Технология • 28 Қараша, 2019

Индустриялық аймақ ірі инвесторлар алаңына айналады

353 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыға сапары барысында қаланың экономикалық әлеуетін толық пайдалану туралы тапсырма берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау ауданындағы Индустриялық аймақты белсенді игеру мәселесіне айрықша көңіл бөлген болатын.

Индустриялық аймақ ірі инвесторлар алаңына айналады

Өнеркәсіптің басым ба­ғыт­­тарын – машина жасау, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, химия, құрылыс материалдарын өндіру, ин­новациялық өнім шығару мен импортты алмастыруға бағытталған инвестициялық жобаларға артықшылық көр­сету мақсатында 2012 жылы құрылған Индустриялық ай­мақта осы жеті жыл мерзімде 6 компания іске қосылған. Ал қазіргі кезде 12 компания құрылыс жұмыстарын жүр­гізуде. Алдағы уақыт­та екі мыңнан астам адам жұ­мыспен қамтылатын болады. 2015 жылы басқару компаниясы құрылған «Ин­дустриялық аймақ – Ал­маты» құрылтайшысы «Алматы» ӘКК болып табылады.

Осы жолы Мемлекет ба­с­шысы ел экономикасы үшін маңызды әрі же­ке кәсіп­керлікке қолдау көр­сетуді көз­­дейтін маңыз­ды аймақтың әрі қарайғы дамуы үшін технологиялық әрі экспортқа бағытталған жаңа жобалар қажеттігін тапсырған болатын. Аймақтың жұмысына қатысты Президенттің де, қа­ла басшылығының да сыны орынды деп атап өт­кен «Индустриялық ай­мақ – Алматы» ЖШС директоры­ның бірінші орынбасары Ануар Аришевтың айтуын­ша, қазіргі кезде зерттеу-сарап­тама жұмыстары жүр­­г­і­зі­луде. Аймақта тіркел­ген аты бар, заты жоқ компания­лардың бағыты өнеркәсіптен әлдеқайда алыста жатыр. Себебі көптеген компания Индустриялық аймаққа тіркеліп, тек жер телімдеріне ие болып қалуды ғана көздеп келген. Ал осы жер телімдері арқылы банктерден несие алумен ғана шектелетін компаниялар ендігі уақытта қа­­таң сұрыптаудан өтетін болады. Бүгінде аймақта бел­сенді 6 компания болса, олардың өндірістік әле­уе­ті 80 пайызды ғана құ­райды. Индустриялық аймаққа өз өндірістерін са­луға ниет білдірген кейбір компаниялардың құжаттары талапқа сай емес. Қазіргі кезде Индустриялық аймақта өнеркәсіпті дамытқысы ке­летін компаниялар үшін арнайы талаптар бекі­тілген. Компаниялардың тех­­никалық-экономикалық мүм­кіндігі басты назарға алынып, ірі инвесторларды тарту бағытында сараптама жұмыстары жолға қойылып отыр.

Ендігі кезекте мемлекет меншігінен бөлінген 490 гектар аумақта өнер­кәсіпке бағытталған компанияларды тартып, инфра­құрылымын дамытуға жұм­салған 27 млрд теңге қа­ра­жаттың қайтарымына жұ­мыс істейміз деген Ануар Ари­шев ол үшін өндірісті дұрыс бағытқа бұру қажет дейді. Шетелден білім алып, тәжірибе жинақтап қайт­қан білікті маманның айтуынша, Индустриялық ай­маққа бірінші кезекте инс­титуционалды инвесторлар қажет. Жарқын болашаққа қол жеткізуді мақсат етіп отырған басшылық Siemens, Bosch, Mercedes, ВМW, Arevo сияқты ірі ком­па­ния­­лар­ды осы аймаққа тарту бағытындағы жұмыс­тарды жоспарлап отыр. Осы орайда, Түркия тәжі­ри­бесіне сүйенетін бол­сақ, онда Mercedes көлік­­те­рінің бірқатар бөлшегі шығарылса, өзге бөлшек­терді Германиядан импорт­тайды. Сол сияқты бастап­қыда машинаның қандай да бір бөлшектерін шығаруды қолға алуымыз қажет, дейді Ануар Аришев. Қазіргі кезде Франция, Германия, Испания сияқты елдердің сауда палаталарына алдағы әріптестік байланыстарды дамытуға байланысты хат жолдануда. Егер де жоғарыда атап өт­кеніміздей, мұнда танымал брендтер шоғырланатын болса, аймаққа өндірістік бағыттағы өзге де компания­лардың келетіні сөзсіз.

