Әлемнің ең үздік оқу орындарында тағылымдамадан өткен Алина Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде жұмыс істейді.
– Менің жасап шығарған құрылғым көлік жолы мен тротуарды қар мен мұздан тазалайды. Қазір қатқақты кетіретін химикаттар қолданылады, бірақ ол жолдың асфальт жабындысын да бүлдіреді. Менің жаңалығым механикалық тұрғыда жұмыс істейді. Егер қаржы салғысы келетін инвестор табылса, жуық арада нарыққа шығамыз деп айта аламын. Өйткені жаңалығымның табысты боларына сенімдімін, барлық математикалық құрамдастарын ойластырдық, техникалық зерттеу жүргіздік, – дейді ол.
Жас ғалым Берлин техникалық университетінде тағылымдамадан өткен. Министрлік пен Дүниежүзілік банктің PhD арналған гранттық бағдарламасы оған магистратурада бастаған зерттеулерін жалғастыруға жол ашты. Айтуына қарағанда, Қазақстанда гранттық бағдарламалар көп, PhD айырмашылығы қатысушыларға өз зерттеулерін толық көлемде дамытуға және өз нәтижелерін рейтингтік ғылыми басылымдарда жариялауға мүмкіндік береді.
– Мен Scopus деректер базасына кіретін журналға бір мақаламды жарияладым. Сондай-ақ Thomson Reuters базасына кіретін журналға жариялау үшін тағы бір мақала жіберіп, оған оң рецензия алдым. Тағылымдама барысында зерттеулерімнің тақырыбы бойынша математикалық және компьютерлік модель әзірледім. Бағдарлама маған халықаралық деңгейде материалды дайындауда шетелдік тәжірибе берді. Грант бойынша жұмыс шығармашылық тұрғыда шыңдайды, бірақ үлкен жауапкершілікті талап етеді, – дейді ол.
PhD арналған грант аясында зерттеушілер Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелде де сұранысқа ие болатын халықаралық патентке өтінім бере алады.
Айзере САМАРҚАН