Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені ел экономикасында маңызды орын алады және айтарлықтай ғылыми-технологиялық, инновациялық, өндірістік және экспорттық әлеуетке ие. Оны ғылымды араластыра отырып дамытқан жағдай мемлекеттің әскери қуатын ғана емес, сонымен қатар Қазақстан экономикасының азаматтық секторын дамытудың өзіндік қозғаушы күшіне айналары анық. Сондықтан Қауіпсіздік Кеңесі Үкіметке ғылымды дамытудағы басымдықтар қатарына «Ұлттық қауіпсіздік және қорғанысты» енгізуді тапсырған болатын.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өнеркәсіп өнімдерін шығаруды 20 есеге ұлғайтты, ал сыртқы сауда көлемін 12 есеге арттырды. Мемлекет басшысының отандық ғылыми-технологиялық және инновациялық саланы дамытуға тұрақты назар аударуы осыған ықпал етті. 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Н.Назарбаев «ғылымды қажетсінетін экономиканы құру – бұл ең алдымен, Қазақстан ғылымының әлеуетін дамыту», деп атап өтті.
Қазақстан ғылымын дамытуда қорғаныс-өнеркәсіп кешені ерекше орын алады. Өйткені әскери және қос мақсаттағы өнімдер өндірісін әзірлеу және игеру процесінде ғылым мен техниканың ең заманауи жетістіктері қолданылады. Өнімнің кез келген жаңа түрлері сияқты ӘҚМӨ-нің жаңа түрлерін өндіру технологиясын әзірлеу ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарын (ҒЗТКЖ) орындау барысында жүзеге асырылады, сондықтан қорғаныс-өнеркәсіп кешені өзара тығыз байланысты екі құрамдас бөлікті: ғылыми-технологиялық базаны және өндірістік базаны қоса қамтиды.
Ғылыми-технологиялық база – бұл әскери және қос мақсаттағы өнімдерді (ӘҚМӨ) әзірлеуді, дайындауды, сынауды және өндіріске қоюды орындайтын ғылыми-зерттеу және сынақ ұйымдары, ал өндірістік база – бұл ӘҚМӨ сериялық өндірісін жүзеге асыратын қорғаныс өнеркәсібінің өндірістік кәсіпорындары. Бұл екі құраушы құстың екі қанаты сияқты. Құстың бір қанатпен ұша алмайтыны сияқты қорғаныс өнеркәсібі де осы екеуінің бірлескен әрекетінсіз дами алмайды.
КСРО ыдыраған кезде біздің елдің қарамағына тек бұрынғы одақтың қорғаныс өнеркәсібінің өндірістік кәсіпорындары және олардың жанындағы жекелеген зертханалар мен конструкторлық бюролар (КБ) ғана көшті. Ал КСРО қорғаныс өнеркәсібі кешенінің ғылыми-технологиялық базасының құрамына кіретін ғылыми-зерттеу және сынақ ұйымдары көшпеді, өйткені бұлар біздің елдің аумағынан тыс орналасқан болатын. Осылайша өкінішке қарай, КСРО ыдыраған кезде Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені оны дамытудың негізі болып табылатын тиісті ғылыми-технологиялық базасыз қалды. Енді осы олқылықтың орнын толтыру біздің елдің маңызды міндеттерінің бірі болып табылатыны анық. Өйткені жоғарыда айтқандай онсыз қорғаныс өнеркәсібін талап деңгейінде дамыту мүмкін емес, екіншіден бұл қызметтің жолға қойылуы жалпы өнеркәсіптік экономиканың дамуына үлкен серпін берген болар еді.
Қазір осы маңызды саланың орны толмай тұрғандықтан КБ, тәжірибелік КБ, арнайы КБ сияқты өндірістегі бейінді ғылыми бөлімшелерде ғылыми қызметті дамытудың мүмкіндігі тым шектеулі жағдайда, турасын айтар болсақ, жоқтың қасы. Міне, осының салдарынан Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің көптеген кәсіпорындарындағы ғылыми-технологиялық қызмет тоқтатылды, ал оның жандануына ғылыми-техникалық кадрлардың жетіспеушілігі басты тежеу болып отыр.
Өкінішке қарай, ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарын (ҒЗТКЖ) қаржыландыру көзінің болмауына байланысты Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің ғылыми-технологиялық базасы дұрыс қалыптаса алмай келеді. Соның салдарынан қорғаныс өнеркәсібінің кәсіпорындары өздерінің өндірістік базасын жетілдіруді жүзеге асыра алмауда. Себебі инновациялық технологияларды енгізуге қауқарсыз. Бұл өз кезегінде жаңа өнімдер өндірісін игеруге бөгет болуда.
Әрине, бұл еліміздегі қорғаныс кәсіпорындарының 1992-1998 жылдар аралығында ғылыми-өндірістік кадрларды, конструкторлық бюроларды толығымен жоғалтуының салдары, ал Кеңес дәуірінен бері онда сақталып қалған технологиялар моральдық және физикалық жағынан әбден ескірді.
«Ғылым қоры» АҚ-ның ақпараты бойынша 1992 жылдан 2010 жылға дейін ҚӨК, Қазақстан Қарулы Күштері, басқа да әскери құрылымдары мүддесіндегі ғылыми-зерттеулер мен перспективалы технологиялар бойынша мәліметтер жоқ немесе жүргізілмеген.
