Медицина • 25 Қараша, 2019

Оңалтудың жаңа кезеңіне жол ашады

778 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде жаңа жылдан бастап медициналық оңалту және қалпына келтіру еміне бөлінетін қаржы 9 есеге артады, нәтижесінде оңалту бағдарламасының ауқымы кеңейеді. Егер қазір азаматтарға бірінші және екінші деңгейлі оңалту көмегі қолжетімді болса, МӘМС енгізілген соң оңалтудың үшінші кезеңі пайда болады. Бұған қоса, жеке инвесторлардың есебінен елімізде заманауи оңалту орталықтары салынуда. Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 аурухананың реабилитолог-дәрігері Баян БЕКТАСОВА медициналық оңалтудың артықшылығы жайлы айтып берді.

Оңалтудың жаңа кезеңіне жол ашады

– Баян Бүркітқызы, меди­циналық мамандықтың түрі көп қой. Сан саланың іші­нен реабилитолог-дәрігер ма­ман­дығын таңдауыңызға не себеп болды?

– Менің негізгі мамандығым – терапевт, ал реабилитолог болып қызмет етіп жүргеніме 1 жыл­­дан асты. Екі жыл бұрын 1987 жылы дүниеге келген қыз көлік апатынан ауыр жарақат алып, біздің ауруханаға түсті. Сөйлей алмайтын, тамақ іше алмайтын, тіпті отыра алмайтын пациентпен өзім жеке айналыс­тым. Нәтижесінде ол ауру­ха­надан өз аяғымен шықты. Нау­қастың динамикасын, өмір сү­руге деген құштарлығын көріп реаби­литолог мамандығына қы­зығушылығым артты. Сөйтіп ме­дициналық оңалту мамандығы бо­йынша ақылы түрде қайта даяр­­­лау курсынан өттім. Маған ере­сектермен жұмыс істеген ың­ғайлы және ұнайды.

 Қазір дәрігерлердің көбі қай­та даярлаудан өтіп, реабилитолог мамандығын меңгеруде. Себебі келесі жылдан бастап МӘМС аясында барлық аурухана мен емханаларда оңалту орталықтары ашылады яғни, бұл мамандыққа сұраныс артады деген сөз.

– МӘМС жүйесі енгізілсе тағы не өзгеруі мүмкін?

– Қазір №1 қалалық ауруха­надағы Оңалту бөлімшесінде 20 орын бар және реабилитолог-дәрігерлер басқа бөлімшелерді де аралап жүріп науқастарға кө­мек көрсетеді. Медициналық сақтандыру енгізілсе біздің бө­лімшеде төсек-орынның саны артады деп жоспарлануда. Бұған қоса оңалту бағдарламасының ауқымы кеңейеді. Егер қазір қа­зақ­стандықтарға оңалту көме­гінің бірінші (ерте) және екінші деңгейі қолжетімді болса, ал МӘМС аясында оңалтудың үшін­ші кезеңі пайда болады. Үшін­ші кезеңнің талабына сәй­кес, науқасқа амбулаториялық дең­гейде көмек көрсетіледі, яғ­ни әрбір емханада оңалту орта­лықтары ашылады.

– Оңалтудың осы үш кезе­ңіне жеке-жеке тоқталсақ, кім­дерге және қандай жағдайда денсаулықты қалпына келтіру көмегі көрсетіледі?

– Медициналық оңалтуда негізгі үш бағытта ем жүргізіледі: неврология және нейрохирургия; травматология және ортопедия; кардиология және кардиохирургия.

Оңалтудың бірінші кезеңі науқас түскен кезден бастап про­фильді немесе реанимация бөлімшесінде басталады. Реа­билитолог науқасты объек­тивті қарап, оңалтудың жеке жос­парын тағайындайды. Мысалы, массаж, ЕДЖ, физиотерапия жасалады. Сонымен қатар логопед, психолог пен эрготерапевт қажеттілігіне сай кешенді түрде жұмыс жүргізеді.

Оңалтудың екінші кезеңі бойынша, егер науқасқа күрделі ем қажет болса, онда оңалту ор­талығына ауыстырамыз, науқас тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ақысыз емделеді. Көбіне ауыр жарақат, инсульт, инфаркт алған науқастар денсаулығын қалпына келтіру емін қабылдайды.

Үшінші кезең бойынша нау­қас шипажайда немесе емха­налардың жанынан ашыл­ған оңалту орталықтарында амбу­латориялық ем алады. Бұл көмек көбіне мүгедектігі бар адамдарға арналған.

– Оңалту орталығынан шық­­­қан адам ауруынан құлан таза айығып кетуі мүмкін бе?

– Ол диагнозға және нау­қастың өзіне байланысты. Дә­рігерлердің көмегінен бөлек, адамның өзінде де талпыныс болуы тиіс. Егер науқас дертке қарсы күресуге ниетті болса, міндетті түрде қабылдаған ем оң нәтижесін береді. Тез жазылады, өмір сүру сапасы әлдеқайда жақсарады. Мәселен, инсульттен кейін науқас денсаулығының қалпына келуі күрделі және ұзақ уақытты талап етеді. Осы орайда науқастармен және олардың туысқандарымен бірге психолог мамандар жұмыс істейді. Бұл жерде науқастардың туыстарының да көмегі қажет, өйткені науқас үйде де жаттығуды жалғастыруы керек. Мамандар науқастың өзіне және жақындарына науқасты дұрыс жатқызып, отырғызу, та­мақ­тандыру, тіпті әжетханаға алып бару әдісіне дейін үйретеді. Сондай-ақ денсаулықты барынша ерте қолға алған дұрыс, егер науқас 2-3 жыл өткізіп алса, онда қалпына келуі қиын.

Елімізге оңалту орталықтары аса қажет, бұл сала дамымаған, кейбір науқас медициналық оңалтудың бар екенін, инсульт, операциядан кейін денсаулықты қал­пына келтіру керектігін біл­мейді. Ал МӘМС аясында әр ем­ханада оңалту орталығы ашылса тіпті жақсы болар еді. Өйткені елімізде оңалту еміне мұқтаж адам көп.

 

Әңгімелескен

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»