Экономика • 14 Қараша, 2019

«Халықшыл мемлекет» феномені: сөз бен істің бірлігі

793 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдаған тұңғыш Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деп атап көрсетті.

«Халықшыл мемлекет» феномені: сөз бен істің бірлігі

Жолдауда билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы, жалпы мемлекеттік мін­деттерді шешу үшін талқылау жұ­мыс­тарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолданудың да маңыздылығына назар аударылды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына ұсынып отырған тұжырымдамасының қоғамның өрке­ниетті дамуы үшін тарихи, саяси маңызы бар бастама екенін атап өткен жөн. Сондықтан оны жан-жақты тү­сін­діру бүгінгі қоғам алдында тұр­ған маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін билік болмысына ақпараттық-саяси насихат тұрғысынан емес, кон­цеп­туалдық деңгей тұрғысынан қара­ғанның маңызы зор.

Билік феномені әр тектілі, әр сипатты, сан қырлы. Біз биліктің коммуни­кативтік сипатына, оның өз халқымен диалогқа түсе алатын қабілетіне назар аударғанды жөн санадық. Бүгінде биліктің коммуникативтік қабілетін жетілдіру маңызды іс болып отыр. Өмір көрсетіп отырғандай, билік әлеу­меттік-экономикалық, саяси мәсе­лелерді шешуде әлі де болса икемсіз. Шиеленістерді дер кезінде шешуде тәжі­рибе, білім және нәтижелі іс-қи­­мыл­дар жетіспейді. Жергілікті жер­дегі билік өкілдері қалыптасып қал­ған стереотиптерден, таптаурын бол­ған мінез-құлықтық үлгілерінен ары­лар емес. Мұндай жағдайда билік дәстүр­лі қалыптасқан әкімшілдік ресурс­тарын қолдануды қалап тұратыны бел­гілі. Нәтижесінде, әлеуметтік ком­му­ни­кация бір бағытта, яғни жоғары­дан төмен қарай дамуда. Бас­қару­дың әкімшіл-әміршіл стилі басың­қы­лық жағдайында қалуда. Мұн­дай ком­му­никацияның мазмұны қашан­да сы­ңар­жақты және бағыты қашан­да орта­лық­тандырылған билікке тәуелді болады. Мұндай сипаттағы коммуни­кацияның тиімсіз екендігін өмір дәлел­д­еп отыр.

Президент Қ.Тоқаевтың ұсынып отырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында қоғам мәселелерін шешуде халықтың белсенділігі мен жауапкершілігіне де ерекше назар аударылғанын атап өткен жөн. Басқаша айтқанда, әңгіме азаматтық қоғам институттарының жұмыстарын жандандыра отырып, қоғам мен билік арасындағы әлеу­меттік коммуникацияларды инсти­туционалдық деңгейге көтерудің маңыздылығы туралы болып отыр. Мұндай әлеуметтік коммуникация­ны әртараптандыру, оларды қоғамның әрбір саласы бойынша дамыту уа­қытты қажет ететін және ұзақ мерзім­ге арналған стратегиялық жоба десек ар­тық айтпаған болармыз. Бұл жобаның басты мақсаты – қоғаммен тиімді диалог орнату, қордаланған мәсе­ле­лерді дұрыс және дер кезінде шеше отырып, ел ішіндегі тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз ету және тәуел­сіздікті нығайту екені сөзсіз. Аталған мәселелердің маңыздылығы, әсіресе жаһандану жағдайындағы ақпараттық және цифрлы технология сапалы тұрғыдан өзгерген сайын арта түседі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» феноменінің ішкі болмысы осындай.

Бір сөзбен айтқанда, жоғарыда атал­ған мәселелер тек мемлекеттік бас­қарудың тиімділік деңгейін көр­сететін индикаторлар ғана емес, сонымен бірге ол биліктің жаңа социум жағдайындағы жаңа бағытын, жаңа болмысын көрсететін белгілер екенін де білгеніміз дұрыс. Осы бағытта жасалып жатқан биліктің нақты қадамдары көңілге сенім ұялататынын айта кеткен жөн. Мәселен, жер мәселесіне байланысты айтылған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың нақты ұстанымы, қазақ тілін латын графикасына көшірудегі орын алған олқылықтарды түзетуге байланысты ойлары, «үш тілділіктегі» қазақ тілінің бірінші тұруы және оны ұлтаралық тілге айналдыру мәсе­лесі, ұлттық қор қаражатын тиімді пай­да­лану, әлеуметтік саясатты дұрыс жүзеге асыруға байланысты қойылған нақты талаптар қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, билікке деген сенімді арттырып отыр. Сөз бен істің бірлігін нығайтатын нақты қадамдарға, еліміздегі аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмекті, тұрмысы төмен отбасылардың несиесін кешіру акциясын, шағын бизнесті үш жылға салықтан босату, т.б. нақты қадам­дарды жатқызуға болады.

Саясатта импульсивтік қимылдар­дың арты қиын болатыны белгілі. Онда күшке иек арту тереңдіктің бел­гісі болмаса керек. Мұндай жағдай­да қайтарым жауаптың да болары сөзсіз. Оның үстіне ғылыми тұрғыдан жан-жақты сараптамадан өтпей дайын­далған кейбір тиімсіз жобаларды жүзеге асыруда радикалдық таны­ту­дың нәтиже бермеуі мүмкін. Сон­дық­тан өткен күндердің жетістігін жүйелі түрде сыни тұрғыдан бағалай оты­рып, соның негізінде алға жылжу терең­нен ойластырылған қадам екені сөзсіз.

Сабақтастық өткенді толық қай­талау емес екені белгілі. Өткеннің қажет элементтерін сақтап, дамыта оты­рып, қоғам дамуының жаңа саты­сын қамтамасыз ету қазіргі заман талабы. Олай болса, қоғамның эволю­циялық жолмен алға жылжуы сабақ­тас­тық негізінде ғана жүруі мүмкін. Басқаша айтқанда, жаңа қоғам­дық қатынастарды орнықтыру өткен жетістіктерді жоққа шығару немесе қирату арқылы емес, керісін­ше сол жеткен жетістіктер негізінде ғана жаңа қатынастар пайда болаты­нын көре білу стратегиялық ойлау­дың көрінісі деп түсінген дұрыс. Кейбір «әсіре белсенділер» радикалды әдістерді жаңғыру мен өзгеру­дің көзі ретінде қарастыруы сыңар­жақ­тылық екенін түсінуі керек. Мұндай ұстанымдар біздің қоғам үшін өте тиімсіз және зардабы ауыр. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанның болашағы – эволюциялық жаңаруда. Президент Қ.Тоқаевтың «Сабақтастық. Әділеттілік. Прогресс» саяси тұғыр­на­масының негізінде осындай конструк­тивтік сипаттағы идеялар жатқанын бұқараға түсіндіре білу өте қажет.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» парадигмасын жүзеге асыруда биліктің алқалылық қағидасын ұстанғаны өте маңызды. Бүгінгі билік­тің күші осы алқалылықта. Осы­ны дұрыс түсінген Мемлекет басшысы қоғам белсенділерін Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесіне тарта отырып, әртүрлі алуан пікірлерді бір арна­ға тоғыс­тырып, қоғамның өзекті мәселе­леріне жүйелі түрде назар аударып отыр.

Ұлттық сенім кеңесінің мәртебесі туралы әртүрлі, тіпті қарама-қарсы пікірлердің бар екені белгілі. Біздіңше, басты мәселе онда емес. Ең бастысы, қоғамдық санада қатып қалған стереотиптер мен догматикалық сипат­тағы көзқарастарды қайта қарай отырып, әлеуметтік-экономикалық, саяси қайшылықтарды шешудің бүгінгі заман ағымына сай тың жолдарын із­дестіруде жатыр. Соны­мен бірге, қоғамдағы радикал­дық сипат­­тағы ой-пікірлер мен ұста­ным­­дарға жасампаздық тұрғысынан бағыт беруге де назар аударылып отыр­­ғанын айта кеткен жөн. Әсіресе, қоғам­да қорда­ланып қалған саяси-эконо­микалық, экологиялық, мәдени мәсе­лелерді шешудегі өркениетті ұс­таным­ның салтанат құруы өте маңызды. Себебі ұсынылған шешім­дердің тоғысар жері ол – ел тәуелсіздігі, бірлігі мен тұтас­тығы, үнемі дамуы, алға жылжуы. Бұл құн­дылықтар бәрімізге ортақ. Қан­­дай көзқарастық ұстанымдар тұр­­ғы­сынан ой айтылса да осы атал­ған құн­дылықтарды баянды ету бар­шамыздың абыройлы міндетіміз.

