Қаржы • 14 Қараша, 2019

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау

2940 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Азаматтардың әлеуметтік қамтылуын, мемлекеттің тұрақты экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең маңызды жүйесі – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын кең ауқымды инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру мен бюджет саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік аудиттің рөлі жоғары. 

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау

Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылғы 2 мамырдағы №67 Жарлы­ғы­мен өңірлерде сыртқы мем­лекеттік қаржылық бақылау ор­ган­дарын жетілдіру туралы Жарлығымен Тексеру комиссиясы құрылды. Комиссияның негізгі міндеті – жергілікті бюд­­­жеттердің атқарылуын, сырт­­қы мемлекеттік қаржылық ба­қы­лауды жүзеге асыру. Мем­лекет­тік әкімшілік қыз­мет­ші­­лерден тұратын комис­сия төр­ағасы мен мүше­лері облыс­тық мәслихат депутат­тарының дауыс беруі арқылы 5 жыл мерзімге тағайындалады.

Қазақстан Республикасы Тұң­ғыш Президентінің 2015 жылғы 20 мамырдағы «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспары бағдар­ламасының 93-қадамында аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң қабылдау тапсырылып, осыған сәйкес 2015 жылы 12 қарашада «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заң қабылданды.

Мемлекеттік аудиттің мақ­саты – бюджет қаражатын, мем­лекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің актив­терін басқарудың және пай­далану­дың тиімділігін арттыру. Заң­ның негізгі ерекшелігі – мемлекет­тік аудитті жүзеге асыру үшін қызметшілерде міндетті түрде мемлекеттік аудитор сертификаты болу шарт. Яғни мемлекеттік аудитке толықтай көшірілді. Бастапқы кезеңде өңір­лердегі аудит жөніндегі мем­лекеттік органдарда кадр тапшылығы, оның ішінде мемлекеттік аудитор сертификаты бар мамандар жетіс­пеу­шілігі байқалды. Бұл бағыт­та жер­гілікті жерде мамандар тап­шы­­лығының мәселе­сін шешу мақ­сатында Тексеру комиссиясы жүйе­лі негізде мемлекеттік аудитор­лардың біліктілігін арттыруды және кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жандандырып келеді. Қазіргі таңда Атырау облысында мем­лекеттік аудитор сертификатын талап ететін 7 мем­лекеттік әкімшілік лауазымды орны бос тұр. Осы орайда, жергілікті жерде мамандар тапшылығын болдырмау мақсатын­да «Қаржылық академия» АҚ-пен мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміт­кер адамдарды сертифи­кат­тау қағидаларына сәйкес Аты­рау өңірінде оқыту ұйым­дас­тырылды. Қазір қажет пән­дер бойынша оқуын аяқ­таған қаржы саласының 15 үміт­кері Ұлттық комиссияның әңгі­мелесу кезе­ңіне баруға дайын.

Есеп комитетінің қаржылық бұ­зу­шылықтарды зерттеу жөніндегі орталығынан тиісті пәндер бойынша оқуын аяқтаған Тексеру комис­сия­сының бір­неше қызметкері мін­дет­телген пәндер бойынша оң нәтиже алып, Ұлттық комиссияның әңгімелесу кезеңіне құжаттары ұсы­нылды. Бір қызметкер қыр­күйек айында әңгімелесуден өтіп, мемлекеттік аудитор сертификатын иеленді. Бұдан бөлек, Тексеру комиссиясы салалық мемлекеттік орган ретінде бастама көтеріп, жергілікті жерде маман тапшылығын шешу мақсатында облыс әкімдігіне жас мамандарды оқытып, даярлауға ұсыныс берді. Облыс көлемінде мектеп бітіруші түлектерге мемлекеттік грант жөнінде түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Облыс әкімдігі комиссиясының шешіміне сәйкес, 2019-2020 оқу жылында жергілікті бюджеттен бөлінген білім беру гранттары арқылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­теті күндізгі оқу нысанындағы «Аудит және салық салу» факультетінің «Мемлекеттік аудитор» мамандығы бойынша Атырау облысының 13 мектеп түлегі оқуға қабылдан­ды. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орын­дарында жатақханаға мұқ­таждар санының жоға­ры­­лығына қарамастан Тек­серу комиссиясының сұраны­сына сәйкес, университет рек­торының қолдауымен жаңа­дан қабылданған студенттерге жатақхана мәселесі толығымен шешіліп, 12 студент жатақханаға орналастырылды. Ең бастысы, жергілікті бюджеттен берілген білім беру гранттарының негізгі ерекшелігі – облыстық білім беру басқармасымен жасақ­талған келісімшартқа сәйкес студенттер оқуын аяқтағаннан кейін белгілі бір мерзімде жер­гілікте жерде осы алған маман­дығына сәйкес жұмыс істеуге міндеттеледі. Осы орайда, тиісті оқу жылдарында жергілікті бюджеттен берілген білім беру гранттары бойынша оқуын аяқтаған студенттерге жұмысқа орналасу мәселесін шешу меха­низмі қарастырылуда. Сонымен қатар Есеп комитеті тарапынан кадрларды ынталандыру және әлеуметтік жағдайлар жасау мақсатында халықаралық жоғары санатты мемлекеттік аудитор сертификаты бар қыз­мет­керлердің еңбек­ақысын жоға­рылату мүмкіндігі де қарас­тырылып жатыр.

Тексеру комиссиясының екі қыз­меткерінде халықаралық сертификат бар. Келер жылы да мамандарды оқытуға қаражат қарастырылуда. Бұл алдымен мем­лекеттік аудиторлар­дың еңбек­ақылары жоғары жеке сек­тор­дағы аудиторлық компа­ниялар­ға жұмысқа ауысып кет­пеуіне және халықаралық сер­­тификаттау бойынша бі­ліктілігін арттыруды қамта­масыз ету үшін қажет.

 

Руслан БЕКТЕМІР,

Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы