Кейінгі салынған үлкен жолдар біраз ағашты қиратып кетті. Әл-Фараби мен Абай даңғылында бұрын қаз-қатар қарағайлар өсіп тұрушы еді. Олардың орнын жасанды жасыл велосипедшілер мен жол аралығындағы темірге асылып қаңсыған ыдыстардағы гүлдер басты. Тегештей-тегештей бұл ыдыстар адамға ешқандай да эстетикалық ләззат беріп тұрған жоқ.
Алматыны Алматы қылған оның жасыл желегі болатын. Өнер адамдары осы жасыл желекті шығармаларына бекерден-бекер арқау етпеген шығар. Ақын Жәркен Бөдешұлы:
«Алматының көктемі кешеуледі,
Наурыздың қар боратты көсем желі.
Тал,
Қайың,
Алма,
Шие,
Шетен,
Мойыл –
Ереуілге шыққандай көше
өрледі.
Емеурінін білдіріп иекпенен,
Басу айтты –
Сабырлы, сүйекті емен», – деп толғаған екен.
Сол ағаштарды бүгін егіп, бүгін өсіріп отырған жоқпыз, бәрі бұрыннан бар. Рас, кейінгі кезде қаланың әр-әр тұсына мыңдаған түп көшет отырғызылып жатыр. Алайда ол салынған үлкен құрылыстарды бұрынғыдай көркейте алмай тұр. «Мамандар өздері біледі» дегеннің өзінде, еккен көшеттерінің біразы қурап қалып жатқанын көзіміз көріп жүр. «Шыбық шаншысаң, шынар шығады» деген жер тозған ба, әлде басқа бір себебі бар ма, ол жағын білмедік.
Көзден де, көңілден де жоғалып бара жатқан – жалғыз құлжа алма ғана емес. Бұрынғы зәулім қарағайлардың орнында қазір өң-түсі бөтендеу бұталар тырбияды. Сенбесеңіз, әл-Фараби даңғылының бұрынғы фотосуреті мен бүгінгі көрінісін салыстырып көріңізші. Ондағы қазіргі өсіп тұрған қарағайлар көрер көзге де кем, қораш.
Алматыда Әуезов еккен, Қастеев еккен жеміс ағаштары әлі күнге дейін сақталған. Ұлы адамдар ол ағаштарды жайдан-жай еккен жоқ. Бұрыннан қалыптасқан сондай дәстүр мен дүрмекке ілесіп екті. Қаланы көгалдандыру қай кезде де бірінші орында тұрды. Осыдан отыз-қырық жыл бұрын кей көшелерде өзіңді тоғайда жүргендей сезінетінсің. Қазір соны айтсаң, жастар түсінбей бетіңе қарайды.
Еуропадағы қалаларда қайтеді? «Мына көшені жаяу жүретін көше жасайық» демейді. «Ауаны тазартып тұру үшін бұл көшені тоғай жасайық» дейді. Бірінші тоғайға басымдық береді. Бізде де бірер көше жаяу жүргіншілерге арналып ашылды. Жан-жағына түрлі-түрлі көшеттер де егілді. Бірақ осы көшелерде ауа жоқ, оттегі жоқ. Айналасының бәрі мөртаспен шегенделіп тасталған жерде азды-көпті ағаштардың өзі де тұншығып тұрғандай әсер береді.
Соңғы жылдары ауа райы да көп өзгерді. Соған байланысты биік үйлердің аулаларындағы ағаштарды да суарып тұрмаса болмайтын болды. Жақында ғана бір жиында: «Ауладағы ағаштар неге суарылмайды?» деген сұрақты өз құлағымызбен естідік. Жаз ортасында жапырақтары тесіліп, ауруға ұшырап, құрт-құмырсқа қаптап кетеді. Басқасы басқа, өткен жазда төзімді деген емендердің өзі де солғын тартып қалғанын байқадық. Бүйте берсе Алматы өзінің жасыл желекті қала деген атынан айырылып қалатын түрі бар.
Алматы жаңадан қала болып бой көтерген кезде ағаштан үй тұрғызуға тыйым салынған екен. Міне, сол заманның өзінде жасыл желекті азайтып алмаудың қам-қарекеті жан-жақты қарастырылған болатын. Рас, кейін жер сілкінісіне байланысты ол тыйым алынып тасталған. Бірақ сондай ниеттің болғанының өзі неге тұрады?!
Қазір шетелдерде жасыл табиғатты қорғау қозғалыстары жиі өтеді. Алматыда да аулалардағы ағаштарды кесіп, құрылыс саламыз десе бірден қарсылық туады. Соңғы кезде қала басшылығы сол наразылық білдірген халықтың жағына шығып жүр. Бұл жақсы нышан.
Бірақ қаланың ішінде де, сыртында да: «Жау шапты, ойбай» деген айқай бәрібір естіліп қалады. Егер оларға ерік берсең, саябақтар мен скверлерге де шабуыл жасаудан тайынбасы белгілі. Мұндайда оларды тоқтатып қана қоймай, бірден қатаң шара қолданса да артық емес-ау дейсің.
Алматының тынысын ашып тұрған тек саябақтар мен скверлер ғана емес. Айналасын орманды алқап қоршаған үлкен-үлкен бес-алты нысан бар. Олар өз міндетін ғана атқарып тұрған жоқ, жұтатын ауамызды да тазартып тұр. Бұл нысандар Алматының жасыл желегімен біте қайнасып, бір ұғымға айналып кеткен. Шыны керек, Алматыда мұндай ауасы кең орындарды қазір Құдайдан сұрап ала алмайсың. Осындай жерлерге бөтен құрылыс салынбаса екен деп тілейсің.
Өркениетті елдерде жергілікті қажеттіліктен туындаған заңдар мен ережелер бар. Белгілі бір аймақтың өзіндік ерекшелігіне байланысты қабылданған. Алматы қаласының кейбір жұмыстарына сондай заң жетпей тұрған тәрізді. Мысалы, қаланың тынысын ашатын бір жерді дүмі диірмен тартқан біреу құрылыс саламын деп талқандап тастады дейік. Қала әкімшілігі оған не істей алады?
Жасыл желек жайқалып тұрмаса, Алматының өкпесі қысылады. Оны сақтаудың жобасын қайта жасамаса болмайтын секілді. Жасыл желектің тағдырын қала құрылысына емес, қала құрылысын жасыл желекке тәуелді ету керек сияқты. Осы тұрғыда екі жыл бұрын халықтан ұсыныс жинаған құзырлы мекеме жап-жақсы бастаманың аяғын сиырқұйымшақтатып жіберген тәрізді. Олар да кейбір ұсыныстарды іске асыру үшін өздеріне заң керек екенін айтады.
Ғаламдық жылынудың әсерін болашақта Алатаудың баурайындағы ару қала да тікелей сезінуі мүмкін. Тау басындағы мұздықтардың көлемі азайып бара жатыр. Көшедегі ағаштардың түсі бұрынғыдай емес, ертерек солғын тарта бастағандай. Газ бен түтінді адамдармен бірге жұтып жатқан – сол ағаштар.
Жасыл желек – Алматының төлқұжаты іспетті. Басқа қалаларда ауа ластығы туралы әңгіме болғанмен, жасыл желек туралы көп айтыла бермейді. Ал Алматы жасыл желегімен аты шыққан қала. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы сапарында осыны айтты. Сөзін іспен дәлелдеп, көп жылдан бері дауға айналып келе жатқан Көк-Жайлауда құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салды.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың да қала жұртшылығымен кездескендегі екі сөзінің бірі Алматының жасыл желегі туралы болып жүр. Енді олардың қала халқының тілегімен ұштасқан осындай үмітті сөздері заңмен бекітілсе, пәрмені арта түсер еді. Онда бұл бір жолғы шара емес, біржола шешілген шаруа болып саналар еді.
Міне, Алматының имиджі сонда артады. Қазақстандағы ең ірі мегаполис бірден өркениетті қалаға айналады. Онда күбір-сыбыр, қыбыр-жыбыр әңгіме өзінен өзі тыйылады. «Ана жерді анау жекешелендіріп алмақшы екен, мына жерді мынау иеленіп қалмақшы екен» деген сияқты қауесеттердің де басына су құйылады. Кейде мораторийсіз-ақ шешілетін нәрселерге мораторий жариялап жатқанда, мұндай кешенді іске қатысты кесімді заң қабылдау қол жетпейтін арман болмаса керек.
«Алматының жасыл желегі мен экологиясына нұқсан келгенде айыппұл қалай салынады?» деген сұрақтың басы ашық шығар. Ал «Айыппұлдың ақшасы бюджетті толтыруға кете ме, әлде бүлінген нәрсені қайта қалпына келтіруге жұмсала ма?» деген сұрақтың жауабы екіұшты болып тұр. Сол сияқты «Алматыда жекешелендіруге не сатуға болмайтын жерлердің тізімінде қаланың экологиясына әсер ететін нысандар бар ма?» деген сұрақ та белі қайысқан қалпында қайта-қайта алдымыздан шыға береді.
Осы сұрақтардың жауабы анық болса, әкім де өзіне сенімді болады. Әкіммен бірге қала жұртшылығының да көңілі орнығады. Өзі тойса да, көзі тоймайтындар да аяғын тартады. Әйтпесе бұрын да айтылған, бұрын да тыйым салынған. Бірақ әкім өзгерген сайын шешім де өзгеріп кететіні таң болмай қалды. Міне, сондайда Алматының жасыл желегін адам қорғамаса қорғамас, бірақ заң қорғайды. Басқасы басқа, ал Алматыға оның жасыл желегі мен тоғайлы жерлерін қорғайтын осындай заң керек.
Ол заң: «Алматының жасыл желегі қаланың тірі ағзасы, яғни өкпесі секілді қызмет атқаратыны ескеріліп...» деп басталып; «Мұнда әр түп ағашты Алматының Қызыл кітабына енген өсімдіктердей, яғни көздің қарашығындай сақтау керек» деп толықтырылып; «Айналасы тоғайға айналған нысандарға, оның төңірегіндегі жерлерге қол сұғуға рұқсат берілмейтін болсын» деп аяқталса пәрмені де, дәрмені де зор болар еді демекпіз.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,
«Еgemen Qazaqstan»