Президент Қ.Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында қоғамның сая­си жүйесінде көптеген өзгеріс болатынын айтқан болатын. Қоғамда экономикалық қатынастар өзгеріп, қоғамдық сана жаңғырып, рухани құндылықтар жүйесі ауысып жатқанда саяси жүйенің өзгермей қалуы мүмкін емес. Өтпелі кезеңнің басты қай­шы­лықтар көзі де осында. Нақты айтар болсақ, ол – билік басындағы саяси күштердің қалыптасқан саяси тұрақтылықты ұстап тұруға ұмтылысы мен саяси жүйені демократиялық жаң­ғырту талаптарына, қажеттеріне сай өзгертуге ұмтылған күштер арасын­да болып отыр. Аталған қайшы­лық­­­тар­ға қарамастан билік саяси жү­­йені саналы түрде өзгертуге, аза­мат­­тық қоғамды қалыптастыруға, саяси плюрализмді дамытуға нық қадам жасауда. Қ.Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» идеясы да қо­ғам­­­ның объективтік даму үрдісіне бер­­ген жүйелі ойластырылған жауабы. Негізінде бұл идея Қазақстан жағ­­­да­йында қалыптасып отырған сая­­си жүйеге тың серпін әкелері сөз­сіз. Әсіресе «азаматтық қоғам – сая­си пар­­­тия­лар – мемлекеттік би­лік» үшеуі­нің өзара байланысын демо­­кра­тиялық құн­дылықтар негі­зін­де қайта қарауға, олардың қарым-қаты­насын құқықтық негізде терең­дете дамуға жол ашады. Әзірге, қалыптасқан әлеу­мет­тік тәжірибеде, бұл үшеудің басты қоз­ғаушы және бағыттаушы күші – мем­лекеттік билік болып қалуда. Керек десеңіз, билік оларға өзінің үстемдігін жүргізіп те отыр. Осы жағдайда саяси партиялар мен азаматтық қоғамның институттары қажет деңгейде қоғамның еркі мен талабын билік күшіне айналдыра алмай отырғаны да белгілі. Нәти­же­сінде, мем­лекеттік саясатқа ық­пал етуі де әлсіз, өздерін қоғамның «өгей бала­лары» ретінде сезінуі басым. Бой­лары мен іс-қимылдарында табиғи­лық­тан бұрын жасандылық бетке ұрып тұр. Сон­дықтан саяси жүйені демокра­тия­лық сипатта жаңғырту, саяси пар­­тия­лар мен азаматтық қоғам инс­ти­тут­­тарын дамытуға жаңа серпін беріп, олардың саяси белсенділігі мен бә­се­ке­лестігіне ықпал ету, Қазақ­стан қо­ғамы үшін маңызды саяси қадам­дар­дың бірі болмақшы. Бұл жол­да ма­ңыз­ды қадамдардың бірі «Сай­лау тура­лы» Заңға толықтыру мен өзге­ріс­тер ен­гізу. Өз кезегінде мұндай қадам, сая­­са­тқа жаңа ойлар мен жаңа саяси элита­ның келуіне мүмкіндік туғызады және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын жүзеге асыруға тың серпін береді.

Сонымен бірге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын жүзеге асыруда ерекше назар аударатын мә­селе, ол биліктің мәдениеттілігі, мораль­дық ұстанымдары. Олардың бас­ты ұстанымдары ретінде адал еңбек, таза ниет болуы тиіс. Мемлекетшілдік пен отансүйгіштік олардың іс-қимы­лының негізінде жатуы керек. Билік басындағы тұлға үшін ең басты құн­дылық байлық, ақша емес, кері­сінше адалдық, әділеттілік болуы тиіс. Бір өкініштісі, билікті баюдың көзі деп қарайтындар саны азаймай отырғаны ойландырады. Қысқасы, мемлекеттік қызметкер билікке пайда табу үшін емес, халқына қызмет істеу үшін келгенін, биліктің жауапкершілігі жоғары екенін ішкі жан дүниесімен терең сезінгені абзал. Бұл аталған моральдық-этикалық ұстанымдар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының моральдық негіздері десе де болады. Мемлекет моральдық құндылықтарды өз шешімдерінде басшылыққа алған жағдайда ғана биліктің халыққа деген сенімі артады, әділеттілікке сенеді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын жұзеге асыру барысында биліктің даңғазалықтан, әсіре­шіл­діктен, маңдайтерсіз алынған наг­радалар мен марапаттаулардан бойын аулақ ұстағаны дұрыс. Бұл мәсе­­леге Президент Қ.Тоқаев баса назар аударған болатын. Сондықтан би­лік­тің қарапайымдылығы халықпен дұрыс коммуникация жасаудағы басты талаптардың бірі болмақшы.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын жүзеге асыру құқықтық, заңдық тұрғыдан қамтамасыз етілуі өте маңызды. Қ.Тоқаевтың құқық­тық қор­ғау саласына, әсіресе сот шешім­дері­нің сапасын арттыру, дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы екендігі, құқықтық теңсіздікті болдырмау үшін әкімшілік әділет құрылымын енгізуге ерекше назар аударуы маңызды қадам деп есептейміз.

Бір сөзбен айтқанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», яғни, «халық­шыл мемлекет» идеясын жүзеге асыру сөзден іске кірісуді талап етеді. Мем­лекет басшысының бұл ба­ғыт­тағы жасап жатқан қадам­дары қазақ­стан­дықтар тарапынан үлкен қол­дауға ие болып отырғаны бола­шақ­қа нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

 

Төлеуғали БӨРІБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Сот төрелігі академиясы Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор