100 • 11 Қараша, 2019

Ғасыр ғұмыр ғибраты

546 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық тарихында Алматының орны айрықша екенін осы күнге есендікпен жеткен егемендіктер де, тәуелсіздігімізді қастерлейтін бүгінгілер де бес саусақтай біле­ді. Төл басылымымыздың 100 жылдығына арналған шара­лар легі қасиетті жұмада Алматы шаһарында жалғасын тауып, 8 қараша күні Гоголь көшесіндегі 39 үйге ескерткіш-тақта ор­на­тылды. Енді бұл ғимараттың маңынан әрі-бері өткен алматылықтар мұнда қазақтың небір маймалман журналистері қалам тербеп, егемендігіміздің елең-алаңына куә болғанын біле жүрер...

Ғасыр ғұмыр ғибраты

Еліміздің астанасы өзгеріп, газет Арқадағы елордаға көш­кенге де­йін «Egemen Qazaqstan» біздің алып шаһа­рымызда 70 жыл тұрақ тапқан екен.

«Тағзым күні» деп аталған бұл­ күн де міне, газеттің көзі ті­рі арда­герлері үшін ғана емес, Ал­­­матының зиялы қа­уы­мы үшін де шежіре болып қалады. Бұл – Алматыда талай аруақты ауна­тып, «Егеменнің» тарихына тағ­дыры бай­ланған небір тұл­ға­лардың есімі қайта-қайта жаң­ғырған күн болды.

Алматы қаласы әкімінің тіке­лей мұрындық болуымен, үлкен қолдауымен өткізілген шаралар легі былай басталды.

«Санаулы күндерден кейін еліміздің бас газеті өзінің ғасыр­лық мерейтойын­ өткізеді. Осыған орай, еліміздің әр ай­мағында мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. «Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық тарихында Алматы қа­ласының орны бөлек. Басылым ұжы­мы біздің Алматымызға 1929 жылы Қызылордадан толық көшіп келді. Содан бастап, 70 жыл­дай басылымның редакция­сы біздің алып шаһарымызда орналасып, жұмыс істеген. Сон­дық­тан, Алматы төрінде осынау ескерткіш-тақтаның ашылуы – тарихи заңдылық қана емес, азаматтық парызымыздың дә­лелі. Бүгінгі ескерткіш-тақта ар­­қы­лы Алматы шаһарының кел­бетіне тағы бір келісті бояу қосылды деп есептейміз», деді Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.

Содан кейін сөз ал­ған газет­тің басшысы Дархан Қыдырәлі: «Ардақ­ты ағайын, бүгін «Egemen Qazaqstan» газетінің «Социалистік Қазақ­стан» ке­зінде тер төккен, арай­лы­ азат­тығы­мыз­ға үлес қос­қан ар­­­да­герлерімізді кө­ріп отыр­­мыз. Газетті басқарған, га­зет­­те қыз­­мет атқарған аға-апа­ла­ры­мыз­дың ұр­­пақтарымен қа­уы­шып отырмыз. Сон­дық­тан бү­гін ерекше күн. «Egemen Qazaqstan» тарихы Алматымен тікелей байланыс­ты. Басылым сонау 1929 жылы Қызылордадан көшіп келгеннен кейін елдігімізге осы Алматыдан қыз­мет етті. Осында Алаш арыс­тарының қолтаңбасы қалды. Газет «Егемен» деген сөзді еге­мен­дігімізді алмай тұрып жария етті. Азаттығымызды осы газет арқылы бүкіл дүниеге сүйін­шіле­дік. Сондықтан бүгін біз Ал­ма­тыға тағзым етуге келдік!» деді.

Ал қазақ баспасөзінің сардары атан­ған Сарбас Ақтаев бүгінгі күн «еге­мендіктер» үшін Ұлыс­тың ұлы күні еке­нін атап айтты. Мынау ғимаратты  кезінде республика басшылары «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская прав­да» га­зеттері үшін арнайы салғызған болатын. Бұған біз 1987 жылы көшіп кірдік. Ол кезде өтпелі кезең еді. Газет редакторы Балғабек Қыдырбекұлы құр­метті еңбек демалысына шы­ғып, орнына әлі басшы тағайын­далмай, бүкіл ұжымды бас­тап алып келген болатынмын. Ара­ға он жыл салып, астананы қазір­гі Нұр-Сұлтан қаласына кө­шірдік. Осы ғимараттан ұжым­­­ды елордаға шығарып сал­дық... Мен бұл арадан күн са­йын­ де­мейін, аптасына 1-2 рет өте­­мін. Соның өзінде, қарай-қа­рай өтемін, көз жасым мөл­тілдеп өтемін. Өйткені бұл ғи­марат біздің шығармашылық ғұмырымыздың ең шарықтаған шегінде, көңіліміздің көтерілген кезінде қызмет еткен ұямыз. Ал енді сол ұяға биыл 100 жыл толып отыр. Сондықтан бұл мен үшін төл мерекем, төл тойым», деді тебірене сөйлеген Сарбас Ақтаев.

«Осы ғимаратта біз тәуел­сіздікті қарсы алдық. Осында Шер­­хан ағамыз га­зетті басқа­рып отырды. Кейін Әбіш Ке­кіл­баев келді. Бұл ғимарат жур­налис­­тердің басын қосатын жақ­сы бір мекен болды. Басқа­сын айтпағанда, атақ­ты «Камал кафе» де осында болды. Жур­налис­тердің барлығы емен-жарқын жи­на­­лып отыратын. Біз бұл ғимаратты ешқашан ұмыта ал­маймыз», – деді «Egemen Qazaq­stan» газетіне 47 жылын берген басы­лым ардагері Мама­дияр Жақып.

Тақтаның ашылуында айтыскер ақын Рүстем Қайыртайұлы «Егеменге» әдемі арнау айтты. Қиыннан сөз қиыстырған зерделі ақынның арнауына сөздің парқын білетін қауым ризашылықпен қол соқты. Әсіресе баспасөз бен ин­тернетті салыстырған тапқыр теңеу­леріне ардагер журналистер «Әп-бәрекелді» десіп жатты.

01

 Ұлт тұғырын ұлықтағандарды еске алу – парыз

Ескерткіш-тақтаның ашылуынан кейін қалың көпшілік «Жұлдыз» ресторанына қарай аяңдады. «Egemen Qazaqstan» газетінің өткеніне тағзым етіп, келешегіне салауат сұраған үл­кен асқа Алма­тының ғана емес, Әб­діжәміл Нұр­пейісов, Әбсаттар Дербісәлі, Өмірзақ Айтбаев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұр­жекеев, Ұлықбек Есдәулетов, Смағұл Елубай, Мұрат Әуезов, Қабдеш Жұ­маділов, Сейіт Қасқабасов, Кәдір­бек Сегізбаев, Тынымбай Нұр­мағанбетов, Иранбек Ораз­баев, Аян Нысаналин, Қуанышбай Құр­манғали, Рысбек Сәрсенбай, Софы Сматаев, Орынша Қара­балина, Ме­реке Құлкенов, Қайым­мұнар Тә­беев, Қали Сәрсенбай, Серік Жан­болат, Сәкен Сыбанбай, Бәтима Зәуірбекова, Айгүл Ісма­қова, Әлия Бөпежанова, Болат Қалымбетов сынды мұқым қазақ­тың бетке ұстар азаматтары қатыс­ты.

«Осы уақытқа дейін бас басылымды 40-қа жуық қазақ­тың менмін деген азаматтары бас­қарған. Бәрін тізбектей ал­масақ та, Бернияз Күлеев, Сма­ғұл Садуақасов, Жүсіпбек Ай­мауытов, Мұх­тар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сей­­фуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жан­досов, Ғабит Мүсірепов, Шер­хан Мұр­таза, Әбіш Кекіл­баев сынды ұлт тұғы­рындай тұлғаларды атап өту бізге парыз. Оның бер жағында бас басы­лымды басқарып, ұстараның жү­­зіндей, әр сөздің саңылауынан сыға­лайтын сол цензуралы заманда халықтың болмысы мен елдік мінезін сақтауға ұмтылған Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Көрік Дүйсеев, Ержұман Смайыл сияқ­ты ағаларымыздың аруағы бір аунап түсетін күн бүгін», – деді Ал­маты әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.

Аты аталмаса да, тәулікпен санас­паған, бүкіл саналы өмірін, күні мен түнін күнделікті шыға­тын газетттің қыз-қыз қайнаған өміріне қиған аяулы журналист аға-апаларымыз қаншама?! Газет­тің 100 жылдық тарихына үле­сін қосқан аға-апаларымызға арнал­ған аста оқылған дұғаға олар­дың ұрпақтары да қол жайды.

Тарихи жиында Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, А.Нысаналин сынды қалам­гер­лер «Egemen Qazaqstan» газетіне ізгі тілектерін арнады.

«Біз алыстағы ауылда мектепте оқып жүргенде, кітап деген аз болатын. Оқулық та аз. Сол кезде жария болған газетті соңынан қуалап жүріп оқитынбыз». Бұл сөзді Әбіш Кекілбаев жазған еді.

«Мен де Арал теңізінің жаға­сын­дағы ауылда сауат аштым. Сон­да Әбіш айтқандай, тасқа ба­сыл­­ған газетті қуалап жүріп оқи­тын­быз. Сол газет, құдай бі­леді, «Социалды Қазақстан» газеті болатын. Жалғыз біз емес, Құран-кәрімнен кейін, бәріміз газетпен көзімізді аштық. Бұл бала күннен бала­лық қиялымның көкжиегін кеңейт­кен, көкірегі­мізге сәуле шаш­қан, дүниені таныт­қан айналайын газет қой. Оның ішінде – бас газет.

Енді бас газетіміз осы қасие­тін жо­ғалтпай, халықтың басын қосып тұ­ра­тын қалпынан жаңылмасын, 100 жыл­дық тарихы ғасырдан ғасыр­ға жал­ғаса берсін! Мен соған тілек­теспін!» деді Қазақстанның Ең­бек Ері, жазушы Әбді­жәміл Нұрпейісов.

Алматыға тағзым

Ұлт оқырманының рухани азығына, еліміздің тыныс-тір­шілігінің айнасына айналған ғасырлық ғұмыры бар «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойының тәуелсіздік пен азаттықтың алтын бесігі болған Алматы төрінде аталып өтуінің айырықша маңызы бар. Себебі 100 жасаған басылымның 70 жылдық тарихы мен тағдыры дәл осы Ал­матыға тиесілі. 

Ғасырлық тойды атап өту де­гені­міз, бұл – халықтың рухани түлеуі мен ұлттық санасының оя­нуы жолын таң­дап, ауыр жүк ар­қалап, аянбай тер төккен Алаш қайраткерлерінің асыл мұратын саяси ұстанымға айналдырып, мемлекеттік деңгейге көтерген бас басылымдағы баспасөз ба­һа­дүрлерінің ұлт алдындағы ұла­ғатты істеріне бас ие отырып, олар аманаттап қалдырған ор­тақ мүддеге адалдықты парыз ре­тінде ұлықтай білу деген сөз. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Egemen Qazaqstan» газетінің жыл бойы жалғасын тауып келе жатқан жүзжылдық мерейтойына арналған іс-шаралар топтамасы Алматыдағы Ұлттық кі­тап­ханада ұйымдастырылған кең ауқымды шараға ұласқанда, қы­рық қатпарлы тарихындағы осы бедер басты назарда тұрды. Басы­лым мерейтойының басқа орында емес, Ұлттық кітапханада өткізілуінің өзіндік себебі бар. 100 жылдық жылнаманың көз­дің қара­шығындай сақталған орны да, та­рихының сканерден өткізіліп, цифр­лы архивінің жасалған жері де осы қасиетті оқу ордасы. Кітап­ханаға келген қонақтар конференция басталмас бұрын «100 жыл – 100 газет» атты арнайы ұйым­дастырылған тақырыптық көрмені тамашалап шықты. 1919 жылдың 17 желтоқсанында 20 жастағы Бернияз Күлеевтің өле­ңімен басталып жарық көрген «Ұшқын» газетінің 1-номерінен бас­тап әр жылдарда «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан», «Еге­менді Қазақстан», «Егемен Қазақ­­стан» болып бірнеше рет өз­гер­­ген көлемі де, қарпі де, кө­тер­ген тақырыбы да әр алуан басы­лымының ескір­ген тігін­дісіне ежік­тей үңілген жұрт өзі үшін қызықты ақпарат тауып, сар­ғай­ған жылдардан өздерінше сыр танып жат­ты.

Конференция қатысушыла­рына де­ректі фильм көрсетіліп, онда басылымда қызмет атқар­ған қазақтың ірі мемлекет қай­рат­керлері мен көрнекті тұлғала­рының ұлы мұраты мен қиын жылдардағы жанкешті еңбегіне қысқаша шолу жасалып, газет тарихы бүгінгі тыныс-тір­шілікпен түйінделді.

Бұдан кейін Алматы қаласы­ның әкімі Бақытжан Са­ғын­таев сөз алып, ме­рей­­той қуа­нышына жиылған қауымды республиканың маңдайалды іргелі басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жыл­дық мерекесімен құт­тық­­тады. «Көрмені тамашалап, естіге­німіздей, бүгін «Егеменнің» 29 696 нөмірі жарық көріп отыр екен. Құтты болсын! Ғасырлық тарихы бар бұл газетті қо­лына ұстаған кез келген жан ондағы әрбір ақпараттың шынайы­лы­ғына, көтерген тақырыбының маңыз­дылығына кәміл сенеді. Себебі мемлекеттік мүдде мен жур­на­листік мұратты тең ұстай­тын басылымның кәсіби деңгейі, ұстанған бағыты ешқашан өзгер­ген емес. Сондықтан да та­рихы терең, таралымы кең басылымға Елбасымыз Н.Назарбаев «Ота­­нымыздың бас газеті» деп лайықты бағасын берсе, Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаевтың күнделікті шолу жасайтын газеттерінің арасында аға басылым көш басында тұр. Бір кезеңде Смағұл Садуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Мұх­тар Әуезов сияқты Алаш арыс­тары тізгінін ұстаған басылым күні бүгінге дейін өзінің бағыт-бағдарын мемлекет мүддесіне, ел игілігіне арнап келеді. Саясат пен экономика, әдебиет пен мәде­ниет, спорт пен туризм айдарлары бойынша тың ақпарат, келе­лі ой таратқан басылым парақ­тарында жаңашылдық пен дәс­түрлі сабақтастық, ұрпақтар жал­ғастығының ізі сайрап жатыр», деді бас газетті қадағалап оқи­тынынан хабардар еткен қала әкімі.

Бақытжан Әбдірұлы құт­тықтап қана қоймай, өзімен бірге басқа да сый-сияпатын ала келгенін айтып, Уақап Қы­дыр­хан, Мамадияр Жақып, Аян Нысаналин секілді басы­лымның ардагерлерін Алғыс хат­пен марапаттады. Марапаттау рәсімін сахнада жүргізіп тұрған Б.Сағынтаев былтыр сексен жасын атап өткен байырғы тілші Ма­мадияр Жақыпты төменде тұ­рып қарсы алып, құттықтап, қолын алғанын көпшілік ұлықтың кішіпейіл мінезіне балап, риза­шы­лығын білдіріп жатты. Әкім сондай-ақ, Сарбас Ақтаев, Нұр­лан Оразалин және Дархан Қы­дырәліге «Еңбегі үшін» төс­бел­гісін тапсырды.

Жиынға қатысушыларды құт­тықтаған «Egemen Qazaqstan» газе­тінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, бұл тек бір газеттің ғана мерейтойы емес, тұтас қазақ бас­пасөзінің ме­рекесі екенін атап өтті. Ол Абай­дың кіндік қаны тамған Жи­дебайдан бастау ал­ған басылым мерейтойының жыл бойы аталып өтіліп, енді Ал­матыда жалғасын тауып, алдағы күндері Нұр-Сұлтан қаласында түйінделгенге дейін өткізілетін әртүрлі мазмұндағы ма­ңызды ша­ралар легінің ілкі сәт толаста­майтынын айтты. «Біз бұл күнді «Тағзым күні» деп атадық. «Еге­меннің» тағдыры да, тарихы да Алматымен тығыз бай­ла­нысты. Осы газетте маңдай тері сіңіп, еңбек еткен ардагер тіл­шілер, басылымды шығаруға бел шешіп кірісіп, бүкіл өмірін ар­нап, дүниеден өткен марқұм қыз­меткерлердің ұрпақтары бүгін ара­мызда отыр. Алматы қаласының әкімі Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойы мен Шерхан Мұртазаның жылдық асын беруге және олар маңдайын жарқыратқан газеттің 100 жылдық мерейто­йын атап өтуге қол ұшын созып, айырықша құрмет көрсетіп, ла­йық­ты ұлықтай алғаны үшін ұжым атынан алғысымызды айтамыз», деп қала әкімінің қол­дауына ықыласын білдірген Бас­қарма төрағасы бірқатар «еге­мендікті» – Н.Оразалин, С.Ақтаев, М.Жақып, Ө.Айтбаев, У.Қыдырхан, А.Ныса­налин, Г.Сәдірқызын төсбел­гімен марапаттады.

Сүбелі сөз, көшелі ойдың тиегі ағы­тылатын жерде зиялылардың бір-бірімен жарыса айтатын та­ғы­лымды әрі мазмұны терең жы­лы естеліктерінің жөні бөлек. Мәселен, бүкіл саналы ғұмырын ана тіліміздің өсіп, өркендеуі жолына арнап, намысы мен абыройы үшін қажыр-қайратын сарп етіп келе жатқан академик Өмірзақ Айтбаевтың алғашқы еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» газетінен бастап, 1957 жылдан 1961 жылға дейін осы басылымда тілшілік қызмет атқарғаны біраз жұртқа тосын дерек болды. Ал 1993-1996 жылдар аралығында газет тізгінін ұстаған ақын Нұрлан Оразалин елді тұралатқан тоқыраумен тұспа-тұс келген кезеңдегі қиын­дықты еске алды. Соның бәрін ұжымдағы үлкен-кішімен бірге жүріп еңсергенін ол бүгінде та­бан­дылыққа, жанкештілікке балайтынын жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағы­ның Басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет жүз жылдық тарихымыздың тасқа басылған жылнамасының цифр­ланғанын үлкен жаңалық ретінде қабыл­дағанын айтты. Ілгеріректе «Еге­мен Қазақстанда» еңбек етіп, бүгінде «Алматы ақшамы» газе­тінің бас редакторы қызметін атқарып отырған Қали Сәрсенбай болса, «журналистік кәсіби мек­тепті, кісілік мектебін, парасат мектебін ең алғаш осы басылымда жү­ріп көрдім»,  дейді. Алматыдағы 747 тарихи ескерткіштің тізімін енді қабырғасына мәрмәр тақта ілінген «Егемен Қазақстанның» ғимараты толықтыра түсетініне сенім білдіріп, аға басылымға мың жасаған Алматының ғұмыр жасын тіледі.

Салтанатты жиын үстін­де Ұлт­­­тық кітапханамен бірге жү­­­зеге асырылып, сәтті аяқтал­ған ауқымды жоба – 100 жыл­­дық жыл­­наманың цифр­лы нұс­қасы жинақталған 5 том­дық­тың тұсау­кесер рәсімі атқа­рыл­ды. Жа­­ңа кітаптың лентасын Ал­маты әкімі Б.Сағынтаев, белгі­лі қаламгерлер Н.Оразалин, Б.Нұр­жекеұлы қиды. Басылым басшысы жинақтың сүйінші данасын Ұлттық кітапхана мен қала әкімдігіне тарту етті.

Алматы қаласы әкімдігінің бас­­шы­лары, белгілі қоғам қай­рат­­керлері, ғалымдар, баспа­сөз өкілдері мен кітапхана оқырман­дары қатысқан жиында дәстүрлі ән өнерінің шеберлері Ерлан Тө­леутай мен Саят Нұрғазин ән шыр­қап, М.Әуезов атындағы драма театрының әртісі Жанат Тыныбаев М.Дулатовтың «Елім-ай» өлеңін оқып, көңіл толқытты. «Өскен ел тарихын тасқа жазады» демей ме, технологиясы дамыған жаңа ғасырдағы тас – мақсаты айқын, ұстанымы берік, қызметін халыққа арнаған тағылымды басылым еке­німен ешкім де таласа алмайды. Құн­дылықтар алмасып, саясат желі қалай ұйытқып соқса да, тура жо­лынан таймаған еліміздің әрбір азаматына етене таныс «Егемен» елдікті мұрат тұтқан мақсатынан еш­қашан айнымақ емес.

 

Дайындағандар

Айнаш ЕСАЛЫ,

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