Театр • 11 Қараша, 2019

«Театрды сүйдім, тіпті отбасымнан да артық көрдім»

311 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Талантты режиссер Рүстем Оразбайұлы Есдәулетов арамызда болса, 2018 жылдың тамыз айында 40 жасқа толар еді-ау... Міне, оқтай зулап Рүстемдей оғлан ұлдың өмірден өткеніне де 10 жыл болыпты. Мұндайды қазақ «Қайран, уақыт-ай» деп күрсіне есіне алады. Халқымызда «Шыр етіп жарық дүние есігін ашқанда маңдайына жазылған» деген де сөз бар... Өзі армандаған оқуын тәмамдаған соң Алматы шаһарында өзіндей таланттармен бірге сүйікті ісімен айналысып жүре бергенде қалай болар еді деп те ойлаймыз кейде.

«Театрды сүйдім, тіпті отбасымнан да артық көрдім»

Жоқ..., ол өзі туып-өскен ме­ке­ніне қайтып келіп, Өске­менде ақсап тұрған театр өнерін өркендетуге барын салды. Сөй­тіп жеті жылдың ішінде 25 қойылым сахналап үлгерді... Бұл жа­ңадан ашылған театр ак­терлері үшін өте үлкен тәжі­рибе болды.

Өмір – сүре білген адамға тым тәтті, өте күрделі, шешілмейтін түйіншек тәріздес... Өмірдің бал шырынына қанып үлгермеген, бар болмысымен өнер әлеміне кіріп, ешқайда қойылмаған, кез келген адам бойлай бермейтін шығарма іздеп, өмірінің соңына қарай Абайға үңіледі, сөйтіп өлең­дерінен сахналық жобасын өзі жасап, «Атымды адам қойған соң» эксперименттік қойылымын сахналайды.

Қойылым мәңгілік өмірдің мәні, адамның тазалығы туралы ой қозғайды. Сана сезімі мен жан дүниесі таза адамдар ғана өзінің аңсаған жұмағына жете алатынын дәріптейді.

К.Станиславскийдің «Өнер құрбандықты талап етеді» деген сөзі Рүстем үшін жазылғандай... Өзі­нің көзі тірісінде «Атымды адам қойған соң» қойылымына дайындық үстінде актерлерге: «Әй, осы қойылым талай жерге баратын шығар» деп неше мәрте айтқан екен. Иә, айтқаны айдай келмей немене?! «Қасиетті өнер қасіреттен туа­ды» деген де сөз бар ғой, бір тылсым күштің әсері болар, «Қыл көпірді» қиюластырып, ар мен жан тазалығы биік тұратынын, тіпті «о дүниеге» барып келген­дей, сахналық декорацияға дейін өзі аса көңіл бөліп, қолмен қой­ғандай етіп жасағанына қа­рағанда «шынымен де, сол жа­рық­тықтар түсінде аян берді ме екен» деген де ой қылаң береді.

Дәл осы қойылыммен 2009 жы­лы Қарағанды қала­сын­да өткен Біржан сал Қожа­ғұл­ұлының 175 жылдығына ар­налған ХVІІІ республикалық театрлар фестивалінде ІІІ орын­ға ие болады. 2011 жылы Татар­станның Қазан қаласындағы түркітілдестердің халықаралық «Науруз» фестивалінің лау­реа­ты болады. 2012 жылы Түр­кияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір да­уыс» атты V Түркітілдес театр­лардың халықаралық фести­ва­лінде «Атымды адам қой­ған соң...» эксперименттік қо­йылымы «Ең үздік қойылым» болып табылса, сол жылы Баш­құртстан астанасы Уфа қала­сында өткен V Түр­кітілдес театр­лардың ха­лық­аралық фестивалінде «Ұлттық классиканың біре­гей және көркем шешімі» но­минациясының лау­реаты атанады. Өкінішке қа­рай, Қара­ғандыдан кейінгі жерлерде өткен байқауларда режиссердің өзі емес, қойылымы жүлде алды...

Осылайша бұрынғы Жамбыл атындағы облыстық драма теа­тры­ның бойтұмарына ай­нал­ған, өнегесі мен өресі биік «Атымды адам қойған соң» қо­йылымы жөнінде театр ұжы­­мы қатысқан түрлі әлем­дік дең­гейдегі фестивальдарда театр сыншылары тара­пынан үл­кен баға бе­ріледі. Мұндай экс­перименттік қойылым елімізде де, шет мемлекетте де бұрын-соңды қойыл­мағанын, тіпті еш аудармасыз халықтың санасына жетіп жат­қанына тек таңғалыстарын біл­діріп, бас шайқасты. Бұл бүкіл әлем мойын­даған Абайды тағы да мойындатқанымыз емес пе?!

Рүстем арманшыл еді. Арманы Өскеменді қазақтандырып, қазақ театрын салдырту болатын. Осы арманы орындалып, облыс ор­талығында әсем ғимараттың бой көтергені де рас. Өзі қызмет еткен театрға Рүстемнің атын беру туралы айтылып та, жазылып та келеді. Көптің көкейіндегі осы сауал оң нәтиже берсе құба-құп болар еді.  

«Адам – дүниеге қонақ», қо­нақтың да асылы мен ардақтысы болады. Ондай қонақтарды өлімге қимайсың... Келіп қана кет­пейді, артына ой қалдырады, рухани мұра қалдырады. Сондай асылдарымыздың бірі Рүстем еді.

Өмірден озатын жылы, таңғы сағат 4-5-ке дейінгі кезекті қойы­лымның дайындығынан соң театр сахнасындағы қатар қойылған орындықтардың үстіне қисайып жата беріп: «Мен театр үшін аянбадым, Театрды сүйдім, тіпті отбасымнан да артық көрдім» деген екен...

 

Шолпан ЛАҚАЕВА,

облыстық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі

 

ӨСКЕМЕН