаматтар тегін меди­циналық кепілдендірілген кө­мектен тыс медициналық сақ­тандыру пакеті бойынша ме­дициналық қызмет қажет бол­ғанда қайтпек? Әлде оларға бел­гілі бір аралыққа уақыт бе­рі­ле ме?

− Мұндай санаттағы аза­мат­тар­ға 2020 жылдың сәуір айына дейін уақыт беріледі. Яғни, 2020 жылдың 1 қаңтарынан МӘМС жүйесі іске қосылған кезде, сә­уір айына дейін медициналық сақ­­­тандыру пакеті бойынша да көмек алады, бірақ осы ара­лықта ол жарна аударуы тиіс. Ал тегін медициналық кепіл­ден­дірілген көмек көлемінде алғашқы меди­ци­налық көмек, жедел жәрдем, шұғыл жағ­дай­­дағы медициналық көмек сақ­тан­дырылған, сақтан­ды­рыл­ма­ғанына қарамастан, кез келген науқасқа көрсетіледі. Ескеретін жайт, науқас емханаға міндетті түрде тіркелуі керек. Себебі қазір медициналық ақ­параттық жүйе жасақ­талған. Ол жүйеде әр па­циенттің аты-жөні, сыр­қат тарихы, диагнозы, қандай тексерулерден өткені туралы деректер электронды денсаулық құжатында жинақталады.

– Яғни, медициналық қыз­меткер пациенттің мәрте­бе­сін, санатын анықтап уақыт кетірмейді, онық бәрі дерек­қорда болады, жеке сәйкес­тен­діру нөмірін (ИИН) енгізсе жет­кі­лікті дейсіз ғой?

– Әрине.

– Жалпы, медициналық сақ­тандыру жүйесі туралы өз пікіріңіз қандай?

– Міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесі – денсаулық сақтау саласын алға дамытатын реформа. Дамыған елдердің көпшілігі әлдеқашан медициналық сақтан­дыру жүйе­сі бойынша жұмыс істейді. Мыса­лы, Оңтүс­тік Кореяны ала­­йық. Меди­цина саласы жақсы да­мы­ған. Сақтандыру жүйесінде бірте-бірте бәсекелестік кү­шейе­ді. Бәсекелестік болған жерде медициналық қызметтің сапасы да артады. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізудегі ең басты мақсат та, бағыт та осы – медициналық қызметтің сапасын жақсарту, науқастарға қол­же­тімді және жоғары дәрежеде медициналық көмек беру.

– «Медициналық сақ­тан­ды­ру жүйесі ен­гі­зілсе шешімін табар еді» дегенде қандай диаг­нос­тикалау-емдеу тәсіл­дерін, кезек күт­кен ем-шараларды атар едіңіз? Қандай артық­шылық, тиім­ді­лік күтесіз?

– Менің ойымша, меди­ци­на­лық сақ­тандыру жүйесі енгі­зіл­­геннен кейін, пациент­­тің денсаулық көр­­сет­­кіштеріне қа­рай жібе­рілетін, қымбат тұра­тын компью­тер­лік томография, магнитті-резо­нанс­ты томография секіл­ді тексерулер, ультра­ды­быстық зерттеулер мүмкіндігінше қол­же­тімді болады.

– Алғаш хабар­лас­қанымызда сіз­дің операция жасап жатқаныңызды жеткізді. Түсінуім­ше, қазір емхана жағ­да­йын­да да кіші­гірім оталар жасалады, со­лай ма?

– Иә, солай. Науқас­тар ста­цио­нар­ға жату үшін кезек күтеді. Біріншіден, осы кезекті азайту үшін, екін­ші­ден, науқастарға жылдам, уақтылы көмек көр­се­ту үшін, емха­наларда амбу­ла­ториялық хирургиялық орта­лықтар ашылды. Бүгінде ауыз-мұрын қуысы (ЛОР), тері ісігі, шап жарығы, т.б. секіл­ді бірқатар диагноздар бой­ынша лапороскопиялық, эндос­копиялық оталар осы орта­лықта жасалады. Бұл – ауқым­ды жұмыс, үлкен еңбек, меди­циналық сақтандыру жүйесінің алғышарттарының бірі.

– Тұрғындар арасында ақ­па­раттық-түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізген кезде «2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін кезек болмай ма?, «Дә­рігерлерге жазылу көп күт­тірмей ме?» деген сауалдар жиі қойылады...

– Кез келген бастама, жаңа реформа кедергісіз болмайды. Қазір тұрғындарға медициналық сақтандыру жүйесі бо­йынша түсіндіру жұмыстары жүр­гі­зіліп жатқанына қара­мас­тан, пациенттер тарапынан түсі­ніс­пеу­шіліктер де, қиын­шы­лық­тар болуы мүмкін. Оған біз дайынбыз. Бәрі бірте-бірте жолға қойылады.

– Тұрғындар тарапынан не істелуі керек?

– Әр адам денсаулығына, ең алдымен, өзі жауапты. Сон­дықтан жұртшылық медици­на­лық сақтандыру жүйе­сі­нің қажеттілігін түсініп, бірге атсалысуы керек. Еліміз, қай салада болмасын, дамуы үшін бір орында тұрмауы керек, алға жылжуы қажет. Медициналық сақтандыру жүйесі – осы бағыттағы маңызды қадам. Қазірдің өзінде біршама құрал-жабдықтар жаңартылып, толығуда. Мамандарымыз да медициналық қызмет көрсетудің заманауи соңғы тәсілдерін игеруде. «Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» дейді қазақ, МӘМС өз жүйесін тауып, еліміздің медицина саласы жетекші орындардан көрінетініне сенемін.

 

Әңгімелескен

Жанаргүл ҮМБЕТОВА,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін