Қоғам • 08 Қараша, 2019

Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету қажет

813 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Қазақстанның Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың төрағалығымен «Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара барысында жұмыс орындарындағы қауіпсіздік техникасын сақтау мәселелері, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы қазіргі проблемалар және оны шешу бо­йынша қабылданған шаралар қаралды.

Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету қажет

Семинарға Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік еңбек инспекторлары, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Өнеркәсіптік даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің, Денсаулық сақтау министрлігінің, Кәсіподақтар федерациясының, «Атамекен» ҰКП, «ЕҚРҒЗИ» РМКК, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «BI Group» холдингінің өкілдері қатысты.

«Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамта­­масыз ету – бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау минис­тр­лігінің маңызды басым­дық­та­ры­ның бірі. Ағымдағы жылы «Қа­уіп­сіз жұмыс» ақпараттық науқаны аясында біз «Атамекен» ҰКП, Кәсіп­одақ­тар федерациясы және мүд­делі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өңірлерде 4 кластерлік семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайларын жасауға бағытталған бірлескен күш-жігеріміз ғана кәсіби қауіптерді азайта алады», деді Төлеген Оспанқұлов іс-шараның ашылуында.

Семинарда сөз сөйлеген Бас мемле­кеттік еңбек инспекторы зиян­ды еңбек жағдайлары бар жұмыс орын­дарының санын азайтудың маңызын атап өтті. Бүгінде зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында Қазақстанның 497 мың қызметкері жұмыс істейді, олар үшін жұмыс берушілер қызметкердің табысынан 5% мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударатынын атап өтті.

«Статистика жөніндегі уәкілетті органның мәліметтері бойынша, 2018 жылы сауалдамаға қатысқан кәсіпорын­дардың 1,6 миллион қыз­мет­­керінің 373 мыңы немесе төрттен бірі зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылған. Былтыр 676 мың жұмысшы зиянды еңбек жағдайындағы жұмысы үшін әртүрлі өтемақы алды. Бұл үшін жұ­мыс берушілерге 116,3 млрд теңге бөлін­ді, бұл 2017 жылмен салыс­тыр­ған­­да 8%-ға көп», деді ол.

Өз кезегінде Қазақстан Кәсіпо­дақ­тар федерациясы Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеу­меттік серіктестік комитетінің төрағасы Гүлнар Жұмагелдиева қаты­сушыларға республика кәсіпо­рын­дарында жүргізіліп жатқан әлеуметтік бақылау туралы айтып берді.

«Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту және әлеуметтік кәсіпкерлік саясаты комитетінің төрағасы Талғат Доскенов «Атамекен» ҰКП-ның қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Индус­­трия және жаңа тех­но­­логиялар министрлігі Өнеркә­сіп­­тік даму және өнеркәсіптік қауіп­сіз­­дік комитеті төрағасының орынбасары Нығмеджан Мақажанов семинар қатысушыларына қауіпті өнді­ріс­тік нысандардағы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету туралы хабарлады.

Іс-шараны қорытындылай келе, Төлеген Оспанқұлов қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды ұйымдастыру бо­йынша тиісті нақты ұсынымдар берді.

Естеріңізге сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылды «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп жариялаған болатын. Осыған байланысты республикада аталған тақырыпқа арналған бірнеше іс-шара өткізіледі. Бұл семинар соның бірі. Негізгі мақсаты – өндірісте қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдардың, бизнестің және қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру.