Жыл аяқталуға жақын. Ал 2019 жыл ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы бастамасымен Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Жастар жылы – мемлекеттің елеулі әрі белсенді бөлігі, зияткерлік және шығармашылық әлеуеттің иесі – жас ұрпаққа мемлекеттің зор әрі ерекше қамқорлығының көрінісі. Мемлекетіміздің өркендеуі жастардың қоғам дамуына қандай үлес қосатындығына байланысты. Әрбір жас азамат өзіне: «Мен, елім үшін не істей аламын?» - деп сауал қоюы өте маңызды. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» республикалық жастар форумының басты мақсаты – инновация мен шығармашылықты ұштастыру арқылы патриотизмді дамыту екендігін баса атап өткен маңызды.
Форум ашылған күні Президенттің теле-радио кешені дайындаған белгілі журналист Ерлан Бекқожиннің тұрақтылық пен саяси-экономикалық даму жолында мемлекетті басқару тізгінін сеніммен табыстаған Н.Назарбаевтың үлкен саясаттағы рөлі мен жеңісті қадамдарын баяндаған деректі фильмі көрсетілді. Қазақстанды орға жығатын қақтығыстарға жол берілмеді. Саяси инновация жолымен билік тізгінін қолына алған еліміздің екінші Президенті Қ.Тоқаев болашаққа батыл қадам басты. Бұл жастардың келешекке деген сенімін берік бекітті. Форумға жиылған әр өңірдің жастары фильмді тамашалай отырып, ел ертеңі алдындағы жауапкершілігін терең түсінгендей болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен форумның екінші күніне Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысып, Жастар жылында атқарылған бірқатар істерді нақтылай көрсетіп, аралық есебін берді.
«Осы форумға қызығушылық білдіріп, қатысып отырған сіздерге қарап, сіздердің белсенді әрекеттеріңіз бен жобаларыңызды көріп біздің бойымызда да қосымша күш, сергектік пайда болады. Өзінің туған елі, Отаны – Қазақстан іргесінің қалыптасып, дамуы жастардан белсенділік пен жігер, қайрат пен талантты күтеді. Ал мемлекет пен Үкіметтің міндеті – сол жастардың бойындағы қабілет пен таланттың қайнар көзін ашуға мүмкіндік, жағдай қалыптастыру. Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының да, Назарбаев зияткерлік мектептерінің мақсаты да қазақстандық қабілетті, талапты жастардың халықаралық стандарттарға сай лайықты білім алуын қамтамасыз ету, жаңа тұрпатты Қазақстанның заманауи көштегі есе жібермейтін білімді жастарының қатарын қалыптастыру болатын. Елбасы тапсырмасына сәйкес осы мақсатты жүзеге асыру үшін Үкімет «Жол картасын» әзірлеп, мемлекет бюджетінен 300 млрд-қа жуық теңге бөліп отыр. Бұл аз қаржы емес. Бұл қаржы жалпы ішкі өнімнің 0,5 пайызын құрайды. Сіздердің тек білім алып қана қоймай, өз бизнесіңізді ашып, жеке кәсібіңізбен айналысуыңыз үшін Үкімет барлық мүмкіндікті қарастырып отыр. Елімізде жүзеге асырылып келе жатқан «Жас кәсіпкер», «Жас маман», «Бастау» деген жобалар осының айғағы. Мен атап өткен мемлекеттік бағдарламалардың бәрі де осы игілікті мақсатты жүзеге асыру үшін қабылданған. Ал алдағы 2020 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Қазір министрліктердің барлығы осы атаулы жылдың жобасын әзірлеумен айналысып жатыр. Ал бұл форум биылғы Жастар жылында жүргізіліп келе жатқан шаралар мен жұмыстың аралық есебін беру болып табылады. Жастар жылында «Қазақстанның жастары үшін нақты не істелді?» деген сұрақтың есебі берілетін мұндай ауқымды шара алдағы күндері Нұр-Сұлтан қаласында да өтпек және Жастар жылының келер жылға белгіленіп отырған Еріктілер жылымен сабақтастығы сөз болады. Өйткені еріктілер қозғалысының негізгі буыны да, өкілі де өздеріңізсіздер», деді Премьер-министрдің орынбасары.
Форум бағдарламасына 2013 жылдан бастап дәстүрлі түрде «Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты үздік студенттік инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?» атты үздік эссе жазу, үздік поэтикалық шығарма және патриоттық тақырыптағы әндер байқауы кірді.
Республиканың түкпір-түкпірінен қатысқан мыңдаған жастың арасында жарияланған байқау жобалары көп болды. Жыл сайын ұйымдастыру комитетіне түскен жобалар мен шығармашылық жұмыстар санының артуы – байқаудың танымалдылығы мен қажеттілігінің дәлелі. Форум ел көлемінде жастардың патриоттық сезімін, азаматтық жауапкершілігін және зияткерлік-шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Жастар жылы - жастар бастамаларын ынталандыруға және қолдауға жаңаша серпін берді. Форум қоржынына парасаттылық қағидаттарын студенттік ортада ілгерілету бойынша жобалар, сондай-ақ жұмыс істейтін жастар өкілдерінің идеялары қосылды.
Биыл ұйымдастыру алқасына байқауға қатысу үшін еліміздің барлық аймағындағы 100-ден астам жоғары оқу орнынан 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде жеке жобалар мен шығармалар, сонымен қатар, ұжымдық шығармашылық жұмыстар да бар. Беделді сарапшылардан, қоғам қайраткерлерінен, мемлекеттік құрылымдардың, БАҚ пен бизнес өкілдерінен, ғалымдардан мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған тәуелсіз қазылар алқасы келіп түскен жұмыстар ішінен 620-дан астам үздік жұмысты таңдап алды.
Форумның бірінші күнінде тақырыптық алаңдарда конкурстық жұмыстар ұсынылып, жеңіске басты үміткерлер анықталды. Іріктеуге қойылған талаптар өте жоғары болды: шешімдердің алуандығы, шығармашылық көзқарас, тұжырымдамалық және ең бастысы, адамдар мен жалпы ел үшін күтілетін нақты пайда. Келіп түскен жобалық идеялар деңгейінің жоғарылығы мен сапасын атап өткен жөн. Бұл Қазақстанның жаңа буынының талантын көрсетеді.
Форумның салтанатты марапаттау рәсіміне вице-премьер Б.Сапарбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы А.Шпекбаев, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаров, ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтанов, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, студенттер және еліміздің әр өңірінде қызмет ететін жастар қатысты.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орын иегерлеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты берілді, үміткерлердің шығармашылық жұмыстары алдағы уақытта арнайы жинақта жарық көреді.