Бүгінгі әңгімеміз жастарды күй өнеріне баулып жүрген ұлағатты ұстаз, күйші-композитор Қадыр Досымжанов туралы болмақ. Алғашқы шәкірттерінің бірі – күйші Рақымғали Нұрғалиев Павлодар облысы, Баянауыл өңірінде музыка мектебінің директоры болып көп жыл қызмет атқарды. Ризабек Құсманов есімді шәкірті Зайсан қаласындағы қазақ халық аспаптар оркестрін республикалық деңгейге дейін көтерді. Әміржан Мәкенов есімді шәкірті Көкшетау қаласында Біржан сал атындағы музыка колледжінде абыройлы еңбек етуде. Консерватория түлегі Асқар Данабаев алғашында Семей қаласы Абай атындағы мәдени-ағарту училищесінде еңбек жолын бастаса, «мәдениет саласының үздігі» Сайлауғазы Ахметов – М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің басшысы. «Көңіл толқыны», «Ақ жауын» күйлерінің авторы, белгілі күйші Секен Тұрысбеков те осы кісіден тәлім алған.
Қадыр ағаның домбырашылық-күйшілік мектебінің ерекшелігіне тоқталсақ, жазған ноталары – маржандай әсем тізілген бір көркем өрнек дерсіз. Өзі де шәкірттерінен ең әуелі айқындық пен дәлдікті талап етеді. «Күй нотасы – сурет өнерімен тең, оған өте мұқият әрі жауапкершілікпен қараған абзал», – дейді күйшінің өзі.
Қадыр ағаның сабақ өтудегі әдіс-тәсілі өте әсерлі. Оқушысынан бірінші, «Неге осы мамандықты таңдадың?» екінші, «Келешекте кім боласың?» деп сұрайды. Музыка маманы күні-түні еңбектенуді қажет ететін қиын да күрделі, құрметті мамандық екенін түсіндіреді. Музыка мамандығы дегеніміз – адамның жан-дүниесін қозғайтын, ерекше сезімге құрылған кәсіп деп жігерлендіреді.
Ұстаздың сабақ беру ерекшелігі: шығарманы орындағанда шарықтау шегіне дейін жеткізудің бірден-бір әдіс-тәсілі – динамикалық белгілерді сақтай білуге назар аудартады, іс-әрекет үстінде пайдаланылатын тиісті амалдарды дер кезінде меңгеруді, туындыны егжей-тегжейлі түсіндіре білуді талап етеді. Ағаның тағы бір ерекше қасиеті: оқушысына домбыра аспабын үйретумен шектелмейді, адамның өмірде әуелі адам болып қалуына, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіріп өсуіне мән береді. Өнерге, кәсіпке адал болуды алдыңғы орынға қояды.
Ұстаз домбырашылардың репертуарын ұдайы байытып отыру қажет деп есептейді. «Социалистік Қазақстан» газетінде 1978 жылы 21 наурызда жарық көрген «Күмбір күйдің құдіреті» атты мақаласында қазақтың ұлттық аспабы –домбыраға айрықша көңіл бөліп, репертуар мәселесі туралы сыни көзқарасын көпшілікпен бөлісті. Бұл мақалаға орай мамандардың ой-пікірлері жарияланып, нәтижесінде Қазақстанда нота оқулығын басып шығаратын тұңғыш кәсіби «Өнер» баспасы ашылды. Еселі еңбегінің арқасында республикалық «Өнер» баспасынан «Домбыраға арналған хрестоматия» атты екі жинағы жарық көріп, студенттер үшін өте құнды оқу құралына айналды. Бір сөзбен айтқанда, күйші қазақ халық аспаптарында ойнауға келе бермейтін күрделі туындыларды домбыраға лайықтап, қайта өңдеп, болашақ педагогтар мен жас орындаушылардың репертуарын байытуға өлшеусіз үлес қосты. Мысалы, кәсіби композитор Мәуліт Рахымбаевтың фортепиано аспабына арналған «Скерцо» шығармасын Қадыр аға домбыраға лайықтап қайта өңдеп, нотаға түсірді. Бұл туынды бүгінде көпшіліктің таңдаулы шығармаларының бірі саналады. Асқар Данабаев екеуміз музыкалық училищені бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға бардық. Сонда Қадыр ағамыз домбыраға лайықтап өңдеген, формасы қызық, жанры ойнақы «скерцо»-ны орындадық. Емтихан қабылдап отырған ұстаздар таңданып, домбыраға жаңаша стильмен жазылған, бұрын-соңды естілмеген әуенге қызыға елітті.
Он жылдан аса кәсіпкерлікпен айналысып, қаламыздағы мәдени іс-шараларға қаржылай демеушілік жасағаны өз алдына бір бөлек әңгіме. Бүгінде қалалық Тілдерді дамыту және мәдениет басқармасы жанынан құрылған Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүр. Мұндай ұйым әзірге Қазақстанның ешбір өңірінде жоқ. Бұл құрмет кез келген адамға бұйыра бермейтіні мәлім. Өйткені Қадыр аға бір бастаған ісін аяғына дейін жеткізгенше тыным таппайтын еңбекқор әрі принципшіл адам. Бірде ұстазға: «Аға, өмірде біреуден қорыққан, бұққан кезіңіз болды ма?» деп сұрақ қойғанымызда: «Мен ешкімнен қорықпаймын. Тек талантсыздардың таланттыға ақыл айтқанынан қорқамын», дегені. Айта берсек, ол кісінің бұл секілді ел аузында жүрген қанатты қағидалары өте көп. Сондай-ақ Ардагерлер кеңесінің мүшелері де тегін жандар емес, кіл сен тұр, мен атайындар. Кезінде қалалық мәдениет басқармасында жұмыс істеген композиторлар, жазушылар, ақындар – бәрі осында.
Ұстазымыздың шығармашылығына келсек, ән-күйлеріне қоса қазақ халық аспаптары оркестріне арнап жазған ірі көлемдегі поэмалары бар. «Отан таңы», «Жанпида», «Қанатты Қазақстан», «Мерекелік кіріспе», Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы құрметіне жазған «Поэмасы», 20 шақты күйлері, екі домбыраға арналған (республикамызда домбыраға арнайы жазылған тұңғыш «жанр» дуэт) «Сайран» атты пьесасы, 50-ге тарта әндері мен сол сияқты флейта, гобой, кларнет, труба, фагот, ксилафон, скрипка аспаптарына арналған шығармалары баршылық. Бүгінде Қадыр ағамыздың 18 шығармасы жазылған үнтаспа Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы, эфирден жиі беріліп тұрады. Сонымен қоса қазақ халық аспаптарына арналған бір томдық жинағы 2013 жылы «Атамұра», «Сарыарқа» баспасынан, ал екінші жинағы 2017 жылы «Қазақстан Республикасы Президенті іс Басқармасының» РМК Баспа-полиграфиялық орталығынан жарық көрді. Қажырлы да жемісті еңбектері мемлекет тарапынан ескеріліп, Қазақстанның «Мәдениет қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтарын иеленді.
«Адам өмірге қызығушылығы мен шаттығын жоғалтқанда ғана қартаяды» деген сөз бар екен. Бір ғажабы, Қадыр ағаны ешкім сексенге таяп қалған кісі деп айтпайды. Баяғы біз оқып жүрген кездегідей, сол қалпы. Тың. Ширақ. Шашына дейін қап-қара. Соған байланысты бірде ағадан: «Жасыңыз нешеде?» – деп сұрадым.
– Марқұм анам: «1941 жылы қар еріп жатқанда туғансың. Соған қарағанда наурыз айы болуы керек», – деп отыратын», – деді.
– Шашыңызды ақ шалмауының сыры неде? – деген сұрағыма:
– Атам қазақ: «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан...» деген жоқ па? Мен де нағашы жұртыма тартқан болуым керек. Шешем өте өңді кісі еді, өзі әнші, өзі ақын болатын әрі емшілік, көріпкелдік қасиеті бар еді. Анам 80-ге тақап өмірден озды. Дүниеде көрмеген қиындығы жоқ, небір азапты ауыр жылдардың күйзелісін бастан кешкен тағдырдың бірі. Соған қарамастан шашына ақ кірмеген. Неткен сұлу болмыс! Асыл анамның рухына арнап «Сағынышым сарқылмас сен ғанасың» деген ән (сөзі жергілікті ақын Қайрат Сабырбайдікі) жаздым. Перзенттік парызымды осымен өтей алар ма екем! Шешемнің әкесі Мұқағазы менің көз алдымда 75 жасында өмірден озған. Ол кезде мен баламын. Шәкі-би – нағашы шешемнің арғы аталары. Шәкі-би нағашым Құнанбай қажымен қатар өмір сүрген. Нағыз көріпкелдің өзі болған екен. Құнанбай қажы Шәкі-бидің көріпкелдігін, сөзге шешендігін бағалап, алдын кесіп өтпеген көрінеді. Ол туралы Қазақстанға белгілі тарихшы, ұстаз Қарпық Егізбаев (Қарпықтың баласы, Мұхтарбек Кәрімов бүгінде Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты) жазып кеткен, – деді.
Серік МАЛАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Семей