Руханият • 14 Қараша, 2019

Қыз балаға қырын қарамайық! Елімізде 75 400 Ұлбосын, Ұлбала, Ұлдан, Ұлжан, Ұлжалғас, Ұлмекен... бар

2218 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Адам еңкейген шағында шарапатты ұлдан таба ма әлде, қыздан көре ме? Бәрі ниеттен десек те, кей жағдайда татулығы тау­сылған шаңырақтардың күйреуіне қыз таба беретін әйел «себепкер» болып жататынын бірінші рет қозғап отырғанымыз жоқ.

Қыз балаға қырын қарамайық! Елімізде 75 400 Ұлбосын, Ұлбала, Ұлдан,  Ұлжан, Ұлжалғас, Ұлмекен... бар

Біз бұған дейін де «Қыз таба бере­тін әйел...» атты мақаламыз­да перзент күтіп жүрген жан­дар­дың барлығы да алдымен дүниеге келетін сәбидің бақ-денсаулығымен туылуын тілесе де, пендешіліктің жеңіп кететін кездері аз еместігі туралы әңгіме қозғағанбыз. Медицина дамып, жария да құпия және адамның ақылына сыймайтын небір ғылы­ми сынақтар мен зерттеулер жүр­гізіліп жатқан заманда жарық дүниенің есігін ашатын шарананың жынысы тек әкесіне байланысты екендігі түпкілікті дәйектелгенін баяндағанбыз.

Алайда, онда неге осы тақы­рыпқа оралдық? Жыл сайын қазан айында БҰҰ-ның Халықтар саны саласындағы қорының (ЮНФПА) бастамасымен Халықаралық қыз баланы қорғау күні атап өтіледі. Өйткені жаһанданған сайын бала өсіріп отырған баршамызды, ұлтымыз сау болсын дейтін кез келген халықты алаңдататын мәселе көбейді. Сол көкейкесті мәселелердің көш басында қыз баланың қауіпсіздігі мен денсаулығы, қоғамдағы орны тұр.

Егер сенсеңіз, осы тақы­рып­пен тікелей айналысатын беделді халықаралық ұйымдардың дабыл қағуына қарағанда, кез келген ұлттың келешегі дәл қазіргі 10-15 жас аралығындағы қыз балалардың тәрбиесі мен денсаулығына байланысты.

Сонымен биыл БҰҰ-ның Халықтар саны саласындағы қоры назарымызға ұсынған «Қыз болсын» атты деректі филь­мі
былай дейді: Қазақстанда 75 400 «Ұлбо­сын» есімді, яки соған ұқсас есімді иеленген қыз-келіншек бар. Қысқасы, ұл тілейтін есімдердің мағынасы 294 болып түрленеді. Яғни, Ұлмекен, Ұлжалғас, Ұл­бике, қала берді Қыздығой мен Жаңылдың 53,6 пайы­зы ауылдық жерлерде дүниеге келген.

Түбірі «Ұл» сөзінен басталатын немесе мағынасы ұқсас аттар әсі­ре­се, қазағы қалың оңтүстік өңір­лерде жиі кездеседі. Ал жоғары­дағы 75 400 «Ұлбосынның» ішінде 203 әйел ғана өз қыздарына мағынасы өзіне ұқсас есім сыйлаған.

Дегенмен, «ерекше міндет арқалай­­тын» есімді иелену үрдісі соңғы 30 жылда төмендей бастаған көрі­не­ді. Мәселен, 1990 жылдан бастап 2019 жылға дейін «Ұлбосын» немесе оған ұқсас есімді иеленген 13 803 жан болса, 2010-2019 жылдар аралығында 12 264 қыз балаға де­йін азайған.

Қысқасы, қыз баланы кемсіту мәсе­лесі ол дүниеге келмей жатып-ақ бас­талады деп айтуға толық негіз бар. Басқасын айтпағанның өзінде, осыдан бірнеше жыл бұрын әділет пен ақиқаттың жолында жұмыс істейміз дейтін әлемде­гі ірі, атышулы CNN cияқты ақпа­рат құралдарының өзінде тап­сырманы бірдей орындайтын әйел журналистер мен ер жур­на­листер­дің, сондай-ақ Батыс пен Шы­ғыста жұмыс істейтін тілші­ле­р­інің жалақысындағы үлкен айырмашылыққа қатысты жік шық­қанын ұмытпауымыз қажет.

Сонымен әңгіменің әлқис­са­сы­на қайта оралайық. Жасөспірім қыздардың әлеуметтік тіршілігін, қоғамдағы қадірін зерделейтін «Қыз болсын» деректі фильмінің автор­лары – фильммейкер Кате­ри­на Суворова мен әнші, қоғам бел­сендісі ЮНФПА спикері Ақ­маржан Көшербаева (Kaliya) «Ұлбосын» есімі берілген жан­дар­дың тағдырына үңілуге тырысады. Өйткені әлмисақтан келе жатқан мұндай жағдайлар Қазақстанға ғана тән емес. Ұл баланы ғана бала деп, қызды адам қатарына қоспау түсінігі Орталық Азия елдерінде де, әлемнің басқа шалғайында да бар.

«Ал біздің фильм осы уа­қыт­қа дейін осынау сұрақ қойыл­ма­ған «Ұлбосындардың» үнін естуге мүмкіндік береді. Және бұл жауаптар қандай болса да, біз үшін өте маңызды. Өйткені бұл есімдер баршамыз, Кіндік Азия елдері үшін өмір эссенциясы болып табы­ла­ды», дейді фильм режиссері Катерина Суворова.

Айтқандай, Халықаралық қыз балалардың күні 2012 жылдан бері ғана атап өтіліп жүр. Мақсаты белгілі – бүлдіршін өмірге ес кіріп, етек жаба бастағаннан-ақ қан­дай қиындықтарға тап болады, нендей кемсітушіліктерге ұры­на­ды? Бұл кедергілерді жеңу мен қыз баланың құқығы мен арын сақ­тау­дың жолдары қандай?

Бұл бастама қазір қыз баланың өз замандастарымен тең дәрежеде білім алуы, жынысына қарай зәбір, зорлық-зомбылық көруі, қыз болып туғаны үшін ғана қорланбай, өзін өзі бағалауы сынды жағдаяттарды ше­шуге септесіп келеді.

Өйткені өркениеттің дөңгелегі қанша жерден зырлағанымен, әлі де өз қатарластарымен бірдей мек­теп есігін аттай алмай, таптау­рын түсініктер мен әйел баланы оқшау­лау үрдісінен арыла алмай отырған елдер бар. Бұған қоса, төмен етекті болып туылып қана қоймай, қолар­ба мінген, балдаққа сүйенген мүге­дек қыз-келіншектер мен осал топтардың өкілдері бар екенін қаперде ұстайтын болсақ, жағдай біз ойлағаннан да күрделі болып шығады. Ал қым-қуыт өмірде қыз бала да кәсіпқойлықта, бір іспен әуес­тенуде, қиын жағдайларды еңсе­ріп, шешім қабылдауда өзімен қатар ер баладан бір мысқал да кем емес­тігін уақыт дәлелдеген.

«Болашағымыздың күн өткен сайын сандық және ақпараттық техно­логияларға тәуелділігі күше­йіп барады. Ендігі жерде осы уа­қыт­қа дейінгі «еркектердің ма­ман­­дығы» немесе «әйелдердің кәсібі» мен «хоббиі» дейтін басқа да өмір аспектілеріне дәстүрлі көз­қарас­тарымызға қайта қарамайтын болсақ, онда қыз баланың заманына лайық білім алуына, талабы мен талантын толық пайдалануға кедергі жасайтын боламыз. Бұл қоғамның толайым алға жылжуын тоқыратады», дейді «ҚазРоботикс» қазақстандық білім және спорттық роботтехникалары федерациясы» РБК президенті Айжан Жекеева.

Не десек те, әлі де талай елде ұл мен қыздың қоғамдағы орны әртүрлі бағаланады, сондықтан да олардың өмірлерінде де өзге­ше­лік бар. Көп жағдайда қыз баланы келешекте үй шаруасына бейімдейді. Ал ұлдар – мұрагер, отбасының асыраушысы екені онсыз да аян. Ендеше ер-азаматтың қоғамдағы абырой-беделін арттыра отырып, қыз баланың да қатарынан қалмауын, отбасында сый-құрметке бөленіп, қым-қуыт тірлікте қашанда қамқорлықта болу­ын идеологиялық тұрғыда на­си­­хаттаудың көкейкестілігі күшін жоймайды.

Әйтпесе, жоғарыдағыдай жабайы ұстанымдар мен таптаурын түсініктер қыз баланың келешегіне ғана емес, ұлттың да болашағына сөзсіз кері ықпал етеді. Салдары белгілі, кемсітушілік көрген қо­ғам­ның қыз-келіншектері көп мүм­кіндіктерінен айырылып, өзі­не де, өмір сүрген ортасына да пай­да­сын тигізе алмағандықтан, тө­меншіктей беретіні белгілі. Бұл даму даңғылына түскен зайырлы қо­ғамның сипаты емес.

Мәселен, бұл туралы БҰҰ-ның Халықтар саны саласындағы қорының (ЮНФПА) Шығыс  Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі аймақтық директорының ерекше мәртебелі кеңесшісі Педро Пабло Виллануэва: «Репродуктивтік ден­саулық пен репродуктивтік құ­қықтарды сақтауға деген қол­же­тімділік әйел мен ер-аза­мат­тар­дың теңқұқылығын қор­ғау­ға қосылатын үлкен үлестің бірі. Әйел өзінің отбасын жос­пар­лаған кезде бүкіл өмірін де қоса жоспарлайды. Әйелдердің репродуктивтік құқығын қорғау мен оны алға жылжыту, оған қоса бала табу және қанша балалы болуға өзі шешім қабылдай алу құқықтары олардың қоғамның дамуына толыққанды және тең құ­қылы түрде араласуының не­гіз­гі өзегі. Ал ре­п­родуктивтік денсаулық пен әйел­дердің құқығын кеңейту өзара тығыз байланыста ғана емес, маңыздылығы аса күрделі екені туралы келісім осыдан 25 жыл бұрын Каирде өткен атақты халық­тардың қоныстануы мен дамуы халықаралық конференциясында қабылданған. «Қыз болсын» мұнан да ірі жобаға айналып, оның шеңберінде гендерлік теңдікті алға жылжытып, қыз баланың құқығын кеңейтуге барлығы да үлесін қоса алатын болады», дейді.

Сондай-ақ биыл қараша айында БҰҰ-ның Халықтар саны сала­сындағы қоры Кения мен Дания Үкіметтерімен бірлесіп, халық­тар­дың қоныстануы мен дамуы халықаралық конференциясының 25 жылдығына орай, Найробиде халықаралық Саммит ұйым­дас­тырады. Жоғары деңгейде өткі­зі­ле­тін бұл конференция осыдан 25 жыл бұрын қабылданған ХҚХК әрекеттері бағдарламасын түпкілікті және толық жүзеге асыру үшін саяси еріктілік пен қаржы­лық міндеттемелерді шоғыр­лан­дыруды мақсат тұтады. Бұл мін­дет­темелер отбасын жоспарлау мен ақпараттандыруда бірде-бір адамның да көңілінде қаяу болмағанын, жүктілік барысында, босанатын кезде, тұрмыстағы әлім­жеттікте аналардың өлім-жіті­мін түбірімен жойып, қоғам­да­ғы қыз-келіншектерді зорлық-зомбылықтан арылтып, әйел адамдар мен жасөспірім қыздарға қа­тыс­ты зиянды әрекеттерді түп­кі­лік­ті тыюды көздейді.

Дегенмен, БҰҰ беделді ұйым болса да, көздеген мақсатына жеке-дара жете алмайтыны тағы белгілі. Бұл жерде үкіметтер осынау іске араласуды қажет деп тауып, ықпал етуі, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғам белсенділерінің үні де аз рөл атқармайды.

Мәселен, қазірдің өзінде Қазақ­с­тандағы «Қыз тағдыры» сияқты бірқатар жобалар арқылы тап­тал­ған абыройына араша сұраған, заңсыз жұмыстан босатылған, қорланған қыз-келіншектердің дауысы естіліп жүр. Сол сияқты бізді толғандырып отырған тақырыпқа қатысы бар қылмыстық істерге ба­қылау пайда болып, тергеу амал­дары мен сот ісінде әділдікке қол жеткізуге болатынына әйел адам­дар­дың көзі жете бастады.

 

АЛМАТЫ