Қоғам • 15 Қараша, 2019

Қоғамға отбасы институты қажет

2173 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Отбасы құндылықтары бүгінде әлеуметтік-тұрмыс­тық жайттардың тасасын­да қалып барады. Бүтіндей бір отбасының жүгін арқалайтын бірқатар ер азаматтардың да, жан жылуымен балаларын ұйытып отыруға тиісті кейбір аналардың да өз міндетіне салғырт қарауының салдарынан көптеген шаңырақтан береке кете бастады. Маман­дар оның себептерін отбасы мәдениетінің төмендігімен түсіндірсе, еліміздегі ажырасу көрсеткіштерінің жылдан-жылға ұлғаюы салдарынан балалар құқығы назардан тыс қалуда.

Қоғамға отбасы институты қажет

Бүгінде бала, ата-ана, отбасы қ­ұ­қы­ғ­ын қорғау саласындағы мем­ле­кет­т­ік саясат жетілдіруді қажет етіп отыр. Деректер бойынша, әлем ел­дері­нің ішінде ажырасу көрсеткіші жағы­нан Қазақстан алдыңғы орындар­да тұр. Ағымдағы жылдың бірінші жар­ты­жылдықта елімізде 63 917 неке тір­келсе, ажырасқан отбасылар 29 073-ті құ­рап, 45,5 пайызға жеткен.

Қоғамдағы осы бір келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында биыл маусым айынан бастап өңірлерде Жоғары сот бастамасымен және Ақ­парат және қоғамдық даму министр­лігінің қолдауымен отбасы соттары жанында «Бақытты отбасы» атты ресурстық қолдау орталықтары ашылған болатын.

Ресурстық қолдау орталығы қанат­қақты жобасының қорытын­дысын талқылауға сот жүйесі мамандары және ҮЕҰ өкілдері жиналып, өңір­лердегі ахуалға байланысты ұсы­ныстарын ортаға салды.

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАҚ мемлекеттік гранты негізінде осы жобаны жүзеге асыр­ған «Дағдарысты орталық ода­ғы» ЗТБ басқарма төрайымы Зуль­фия Байсақованың айтуынша, жас­өспірімдерді қорғауға байланыс­ты заңнамаға өзгерістер енгізу уақыт күттірмейді. Себебі ажырасу барысында тараптардың бір-біріне деген реніші балаларды келеңсіз жайттарға куә болуға мәжбүрлеп отыр. Ондай жағдайларда бала жалтақтап, әбігерге түседі. Ажырасу жағдайында балалар ата-анасының жауапкершілігі бірдей екенін түсінуі тиіс. Зульфия Байсақова мұнымен қоса отбасын сақтап қалу мақсатында дағдарысты ресурсты орталықтар қызметі сот жүйесінен қашықтықта жүзеге асқаны дұрыс деп біледі. Яғни, Азаматтық хал-актілерді тіркеу орны некені заңдастырып қана қоймай, отбасылық өмірге қатысты терең мағұлматтар беретін орталыққа айналса игі. Ондай орталықтар АХАТ жанында жекелеген институт ретінде отбасы мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуі қажет.

Жоба аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Атырау, Өске­мен, Тараз, Петропавл және Қос­танай сияқты еліміздің 8 қала­сында 12 орталық пен 4 кабинет жұмыс істеді. Онда психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен медиаторлар отбасын құру мен ажырасуға жол бермеу бағытында кеңестер берген болатын. «Бақытты отбасы» әлеуметтік жобасының сарапшысы Эльвира Ватлина атап өткендей, ресурс­ты орталықтарға өтініш берген 2030 отбасы мүшелерінің 774-і татуласуға да­йын екендіктерін білдірген. Алайда, шаңы­рақ көтергендеріне 1-2 жыл бол­ған жас отбасылар баласының бар екендігіне қарамастан, ажырасуға жылдам шешім қабылдаған. Ал үйленгендеріне 5-10 жыл болған отба­сыларға үшінші жақтың ықпалы, бала көтермеу, тұрмыстық қиындықтар, ер адамның қол көтеруі сияқты себеп­тер ықпал еткен. Ажырасуға көп жағдайда әйелдер бастамашы бол­са, деректер бойынша өтініш берген­дердің 1397-сі әйелдер, ал 268-ін ер адам­дар құрайды. Ал шағым түсірген 1602 отбасында түгелдей балалары өсіп келеді.

Жамбыл облыстық сотының судьясы, отбасы соты қанатқақты жобасы­ның үйлестірушісі Г.Асыл­бек республика бойынша ажырасу көрсеткіштері жоғары екенін алға тарта отырып, соттар тәжіри­бесіндегі көрсеткіштерге тоқталды. Ал қанатқақты жоба жүзеге ас­қан мерзімде ажырасуға өтініш берген­дердің 20-30 пайызы татуласуға келісім беріп, 25 пайызы ажырасудан бас тартқан. Ажырасу шағымдары бұрын соттарда қаралғанмен, оның себеп-салдары көп жағдайда ескері­ле бермейтін. Қазіргі кезде кәсіби мамандар өзара ықпалдастық, меморандумдар аясында жұмыс істеп жатса, алдағы уақытта білікті мамандар штатын құруға облыстық әкімдіктер атсалысуы қажет, дейді маман.

Қостанай облысы бойынша ресурстық орталықтың үйлестірушісі Н.Касюк республика бойынша ажырасу көрсеткіштері жоғары аймақтардың бірі ретінде аймақта 2019 жылы 8 ай­да 65 пайыз болса, тіптен жергі­лік­ті тұрғындар тұратын, туу көрсет­кіші жоғары саналатын Амангелді, Жангелді аудандарында ажырасу көр­сеткіші 40 пайызға жеткенін атап өтті. 2018 жылы облыс бойынша 55 пайыз болса, аталған аудандарда 14 пайызды құраған. Оның себептері көп жағдайда АӘК алумен байланысты болған. Маманның айтуынша, тұрмыстық жағдайлардың қиындығы ажырасуға себепші негізгі мәселенің бірі. Мұндай кереғар жайттар өңір­дің дамуына да кері әсерін тигізеді. Өңірдегі қыстың ұзақ мерзімге созылуы шаруашылықтарда белсенді іс-қимылды қажет етеді. Ал шаңырақтар шайқалса, тірліктен де береке кетеді. Сондықтан отбасы жауапкерші­лі­гін арттыру жұмыстарын жетілдіру қажет, деді Н.Касюк.

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы ресурстық орталық жетекшісі Н.Ахметқалиеваның айтуынша, жоба уақыттың тығыз болғанына қарамастан, нәтижелі болды. «Біз алғашқылардың бірі болып азаматтарды қабылдау орындарын соттардан қашық, бақылау, тексеру аумақтарынан тыс жерлерде өткізуді ұсынған болатынбыз. Соттармен бірлескен жұмыс барысында, әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыстардың нәтижесінде орталыққа ер адамдар да келе бастады. Көп жағдайда ажырасуға бастамашы болатын әйелдер екені анықталды. Ал жоба басталған маусым айында ажырасу көрсеткіші 60 пайыз болса, қазіргі кезде 49 пайызға төмендеді» дейді маман.

Түркістан облысы бойынша көп балалы аналар бірлестігінің басшысы Б.Ордабаева отбасылық өмірге ер баланы да, қызды да дайындау жауапкершілігі назардан тыс қалып бара жатқанын айтады. Балаға тиісті білім беру, еліне лайықты азамат етіп тәрбиелеу әрбір отбасының жауапты міндеті десек, бүгінде демографиялық көрсеткіші жоғары қазақы өңір­дегі ажырасу көрсеткіштері алаңдау­шы­лық туғызады. Мысалы, 2019 жылы некелесуге 10 мыңнан астам өтініш келіп түссе, 2500 ажырасу фактілері тіркелген.

Атырау облысы отбасылық соты жанындағы ресурстық орталық жетек­шісі А.Тахиталиева атап өткендей, ағым­дағы жылдың 9 айында орталық­қа 1515 шағым келіп түскен. Ал ре­сурс­ты орталықтың белсенді жұмы­сының нәтижесінде ажырасу райынан қайтып, татуласып жатқан отбасы­лар бар екені қуантады. Аймақ маман­дарын жас отбасылардың жауап­кер­ші­­лікті сезінбеуі, ал ересектердің өмір­­лік мәселелерді қабылдауда же­ңіл­­тек­­тікке салынатыны алаңдатып отыр.

Осы қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан қанатқақты жоба көптеген от­басылардың қайта табысуына ықпал етті. Тұрмыс тауқыметінің тасасында қалған құндылықтарды дәріптеуде, отбасы мүшелерінің жауапкершілігін түсіндіруде қоғамдық ұйымдар жақсы нәти­желерге қол жеткізді. Бірақ кәсі­би мамандардың кеңесіне зәру болып отырған шалғайдағы ауылдар қан­шама? Осы орайда мамандар мем­лекеттің азаматтық қоғаммен белсенді жұмысы жалғасын табуы тиіс деген тұжырымға келіп отыр.

 

АЛМАТЫ