Аймақтар • 14 Қараша, 2019

Қазақстанда 400 мыңға жуық адам сусамырға шалдыққан

182 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күніне орай Қазақстан Республикасының Диабет қауымдастығының баспасөз мәжілісі өттті. 

Қазақстанда 400 мыңға жуық адам сусамырға шалдыққан

Журналистермен кездесуге медицина ғылымының кандидаты, офтальмолог-дәрігер Ралия Сабирова, Диабет қауымдастығының президенті, медицина ғылымының кандидаты Лейла Әминқызы, Диабет жайлы ағарту қорының атқарушы директоры Наталья Тукалевская, медицина ғылымының кандидаты Лаура Даньяровалар қатысты.

Қазіргі таңда әлемде 425 миллионға жуық адам диабетпен өмір сүреді, оның 400 мыңға жуығы Қазақстанда тұрады. Алайда бұл көрсеткіш анықталмаған және диагностикадан өтпегендер мен қауіпті топқа жататын науқастар (семіздік, гепертониялық ауру, тұқымқуалаушылық, 45 жастан асқандар, дұрыс өмір салтын ұстанбау) санының көптігіне байланысты бірнеше есеге жоғары да болуы мүмкін.

Бұл мәселе ерекше мәнге ие, өйткені қант диабетіне шалдыққан кез келген адам соқыр болып қалуы мүмкін. Сусамыры бар адамдардың үштен бірінде көз ақауы дамиды. Мәселен, 145 миллион адамда осы аурудың кесірінен көзінде патология анықталса, 45 миллион науқастың көзі мүлдем көрмейді. Болжам бойынша 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 224 миллион адамға дейін артып, 70 миллион адамның соқыр болып қалу қаупі төніп тұр.

Осыған орай біз үкіметті, мемлекеттік құрылымдарды және медициналық ұйымдарды, медициналық қызметтерді көрсететін мекемелерді қант сусамырына байланысты көзден айырылу қаупінің артуын алдын алу үшін дереу шара қабылдауға шақырамыз, дейді мамандар.

Өз кезегінде сусамыр және көз денсаулығына маманданған жетекші төрт ұйым – Халықаралық диабет федерациясы, Халықаралық офтальмология кеңесі, Дүниежүзілік оптометрия кеңесі және Соқырлықты алдын алу жөніндегі халықаралық агенттіктің шығарған «Көздің диабеттік ауруларын емдеу үшін денсаулық сақтау жүйесін нығайту» атты бірлескен декларациясын басшылыққа алғалы отыр. Декларация келесілерге үндейді:

  1. Қант сусамырына шалдыққан тұлғалардың көз көруін сақтау мәселесін бастапқы медициналық көмек деңгейінде ықпалдастыруды міндетті ету.
  2. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде диабеттік және офтальмологиялық қызметтер арасындағы ынтымақтастықты жөнге салу.
  3. Науқасқа бағдарланған емдеу тұғырларын дайындау.

Қант диабетіне шалдыққан адамдардың бүкіл әлемде көбейіп келе жатқанына байланысты, сусамырмен байланысты көздің нашарларуы мен оның басқа да зиянды салдарлары жаһандық деңгейде арта бермек. Тиімді жедел іс-қимылсыз онсыз да көп салмақ артылған денсаулық сақтау жүйелеріне орны толмас зардабын тигізуі мүмкін.

Сондықтан Диабет қауымдастығы мен Халықаралық диабет федерациясы (IDF) диабетке және онымен байланысты ауыр асқынуларға қарсы күресте күш біріктіруге үндейді.