Қоғам • 12 Қараша, 2019

Халық бірлігін нығайтудағы үлесі зор

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстандағы әзербайжан этносының мәдениеті және салт-дәстүріне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Халық бірлігін нығайтудағы үлесі зор

Достық үйі шаңырағында өткен Әзербайжан этно­мәдени бірлестігінің мәде­ниеті мен дәс­түрлері күнімен құттықтаған ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық мең­герушісі Жансейіт Түйме­баев:

«Қазақстанда 110 мыңнан астам әзербайжандар тұра­ды. Олардың басым көпшілігі елі­міздің оңтүстігінде – Түр­кіс­тан, Алматы, Жамбыл облыс­тары мен Алматы және Шымкент қалаларын мекен етеді» дей келе, әзербайжандардың Қазақ­станға қоныс аудару тарихы жайлы да айтып өтті.

Әзербайжан этносы Қа­зақ­станда тұратын халықтардың саны бойынша 10-орында. Алматының өзінде 10 мыңға жуық әзербайжан тұрады.

«1992 жылы Қазақстанда «Тұран» тұңғыш әзербайжан мәде­ниет орта­лы­ғы құрыл­ған болатын. 2007 жылы «Әзер­бай­жандар қа­уымдастығы» респуб­ликалық қо­ғам­дық бірлестігі құрылды. Жалпы бүгінгі күні елімізде 32 әзер­байжан этно­мәдени бірлестігі жұ­мыс атқа­руда. Әзербайжан тілінде «Ва­тан» газеті жарық көрді. Мем­лекеттік тіл мен әзербайжан тілін үйрететін, салт-дәстүр, әдет-ғұ­рып, музыка және би үйрену курс­тары жұмыс істейді. «Бахар» биші­лер тобы, ұлттық-аспап және фоль­клор­лық ұжым­дар құрылған», деген Жан­сейіт Түймебаев, қызықты мә­лімет­тер­ге толы баяндамасы барысында Қазақ­стандағы мақтан тұтар, өткен жүз­жылдық пен қазіргі кезеңде таны­мал болған әзербайжандар жайлы айтып өтті.

«Абилфас Хамедовтың же­тек­шілігімен Әзербайжандар қауым­дас­тығының мүшелері этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етіп, еліміздің қоғамдық-мәдени өміріне үлес қосып отыр» деген Жансейіт Түймебаев, аталған шара­­ның өтуіне ұйытқы болып, өз үле­сін қосқан «Әзербайжан қа­уым­дастығы» республикалық қо­ғам­дық бірлестігінің төрағасы Абилфас Ха­ме­дов­ке және бар­лық ұйым­дасты­ру­шыларға алғысын білдірді.

Фестиваль аясында «Халық­тың бірлігі – елдің күші» та­қыры­бында дөңгелек үстел, қолдан­балы өнер көрмесі, «Кітап – халықтың жан дүние­сін білудің кілті» атты кітап көр­­месі, шығармашылық ұжым­дар­дың концерті, сондай-ақ «Дос­тық дастарқаны» атты әзер­ба­й­жандардың ұлттық асханасы тағамдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту; қазақстандық этнос өкілдерінің мәдениетін насихаттап, азаматтық біртектілік қалыптастыру;  қазақ­стан­дық бауырлас халықтар арасында әріптестік байланыс орнатып, достық қарым-қатынастарды арттыру.