Экономика • 27 Қараша, 2019

«Электронды үкімет» – қолжетімді үкімет

1121 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында «Электронды үкіметті» дамыту және тұрғындардың цифр­лы сауаттылығын арттыру, еңбек қатынастарын реттеу мәселелері қаралды.

«Электронды үкімет» – қолжетімді үкімет

 «Цифрлық» вице-министрлер тағайындалуда

Бірінші мәселе туралы Цифрлық даму, ин­но­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі ми­нистрі Асқар Жұмағалиев баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта «элек­тронды үкімет» – бұл мемлекеттік қыз­меттер алудың ең ыңғайлы құралы, оны 10 млн-нан астам азамат пайдалануда. Мұны дамыту үшін Ұлыбританияның, Эсто­нияның, Сингапурдың және техно­логиялық тұрғыдан дамыған басқа да елдердің озық тәжірибелері белсенді түрде енгізілуде.

2018 жылы Қазақстан «электронды үкіметті» дамыту индексі бойынша БҰҰ рейтингінде 39-орынды, ал Азия елдері бойынша 8-орынды, «онлайн қызмет көрсету» индикаторы бойынша 26-орынды иеленді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэ­роғарыш өнеркәсібі министрі атап өт­кен­дей, заманауи технологияларды тиімді енгізу мақсатында 2018 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаевтың келісімімен 5 министрлікте «цифрлық» вице-министрлер тағайындалды (денсаулық сақтау, білім және ғылым, әлеуметтік-ең­бек саласы, цифрлық даму мен салық-кеден­дік қызметі). Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда Цифр­ландыру офистері құрылды.

«Аталған шаралардан экономикалық әсер 2018 жылы 218 млрд теңгені, 2019 жыл­ғы 9 ай ішінде 305 млрд теңгені құ­рады. Қазір Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму, Энергетика және Ішкі істер министрліктеріне 3 «цифрлық» вице-министрді тағайындау жоспарлануда», деді А. Жұмағалиев.

Қызметтерді электронды форматқа ауыстыру қазірдің өзінде құжат айналымын 70 млн құжатқа қысқартты. Жалпы алған­да, 8 млрд теңгеден аса жанама эконо­микалық әсер берді. 

Мемлекеттік қызметтерге қол жет­кі­зу­дің ең оңай жолы мобильді техноло­гиялар екенін атап өткен жөн (қазақстандықтардың 64%-ы смартфонды пайдаланады). Қа­зан айында жаңа мобильді қосымша eGov mobile іске қосылды. Электронды қызметтерді алудың тағы бір жеңіл жолы –  Telegram мессенджері және әлеуметтік желілер. Ең танымал деген қызметтер осы мобильді қосымшалар арқылы көрсетіледі. А. Жұмағалиевтің айтуынша, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру нәтижесінде халықтан артық анықтамалар талап етілмейді. Оған дәлел – осы жылдың 1 қарашасынан бастап мекенжай анықтамасы жойылды.

«Жыл сайын азаматтарға 14 млн-нан аса осындай анықтама беріліп келді. Оны жою 3,3 млрд теңге шамасында экономикалық әсер береді. Қазір тағы да 27 анықтаманы жою бойынша жұмыс жүр­­гізілуде. Бұл үшін мемлекеттік орган­дар ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұ­мыстарын аяқтауы қажет», деді министр.

Келесі үлкен жоба – Мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасы (МО ИРБП). Бұл ортақ платформа бюджет қаражатын 2 млрд теңгеге дейін үнемдейді.

Айтылған шаралардың қорытындысы бойынша келесі жылы халықтың цифрлы сауаттылығының көрсеткіші 80%-ға дейін өсетін болады

 10 айда 24 млн-нан астам қызмет көрсетілді

«Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясының төрайымы Әсемгүл Балташева бүгінде бұл корпорация азаматтарға 648 (89,6%) мемлекеттік қызмет түрін көрсететінін айтты. Ағым­дағы жылдың 10 айы көлемінде 24 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, азаматтарды электронды қызметтерге оқыту бойынша ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда корпорацияға келіп алатын қызметтер 4,1 млн-ға азайды. Әлеуметтік зерттеу нәтижесінде халықтың қанағаттану деңгейі 85,7 %-ды құрады.

«Республика бойынша 16 маманданды­рыл­ған орталық пен 86 сектор жұмыс істейді, 10 айда 2 млн-нан аса қызмет түрі көрсетілді, жүргізуші куәлігін беру бойынша 32%-ға жуық қызмет (111 мың) онлайн форматта алынды. 1 шілдеден бастап Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы, жүргізуші куәлігін алу мен автокөлікті қашықтықтан тіркеудің жаңа бизнес-процесі іске қосылды», деді Ә. Балташева.

Мемлекеттік корпорация төра­йымының айтуынша, шетелдік азаматтарға қызметтерді жеңілдету үшін 17 көші-қон орталығы жұмыс істейді. Биыл 246 мың қызмет көрсетілген. Процесс 5 күн­нен 1 сағатқа қысқарды. Ішкі істер министр­лігімен бірге мемлекеттік қызметтерді жетілдіру жалғастырылады.

Мәселені Премьер-Министр Асқар Мамин қорытындылап,  «Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сырмасы бойынша мемлекеттік қызмет­тер көрсету саласын жетілдіру бағытын­да ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жұмысында осы бағыттың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%-на халық интернет арқылы қол жеткізе алады. Біздің алдымызда келесі жылдың соңына дейін осы көрсеткішті 90%-ға дейін жеткізу міндеті тұр».

Үкімет басшысы тұрғындар үшін мобильді құрылғылар арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер тізбесін кеңейту жұмысын тездетуді тапсырды. «Бүгінде «e-Gоv mobile» мобильді қосымшасы арқылы 31 немесе шамамен 4% мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы барлық орталық мемлекеттік органдарға биылғы жыл соңына дейін интернет ресурстардың Бірыңғай платформасына көшуді аяқтауды тапсырды. «Кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығы ақпараттық жүйелерді интеграциялау және бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы қолжетімді қыз­мет­тердің бүкіл спектрін кешенді түрде көрсетуге бағытталуы керек», деген А.Мамин Цифрлық даму және Ішкі істер ми­нистрліктеріне цифрлы және мигра­циялық халыққа қызмет көрсету орталық­тарының жұмыс тәжірибесін барлық әрекет етіп тұрған ХҚКО-на тарату жұмы­сын пысықтауды тапсырды.

 Еңбек қатынастарын реттеу

Сондай-ақ осы Үкімет отырысында еңбек қатынастарын реттеу мәселелері де қаралды. Кәсіпорындардың жалақы бойынша берешегі және еңбек нарығын реттеу жұмыстары туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Кәсіподақтар феде­ра­циясының төрағасы Е.Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев баяндады.

Қазақстан Жаһандық бәсекеге қабілет­тілік индексінде 2019 жылы «Еңбек нары­ғының тиімділігі» факторы бойынша Грузия (37), Ресей (62), Украина (69) және басқа да елдерді басып озып, 30-дан 25-орынға көтерілді.

Осы жылдың шілде айында Үкімет Пар­ламент Мәжілісіне «ҚР кейбір заңна­малық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды, онда еңбек келісімшарттарын электронды фор­матқа аудару, жұмысшыларға лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау үшін жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершіліктерін белгілеу, бір ком­панияның тобы аясында іссапармен бару жағдайларын кеңейту, кәсіпорындардағы кәсіптік сын-тегеуріндерді бағалау мен басқару негізінде еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу бойынша шараларды бекіту және басқа да шаралар қарастырылған.

Қазақстанда 6,7 млн-нан астам жалдамалы жұмыскер жұмыс істейді. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы бір жарым есеге – 42,5 мың теңгеге дейін өсті, ал 203 мың кәсіпорындағы жалақы аз төленетін 1,2 млн жұмысшының жалақысы 32%-ға өсті.

2017-2019 жылдары жалақы бойынша берешек 169 млн теңгеге немесе 9,8%-ға төмендеп, 1,4 млрд теңгені құрады. Берешегі мол кәсіпорындардың көбі Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе, Алматы және Түркістан облыстарында. Оңалту және банкроттық сатысындағы 65 кәсіпорынның қарызы 691 млн теңгені құрайды.

Соңғы 3 жыл ішінде еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісі, оның ішінде 25 кәсіпорында еңбекақы төлеудің сәйкессіздігінің 474 фактісі анықталды. 681 рұқсат қайтарып алынды, 393 шетелдік жұмысшы елден шығарылды. Биыл еңбек жанжалдарын шешу мен алдын алудың кешенді жоспары бекітілді.

Премьер-Министрдің орынбасары Бер­дібек Сапарбаевтың айтуынша, қарас­тырылып отырған мәселе Қазақстан Үкіметі үшін маңызды және әртүрлі алаң­дарда белсенді талқылануда.

Б.Сапарбаев бұл мәселедегі ең бастысы еңбек даулары мен жанжалдардың алдын алу екенін атап өтті. Жалақыны уақтылы төлеу және қысқартуды болдырмау үшін еңбек тәуекелі бойынша жол картасы жасалды. Осы карта негізінде әрбір әкімдік алдын ала сақтық шараларын қабылдауы керек.

Сонымен бірге Б.Сапарбаев ұжымдық шарттарды жасасудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, бұл шарттардың орындалуын бақылау қажет. Әсіресе, жылдың аяғында ұжымдық шарттардың орындалуын талдау, соның негізінде келесі жылға еңбек келісімшарттарын дайындау керек. Кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру қажет, олар да еңбек дауларына жауап беріп, жұмыс берушілермен өзара тығыз жұмыс істеуі тиіс.

Мәселені қорытындылаған Үкімет бас­шысы Асқар Мамин биыл қабылданған Өндірістік жарақаттануды азайту жөнін­дегі жол картасын іске асыруды жандан­дырып, өндірістегі жазатайым оқиға­лардың алдын алу мен ескертуге назар аударуды тапсырды.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың біздің алдымызға қойған бас­ты міндеттерінің бірі – кәсіпорындарда әлеу­меттік тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыскерлер үшін қауіпсіз еңбек жағ­дайларын жасау. Қазіргі таңда бұл салада тұтас заңнамалық база бар, үшжақты әлеуметтік әріптестік қарастырылған, қауіпсіздік техникасын сақтау және жара­қат­тануды азайту шаралары қабылданып жатыр 10 айда 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға төмен»,  деді А. Мамин.

Өңірлердің әкімдіктері Еңбек жөнін­дегі мемлекеттік инспекциялар құрамы­ның сапасын нығайтып, қажет болса санын арттыруы керек екенін айтқан Премьер-Министр жалақы бойынша берешекті мониторингілеудің қолданыстағы алго­ри­тмін қайта қарауды, сондай-ақ жалақыны уақтылы төлеу жөніндегі заңнама нор­маларын қатаңдатуды тапсырды. Жұ­мыскерлеріне жалақы төлемегені жұмыс беруші үшін тиімсіз болуы керек екенін ескертті.

Премьер-Министр Қазақстанның Ха­лық­аралық еңбек ұйымының конвен­ция­ларына қосылу мүмкіндігін қарау және әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін талқылау жөнінде ведомствоаралық комиссия құруды тапсырды. Сонымен қоса Үкімет мүшелерінің назарын еңбек мәселелерінде медиация кеңінен қолданылмай отырғанына аударды.