Президент • 13 Қараша, 2019

Astana Club халықаралық ықпалды алаңға айналды

322 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Елордада екі күнге созылған Astana Club-тың пленарлық отырысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Елбасы жиында сөйлеген сөзінде бүгінгі Еуразиядағы геосаяси жағдайға әсер ететін қауіп-қатерді атады.

Astana Club халықаралық ықпалды алаңға айналды

 

Тұрақтылықтың тұғыры биік болуы үшін бірігу керек

Кезінде Елбасының идеясымен құрылған Astana Club жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік беретін шешімдер қалыптастыру және іздестіру үдерісінде таптырмас алаңға айналды. Биыл бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған айтулы шарада әлемдік ірі державалар АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қырғи-қабақтың ушығуы, сау­да протекционизмі мен популистік кө­ңіл күйдің артуы, сондай-ақ Иран мен Сол­түстік Корея төңірегінде жаңа шие­ле­ніс­тердің бой көрсетуі сынды ау­­қым­­ды мәселелер кеңінен сөз болды.

Елбасы алдымен форумға қаты­су­шыларға, соның ішінде атақты саясаткерлер мен сарапшылар және дипломаттарға Astana Club-тың бесінші отырысына келгендері үшін алғысын білдірді. Халықаралық диалогтық платформалар жүйесінде Astana Club бірегей ықпалға ие екенін атап өткен Елбасы бүгінгі сын-қатерлерді еңсеруде үлкен Еуразиядағы  ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын ашу үшін ашық, шынайы диалог қажет екенін атап өтті.

– Еуразия мегаконтиненттегі ішкі байланыстардың артуы алдағы уақытта теңдесі жоқ мүмкіндіктерге жол ашады. Бастысы ашық және әділ диалог орнату қажет. Бұл «Үлкен Еуразиядағы» ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын тиімді пайдалануға апарар ізгі жол, – деді Н.Назарбаев.

Әр жыл сайын клуб отырысында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үлкен Еу­ра­зия» идеясына жан-жақты талдау жасалады. Елбасы бұл ұсынысын алғаш рет 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының мін­берінен айтқан болатын. Биыл да клуб отырысының тақырыбы «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында» деп аталып, әңгіменің ауаны осы тақырып төңірегінде өрбіді.

– Еуразияда қауіпсіздік пен тұрақтылықсыз ешкім де ұзақмерзімді дамуға қол жеткізе алмайтынын жақсы білеміз. Сол себепті әр мемлекет даму үлгісін тар шеңберге шектемей, Еуразия­лық кеңістікте саралауы керек. Тек сонда ғана Еуразия құрлығына топ­тас­қан елдер өз әлеуетін арттыра алады. Дәл осы ретте біздің клуб «Үлкен Еуразия» атты жаңа геосаяи құрылымда бірыңғай алаң болып отырғаны қуантады, – деді Елбасы.

Елбасы әйгілі ойшыл Арнольд Тойн­бидің мына сөзін мысалға келтірді:

– Тарихтың сын-тегеурініне қарсы жауап тапқан әрбір қоғам дамиды, түптің-түбінде жеңіп шығады. Тарих – қатал экза­менатор. Тарихта көптеген мемлекет бұ­рыс немесе орынсыз әрекеті үшін жауап беруіне тура келді. Бір елдің не­месе аймақтың ғана емес, тұтас адамзат­тың келешегі бүгінгі сынақтан қалай өтетінімізге байланысты болмақ. Тек күш біріктіру арқылы ғана жаңа қауіптер мен тегеуріндерге қарсы тұра аламыз, – деді Н.Назарбаев.

Елбасы өз сөзінде Еуразиядағы сын-қатерлерге жекелей тоқталып өтті.

– Еуразиядағы геосаяси жағдайға жа­ғымсыз әсерін тигізетін қауіптер жайлы көзқарасымды білдірсем деп едім. Алдымен бізді келе жатқан дағдарыстан хабар беретін әлемдік экономикадағы ахуал
алаңдатады. Сауда текетіресі үдей түскендіктен геосаяси тұрақсыздық ахуалын әлемдік институттар төмен бағалауда. Әлемдік өсімнің бәсеңдеуі жаһандық саудаға теріс ықпалын тигізеді. Жалпы, мемлекеттер алдындағы қарыздың деңгейі 2007 жылғы дағдарыс алдындағы қарыз деңгейінен екі есе артып, әлемдік ІЖӨ-нің 80 пайызына жетті. Бұл факторлардың барлығы әлемдік тұрақтылықты теңселтіп, Еуразия елдеріне қатты ықпал етіп отыр, – деді Н.Назарбаев. Тұңғыш Президент Astana Club отырысына қатысушылардың бірқатарымен жеке кездескенін, дәл сол кездесулерде аталған мәселелер талқыланғанын айтты.

– Әлемдік державалар арасындағы бәсекелестік жаңа деңгейге шықты. Өзара санкциялар, сауда соғыстары – АҚШ пен ҚХР-дың қазіргі қарым-қатынасының қалыпты жағдайына айналып кеткен. Агрессивті риторика, экономикалық санкция – Батыс пен Ресей арасындағы негізгі қатынас тілі болып тұр. Тұрақты коммуникация арналарының болмауы ахуалды одан сайын қиындатып отыр. Жетекші державалардың арасындағы текетірес автоматты түрде Еуразияның ыстық нүктелеріне ауысып отырады. Бұл жағдай Си­рия мен Украинадағы мәселені бейбіт түрде шешу амалдарын қиындатады. Ал Брексит соңғы уақыттың негізгі антиин­теграциялық оқиғасына айналды, – деді Елбасы.

Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз кезегінде жаһандық энер­гетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын Таяу Шығыстағы жағдайға ерекше назар аударды.

– Таяу Шығыстағы жаһандық энер­гетикалық қауіпсіздік бойынша аймақ­тағы жағдай күрделене түсті. Энергия тасымалдаушылардың 30 пайызы Ормуз бұғазы арқылы өтетінін білеміз. АҚШ-тың ядролық келісімнен шығуы да өңірдегі жағдайды шиеленістірді. Кезінде Қазақстан бұл келісімнің орнауы­на үлес қосқан болатын. Сіздер талқыға салған осындай үрдістердің барлығы Еуразиядағы қауіпсіздік жүйесін қайта ретке келтіруді, жаңа ұсыныстар әзірлеуді талап етеді, – деді Н.Назарбаев.

Қауіпсіздіктің жалпы континенттік архитектурасын қалыптастырудағы негізгі тәсілдерді сыни тұрғыдан қайта ойлау қажет екенін айтқан Елбасы бірқатар практикалық шара ұсынды.

– Келер жылы Қазақстанның Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткеніне, Астана дек­ларациясының қабылданғанына тура 10 жыл толады. Аталған құжатта Еуро­ат­лантикалық және Еуразиялық қауіп­­сіз­­діктің бірыңғай қауымдастығын қа­лып­тас­тырудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл мәселелер Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес­тің және Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымның әлеуетін бірік­тіруге мүмкіндік береді, – деді Елбасы.

 Бейбіт әлем құру жөніндегі ұтымды идея

Елбасының ядролық қарусыз бейбіт әлем құру жөніндегі ұтымды ойлары мен пайымдаулары бұл жолы да жалғасын тапты. Өз сөзінде Н.Назарбаев ядросыз әлем үшін жаһандық көшбасшылар альянсын құруды ұсынды.

– БҰҰ сессияларының бірінде жол­даған «Әлем және ХХІ ғасыр» атты мани­фесімде соғыс пен ядролық қарудан түбегейлі бас тартып, тұрақты әлем географиясын қалыптастыру қажеттігін айтқан едім. Ядролық қару таратпау туралы халықаралық жүйенің күшін жоюы және Иран мен Кореядағы ядролық бағдарламалардың шиеленісуі мен жолдаған манифестің өзектілігін арттыра түсті. Бүгінгі күні әлемде ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау туралы беделді жаһандық платформа құру қажеттігі туындап отыр. Осыған байланысты ядросыз әлем үшін жаһандық көшбасшылар альянсын құру бастамасын көтеру қажет деп есептеймін, – деді Елбасы. Оның айтуынша әлемнің жетекші ғалымдары, беделді саясаткерлері ядролық қаруды таратпау туралы бастамаға бірігуі керек. «Біздің клуб қатысушыларына осындай халықаралық бірлестік құру келешегін талқылауды ұсынамын», – деген Елбасы ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шыққан жағдайда халықаралық жауапкершілік шараларын қатаңдату қажеттігін, тіпті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі деңгейіндегі тиісті қарарлармен бекіту қажеттігін айтты.

Сонымен қатар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің мүшелері тарапынан Солтүстік Ко­рея­ға қатыс­ты қауіпсіздік кепілдігін әзір­леу және Ко­рей түбегіндегі жағдайды тұ­рақ­тан­­ды­руға бағытталған Пхеньян мен Сеул арасында сенім шараларын қа­лып­тас­­тыру және нығайту қажеттігіне тоқталды.

– Бірыңғай қауымдастық құру Еура­зияның болашағымен байланысты. Конти­ненттің негізгі интеграциялық бірлес­тіктері арасындағы жүйелі экономикалық диалог оның тірегі болуы тиіс. Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ, Шан­хай Ынтымақтастық Ұйымы, Оңтүс­тік-Шығыс Азия елдерінің ассоциация­сы және «Белдеу және жол» бастамасы арасындағы прагматикалық ынтымақ­тастық саяси кеңістікті тұрақтандыра отырып, «Үлкен Еуразия» қалыптастыруға қуатты серпін береді. Әсіресе Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ арасында толыққанды диалог орнауы тиіс, – деді Тұңғыш Президент.

Бұл ретте Елбасы Еуропалық одақ пен Еуразия экономикалық одағы әріп­тес­­ті­гінің диалогтық механизмін енгізуді ұсынды.

– Әлі күнге дейін Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ арасында толыққанды байланыс орнады деп айта алмаймыз. Бұл екі бірлестік географиялық және тарихи тұрғыда үндестік құрып, өзара бір-бірін толықтырады. Қазіргі орын алған саяси түсінбестік екі ұйымның арасы­на іріткі салмауы керек. Бүгінде Еуро­палық одақ пен Ресей арасындағы қарама-қайшылықтарға нүкте қою қажет­тігі туралы жиі естиміз. Барлығы бұл нара­зылықтың мемлекеттер экономикасына қандай шығын әкеліп жатқанын жақсы түсінеді, – деді Н.Назарбаев.

Тұңғыш Президент туындаған қарама қайшылықтардың мемлекеттерге зияны тимесе, ешқандай пайдасы жоқтығына тоқталды.

– Сондықтан ЕО мен ЕАЭО ара­сын­дағы әріптестіктің диалогтық механизмін енгізуді ұсынамын. Оның аясында жыл са­йын Еуропалық комиссия мен Еуразиялық экономикалық комиссия басшылары арасында саммиттер қарастырылуы тиіс. Мен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің құрметті төрағасы ретінде бұл процеске жан-жақты қолдау көрсетуге дайынмын. Экономикалық кооперация процестің барлық қатысушыларына пайда әкеледі деп сенемін, – деді Н.Назарбаев.

Елбасы кезінде бір одақта болған мемлекеттер арасындағы экономикалық байланысты сақтап қалуға күш салынғанын айтты. Бастапқы кезеңде Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері бірігіп Еуразиялық экономикалық одақ құрғанын, уақыт өте келе Қырғызстан мен Армения одаққа мүше болғанын жеткізді. Одақ құрылған алғашқы жылы жаһандық ахуал шиленісіп, санкциялар мен сауда соғыстары белең алғанын айтқан Елбасы бұл жағдайдың енді құрылған одақтастарға кері әсер еткенін есіне алды. Соған қарамастан, экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, одақтың экономикалық комиссиясы, сот, кедендік кеңістік құрылғанын айтты. Экономикалық әріптестік әр мемлекет үшін пайдалы екеніне назар аударды. Н. Назарбаев мемлекеттер арасындағы өзара сауда артып келе жатқанын, баяу болса да өнеркәсіптік кооперация да өскенін атап өтті.

– 2025 жылы көлік пен газдың, электр қуатының ортақ нарығын құрамыз деп келістік. Бұл өте маңызды шаруа. Бұл одақтас мемлекеттердің әрі қарай дамуы­на оңтайлы жағдай жасайды. Жақын­да Санкт-Петербургте кезекті кездесу ұйымдастырылады. Біз Еуропа одағымен келісім жасасақ дейміз. Еуразия экономикалық одағы мен Еуропалық одақ арасындағы байланыс арқылы сауда мүмкіндіктерін ашуға болады. Кейін әрі қарай да жылжи аламыз. Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы зор деп ойлаймын, – деді Елбасы.

 Ымыраға келу тұрақтылыққа бастайды

Отырыста сөз алған Иран Ислам Рес­пуб­ликасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф қауіпсіздік мәсе­лесі тек жеке мемлекеттердің таласы деңгейінен өтіп, бірлескен шаралар­ды қажет ететінін айтты. «Біздің проб­лемалары­мыздың көбі когнитивті сипатта. Бүгін қа­былданатын шешім әлемдік қоғамдас­тық үшін тиімді болуы керек. Деген­мен, әр тарап өзінің пайдасын ойла­ған­дықтан, көп жағдайда ортақ мүддеге бағытталған келісімге жету мүмкін болмай жатады. Экология, қауіпсіздік тақырыптарында біреудің жеңуі, біреудің жеңілісі, шындығына келгенде, жаһандану дәуірінде ешқандай пайда әкелмейді. Түптеп келгенде конфронтация кезінде бір тараптың жеңісі мақтанатын нәрсе емес. Бүгінде пайданы емес, ортақ мүддені ойлау керек. Сондықтан жаһандық диалог құруға тырысқанымыз абзал. Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жаһандық мәселелерді сарапқа салуға бағытталған жиналыстың нәтижелері жаман емес. Astana Club-тың бұл алаңын тиімді пайда­лану­ға тырысу керек. Қауіпсіздік сатып алы­­натын зат емес. Миллиондаған қаражат жұмсап, ең мықты қаруға ие болса­ңыз да мақ­сатыңызға жететініңіз нақты емес. Бұған 2001 жылғы 11 қыркүйек­тегі оқиға дәлел. Яғни, қандай да бір мем­ле­кетте тұ­рақ­­сыздық пайда болса, тұтас әлем­нің тұ­рақ­тылығына қауіп төнеді. Көрші­лерімізді серіктестер ретінде қарастыра­тын уақыт келді», деді Иран Сыртқы істер министрі.

Қауіпсіздік тақырыбын одан әрі өрбіте түскен МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры, Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Әл-Барадей Astana Club сияқты өзекті тақырыптарды талқылауға мүм­кіндік беретін халықаралық сарапшы­лардың пікірталасына қатысып жатқанына шын қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаһанды тебіренткен сауалдарға жауап іздейтін орта ұсыну мемлекет көшбасшысының кең ойлай алу қабілетін көрсетеді.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың  өз мем­ле­кетімен шектелмей, әлемдегі жағдайға бейжайлық танытпағанына ризамын. Бүгінде әлем үлкен өзгеріс дәуірінде, ал оның салдары қандай болары белгісіз. Ғылым, технология, жасанды интеллектің дамуы келешегімізді болжауға мүмкіндік жасамақ. Сондықтан бірлесе отырып, әлемдік тәртіптің жаңа үлгісінің орнауына атсалысуымыз керек. Қолданыстағы тәртіпті өзгерту керек. Әрине балама жолды табу оңай емес. Бүгінгі жиынның басты ерекшелігі – диалог пен ашықтық. Бұл жерде қай елдің болмасын сыртынан жоспар құрудан аулақпыз. Бүгін дәл осы жерде жаһанның ілгерілеуіне кедергі келтіретін тосқауылдарды, мемлекеттердің басына төнген қауіпті тізіп, тең деңгейде түсінуге тырысамыз. Біздің ымыраға келуіміз тұрақтылыққа бастайды. Конфронтация мен сын-тегеурінге төтеп берудің кілті – ынтымақтастықта. Сол үшін либералды демократияны дамытып, саяси топтар арасындағы диалогты одан әрі дамытқанымыз жөн, – деді М.Әл-Барадей.

Шетелдік сарапшылардың бірі Goldman Sachs International ұйымының атқарушы емес төрағасы, Еуропалық комиссияның 2004-2014 жылдардағы төрағасы және Португалияның Премьер-министрі (2002-2004 ж.) Жозе Мануэль Баррозу Astana Club-тың пленарлық отырысында Еуропа одағының Орталық Азиямен серіктестік қарым-қатынасына тоқталды.

«Astana Club осыған дейін әлемнің жетекші дипломаттарын, кәсіби мамандарды, тәжірибелі саясаткерлерді, көшбасшыларды, сарапшылар мен ғалымдарды бір үстел басына жинай алатын беделді саяси алаң ретінде қалыптасып үлгерді. Бүгін жиналғандардың тәжіри­белері әртүрлі болғанымен, барлығы бірауыздан әлемде бейбітшілік пен татулық орнатуды қалайды. Еуразияның саяси-экономикалық ахуалын жақсартып, құрлықта орналасқан мемлекеттер арасында бейбіт өмір қалыптастыру үшін Еуропа одағы мен Орталық Азия, со­н­ың ішінде Қазақстан арасында тығыз байланыс орнату өте маңызды. Еуро­одақтың Қазақстанмен орнатқан қарым-қатынасының толығымен достыққа негіз­делгенін және тараптар үшін жемісті екенін зор сеніммен айта аламын», деді Жозе Мануэль Баррозу.

Португалиялық саясаткердің айтуынша, Еуроодақ Қазақ еліне әрдайым қолдау білдіріп келеді. Оған дәлел ретінде Еуропа одағы мен Қазақстан Республикасының арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді атап айтуға болады. Сондай-ақ сарапшы Еуропа одағының Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясына тоқталып, ұйымның Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжік­стан, Түрікменстан және Өзбекстан елде­рімен әріптестік байланысты әрі қарай да­мытуға ниетті екенін атап өтті. Одан бөлек Жозе Мануэл Баррозу Еуразияда орын алған бірқатар жағдайлар көршілес мемлекеттердің өзара байланысына әсер етіп отырғанын алға тартты.

«Еуразия мемлекеттерін алаңдататын және алға қарай жылжуына мүмкіндік бермей отырған жағдайлардың бірі Ре­сей мен Украина арасындағы шиеленіс болып тұр. Сарапшылармен осы отырыс­та Еуразияның тұрақты дамуы мен көр­кеюі жолдарын қарастырып отырған­дықтан, ғаламшардың ең ауқымды әрі дамыған бөліктерінің бірінде қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастырудың жолдарын іздеуіміз заңдылық. Болашақтың қандай болатынын ешкім білмейді, ол саяси жағдайлар мен көшбасшыларға ті­келей байланысты. Тарихта болған саяси оқиғалардың қандай нәтижелермен аяқтал­ғанын білеміз. Кезінде ұлы өркениеттер дамыған құрлықтың барлық мемлекеттері тату өмір сүруі көшбасшылардың алдағы саяси шешімдеріне тікелей байланысты болмақ», деп қорытындылады Ж. Баррозу.

Отырыс барысында сөз алған JP Morgan Chase International басқарма төр­ағасы, Халықаралық отыздық (G30) тобының төрағасы Джейкоб Френкель Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айта отырып, Қазақстанның жаһандық рөліне тоқталды.   

«Нұрсұлтан Назарбаевтың дана көшбасшылығы мен саяси қызметінің нәтижесінде Қазақстан Еуразиядағы құрметке лайық елдердің біріне айналып, Батыс пен Шығыс арасындағы алтын көпір болып отыр. Саудаға келгенде Қазақстан – Азия мен Еуропаны байланыстыратын дәліз. Екі аймақтың өзара қарым-қатынасы осы елдің саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуына тікелей байланысты. Ұлы Жібек жолының жүрегінде орналасқан Қазақстан үшін инфрақұрылымдық дамудың маңызы жоғары, себебі ол Қытай мен батыс нарығын жалғап қана қоймай, әлемде бір-бірінен мыңдаған шақырым қашықтықта орналасқан елдер мен қалаларды байланыстырады. Екіншіден, бүгін Орталық Азияның бірінші рет әлемге ашық екенін көріп отырмыз. Соның ішінде Орталық Азиядағы жалғыз «Астана» халықаралық қаржы орталығының шетелдік инвесторлар үшін рөлі ерекше. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, XXI ғасырда адам капиталын басты назарға алған мемлекеттер ғана бәсекеге қабілетті болады. Адам капиталының дамуы Қазақстан экономикасының өнімділігін арттыруға жол берері сөзсіз. Үшіншіден, Қазақстан үшін табиғи ресурстарға тәуелділігін азайтып, экономиканы дамытудың өзге де жолдарын қолға алу маңызды болмақ. Сондай-ақ Қазақстан үшін елеулі мүмкіндіктердің бірі – қаржылық жүйені күшейту мен тікелей шетелдік инвес­тициялар көлемін арттыру. Қазақстан шетелдік инвестиция тартуға қауқарлы әрі инвесторлар үшін әлемдегі тартымды аймақтардың бірі. Төртіншіден, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты нәтижелігін көрсетті. Әлем елдерімен тату қарым-қатынас орнату, инвесторлар мен саяси көшбасшылардың сенімі бұл ұлтқа халықаралық аренада жаңа мүмкіндіктер мен серіктестіктерге жол ашты», деп баға берді Джейкоб Френкель.

Пленарлық отырыста негізгі спикер­лердің баяндамасынан кейін клуб мүшелері тарапынан Елбасы Н.Назарбаевқа бірқатар сұрақ қойылды. Оның ішінде АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, Ресейдің  Украинамен арадағы қарым-қатынасы, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі мемлекеттер мүддесі және де жасанды интеллектің дұрыс мақсатта қолданылуы сынды әлемдік саяси, экономикалық, қауіпсіздік мәсе­лелеріне қатысты сауалдарға Елбасы өзіндік көзқарасын білдіріп, жауап берді.  

Кезекті басқосуға әлемнің 23 мем­ле­кетінен геосаясат, экономика мен халық­аралық қатынастар саласының маңдай­алды сарапшысы ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикер қатыс­ты. Құрметті меймандардың қатарын­да 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және Но­бель сыйлығының лауреаты бар.

Форумға қатысатын сарапшылардың географиясы кең. Атап айтсақ, олардың ішінде АҚШ, Испа­ния, Италия, Ресей, Жапония, Сербия, Аустрия, Норвегия, Қытай, Үндіс­тан, Бельгия, Ауғанстан, Швеция, Порту­галия, Оңтүстік Корея, Египет, Бангла­деш, Словения, Қырғызстан, Иран, Ұлы­бри­тания, Пәкістан елдерінің өкілдері бар.

Astana Club отырыстарының бір бөлігі «Chatham house» ережелеріне сай өтті. Бұл дегеніміз талқылау жабық сипатта өтетінін және Еуразия мен әлемнің ең өзекті мәселелерінің өткір әрі ашық талқылануына мүмкіндік беретінін жеткізді.

Қатысушылар лебізі

 

Дэн Смит

Дэн СМИТ,

Стокгольм халықаралық әлем проблемаларын зерттеу институтының директоры (SIPRI):

– Бұл – Astana Club отырысына екінші рет қатысуым. Аталған кездесуде саясатта тәжірибесі мол және біліктілігі жоғары сарапшылардың әлемді толғандырған өзекті мәселелерге қатысты кәсіби пікірлері мен болашақта әрекет етудің ұтымды жолдары жайлы жаңа ұсыныстар айтылды. Жаһандық тұрғыдан қарасақ, әлемде пайда болған мәселелерді айқындау оңай болғанымен, оларды шешу мен әрі қарай іс-әрекетті белгілеу қиын. Бұл жағдайда біздің қолымыздан келері – тараптарға алуан түрлі пікірлерге құлақ асуға мүмкіндік беру. Ядролық қарудан бас тарту, әскерге жұмсалатын қаражат мөлшерін азайту туралы шешімдері мен мемлекеттер арасындағы серіктестікті арттыру бағытында атқарған жұмысы Қазақстанның осы процеске бастамашы болып, әрі қарай нәтижелі жұмыс істеуін қолға алуы өте орынды. Бүгін жарияланған 2020 жылдың басты сын-қатерлеріне тоқталсам, Солтүстік Корея, Ресей мен АҚШ, Парсы шығанағындағы жағдай секілді саяси мәселелер дипломатиялық қарым-қатынастың нәтижесінде жақын болашақта шешілуі мүмкін, ал климаттың өзгеруі, жаңа технологиямен байланысты қатерлер алдағы жылдарда да күн тәртібінде қала бермек.

 

8

Данило ТЮРК,

Словенияның экс-президенті (2007-2012):

– Бұл жиынға мен үш жыл қатарынан қатысып келемін. Шараға келуімнің басты себебі Astana Club отырыстарында жаһандық саяси мәселелерге қатысты қызық әрі ашық пікірталас орын алады. Әлемнің барлық елдерінен түрлі саяси әрі кәсіби тәжірибесі бар сарапшылар жаһандық мәселелерге қатысты ойларымен бөлісіп, өз тараптарынан шешу жолдарын ұсынады. Аталған отырыста айтылған пікірталастың табиғаты ерекше, барлық мамандар ойларын бүкпесіз ашық айтады. Мен әлемнің саяси ахуалын талқылайтын көпте­ген кездесулерге қатысып, өзге сарапшылармен жиі пікір алмасамын. Бірақ дәл осы «Астана клубының» алаңына қайта ораламын. Кездесудің атмосферасы мен табиғатын ерекше атап өткім келеді. Сондықтан Қазақстан астанасында өтетін кездесуді жоғары бағалар едім. Қазіргі саяси ахуалды күрделендіретін бір нәрсе бар. Ол – адамдар арасындағы сенімнің төмендігі. Осы сенім пайда болуы үшін саяси сарапшылар мен көшбасшылар осындай алаңдарда кездесуі керек. Қазақстанның осыған дейін ядролық қарудан бас тарту мен Сирия мәселесі секілді саяси дағдарыстарды шешуде тәжірибесі бар. Сондықтан да бүгінгі бастаманы ұсынуы – әлем мемлекеттері арасындағы бейбітшілік пен серіктестікті арттырудағы қадамдарының бірі деп білемін.   

 2

 Вук ЕРЕМИЧ,

 БҰҰ Бас Ассамблеясының 67-ші сессиясының президенті (2012-2013), Сербия Сыртқы істер министрі (2007-2012):

– Мемлекеттер арасындағы саяси және экономикалық бәсекелестік барлық әлемге төнген қауіптен құтылуға көмектеспейді. Онымен қоймай, жаһандық дамуға тосқауыл болады. Біз бұрыннан шешімін таппаған мәселелердің ұлғайып, өрши түскен кезеңдеміз. Мұны да өзінше бір қырғи-қабақ соғыс ретінде санасақ болады. Осының бәрі технологияның дамуы сияқты жаңалықтармен қатар болып жатыр. Сондықтан келешектегі жағдай біз күткеннен басқаша болуы әбден мүмкін. Мәселе шешімі, сұрақтар жауабы табылса да, оның салдары, феномені болады. Сондықтан әлемдегі әрбір саяси мәселенің кез келген мемлекетке әсері болуы бек мүмкін. Ал бүгін соларды ашық айтып, ортақ мәмілеге келу мүмкіндігі бар. Astana Club әлемдік деңгейдегі саясаткерлерді бір ортаға жинау емес, әлем халқына көмектесуге бағытталған шара деп ойлаймын. Сондықтан бұл ортада әрбір мәселе маңызды. Климаттық өзгеріс те геосаяси климат сияқты өзекті тақырып. Дегенмен кей саяси институттардың екі тақырыпқа қатысы екі түрлі. Біздің даму траекториямыз да өзгерген. Мені алаңдататыны бұл траекторияның одан әрі қандай бағыт алатыны. Сондықтан Қазақстан тарапы ұсынған мүмкіндікті барынша тиімді пайдалану керек.

 

4

Хосе Луис САПАТЕРО,

Испания Премьер-министрі (2004-2011):

– 2008 жылғы әлемдік дағдарыстың зардабын әлі де көріп жатырмыз. Дағдарыс салдарынан саясат та, экономика да өзгеріске ұшырады. Ал енді бұларға заман­ның жаңа сұранысы келіп қосылды. Технологиялық жарыс, климаттық өзгеріс, әлеуметтік теңсіздіктің өршуі – жауабын тез арада табуды қажет ететін сұрақтар. Еуропалық Одақ, Африка елдерінің кеңесі, Орталық Азиядағы серіктестікті, Еуразиядағы әріптестік жұмыстарын дамытуымыз қажет. Ал мұның барлығы БҰҰ-мен бірге жүргізілуі керек. Экономикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, сауда соғыстары мүшкіл халімізді одан са­йын құлдыратты. Барлығы қосылып бір күні үлкен соққыға алып келсе қайтеміз? Бұл мәселелермен ешқандай ұлтшылдық идеялары күресе алмайды. Жаһандық жауап болмаса, жағдайымыз қиын болмақ. Ең бастысы – халықаралық серіктестік. Біз осы мәселелерді реттейтін шешімге келуіміз керек.  Бұл ғасырдың расымен жаңа дәуір екеніне көз жеткізуіміз керек. ХХІ ғасырдың серіктестік пен ауызбіршіліктің ғасыры екенін дәлелдеуіміз қажет.

 

5

Ив ЛЕТЕРМ,

IDEA халықаралық институтының бас хатшысы, Бельгия Премьер-министрі (2008, 2009-2011):

– Осы жылдар аралығында Қазақстан билігі ел халқын әлеуметтік-экономикалық даму жолына бастауға қауқарлы екенін дәлелдеді. Тұңғыш Президент Назарбаевтың саяси стилін көрегендік пен тепе-теңдіктің қосындысы дер едім. Көрегендік дейтінім, Н.Назарбаев жақын болашақта туындайтын мәселелерді дәл анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыра біледі. Сондай-ақ тепе-теңдікті сақтай білетіні – бұл көтерілген мәселелер нақты деректермен, ақиқат ақпаратпен дәйектелген. Саясат әдетте артығымен уәде берумен, бірақ сол уәдені толығымен орындамаудан тұрады. Алайда қазақ билігі тәуелсіздік алған жылдар аралығында халыққа уәдені аз беріп, нақты істерімен танылды дер едім. Бүгінгі кездесуде әріптестерімізбен қауіпсіздік мәселесіне қатысты ашық және шынайы пікірталас құра алдық. Әрине Ресей, АҚШ және Еуропа тарапынан қарама-қайшы пікірлер де болды. Осы тәрізді жабық отырыстарда ғаламдық қауіпсіздік төңірегіндегі шынайы ойларымызбен еркін, еш бүкпесіз бөлісе алуымыз мәселені жан-жақты қарастыруға және шешімін табуға таптырмас мүмкіндік береді. Кездесудің ақпараттық жағынан жан-жақты қамтылғанын атап өткім келеді. Қазақстан Astana Club алаңына әлемнің көптеген елінен кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі мол сарапшыларды жинаған. Бүгінде Қазақстан әлемнің экономикасы дамыған елдерін аса жылдамдықпен қуып жетуде. Әлі де бағындырар белесі көп, алайда қазірдің өзінде Еуропа одағының кейбір елдерімен салыстырғанда, жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бұл – құрмет пен атап өтуге әбден лайық жетістік. 

 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»