«Жылсайынғы рейтинг әзірлеу кезінде біз оның ғылыми-зерттеу мәні мен қолданбалы әлеуетін тереңдетуге үлкен назар аударамыз. Биыл бізбен бірге жобаны дайындауға халықаралық сараптама орталықтарының жетекшілері мен беделді саясаткерлер және дипломаттарды қосқанда әлемнің 40 сарапшысы қатысты. Біз сондай-ақ мәселелерге жеке көзқарастарын білдірген сұхбаткерлердің де ауқымын кеңейттік. Былтыр 60 елден 1000-ға тарта азаматтарды қатыстырсақ, биыл 70 елден 1 100 адамды тарттық. Яғни, іріктеме аясы өте кең», деді баспасөз конференциясы кезінде Ержан Салтыбаев.
Бұдан бөлек, қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндер рейтингіне Еуразиядағы «сөнген» қарулы қақтығыс ошақтарының қайта бас көтеруі, сепаратизм мен этностық-діни шиеленістердің өрістеуі, экологиялық және су проблемаларының ушығуы, кибершабуылдардың күшеюі және эволюциялануы, жаһандық қару жарысының жаңадан өршуі, ірі ядролық және техногендік апаттар қаупі кіріп отыр. «Еуразиядағы барлық процестердің дәл ортасында тұрған Қазақстан үшін құрлықтағы елдердің қазіргі қайшылықтардың бейбіт және ымыралы шешімдерін табуы өте маңызды. Сондықтан Еуразиядағы жетекші күш орталықтары арасында тиімді диалог орнату Қазақстанның сыртқы саясатының аса маңызды бір міндеті саналады. Осы тұрғыдан алғанда біз әзірлеген тәуекелдер рейтингі осы диалогтың нысанына айналуға тиіс түйткілді проблемаларды айқындауға арналған», деді Е.Салтыбаев.