Қоғам • 08 Қараша, 2019

Ажалға «асыққандар» азаймай тұр

396 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қанша жерден көңілсіз дерек болса да, одан айналып өте алмаймыз. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен білгеніміздей, былтыр елімізде 3542 (!) адам суицидпен өз өмірімен қош айтысқан екен. Соның ішінде ақтөбеліктер де аз емес... Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында бұл жағынан алдыңғы орындарды бермей тұр. Бұған қатысты құқық қорғау органдары мен әлеуметтанушы, психолог мамандардың да өз айтары бар.

Ажалға «асыққандар» азаймай тұр

Әр адамның өзіне тән мұңы бары, жалпы ер мен әйел, үлкен-кіші, кез келген әлеуметтік топтағы азаматтарға ортақ осы бір «құбылыс» негізінен өмірде одан сайын қажырлы болуға итермелесе, кейде құрдымға да жіберетіні белгілі. Яғни, ауыртпалықтарға, соның салдарынан туындаған жан күйзелісіне шыдамағандар ақырғы амалға барып, өз-өзіне қол жұмсап жатады. Бірақ жоғарыда аталған сала мамандары суицидке негізінен рухани жағынан әлжуаз, жүйке жүйесі сыр бергендер баратынын алға тартады.

Себепсіз салдар болмайтынын ұмыт­пау керек. Бұл адам әбден дегбірі қа­шып, басқа амал таппаған соң әлгіндей жағ­дайға барады деген сөз.

Ауыр психикалық ауруға шал­дық­қандарды есептемегенде, өзіміз секіл­ді сау адамдар жеке өміріндегі мәселе­лердің кесірінен бәрін тәрк етеді. Жа­қын адамның қайтыс болуы, отбасы мүшесінің ауыр сырқаттануы, ажырасу, сатқындықты бастан кешіру, баянсыз махаббат, жалғыздық, ата-анамен қарым-қатынастағы қиындықтар, тағы басқа жағдайлар бұған түрткі бола алады. Өз-өзін өлтіруге физикалық, сексуалды зорлық, кемсіту, қорқыту, жала жабу сияқты теріс қылықтар да мәжбүрлейді. Сол кезде сыр ақтарып, шер тарқатар біреу болмаса, оның соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Дәрігер маманның да мұндайда көмегі зор, – дейді ақтөбелік психолог Орынгүл Сатпаева.

Маманның сөзіне қарағанда, өзіне өзі қол жұмсайтындардың дені 15-24 пен 40-60 жас аралығындағылар екен.

Енді қаралы статистикаға тоқталсақ. Бас прокуратураның Құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ұсынған мәліметтерге жүгін­сек, былтыр елімізде 3542 (!) адам өзіне қол салған. Оның 2804-і, яғни басым бөлігі – ер адам. Биылғы көңілсіз сан айғақ: 2019 жылдың 9 айында 2916 қазақстандық өз еркімен мәңгілік сапарға аттанып кете барған... Ал Ақтөбе облысында өткен жылы тіркелген суицидтің саны – 195. Биылғы 9 айда тағы 128 ақтөбеліктің ажалы осыдан болыпты.

Құқық қорғау органдары тарапынан өзін-өзі құрбан еткендердің көбіне қандай «жолмен» бақилық болатыны турасында да арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілген. Көпшілігі асылып қалатын көрінеді...

Ақтөбе қаласындағы «Аңсар» ақ­па­рат­тық талдау орталығының теолог маманы Нұрлыбек Такеев мәселенің мәнісі тереңде жатқанын, бәрінің бірінші кезекте отбасыдан басталатынын атап өтті:

– Құранда: «...Бір-біріңнің мал-мүліктеріңе қиянат қылмаңдар және өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят) делінген. Аятта «өздеріңді өлтірмеңдер» деген тыйымда Ислам дінінде суицидке жол жоқ екендігі ашық баяндалады. Хайбар соғысы кезінде үлкен қаһармандық көрсеткен Кузман атты кісінің тозаққа түсетінін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білдірген-ді. Хузайи Әксүм деген сахаба Кузманның соғыстан кейінгі ауыр жарақатына төзе алмай, өзіне қол жұмсағанын айтады. Кузманның өлімі жайлы Алла елшісіне (с.ғ.с.) жеткізілгенде, ол былай дейді: «Адамдардың арасында сырттай қарағанда жәннат иелеріне тән қайырлы істерді жасап жүргендей көрінетіндер бар. Алайда олар тозақтық...» (Бұхари, Тағдыр, 5).

Адамдар арасындағы жанашырлық, сүйіспеншілік секілді жылы қарым-қатынастардың азаюымен, тұлғаны рухани тұрғыда қалыптастыратын сабыр, шүкіршілік, қанағатшылдық және тағдырға бекем болу секілді имани құн­ды­лықтардың жетіспеушілігінен қоғамда аталған дерт ушығып тұр. Туыстық қаты­нас­тың ақсап, имандылық тәрбиесінің өз деңгейінде берілмеуінен адамдар арасында өмір сүруге, жақсы­лық­қа деген құш­тарлық та кеміп барады. Барлық адам­да қиындықтар болады, бірақ рухани жағынан әлсіздер мұны суицидпен шешемін деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Сондықтан әр отбасында бірінші кезекте «тағдыр», «тәубе», «сабыр» туралы әңгіме қозғалып, ешкім өзін жалғыз, керексіз сезінбеуі қажет, – дейді.

Ал әлеуметтанушы Орынбасар Мұ­хитов­тің пікірінше, үлкен мәселені ауыз­дықтау үшін кешенді жұмыстар жасалуы тиіс. «Әлеуметтану ғылымында суицидті зерттеуде Эмиль Дюркгеймнің орны ерекше. Оның осы мәселеге арналған суи­цид кітабында адамдардың суицидке психологиялық күйзелістен баратындығын жоққа шыға­рып, бәрінің әлеуметтік мәселеден бола­тын­дығын айтқан еді. Дюркгейм өзіне өзі қол жұмсаудың 4 түрін көрсетеді: эгоис­тік, альтруистік, аномиялық, фата­листік. Жалпы, әлемдік ғылымда бұрын­нан-ақ өзіне өзі қол салу фактісі көп­теген факторды жинақтайтыны анық­талды: әлеуметтік, экономикалық, саяси, философиялық, психологиялық, діни. Өкініштісі, бұл – үлкен проблема. Біздің ел де суи­цидтен алдыңғы орындардың бірінде. Дүние жүзінде бұл жасөспірімдер арасында айрықша белең алып тұр... Осы орайда шетелдік тәжірибеде қолданылған «Сенім телефоны» мәселені шешуде оң нәтиже береді деп ойлаймын. Содан соң діни, рухани, ұлттық, отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттасақ, ұтылмайтынымыз анық», дейді ол.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

журналист

 

 АҚТӨБЕ

 

P.S. Өмірдің өзі күн мен түннен тұратыны сияқты, адамдардың дәйім бақытты болуы да мүмкін емес. Бірақ бұл өзіне өзі қол салуға басты себеп болмаса керек... Сондықтан осы түйткілдің төркінін мемлекеттік деңгейде жіті зерттеп, баса мән беретін кез әлдеқашан жетті. Өйткені Конституцияда атап өтілгендей, мемлекеттің басты байлығы – адам.