Қоғам • 12 Қараша, 2019

Менторлық жүйенің маңызы зор

775 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде жастардың көшбасшылық қабілеттерін ұштау, оны дамыту жолында біршама жұмыс атқарылып жатыр. Әсіресе, түрлі үкіметтік емес ұйымдардың бұған қосып жатқан үлестері аз емес. Мәселен, елімізге өзінің әлеуметтік-қоғамдық жобаларымен әйгілі «KAZBRANDS» қоғамдық қоры Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қолдауымен республика бойынша «Тәлімгер (менторлық) жобасын» іске қосқаны белгілі.

Менторлық жүйенің маңызы зор

Жобаның мақсаты еліміздегі жас көшбасшылар мен белгілі қоғам, мемлекет белсенділерін жастар мәселесіне бейжай қарамай, олардың қоғаммен байланысын арттырып, қолдау көрсету болып отыр. Жалпы, тәлімгерлік дегеніміз ұстаздық ету, үйрету дегенді білдіреді. Сонымен бірге тәжірибелі маман немесе кәсіпкер өзінің кәсіби білімі мен шеберлігін тиімді әрі танымал әдіс арқылы тәжірибесі аз маманға немесе шәкіртіне беруді айтады. Яғни, кері байланыс арқылы әртүрлі әдістер мен үйрену модельдерінің іс-қимылдары мен оларды түзету арқылы тәлімгердің шәкіртті үйретуі. Қазіргі таңда кейбір мекемелер мен компанияларда жоғары тәжірибелі қызметкер өзінің біліп-түйгенін жаңадан келген қызметкерге үйрету арқылы оның бойына белгілі бір уақытта өзінің ісіне деген сенімділік пен жауаптылықты машықтап, сол іске икемдейді. Бұл, бір жағынан, тәжірибелі мамандардың өзінің ісін жастарға сабақтастыққа қалдыра отырып, сол компанияның ішкі ережелері мен жинақталған білімді олардың бойына сіңіріп, қабілетін ашу.

Жалпы, тәлімгерлік бұл жеке, топтық және ұжымдық болып бөлінеді. Көбіне біз жеке тәлімгерлікті кездестіреміз, яғни бір ұстаз-тәлімгер бір маманға үйретеді. Бұрындары топтық және ұжымдық сирек кездессе, қазіргі таңда осы топтық және ұжымдық та жеке тәлімгерлікпен бір деңгейде келе жатыр.

Осы орайда «KAZBRANDS» қоғамдық қоры аталған жайттарды ескере отырып, «Өңірлерде жастарды ынталандыру жұмысын жүргізу үшін менторлардың 4 тобын барып оқытуды ұйымдастыру» атты жобасы аясында елімізге 80 тәлімгерді даярлап шығарды. Олар арнайы курстардан өтіп, тәлімгерлік сертификаттар табысталды. Қазіргі таңда республиканың барлық өңірінде 14-29 жас аралығындағы жастармен кездесулер, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, тәлімгерлік сабақтарын ұйымдастыруда. Қазірдің өзінде жоба аясында 560 жетістікке жеткен менти/шәкірт бар. Олар қазірдің өзінде көптеген грант пен конкурстарға қатысып, жүлделі орындар иеленуде. Осындай ауқымды жастармен жұмыстардың бірнешеуіне тоқталар болсақ, биыл 17 қазанда тәлімгерлер Баян Ахметжанова мен Нұрлан Күнтуов Нұр-Сұлтан қаласында «О’Азамат» бизнес орталығында «Менторлық (Тәлімгерлік): жастардың мүмкіндіктері мен болашағы» атты тақырыпта жастармен дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелдің мақсаты – жастар арасында көшбасшылық қабілеттерін дамыту, патриоттық тәрбие беру, бос уақытты тиімді пайдалануға үндеу.

Сонымен бірге жас тәлімгер Серік Авгумбаевтың да еңбегін ерекше атап өткен жөн. Қазіргі таңда оның 7 шәкірті бар. Олардың бәрімен жұмыс істеп жүр. Соның ішінде үшеуі грант иегері атанды, біреуі: «Атамекен» бағытымен «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша, ал екеуі еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қоғамдық жобаны қолдау бағыты бойынша «Жаса жобасы» грантын жеңіп алды. Бұл қаражатқа балалардың ойын клубын ұйымдастыруды қолға алуда. Ал екінші қаражатқа Ақмола облысының Бурабай ауылында ауыл балаларына аулада жаттығу (воркаут) үшін спорт алаңын салуды жоспарлап отыр.

Жетістікке жеткен менти/шәкірттердің ішінде ерекше тоқталатын қызылжарлық тәлімгер – Екатерина Старостина. Ол Солтүстік Қазақстан облысы мәслихатының жас депутаты, «Қызылжар – Адалдық алаңы» атты аймақтық жобаның жетекшісі. Бүгінде өзінен кейінгі жас толқын әріптестеріне тәлімгерлік әдісті үйретіп келеді. Сонымен бірге «Ментерство как ключ к успеху», «Колесо баланса», «Личностный рост и лидерские качества», «Навыки публичного выступления» атты семинарлар өткізіп жүр. Өзінің тобына 5 шәкіртті алып, жұмыс жоспарын, алдағы мақсаттар мен нәтижелерді айқындап жұмыс істейді. Соның бірі – Сұлтан Жақан атты жас шәкірт. Биыл заңгер мамандығы бойынша универсиетті тәмамдаған. Спортпен айналысады. Кёкушинкай-каратэ спорты бойынша ҚР чемпионы, Ресей чемпионатында күміс жүлдегер, Сибирь-Азия турнирінде қола жүлдегер атанған. Бірақ оның бұл жобадағы мақсаты – грант алып, өзінің жеке кәсібін, яғни фитнес-залын ашу. Сол мақсатқа жету үшін өзінің жетекшісі Екатерина Старостинамен мотивациялық бағыттағы жобаларға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта оның мақсаты да орындалады деп сенеміз.

Жоба басталғалы әр өңірде тәлімгерлік жұмыстар қарқынды ұйымдастырылып, өтуде. Әрине, жоғарыдағы айтылған мысалдар секілді жайттар көптеп кездеседі. Тәлімгерлік бұл жастардың болашағына қолдау көрсетіп, өздерінің мақсаттарына жетуіне жол ашу, сонымен бірге жастардың әртүрлі гранттар мен байқауларға қатысуларына қолдау көрсету.  «KAZBRANDS» қоғамдық қорының да негізгі бағыты осы. Сондықтан да алдағы уақытта да көптеген іс-шара мен кездесулер, семинар-тренингтер өткізу жоспарланып отыр.    

 

Кемел РАХЫМЖАН,

экономика ғылымдарының магистрі