Экономика • 08 Қараша, 2019

Азық-түлік бағасы бақылауда ма?

506 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Басқа өңірлерге қарағанда Түркістан қаласында әлеуметтік азық-түлік бағасы төмендеді. Бұған Түркістан облысы әкімдігі, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, Тұрақтандыру қорының өкілдері мен журналистер тобы қала дүкендеріндегі әлеуметтік өнімдермен қатар нанның бағасын тексеруге рейд ұйымдастыру нәтижесінде көз жеткізді.

Азық-түлік бағасы бақылауда ма?

Рейдті ұйымдастырушылар көп­ші­лік көп жүретін «Рахмет» супер­маркетін тексерді. Онда әлеуметтік бірінші сұрыпты нанның бағасы 75 теңгеден сатылып жатыр. Одан кейін тексерушілер тобы «Шапағат» супер­мар­кетіне ат басын тіреді. Мұнда да әлеуметтік нанның бағасы 75 теңге­ден сатылуда. «Жауғашты» базары жанын­дағы әлеуметтік дүкенде нан ғана емес, картоп, сәбіз, қарақұмық бағасы да базардан әлдеқайда арзан екен. Облыс әкімдігінің бастамасымен ашылған он төрт әлеуметтік дүкеннің сегізі қалыпты жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта барлығы іске қосылмақ. Бұл дүкендерде бірінші сұрыпты нан ғана емес, әлеуметтік сұра­нысқа ие 19 түрлі азық-түлік баға­сы базардағы бағадан төмен. Тұрақ­тандыру қоры мен тиісті мекемелер Қостанай облысымен келісіп, би­дайды төмен бағамен сатып алып, қаладағы нан өндіретін наубайханалармен бағаны тұрақты ұстап тұруға уағдаласқан көрінеді.

Түркістан облыстық тұрақтандыру қоры­ның директоры Марал Мараси­лов­тың айтуынша, қаланың 80 пайызын нан өнімдерімен қамтамасыз ететін «Ақжол» ЖШС-мен келісіп, тәу­­лігіне екі мың бөлке нанды арзан етіп елдің дастарқанына жеткізу­де. Бұл жұмыс барлық ауданда жүр­гізілу­­де.

Түркістан қаласының 80 пайызын отыз түрлі нан өнімімен қамтамасыз ететін «Ақжол» ЖШС-нің өндіріс ди­­ректоры Нәсиба Атаева әлеуметтік нан бағасын түсіруге Тұрақтандыру қоры­мен келісімшарт келесі жылы жаңа бидай жиналғанға дейін жасал­ғанын алға тартады.

Алдағы уақытта басқа да әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында Түркістан облысының азық-түлік дүкендеріне, сонымен қатар әлеуметтік нан өнімдерін шығаратын қайта өңдеу кәсіпорындарына диірмендер, наубай­ханаларға несие беру мәселесі қарас­тырылуда.

Бұған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев басқаратын комиссия жауап береді. Комиссияның бірнеше отырысы өткі­зіліп, қалада азық-түлік бағасын тұрақ­тандыру бойынша тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма берілді. Нәтижесінде Тұрақтандыру қорының жанынан қажетті азық-түлік қоры жасақталды. Оған күріш, қара­құмық, май, тұз, ет өнімдері кірді. Көпшілік сұранысына орай халық көп шоғырланған аудандарда кәсіп­керлермен бірлесіп тағы да әлеумет­тік дүкендер қатарын көбейту жос­пар­ланып отыр. Делдалдар мен алып­са­тар­лыққа жол бермеу үшін әрі өнім сапа­сына қоғамдық бақылау жүргізу мақ­сатында әлеуметтік дүкендерге де онлайн касса аппараттары орнаты­ла­ды.

 

Ескендір ЕРТАЙ,

журналист

 

ТҮРКІСТАН