Қазіргі кезде Индус­трия­­лық аймақта жапондық Tokyo Rope трансұлттық корпорация­сының қатысуы­мен «Tokyo Rope Almaty» инженерлік қауіпсіздік жүйелерін шығару кәсіп­орны, «BRB APK» жылы­жай өндірістік кешені, «Almapack Co LTD» қағаз қаптар шығаратын зауыты, «Каztigertape» скотч шығаратын зауыты, «DOC Co Ltd.» кеңсе техникаларына арналған картридж шы­ғаратын цех, «КМК Investment» кабельді-өткіз­гіш өнімдер шығаратын зауыт­тар іске қосылған. Индус­триялық аймақта өзге де ауқымды «Hyundai», «КСМ ТехнОВИД», «СК Арман Дала» (BI Group холдингі), «Asia Steel Pipe Corporation» компания­ла­рының жобалары жүзеге асатын болады.

Индустриялық ай­мақ­­ Іле және Қарасай ау­дан­­­­да­рының шекарасы аума­ғында орналасқан. Өңір­­дегі жаңа өндірістік мүм­кіндіктер көптеген жұмыс орнының ашылуына, сонымен қатар даму бағытына да әсер ететіні сөзсіз. Мұнда бастапқыда бес мыңға жуық тұрақты жұ­мыс орны ашылып, шұ­жық өнімдерінен бастап, мұнай-газ өнеркәсібінде қол­данатын болаттан жасал­ған құбырларға дейін өндіру межеленген-ді. Аймақтағы жұмыс қарқынына қарағанда ол күннің де ауылы алыс емес сияқты. Ануар Аришев атап өткендей, жоғары тех­но­ло­гия­­лы өнеркәсіптік ны­сандарға жоғары технологияларды меңгерген кәсіби мамандар керек. Алайда он­дай мамандар бізде әзірге жоқ. Осы орайда, ҚазҰПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, т.б. университеттерімен ын­тымақтастық жасау жоспарда бар, дейді А.Аришев. Ал бұл келісімдер Еуропа ел­деріндегідей ғылыми жұ­мыстарды жүзеге асыруға ықпал етеді. Кластер бойынша іріктелген компанияларда студенттер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргі­зетін болады. Яғни, әлемге әйгілі компаниялардан тә­жірибеден өту үшін студенттерге Индустриялық аймақ мол мүмкіндіктер ұсынғалы отыр.

Қазіргі кезде Индустрия­лық аймақта жасақталған инженерлік инфрақұрылым инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы. Бюджеттік қаражат есебінен көше жол желісі, ПС-11 «АЗИ», ПС-12 «БАК», РП «Шаңырақ» электр қосалқы жүйелері, кабель, су және газбен қамтитын магистральді желілер, жүк тиеу-түсіру стансалары да талапқа сай жабдықталған. Аймақ Алатау ауданының аумағында орналасқандықтан, әкімшілік қыс айларында көшелерді тазалау мен жарықтандыру, поли­ция және өрт сөндіру тірек­те­рінің жұмысын же­тілдіруге уақытылы кө­ңіл бөліп отыр­са, дейді А.Аришев. Әзірге бұл мәселе то­­лық­қан­ды шешілмеген. Ал Индустрия­лық аймақты ірі инвесторлар алаңына айналдыру бағы­тындағы кешенді ша­ралардың жақсы нәтиже бе­руін уақыттың еншісіне қал­­дырдық.