Қоғам • 11 Қараша, 2019

Азаматтық қоғамды дамытуда рөлі зор

1313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясаты бірқатар жетістіктермен сипатталады. Елде мемлекеттік жастар саясатының нормативті-құқықтық институционалды және ғылыми-әдістемелік қамсыздандыру дамуының негіздері қаланған. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты» Заңы бар, 2020 жылға дейінгі «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы іске асырылуда, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.  

Азаматтық қоғамды дамытуда рөлі зор

Мекенжай жұмысын қамтамасыз ету және оны барлық жерде қамту үшін аудандарда жастар ресурстық орталықтары, жастар денсаулық орталықтары қызмет атқарады. Білім беру мүмкіндіктерін арттыруға, тұр­ғын үй жағдайларын қамтамасыз етуге, жастарды жұмыспен қам­ту­ға бағытталған қолданыстағы мем­ле­кет­тік бағдарламалар мен жобаларды жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда. Жастар үкіметтік емес ұйымдары секторын мемлекеттік қолдау және дамыту шаралары тұ­рақ­ты түрде жетілдіруде.

Жастар үкіметтік емес секторының бел­сенділігі жастардың азаматтық қаты­суының маңызды көрсеткіші. 2019 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша елде жастардың 596 ұйымы қызмет атқарды. Жастардың үкіметтік емес ұйымдарының қызметінің спектрі өте кең және олардың әртүрлі санат­та­рын қамтиды, оның ішінде мек­теп оқушылары, студенттер, жұ­мыс­­шылар, шығармашыл жастар, әлеу­мет­тік осал және басқа да жастар топ­тары. Ең ірі жастардың үкіметтік емес ұйымдары «Қазақстан жас­тар конгресі» ЗТБ және «Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйы­мы» АҚҰ. Айта кететін жайт, «Жас Ұлан» 1,6 миллионнан астам қазақстандық оқушыларды біріктіріп, жастар ортасында ең танымал ұйым болып отыр.

Жастар ҮЕҰ қызметіне қатысуға үлкен қызығушылық танытуда. «Жас­тар» ғылыми-зерттеу орта­лығының әлеуметтік зерттеу­лер де­ректері бойынша, жас рес­пон­дент­тердің
18,4%-ы жастар ұйым­да­­рының жұ­мы­сына белсенді қатыс­қы­сы келеді.

Жас­тар ресурстық орта­лық­та­рының жұмысына тартыл­ған жас­тардың ортасында сабақ­тас­тық қалыптасады. Айта ке­тейік, 2018 жылдан Қазақстанның жас қыз­мет­кер­лерінің ұлттық қауым­дас­тығы жұмыс істейді. Ол саны 2 мыңға же­тетін жас ресурстық орта­лық­тарының жастарымен жұмыс істейтін мамандарды біріктіреді. Қауым­дастық Peer-to-Peer принципі бойын­ша жас қызметкерлерге бейресми білім беру идеясын алға жылжытады.

Азаматтық қатысудың институционалды емес, оның ішінде әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы нысандары белсенді дамуда. Негізінен еліміздің ірі қалаларында жастар қауымдастықтарының қоршаған ортаны қорғау бойынша әлеуметтік бастамаларын, қазақ тілін көпшілікке тарату, салауатты өмір салтын насихаттау, тұрмысы төмен, қарт азаматтарға көмек көр­сетуге бағытталған қайы­рым­­дылық жобаларын іске асыруын әлеу­меттік желілерден көре аламыз.

Жастар волонтерлік қызметке белсене араласа бастады. 2019 жылғы сауалнама мәліметтері бойынша, Қазақстандағы әрбір оныншы жас адам ең алдымен халықтың тұрмысы төмен жіктерімен байланысты ерікті қызметке белсенді қатысады.

Қорытындылай келе айтатын жайт, 2019 жылы Жастар жылы аясын­да іске асырылған шаралар жас­тардың азаматтық қатысу мүмкіндік­те­рінің кеңеюіне себепкер болды. Мемлекеттік қолдау және 2020 жылға жоспарланған Волонтер жылында еріктілік қызметін дамыту шаралары жастардың азаматтық қатысуының кеңеюіне септігін тигізуі керек.

 

Жанна КӘРІМОВА,

Президент жанындағы ҚСЗИ Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы