26 Маусым, 2013

Шәкәрім өмірбаяны

1335 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Төменде сөз етпегіміз – бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған архивтік деректер. Олар – Шәкәрімнің, басқа да Құнанбай ұрпақтарының болыс, би болып сайлану және марапатталу қағаздары. Ғұлама Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында оның ел жұмысына, билікке араласуы жайлы дәлел-дәйектер қолымызға көп түспей, тек тұспалмен ғана жазуға мәжбүр болдық. Ауызша естеліктер бойынша жасалған болжам-долбарды қанағат тұттық. Содан бері бес жыл зымырап өтіпті. Енді, міне, аса құнды архивтік айғақтар алдымызда жатқанда қалай қуанбасқа!

Төменде сөз етпегіміз – бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған архивтік деректер. Олар – Шәкәрімнің, басқа да Құнанбай ұрпақтарының болыс, би болып сайлану және марапатталу қағаздары. Ғұлама Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында оның ел жұмысына, билікке араласуы жайлы дәлел-дәйектер қолымызға көп түспей, тек тұспалмен ғана жазуға мәжбүр болдық. Ауызша естеліктер бойынша жасалған болжам-долбарды қанағат тұттық. Содан бері бес жыл зымырап өтіпті. Енді, міне, аса құнды архивтік айғақтар алдымызда жатқанда қалай қуанбасқа!

Ол кездегі қазақ даласына өкімін жүргізген генерал-губернатордың канцеляриясы Ресейдің Омбы қаласында орналасты емес пе. Мына соны деректер сонда шығып тұрған ресми басылым – «Киргизская степная газета» апталығынан алынып отыр. Аталмыш газет Ақмола, Семей және Жетісу облыстарына жергілікті жандарал кеңсесі шығаратын «Акмолинские областные ведомости», «Семипалатинские областные ведомости» деген арнайы қосымша парақтармен таратылып отырған.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясының бірінші кітабында былай деп жазады: «Баймағамбет Абайдан Михайловқа (Михаэлиске деп оқыңыз -А.О.) хат апарған еді. Қоржын толы жаңа кітаптардан басқа Семейдің жандарал кеңсесі шығаратын «Облыстық мәлімдеме» атты газеті және Михайловтың Абайға жазған хатын берді» («Абай жолы», Алматы, 1989, 491-бет). Бұл арада жазушының ресми басылым «Семипалатинские областные ведомости» газетін «Облыстық мәлімдеме» деп сәл-пәл өзгерте, қысқарта атап отырғаны сөзсіз.

Сонымен, «Киргизская степная газетаның» қосымшасындағы 1897-1905 жылдар арасын қамтитын деректерге көз тігелік. Біздің қолымызда бұл басылымның төрт саны бар. Соның әуелгісі 1897-1898 жылдардағы жарлықтарды жариялапты. Олардың арасында Абайдың інісі Ысқақтың жарты жылдай істі болып, онан соң ақталып, қайтадан бұрынғы қызметіне (№4 ауылдың биі) оралғаны, ал баласы Ақылбайдың сырқатына байланысты болыстық қызметін інісі Мағауия қолына бергені жөнінде бұйрықтар бар. Екінші газеттегі дүниелер 1900 жылдың 20 ақпанында жарық көрген жарлықтар. Солардың бірі – болыстың кандидаты қызметіне (Мағауияның орынбасары) Тұрағұл Ибрагимов сайланды деп дерек береді. Келтірілген мәліметтерді екшеп, саралау өз алдына бөлек тақырып. Ал біздің мақсатымыз – Шәкәрім Құдайбердіұлына қатысты бұйрықтармен таныстыру. Олар қолымыздағы ескі газеттердің үшінші, төртіншісінде тұр екен.

 

«КИРГИЗСКАЯ СТЕПНАЯ ГАЗЕТА» №42

г.Омск. 21 октября 1901 года.

Утверждаются согласно выбора общества в должностях на трехлетие с 1902 по 1905 года.

 Чингизской волости: Управитель – Шакерим Худайбердин, кандидат на управителя – Рызыкпай Худайбердин, народных судей в старшинские аулы:

 №1-й Мухамеджан Майбасаров. №2-й Орынбасар Муратаев. №3-й Кыздар Мамбетеев. №4-й Азимбай Танирбердин.

 

1901 жылдың 21 қазанында Омбы қаласында басылған «Киргизская степная газетаның» №42 санында жарияланған жарлықтардың бірі осы. Көріп отырсыздар, көпшіліктің дауыс беруімен («согласно выбора общества») Шәкәрім Құдайбердіұлы болыс, ал оның кенже інісі Ырызықпай (1866-1919 ж.ж.) болыстыққа кандидат болып сайланған. Сол сияқты, жарлықта Шыңғыс болысының жиыны 11 ауылының (біз тек 4 ауылдікін ғана алып отырмыз) халық билері аталыпты. Байқап қарасақ, №4 ауылдың биіне Ысқақтың орнына Тәңірбердінің Әзімбайы сайланған. Неге? Себебі, күллі саналы ғұмырын ат үстінде өткерген ел ағасы Ысқақ 1901 жылы тосыннан қайтыс болады.

Сонымен, 1901 жылдың 21 қазанында Шыңғыс болысы сайлауы қорытындысы бойынша жарияланған жарлықпен таныстық (Жарлықтар соңына: «Степной генерал-губернатор генерал-лейтанант Сухотин» деп қол қойылған).

Қарастырылған деректер 1902-1905 жылдары Шәкәрімнің Шыңғыс болысы тізгінін ұстағанын дәйектейді. Ойшыл ақынның екі мәрте болыс (1878-1880 және 1887-1888 ж.ж.) сайланғаны бұрыннан мәлім, енді міне, үшінші мәрте болыс болғандығының куәсіміз.

Енді ескі газеттердің төртіншісіне ауысалық. Ол «Семипалатинские областные ведомости» атты басылымның 1902 жылдың 24 шілдесіндегі саны. Онда генерал-губернатордың жарлығына сәйкес әртүрлі марапат (шапан, күміс сағат, мақтау қағаз) алған оннан астам адамдардың арасында болыс Шәкәрім Құдайбердіұлы да бар. Жарлық шыққанда ақынның болыстық қызметіне кіріскеніне жарты жыл ғана толғанын ескергенде, сол өлшеулі уақытта әділетті билігімен бедел жинап үлгергенінің куәсіміз. Ахат Шәкәрімұлы өзінің естелігінде әкесінің болыстық пен би қызметіне көп жылдар араласқанын айта келіп, үлкендерден естіген мына сөзді келтіре кетеді: «Шәкәрім кісі қағуға жүйрік еді. Ұры мен айтушыны қаққаны ешбір билердің қаққанына ұқсамайтын. Айтушысы жоқ жұмысты тексергенде, демек, жеке ұрының, айыпкердің өзін қаққанда да шындығын табатын. Және Шәкәрімге келген адамдардың наразы болып кеткенін көргеміз жоқ».

Мінеки: «Шәкәрім адал, әділ еді», дейтін пікірді растай түсетін құжаттың бірін назарларыңызға ұсынамыз.

 

Семипалатинские Областные Ведомости

П Р И К А З Ы

по Степному генерал-губернаторству,

г. Омск. 24 июля 1902 года №67

По засвидетельствованию Военного губернатора Семипалатинской области об отличной усердной службе и общеполезной деятельности мною награждаются:

1. Халатами ІІ разряда (бұл арада «халат» деп зерлі шапан, оқалы тонды айтқан – А.О.).

Управитель Бегеневской волости, Семипалатинского уезда Касен Узеханов и кандидат в управителя Коконской волости, того же уезда, Ермухамет Аймухаметов, за деятельность по искоренению коно и скотокрадства.

2. Халатами ІІІ разряда.

Рассыльный Семипалатинского уездного управления, киргиз Чаганской волости Кудайберген Мусабаев.

3. Серебряными часами.

Писарь Карамолинской волости, Павлодарского уезда Степан Размазин.

 Писарь Аккелинской волости, того же уезда, Бабабек Раимбеков.

4. Похвальными листами

Медицинский фелдьшер 3 участка Зайсанского уезда киргиз Базаровской волости Рахмет Талтаков.

 Управитель Чингизской волости, Семипалатинского уезда Шакирим Худайбердин.

 Управитель Бугулинской волости, Семипалатинского уезда Медеу Оразбаев.

 Управитель Бугулинской волости, Семи­палатинского уезда Рахманкул Джар­кинбаев.

 Киргиз Кызылмулинской волости, Се­ми­па­латинского уезда Туматай Байго­танов.

Подписал: Степной генерал-губернатор,

генерал-лейтенант Сухотин.

 

Алдарыңыздағы құжат Шыңғыс бо­лы­сының болысы «Шәкәрім Құдайбердиннің Мақтау парағымен («Похвальный лист») марапатталу фактісі. Не үшін екендігі де тайға таңба басқандай анық: «Об отличной, усердной службе и общеполезной деятельности», делінген. Семей облысы бойынша бірнеше жүз болыстардың арасынан биліктің көзіне түсу оңайшылық емес, әрине. Ол үшін ел ішін кеулеген барымтаның, жер мен жесір дауының жөн-жосығын тауып, дер кезінде шешіп отыру шарт. Сонда ғана халыққа жағасың, билік алдында беделді боласың. Мақтау қағазы бізге осыдан хабар береді.

Бұл тұста ұлы Мұхаң «Абай жолы» эпопеясында суреттеген Шұбар-Шәкәрім еске түседі. Ол атқамінерлер делінетін дала элитасы немесе осы деңгейге жақын жүрген топтан жырылып шыққан, мойны қатты шүу асаудай өр мінезді дарын иесі еді ғой. Мәселен, эпопеяның «Қастықта» тарауында жазушы Шұбардың бейнесін былайша айшықтап береді: «Бұл Абай өлеңінің бәрін біледі. Жатқа айту керек болса, Абай отырған жерлерде ағызып, судыратып айтып та бере алады. Әзімбай, Тәкежандар болса, әрине, «Абайдың сөзі» деген жалғыз ауыз сөзді жаттап көрген емес. Ал Шұбар болса, Абайдың бар қоймасын білетін, ол көргенді қоса көріп, ол білгенді бірге біліп, одан «қалыспай жүріп қарасамын» дейтін адам».

Бір қарағанда суреткер Шұбарды жамандаған сияқты, шындап келгенде, оқырман санасына ол ішкі дүниесі жағынан өзгелерден оқ бойы ойқастап озған хас жүйрік деген ойды шөктіреді. Абайдың бас шәкірті қандай болғанын астарлап жеткізудің ғажайып үлгісі емес пе. Ел тану ісінде Шәкәрім атасы Құнанбай мен ағалары Абай, Ысқақтың басқаруын көріп өскен зерек жан. Бұл жайлы: «Құдайберді баласы Шәкәрім 19 жаста атқа мініп, Абай мен Ысқаққа еріп, ел басқару жұмысына көзі қанған екен», – деп жазады Әрхам Кәкітайұлы (Ұлы Абайға адалдық. Әрхамның естелігі. Семей, 2005 жыл).

Қорыта айтқанда, жоғарыдағы Мақтау парағы мен естелік сөздер қазақтың Шәкәрімі, әсіресе, жасы 40 жастан асқанда, немістің ұлы Гетесі сынды әділетті, халыққа сүйкімді билік иесі болған деп түйіндеуге мүмкіндік беретін сияқты. Осы арада жігіт ағасы Шәкәрімнің 1902-1905 жылдардағы Шыңғыс болысының болысы сайланғаны жайлы фактіге қайтып оралайық. Ол біраз жайдың бетін ашады. Үш туысы Мағауия, Абай, Ақылбай қайтыс болғанда бұл науқандарды тікелей Шәкәрімнің өзі басқарғаны ауызекі сөздерден мәлім. Оған болыстық қызметі қосылған кезде әбден иланымды. Сол сияқты, ойшыл ақынның Мекке сапарына неліктен 1905 жылдың күзінде аттанғандығына да сәуле түседі. Өйткені, үш жыл болыстық қызметтің (1902 жылдың қаңтарынан 1905 жылдың қаңтарына дейін) қажылық сапарға керекті қаржы жинауға мүмкіндік бергені құпия емес. Өйткені, ол кездері болыстың айлық жалақысы болды. Екінші жағынан, кесікті мерзімі толық аяқталған соң Шәкәрім болыстық қызметін дос інісі Тұрағұл Абайұлы қолына тапсырып, Мекке сапарына алаңдамай аттанады.

Айта кеткіміз келетін ендігі бір жайт, Абайдың тұңғыш жинағы бетінде шығарушылар ретінде Кәкітай мен Тұрағұлдың ғана есімдері таңбаланған. Шәкәрімдікі неге жоқ? Әлде ол бұл іске белсене атсалыспаған ба? Осынау күмән-күдіктің, әлбетте, шәкәрімтанушы ғалымдардың көкей түкпірінде жататыны бар.  Шәкәрімнің қыстауы Қарашоқыда. Ол жерден Бауырда орналасқан Жидебай және тағы басқа Абай ауылдарына жиі қатынау қиынға соғады. Себебі, жол мойны қашық. Екіншіден, Шәкәрім Абайдың орнын басқан зор шығармашылық иесі, інілерінің қолынан келетін іске несіне ұмтылсын. Осы уәждерден Кәкітай мен Тұрағұл Шәкәрімді Абай мұрасын жинас­тыру ісінен, сірә да, өздері босатқан деген болжам туады. Осылай жорамалдаған кездерде Шәкәрімнің болыстық қызметті атқарғаны бізге беймәлім еді. Енді осы факт болжамымызды бекіте түсті.

Бірақ Абайдың мұрасын жинастыруға қатыса алмаса да, Шәкәрімнің бұл істің жанашыры ретінде өлеңдерді жүйелеуге араласып, одан соң кітапты бастыруға қаржы жинау мәселесінде аянып қалмағаны шүбәсіз. Осыған мәнді деректерге толы Әрхамқызы Мінәш апайдың «Кәкітай» атты мақаласы («Абай» журналы. 1995. №1-2. 168-б.) айғақ. Онда Кәкітайдың әйелі Бибі әжей Абайдың тұңғыш жинағына енген өлеңдерді бірлесе қарап, бір жүйеге салу үшін Шыңғыстаудан Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл үшеуі Семейге жетіп, қалада Ә.Бөкейхановпен кездесіп, бір күн, бір түн келелі мәслихат құрғаны жайлы құнды естелік айтады. Әлекеңді тани алмай: «Бұл кісі кім?» деп сұрағанымда: «Оқыған ақылды кісі, Абай ағамның өлеңдерін қараттық деген», – дейді Бибі әжей. Және, сол күні: «Достар таң атқанша әкемнің (Абай атам) өлеңдерін оқып, ән салып отырды. Таң қылаң бергенде ғана қонақты үшеуі шығарып салды».

Осы мәліметке және өзге де жанама деректерге сүйене отырып, Абай өлеңдерін жинастыруды Кәкітай мен Тұрағұл атқарған, бірақ Әлихан Бөкейханов сияқты Шәкәрім де бұл іске бас-көз болып, жан-жақты көмек көрсеткен деген қорытындыға келеміз. Табылған тың деректерді қалың оқырманға таныстыру және түсініктемелеу қамында айтпақ ой-пікірлеріміз әзірге осы.

 Асан ОМАРОВ,
зерттеуші ғалым.