Ғылыми-технологиялық қызметте және қазақстандық жоғары оқу орындарында да белгілі бір іркілістер болды. Жоғары оқу орындары әзірлеген ҒЗТКЖ тақырыптарының ішінен өндіріске енгізуге және коммерцияландыруға жарамды зерттемелер өте аз кездесті. Мәселен, Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары қаржыландыратын ғылыми-зерттеу әзірлемелерінің тек 0,1%-ы ғана коммерцияланған.
Білім және ғылым министрлігінің бағдарламалары шеңберінде жүргізілетін қолданбалы ғылыми-зерттеулердің практикалық бағытының деңгейі төмен болды, ал эксперименттік әзірлемелер іс жүзінде қаржыландырылмады. Бұл бірқатар себептерге қатысты еді, оның ішінде «Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс (құпиялылық белгісі жоқ)» басымдығын ел ғылымын дамытудың басым бағыттарының құрамына енгізудің кеш болуына және ҒЗТКЖ-ды толық қаржыландырмау мәселелерімен (ҒЗЖ – жеткіліксіз қаржыландырылды, ТКЖ – іс жүзінде қаржыландырылмады) байланысты.
Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі кешенінің заманауи кәсіпорындарының төлқұжаттарын талдау нәтижесі қазіргі уақытта «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС, «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС секілді өндірістік кәсіпорындардың штатында КБ немесе өзге де ғылыми-технологиялық бөлімшелер мүлдем қарастырылмағанын көрсетті.
Сондай-ақ 2018 жылға дейін Қазақстанда ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы әскери-техникалық ғылымдар жағдайын талдау мұндағы олқылықтардың негізгі себебі қару-жарақ пен әскери техника саласындағы ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларға мемлекеттік қаржы қолдауының жоқтығынан туындайтынын көрсететіндей. Мәселен, Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша 2014 жылдан бастап 2017 жылға дейін әскери ғылымды қаржыландыру көлемі 220 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейін қысқарса, 2018 жылы әскери-техникалық әзірлемелер мүлде қаржыландырылмаған. Мұндай жағдайдың елдің ҚӨК-індегі қолда бар ғылыми-техникалық әлеуетті жоғалту қаупін туындататыны анық.
Индустриялық дамыған елдерде қорғаныс өнеркәсібі кешенінің дамуы аэроғарыштық және электронды өнеркәсіппен, ақпараттық және коммуникациялық технологиялармен, жалпы машина жасаумен, ӘҚМӨ өндіру кезінде био және нано технологияларды және оның компонентін қолданумен тығыз байланыста қарастырылады. Осы қағидатқа орай, Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту үшін Мемлекет басшысының 2016 жылғы 6 қазандағы №350 «Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін құру туралы» кезеңдік Жарлығы қабылданып, жаңа министрліктің алдына қорғаныс, аэроғарыштық және электронды өнеркәсіпті, ақпараттандыру және байланыс (киберқауіпсіздік) саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті дамыту міндеті жүктелген еді.
Отандық ҚӨК-ін дамытудағы ғылыми-технологиялық базаның негізгі рөлін ескере отырып, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (ҚАӨМ) құрылымында Ғылыми-технологиялық даму департаменті құрылды. Оған бірыңғай ғылыми-техникалық саясатты қалыптастыру және іске асыру, сондай-ақ реттелетін салалардың: қорғаныс, аэроғарыш және электронды өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік) ғылыми-технологиялық базасын қалыптастыру және дамыту міндеті жүктелді.
Ведомствода Ғылыми-техникалық кеңес құрылды, онда Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет елдің ҚӨК-ін дамыту үшін перспективалық ғылыми-технологиялық жобалар қаралып, іріктелді. Сол кездегі министр Б.Атамқұлов «KADEX-2018» халықаралық көрмесіндегі баяндамасында министрлік қабылдаған шаралардың нәтижесінде еліміздің ӘҚМӨ өндірісінің отандық технологияларын дамыту үшін перспективалы 50 ғылыми жобаның
6 млрд теңгені құрайтын қоржыны бар екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы 2019 жылғы 18 наурызда қол қойған «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» заңында мемлекеттік қорғаныс тапсырысы (МҚТ) шеңберінде ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелерді іріктеу мен қаржыландырудың жаңа тетігі қарастырылған. Бұл тетік МҚТ-сы құрамына өзекті ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелерді енгізуге және ӘҚМӨ-нің жаңа түрлерін әзірлеуге отандық ғылыми және сынақ ұйымдары мен КБ-ды тартуға мүмкіндік береді.
Заңда Үкімет жанынан Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның баламасы – Қорғаныс ғылыми-техникалық комиссиясын (ҚҒТК) құру көзделген. ҚҒТК негізгі міндеті – қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің ғылыми-технологиялық базасын дамытудың стратегиялық бағыттарын қалыптастыру және ғылыми-техникалық жобаларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға рұқсат беру. Бұл тетік ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелердің нәтижелерін тәжірибелік үлгілер, оларды сынау және қарулануға қабылдау сатысына жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Дегенмен қазіргі кезеңде бұл тетікті пайдалануға министрліктердің құрылымының өзгеруі қиыншылықтар туғызып отыр. Мәселен, қорғаныс өнеркәсібінің қызметі және оны реттеу мәселелері енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құзырына берілсе, ал ғылыми-технологиялық даму мәселелері Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құзырына тапсырылды. Бүгінде қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің бір-бірімен тығыз байланыста болуы тиіс ғылыми-технологиялық базасы мен өндірістік базасы екі жаққа ажырап кетті. Осы жағдайдың алдағы жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін екенін қаперге саламыз.
Мейірбек МОЛДАБЕКОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі