...Ақын үлкен ойда отыр. Кешеден бері ойландырған үлкен тақырыптың екі шумағы жаңа ғана қағазға түсті... Енді осымен тәмамдаса да болмас па еді? Жоқ, әлі бірер шумағы жетпей тұрған сияқты. Осы ой қайдан келді, осы тақырып қайдан шықты? Міне, міне жаңа есіне түсті. Бұған түрткі болған Мырқымбай хаты. Ақын қалтасын қарады, тартпасын ашты. Табылмады, көрінбеді. Қайда қойып еді сол хатты? Е... е, табылды. Шкафқа салған екен.
Әуелі хаттың сыртындағы конвертін алды. Оны бір түсіп кетсе быт-шыты шығатын шыныдай қастерлеп, алдында тұрған кітаптың үстіне ептеп қана қойды. Одан соң төрт бүктелген хаттың қырын сындырмай ғана ашып, жазылған парақтың бетіне көз жүгіртті.
– Ой, бәрекелді! Пай, пай, Мырқымбайым-ай! – деді хатты тағы бір оқып шыққаннан кейін әшейінде күле қоймайтын ақын өз өзінен мырс-мырс етіп. Бойтамдай бер Қара томарды, борбайлай бер Көк шолақты... хе, хе, хе.
«Ұлы күні». Бейімбетке осы өлеңді жазу үшін ой тудырып, қалам ұстатқан осы хат. Мырқымбай хаты. Ол осы Бейімбеттің өз Мырқымбайы. Сонау бала жастан бірге өсіп, біте қайнасқан Мырқымбайы. Содан бері Мырқымбай мен Бейімбеттің арасы ешуақытта ажыраған емес. Екеуі жан алыспас дос, жанашыр ағайын. Өздері бірге өскен Шанқан ауылынан кеткелі де Бейімбет Мырқымбайынан әлі бір қол үзген емес. Бейімбет Қостанайда тұрды. Мырқымбаймен қатынасы онда да үзілген жоқ. Бейімбет Орынборда қызмет істеді. Мырқымбайын онда да тастаған жоқ. Бейімбет Қызылордаға келді. Мырқымбай тағы да ілесіп жүр.
Бейімбет демалысқа шықты десе, салып ұрып баратыны да сол Мырқымбай, Бейімбет командировкаға шықты десе, бұра жүрсе де соға кететіні сол Мырқымбай. Ал бұлай жүзбе-жүз көрісуге мұрша келмей қалғанда біріне-бірі хат жазып, хат алыспай өмірге тұрғаны жоқ, Мына хат та кеше сол Мырқымбайдан келді. Бұл хаттың Мырқымбайдан келетін себебі оған әуелі Бейімбет хат жазды.
«Мырқымбай!» деп бастаған хатын Бейімбет:
– Уа, Мырқымбай бармысың?
Онжылдық тоймен бар ма ісің?
Ұлы тойды қарсы ал!
Бұл хатты Бейімбет сонау жаздыкүні жазған еді. Жан дегенде жақыным, жан аяспас сырласым, қуаныш, қайғысы бірдей ортақ құрбым, жалғыз жанашырым – Мырқымбай алда тұрған ұлы дүбірден хабарсыз қалмасыншы деп жазған-ды. Мырқымбай хатты алған екен. Хат жазыпты, былай дейді онда:
«Бейімбет-ау, Бейімбет,
Хат жазыпсың көптен-көп.
Үш қайтара оқыдым,
Ниетіне рахмет!
Бізге не ақыл айтасың,
Тағы хат жаз, хабар ет!»
Міне, енді күз, Ұлыстың ұлы күні де таяп қалды. Ол – 7 ноябрь. Бүкіл адамзат тарихында бірінші рет Совет үкіметі деп аталатын кедейлер мен жалшының, езілгендер мен жұмысшының үкіметі құрылған күн. Соған міне он жыл. Осы он жылдықты ойдағыдай қарсы алайық деп жазған хатына алып отырған жауабы мынау. ІІІанқан ауылы серіктік құрыпты. Басқармасы – Мырқымбай. Ақын жаздыгүні сол өз ауылына демалысқа барған. Сонда Мырқымбайға бүйтіп бүйде-шүйде болып бет-бетіңмен тоз-тоз болып жүргенше бәрің бірге бас қосып, серіктік құрсаңдар қайтеді деген. Сонда берген сөзі бар еді. Болайық деген. Ақыры болыпты. Серіктіктің атын – «Жалшы» деп қойыпты. Мұны да еске сала кеткен осы Бейімбеттің өзі еді. Мүлт еткізбепті Мырқымбай. Пай, пай, Мырқымбай-ай!
Оның хатын хабарсыз қалдыруға болмайды. Мырқымбай хатын тағы бір оқып шығып жүрегіне жаңа медет алған ол манағы өз өлеңіне қайта үңілді. Қаламын қолына алып, әрі қарай соза жөнелді.
Өлең аяқталды. Аяғына ең соңғы тыныс белгісі қойылды. Астына Бейімбет Майлыұлы деп жазылды. Хат конвертке салынды.
Көңілі жаңа орныққандай болған Бейімбет енді ғана орнынан тұрып, терезенің желдемесін айқара ашып жіберді де, көкірегін кере бір дем алды. Күзді күнгі самарқау түннің сынаптай таза салқын ауасы манадан бері үлкен ой үстінде шұқшия отырып қалған ақын денесін қайта сергітіп, тұла бойына қайта жан бітіргендей. Мырқымбайға арналған «Ұлы күні» толғауы аз отырса да ақынды алқындырып тастаған еді. Алтын күздің әйнек желдемесінен желпіген мына бір жұпар иісті таза ауа ақын ойын тағы сол Шаңқан даласына жетелей жөнелді.
Шанқан. Шанқан десе, іштегі шер шиыршық атады. Шанқан десе, сонау шойынқы заманнан бері қарай бітеу жара болып қатқан көр шиқанның аузы булығады. Шанқан десе, шерменде болып өткен сонау заман тақсіреттері құрыстайды. Шанқан десе, шұбырған ел, шоңқайған жұрт, шадыр мырза, шалқыған бай, шадыралаған бел – бәрі еске түседі. Шанқан десе, Мырқымбай тұрады көз алдында.
Иә, ол кезде Бейімбет те бала. Өз әкесі мен анасынан жастай жетім қалған Бейімбет ұлы анасы Бойдас әжесінің қолында өсті. Шанқан ауылындағы қырық үй. Қартаның ішінде о кезде бір-ақ бай бар. Ол ана Шоңмұрын шаңырағы. Қырық үй Қартаның ішіндегі қалғанының бәрі кілең қара тобыр, қара қасқа кедей. Дегенмен бұлар да үй есебінде. Кедей болғанмен қарамы түгел. Оларда отбасы мен ошақ иесі өз орнында. Ал сонда Мырқымбай мен Бейімбет ше? Әкесі мен анасының жүзін де көрместен ұлы әкесінің бауырында өсіп келе жатқан Бейімбет пен «Белден боқ» атанған мына Мырқымбай да үй болып па? Жоқ.
Бейімбет бір жетім болса, Мырқымбай топ жетім болды. Өмір бойы ішсе тамаққа, кисе киімге жарымаған Мырқымбайдікі «белден боқ» атанды. Бір үйде 11 бала болды. Соның ең үлкені Мырқымбай осы Бейімбеттен жарты мүшелдей үлкен. Одан кейінгі он бала үйелмелі-сүйелмелі келген кілең ши борбай, сіре қарындар еді. Мұның да өз әкесі жасында өліп, жамаағайынмен отасқан жарым көңіл, жабы құрт анасы күн ұзын байдың жұмысында болатын да, отбасын ойран қылып отыратын өз үйіндегі он бір баланың тәрбиесін үлгерте алмайтын. Дәреттерінен аяқ алып жүрер жер болмайтын. Содан ауыл үйдегі атқойғыш, сөзуар қатындар Мырқымбайдікін «белден боқ» деп те атандырған.
Мырқымбай мен Бейімбеттің қыстағы шым кепелері мен жаздағы жапалары да қатар отырады. «Тең теңімен, тезек қабымен», «Кедейдің де кедейі» болған осы екі үй өмір бойы қатпарлас, жапсарлас келе жатты. Бейімбеттің өзін ептеп те болса адам қатарына жеткізген өзінің немере ағасы Бақберген ғана. Малайлықтың нәлет қамытын Бақберген өз мойнына алды да Бейімбетке мектеп есігін ашты. Оның сонау Троицкідегі медресі мен Уфадағы Ғалияда оқуына дейін жағдай жасады. Ол өз баласы Мұхамеджарды оқытқан жоқ, Бейімбетті оқытты, Бейімбетті жеткізді. Бертін келіп өзінің күші тая бастағанда жаңа ер жетіп келе жатқан өз баласы Мұхамеджарды да осы Бейімбетті жолда қалдырмау үшін жалшылыққа салды.
Бейімбет бұл күйге, бұл дәрежеге осылай жетті. Ал Мырқымбай болса, ол мұндай оқу, мектеп, мәдениет, тәрбие көру түгіл, мына тұрған Қостанайдың өзін Бейімбет сонда қызметке барғанда бір-ақ көрді. Оқу тауысып келген Бейімбет әуелде өз ауылында мұғалім болды. Сонда күндіз шәкірттерімен мектеп сабағын өткізетін Бейімбет кешкілік ауылдың ересек жастарының басын қосып әліппе үйрететін. Төте оқу бойынша қазақ емлесінің сол кезде жаңадан жасалған 24 әрпін осы Мырқымбай бірер жылда зорға таныған. Жетімдіктің, жоқшылықтың тақсіретін өз басынан бір кешіп, әрі «Белден боқ» атанған осы Мырқымбай үйінің сілесінен тағы көрген Бейімбет ол күндерді еш уақытта да есінен шығармайды. Сол шерменденің кесірінен кенже қалған Мырқымбайды әлі де қатарға қосып, жоғарғы адамгершілік мұрасына жеткізгісі келеді. Тар заман тақсіретінен қайырлап қалған Мырқымбай көшін ілгері сүйремекші болады.
Мына жаңа құрылған «Жалшы» серіктігі сол арман елесінің алғашқы елесі тәрізді. «Келіп кет, көріп, ақылыңды айтып кет» дейді Мырқымбай. «Жоқ, баруым керек, өз көзіммен көруім керек» деп түйген ақын ойы кенет есік сыртынан тықылдатқан дыбысқа бөлініп кетті. Ол өзге сарбаздардай сызданып «жә, жә» деп жатқан жоқ, өзі орнынан тұрып барып есік ашты. Меңетай екен. Қол алысып амандасқаннан кейін шешініп барып орындыққа отырған Меңетай ертең жүргелі тұрғанын, қазір өзіне кіріп әдейі қоштаса кеткелі келгенін айтты.
Меңетай Жақсылықов. Бұл осы Бейімбеттің Қостанайда қалған ізбасары. Бұрын Бейімбеттің өзі істеп кеткен сондағы округтік газеттің қазіргі редакторы. Мұнда қызмет бабымен келген Меңетай кеше келіп манағы Мырқымбай хатын да өз қолынан әкеп тапсырып кеткен. Сонда сол хатты беріп жатып, «Мырекеңе жауабын да өзім ала кетемін ғой» деп Бейімбетке наз нышанын білдірген.
Меңетай да каламгер жігіт. Оның бет әлпеті, ұзын-тұралау талдырмаш бойы, қайырған шашы, селкем ғана білінетін шешек даты да осы Бейімбет тәріздес. Бірақ мінезі өзгешелеу. Бейімбеттей тұйық емес, серпіле сөйлеп, аңқылдап отыратын апайтөстеу, ақ көңіл жігіт. Бейімбеттің өзімен үзеңгілес келе жатқан көптенгі таныс, аралас-кұралас, елдес адам.
Бір-бірімен жете таныс адамдар ә дегенше-ақ кызу әңгімеге кірісіп кетті. Ел жайы, ондағы кұрбы-құрдас, жат-жұрағат, жолдас-жоралар жайы әңгіме болды. Газет тақырыбы, мәдениет мәселелері қозғалды. Ауыл кейпі, қала көркі сөз болды. Сөйтіп отырып кезек Мырқымбайға тағы оралды. Сөзді Меңетай бастады:
– Иә, Би-аға, – деді Меңетай, – Мырекең не жазыпты? Көңіліңізден шыққан болар. Мен осында жүрер алдында сонда болып қайттым. Мырекең қутыңдап кетіпті. Көңілі де тым шат көрінді.
– Солай-ау деймін, – деді Бейімбет Меңетайға ырзалық нышанын білдіргендей жымия қарап. – Көңілім бір тасып қалды. Жазғаны әжептәуір екен. Оқып па ең өзің?
– Жо... Би-аға, – деді Меңетай. – Жуырда Қызылордаға баратынымды, онда сізге соғатынымды айтқанымда сізге ала бар деп жазып бергені ғой. Өзі конверттеп берген. Кұдай сақтасын, біреудің хатын ашып...
Бейімбет әр жағын қазбалаған жоқ. Ішінен бір мырс етті де алдында жатқан хатты Меңетайдың алдына тастады.
– Оқып шыға ғой онда,
– Жақсы, өзі ақын екен ғой Мырекең, – деді Меңетай Мырқымбай хатын оқып шыққаннан кейін Бейімбетке тағы да сөз тастай сөйлеп. – Жауабы да әзір шығар.
– Әзір, – деді Бейімбет. – Екінші хатты алдына қойды. Меңетай оны да тез оқып шықты.
– Тіпті жақсы, тамаша екен, – деді Меңетай. – Ала кетемін ғой.
– Иә. Сөйтсең сөйт.
– Осы хатыңызды газет арқылы жеткізсем қайтеді, Би-аға? – деп Меңетай Бейімбетке біртүрлі қиыла қарады.
– Қолыңа алған соң қалай жеткізсең де өзің білесің де, – деді Бейімбет Меңетайға әзілдей сөйлеп. – Менде не тұр. Бәрібір мен бермегенмен сендер таппайсындар ма? Сендер Мырқымбай екеуміздің «көріміздегіні де» қазып аларсыңдар.
Меңетайдың қарқ-қарқ етіп күлген дауысы қатты шығып кетті. Күлмей қайтеді. Мұның ішіндегі сырын Бейімбет айтқызбай-ақ біліп отыр. Рас, бұған салса Мырқымбай мен Бейімбеттің «көріндегісін» қазып алуға да бар. Мырқымбайды бүткіл Қостанай округінің еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласына дейін біліп болды. Сол жұрт қазір Мырқымбай кім, Бейімбет кім, екеуін ажыратудан қалды. Мырқымбай қайтті, Мырқымбай не болды екен? Бүкіл жұрттың аңдыған, баққаны осы. «Ауыл» газетін алдырушылар газет бетін ашқанда-ақ ең алдымен осыны іздейді. Бейімбет Майлыұлы қол қойған бірдеңе жазылса-ақ оқушы жұрттың күтетіні осы Мырқымбай.
Мырқымбай жыр ма, сыр ма? Мырқымбай адам ба, әлде аруақ па? Мұның дәл анығын біле коятындар шамалы ғана. Бір қызығы, сонау жиырмасыншы жылдың басында шыққан осы «Ауыл» газетінде «Мырқымбай» деген бір өлең пайда болды да, сол өлең осы кезге дейін үзілуді қойды. «Мырқымбай өйтті, Мырқымбай бүйтті», «Мырқымбай жер алды», «Мырқымбай бөлісті», «Мырқымбай мінген көк шолақ» не керек, әйтеуір, бір бітпес хикая бірінен соң бірі туады да жатады. Соның бәрін жазып, жеткізіп тұратын осы Бейімбет Майлыұлы. Мырқымбай қашан, қайда жүрсе де оған талақтай жабысып жанынан қалмайтын біреу бар. Ол – Бейімбет. Сондықтан оқушы жұрт қазір де сол Мырқымбай осы Бейімбеттің тап өзі шығар, әйтпесе, неғып соның жанынан екі елі қалмай, оның не істеп, не қойғанының бірін қалдырмай тіркеп жазып отыратын адам деп ойлайтын болған.
Меңетайдың жаңа қарқ-қарқ етіп қатты күліп жібергені де осыдан. Қазір бұл өзі қол қойып шығарып отырған «Ауыл» газетінің бүткіл ауыл-аймаққа елгезер болып бара жатқаны да осыдан. «Ауыл» газетінде әр кез шығып тұратын осы «Мырқымбай» әркімнің мәтелі болып алды. Біреу-міреу өзге біреуге реніш етсе-ақ «өй Мырқымбай» – дейді. Мырқымбайдың көк шолағы мен қырсыққан қасқа сиыры да жұрт аузынан түспейтін болды. Сол «Мырқымбайға» дәндеп алғанның бірі осы Меңетай. Ол редактор. Өзі шығарып отырған газетінің оқушыға тартымды болуын тілейді. Олай болса – кімнің де болса көзіне жылы ұшырап, көңіліне қона кететін кәнігі «Мырқымбай» қажет-ақ. Міне, осы «Мырқымбай» қажет болып қалды десе-ақ, ол сонау Қостанайда отырып, мынау Қызылордада отырған Бейімбетке телефон соғады. «Би-аға, Мырекең сізге сәлем айтып еді, сізден хабардар болғысы келеді», – дейді. Сол болды. Бейімбеттің «Мырқымбайы» газетте жарқ ете түседі. Ол «Мырқымбайдың» ана жолғысынан мына жолғысы, мына жолғысынан келесі жолғысы асып түсе береді. Сонымен бұл «Мырқымбай» Қостанай жұртшылығына сонау кездердегі «Зарқұм», «Сал-сал», «Көрұғлы», «Мың бір түн» хикаялары сияқтанып барады.
Мырқымбай хатын әкеп беріп, оған деген Бейімбет хатын өзі ала кеткелі отырған мына Меңетай да тіс қаққан жігіт. Ол өз газетінің кәдесін осы Мырқымбаймен-ақ көтере бергісі келеді. Өзге жұрт мұны қайдан білсін. Меңетай осы «Мыркымбаймен» коммерсант та болып барады. Мұны өзі білмейді емес, біледі. Бірақ білсе де істейтіні сол. «Мырқымбай» таусылмаса, «Ауыл» газеті таусыла қоймас» деп түйеді ол ішінен.
Есхан Есетов