Президент • 29 Қараша, 2019

Біз білім мен мәдениеттің жаңа дәуіріне өттік

1182 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабыл­данып, жүзеге асырыла бастағанына 3 жылға жуықтады. Осы орайда Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Жаһандағы за­ма­науи қазақстандық мәдениет» жобасының жетекшісі Аида БАЛАЕВАМЕН әңгімелесіп, аталған бағ­дар­лама жөнінде бірқатар сауалымызға жауап алдық.

 

Біз білім мен мәдениеттің жаңа дәуіріне өттік

– Елбасының бастамасымен «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының жұмыс істеп тұр­ғаны­на үш жылға таяды. Қоғам бағдар­ламаның мақ­саты мен міндетін толық түсіне алды ма? Қоғам­дық сананы өзгерту бағытында қандай шаруа­лар жүзеге асырылды?

– Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы мен оның заңды жалғасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегі қоғамдық сананы серпілтуге, ұлттық рухымызды жаңғыртуға зор ықпал етті. Біз бүгін халқымыздың әдебиеті мен өнері, ғылымы мен білімі, мәдениеті мен тарихы, отаншылдық рухы жаңа сипатқа ие болып, осы арқылы жас ұрпақ жаңа даму жолына түсуде деп толық сеніммен айта аламыз.

Бағдарламаның мақсаты – тарихқа тамыр бекіте отырып, жастардың бойына ең бір ізгі қасиеттерді сіңіру, ұрпақтың отаншыл, ұлттық құндылықтарды ұлықтай білетін, білімді, прагматик және ашық саналы болып қалыптасуына ықпал ету. Әрбір азамат бәсекеге қабілетті болса, тиісінше қоғам да бәсекеге қабілетті болады.

Рухани өзгерістерді экономикадағыдай цифр­лармен өлшеу мүмкін емес, ол адамдардың ақыл-ойы мен көзқарасындағы, біліміндегі, бір-біріне, қоғамға және өмірге қатынасындағы өзгерістерден көрінеді. Сондықтан кеше мынадай едік, бүгін мынадай болдық деп қорытынды жасауға әлі ертерек. Дегенмен, өз басым бағдарламаның маңызы мен жемісін әлі талай буын ұрпақ зор ризашылықпен айтарына кәміл сенімдімін.

Бұл орайда біз ұрпаққа айқын бағдар сілтей отырып, оған жетудің нақты жолдарын белгілеп берген Елбасы идеясының тереңдігін айрықша атап өтуге тиіспіз. Елбасы әрбір қазақстандықтың ішкі жан дүниесі түбегейлі өзгеріп, заманауи қа­сиеттерге ие болмаса экономикалық, саяси және басқа да жаңғырулардың бәрі бекер екенін ашық айтты.

Рухани жаңғыру нақты бір мекеменің, я мем­лекеттік органдардың ғана жұмысы емес, оны әрбір отандасымыз алдымен өзінен бастауы қажет. Ал бағдарлама аясындағы жұмыстар – осы өзгерістерге ықпал етіп, жол ашатын, адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын әрекеттер ғана. Халықтың өз ынта-жігерімен жасалып жатқан жұмыстар – қоғам бағдарламаның мақсаты мен міндетін түсінеді деуімізге толық негіз бола алады.

«Рухани жаңғыру» аясында атқарылған жұмыс­тардың бәрін санамалап жату артық болар, ол ақпа­рат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр. Сон­дықтан оның ең сүбелі деген бірқатар тұс­тары­на ғана тоқталып өтейін.

Бір ғана «Туған жер» жобасын алып қарасақ, соңғы екі жарым жылда жалпы сомасы 160 миллиард теңге болатын 2 мыңнан астам жоба жүзеге асырылды. 27 мектеп, 115 балабақша, 154 мәдениет, 41 денсаулық сақтау, 284 спорт нысаны тыңнан салынса, 201 мектеп, 207 балабақша мен 167 мәдениет, 22 денсаулық сақтау, 68 спорт нысаны күрделі жөндеуден өтті. Мұның бәрі бюджет қаражатынан тыс, туған өлкесінің көркеюіне үлес қосуға ынталы меценаттардың қаржысына жасалды.

– Ал басқа бағыттар бойынша қандай жетіс­тіктер бар?

– «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аясында экономика, әлеуметтану, саясаттану, психология және басқа да салалар бойынша ең таңдаулы 48 оқулық қазақ тіліне аударылып, жоғары оқу орындарына таратылды. Бұл оқулықтар OpenU.kz ашық университетінің аясында жалпы оқырманға да қолжетімді. Тағы 30 кітап аударылып, баспаға дайындалып жатыр, көп ұзамай жарыққа шығады.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының аясында «Киелі Қазақстан» виртуалды картасы жасалып, оған жалпыұлттық маңызы бар 185 нысан мен өңірлік маңыздағы 456 нысан енгізілді. «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» қорық музейлері салынды, «Ұлытау», «Отырар» және «Тамғалы» визит орталықтарының құрылысы жүріп жатыр. 28 киелі нысанға реставрация жасалды, киелі нысандар инфрақұрылымын жақсарту қолға алынып, 10 мың шақырымнан астам жол салынды.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының аясында өзінің еңбегімен, білімімен табысқа жеткен көптеген жас қазақстандықтар көпшілік үшін шынайы үлгіге айналды. Олардың әлеуметтік маңызға ие жобалары мемлекет тарапынан қолдау тауып, іске асырылуда.

– «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәде­ниет» – бағдарламаның басты жобаларының бірі. Біз әлемге Қазақстан мәдениетінің қандай үлгілерін ұсына аламыз? Бізде жаңа мәдени тенденциялар қалыптасты ма?

– Ағылшын қаламгері Сэмюэл Батлер «Әде­биетте, музыкада, көркемсурет пен сәулет өнерінде болсын, кез келген адамның туындысы – оның өзінің портреті» деген екен. Яғни, ұлттық мәдениет – ұлттың келбеті.

Осы тұрғыдан алғанда, төл мәдениетімізді дүниежүзілік өркениет қазынасына қосу – Қазақ елін әлемге таныта түсудің бірегей әрі төте жолы.

Жоба негізгі 4 бағыттан тұратынын білесіздер. «Әдебиет» бағытында үлкен шаруа тындырылды, біз алғаш рет тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиетімізді түгендеп шықтық. Ел тарихында тұңғыш рет қазақ әдебиеті БҰҰ-ның алты тілінде сөйлеп, дүние жүзіне жол тартты. «Әдеби өлкетану» жобасы арқылы төл әдебиетімізге тәуелсіз елдің жаңа кел­бетіне арналған 50-ден астам тың шығарма қосыл­мақшы. Басқа бағыттарға келсек, әртүрлі жанрдағы 60 суретшінің 180 жұмысынан арнайы антология құрастырылды. Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея және басқа да елдерде отандық суретшілердің көрмелері өтті.

«Театр және кино» бағыты бойынша 38 отандық фильм 50 кинофестиваль мен 3 кинопремияға қатысып, 28 жүлдеге ие болды.

Астана Опера, Астана Балет сияқты ірі ұжымдар­мен бірге өңірлік шығармашылық ұжымдар да Франция, Швейцария, Италия, Үндістан, Түркия, Ресей және басқа көптеген мемлекеттерге барып, әлемдік сахналарда өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

– Бағдарлама аясында қазақстандық автор­лардың шығармалары БҰҰ-ның негізгі алты тіліне аударылды дедік. Антологияларды шетелдік оқырман қалай қабылдады? Тәржіма сапасы қалай? Авторлар қалай іріктелді?

– Кез келген елдің шынайы сипаты оның мәдени құндылықтарынан көрініс табады. Оның ішінде, әдебиетті – барлық өнердің шыңы, бүкіл мәдениеттің қазығы деп айтуға болады. Қай дәуірде де халықтың жан дүниесін, болмысын әдебиеті арқылы таныған. Себебі көркемсөз адамдардың ойы мен арманын тереңнен түсінуге мүмкіндік береді, халықтың жан дүниесін айқара ашып көрсетеді.

Біз қазақтың әдебиеті арқылы мәдениетін, мәдениеті арқылы бүкіл болмысын жер жүзіне танытамыз. Осы орайда Елбасының тапсырмасымен поэзия және проза жанрлары бойынша 60 автордың әрқайсысы 600 беттен тұратын екі антологиясы ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріне аударылып шықты. Қазақ әдебиеті жер жүзінің 93 мемлекетінде тұратын 2,5 миллиард оқырманға тек кітап түрінде ғана емес, электронды және аудио нұсқада қолжетімді болады.

Күзден бері біз Лондонда, Париж бен Мадридте, Каир мен Мәскеуде антологиялардың тұсаукесерін жасадық, алда Бейжіңде арнайы таныстырылым жасаймыз. Бұл кітаптар 50 мыңнан астам адресатқа, әлемдік деңгейдегі кітапханалар мен университеттерге, ғылыми және мәдени орталықтарға таратылады.

Антологияларға кірген шығармалар белді, беделді қаламгерлер, сыншылар мен әдебиет саласының мамандары қатысқан отырыстарда талқыланып, іріктелді.

Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай және Мысыр елдерінің аударма саласындағы ірі баспа ұйымдарымен, мәдениет орталықтары басшыларымен кездесулер өткізіп, келісімге келдік. Бүгінде біздің жобамызға Ұлыбританияның «Кембридж» университетінің баспасы мен Британ кеңесі, Испанияның Visor баспасы мен Сервантес институты, Ресейдің Жазушылар одағы мен Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, Фран­цияның Мишель де Моль баспасы мен Париж мәдениет бірлестігі, Қытайдың Ұлттар баспасы, Мысыр елінің мәдениет пен білім орталығы секілді ұйымдар атсалысуда.

Жобаны жүзеге асыруда аударманың сапалы болуына ерекше мән берілді. Жолма-жол аударма жасалған соң шетелдік әріптестеріміз Қазақстанға келіп, еліміздің тарихымен, мәдениетімен танысты. Аудар­­машылар авторлармен сұхбаттасып, аудар­ма кезін­де туындаған сұрақтарды талқылады. Бұл аудар­­ма­ны түпнұсқаға мейлінше жақындатып, оның көр­кем­дік сапасына зор ықпал етті. Осылайша ел тари­хын­­да тұңғыш рет қазақ әдебиеті әлем тіл­дерінде сөй­леді. Антологиялар қалың оқырманға енді ғана тара­тылып жатыр. Дегенмен, жобаға қатыс­қан шет­елдік мамандар «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­ма­сына, оның ішінде қазақ әдебиетінің антология­лары­на жоғары баға беріп, жылы лебіздерін білдіруде.

Қазір төл әдебиетімізді дамыту үшін жасалып жатқан қадамдар Қазақ әдебиетінің ренессанс дәуірінің басталуына негіз болады деп ойлаймын.

– Сіз айтып отырған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – әлемнің озық оқу орын­дары кітапханаларының оқырман билетін қазақстандық студенттердің қолына тапсырумен пара-пар бірегей жоба болды. Бұл оқу­лықтар біз­дің білім беру жүйемізді қалай өзгертеді? Гу­ма­ни­тарлық білімнің ең үздік нұсқа­ларын аудару қазақ тілі лексикасының, пәндік, ғылыми маз­мұны­ның дамуына қандай ықпал жасайды?

– Әлемдегі гуманитарлық ғылым-білімнің ең озық үлгілерін қазақ тіліне аудару – мыңдаған оқырманның тың идеяларды, бұған дейін біздің ғылыми ортаға сіңіспеген ұғым, түсініктерді ана тілінде түсініп, білуіне жәрдемдеседі. Бұл әсіресе ұрпақтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан сананың ашықтығы бағытында ілгері қадам жасауына мүмкіндік береді. Әлемдік ғылым сыни ойлау, өз бетінше ой қорытып, тұжырым жасау қағидасын ұстанатындықтан, бұл оқулықтар жастарға ой салатын теориялар мен кейстерді ұсынады, қандай да бір идеяны таңдайды.

Екіншіден, жаңа буынның бойында «қазақ тілі басқа тілдерден кем емес» деген сенім қалып­тасады. Шынын айтқанда, осы күнге дейін көп­шілік сапалы, құнды дүниелер ағылшын, орыс не әлдебір басқа тілдерде шығады деп ойлайтыны жасырын емес. Бұл – объективті жағдай, тиісті оқулықтар мен әдебиеттердің аздығынан көпшілік қоғамдағы құбылыстарға басқа тілдің көмегімен, өзге мәдениеттің тұрғысынан қарауға дағдыланған. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы осы кемшілікті жояды.

Кітаптардың көбі төңіректегі ТМД елдерінде басқа тілдерде жарық көріп үлгермеген. Ф.Котлер, Г.Мэнкью, К.Шваб, С.Пинкер, Э.Гомбрих сияқты ғалымдардың шедевр еңбектерін қазақ тілінде оқу алдыңғы буынның түсіне де кірмегені анық.

Бұл оқулықтардың Қазақстандағы білім беру жүйесіне әсері сырттай қарағанда көп біліне қоймауы мүмкін. Себебі бұл – ұзақ мерзімді инвестиция, оның қайтарымы келешекте көзі ашық, көкірегі ояу, рухы биік, өзіне, ұлтының болашағына сенімді, білімді азаматтардың жаңа буыны қалыптасқанда айқын көрінеді. Ал таза қолданбалық тұрғыдан қарасақ, оқулықтар әлемнің ең озық оқу орындарының білім жүйелерінің талаптарына лайықталып жазылған. Онда студенттердің коллаборация, коммуникация дағдыларын жаңа деңгейде қалыптастырып, жан-жақты дамуына көбірек көңіл бөлінген. Тіпті мәселенің қойылуы­нан бастап, кітаптардың құрылымы, безендірілуі, форматы да білім жүйесіне тың серпін әкеледі деп үміттенеміз.

Қазақ тілінің лексикасы туралы да орынды айттыңыз. Меніңше, бұл оқулықтардың ең бас­ты құн­дылықтарының бірі – қазақ академиялық тілі­нің дамуына үлес қосуында. Әрине ғылыми тіл­дің бұған дейінгі даму үрдісін, алдыңғы буын ғалым­дардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды.

Дегенмен, түрлі ғылымның салаларын тереңнен қозғайтын бұл оқулықтар әлі де қайраңдап тұрған терминжасам ісіне зор серпін беретіні сөзсіз. Оқулықтардың әрқайсысы ғылыми айналымға ондаған, тіпті жүздеген жаңа термин әкеліп жатыр. Оның үстіне бұл терминдердің жасалуына сол саланың ғалымдарымен бірге лингвистер мен редакторлар бірдей үлес қосып отыр. Ойлап қарасаңыз, Қазақстанның 130 университетінің студенттері терең талданып, мұқият екшеуден өткен жаңа терминдерді қолданып, білім ала бастайды. Бұл қазір қазақша сөйлемейтін HR-менеджмент, цифрлы педагогика, стратегиялық менеджмент сын­ды ғылым тілдерін дамытуға, сөйтіп ғылыми жаңа­лықтарды қазақ тілінде жариялап, қазақ тілін­дегі сапалы дүниелердің көбеюіне ықпал етеді. Осы кітаптардың арқасында қазірдің өзінде 10 мың­ға жуық жаңа термин мен ұғымды қамтыған тізім қалыптасты. Бұл қазақ тілінің одан сайын қа­нат жаюы­на мүмкіндік береді. Біз білім беру мен мәде­ни қатынастардың жаңа дәуіріне өттік.

– 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Бұл күннің мазмұны мен маңызы, идеялық ерекшелігі неде?

– Тәуелсіздік – әрбір адам, әрбір халық үшін ең басты құндылық. Біздің де ұлтымыздың барлық жетістіктерінің бастауы – басымызға бақ құсы болып қонған Тәуелсіздігіміз. Бұл ретте біздің халқымыз үшін Тәуелсіздік және Елбасы сөздері әлдеқашан астасып, егіз ұғымдарға айналған. Өйткені Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалап, нығайтып, мемлекетімізді абыройы асқан Қазақ елі ретінде жер жүзіне танытуда Елбасының еңбегі өлшеусіз.

Меніңше, Елбасының тұлғалық келбеті мен атқарған ұлы істері әлі өз бағасын толық алған жоқ. Оның талай шешімдерінің түпкі мәнін біз болашақта біле түсетін боламыз.

Біз қызмет барысында кішігірім лауазымдарды иелене жүріп, қандай да бір шешім қабылдар кезде жүрексінеміз, жауапкершілік жүгін көтеруден тайсақтаймыз. Себебі саған бір адам сенім артса да, ол – жауапкершілік.

Ал, Елбасы ше? Оған жүктелген жауапкершілік салмағы қаншалықты зіл батпан болғанын елес­тетудің өзі қиын. Әрбір қадамың тұтас елдің болашағын айқындайтынын сезіне отырып, әрбір шешімді жүрекпен қабылдау, өз халқыңның мүддесін қорғау үшін жылдар бойы күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей күресу қаншама ерік-жігер мен қажыр-қайратты қажет етеді. Оған қоса Елбасы қазіргі қазақстандықтардың ғана емес, азаттық үшін арпалысқан ата-бабалардың және ертең осы елде өмір сүретін сан буын келешек ұрпақтың алдындағы жауапкершіліктің жүгін қоса арқалады. Бір күн, бір ай емес, 10 мың тәулікке жуық уақыт бойы ел сенімін қайыспай көтеру, ең бастысы, сол сенімді артығымен ақтай білу Елбасы сияқты ұлы тұлғаның ғана қолынан келді. Осыны ойлағанда Елбасының кемеңгерлігіне, оның елім деп соққан ұлы жүрегіне еріксіз бас иесің.

Бүгінгі жастар – бақытты ұрпақ, барлық мүмкіндіктер алдарынан ашылған қоғамда өмір сүріп жатыр. Олар өткен ғасырдың соңындағы қиын-қыстау кезді көрген жоқ. Мен біздің қоғам қалай қалыптасқанына, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдарын қалай жасағанына куә болған орта буынның өкілімін. Елбасының еңбектерінде жазылған тұтас ауылдар мен қалаларға жарық пен жылу беру қияметтің қиыны болған уақыт, зейнетақы, жалақы, жәрдемақылар айлап, жылдап берілмеген кездер бүгінгі жастарға құдды бір басқа әлемде болғандай сезіледі.

Менде де сол кездегі миллиондаған жас қыз-келіншектер сияқты болашағыма сенімсіздікпен қарап, ертеңіміз не болады деп сары уайымға салынған, қиындыққа толы күндер өтпестей, айлар бітпестей көрінген сәттерім талай болған. «Өткен күнде белгі жоқ», ол заманның бәрі көрген түстей өтті де кетті.

Мен әйел ретінде айтайын, жаны нәзік, жүрегі сезімтал әйелдер қауымы қоғамның барометрі іспетті, олар болашағына сенімді болмаса, отбасын да жоспарламайды. Өткен ғасырдың соңында елімізде табиғи өсім мүлдем төмендегені, есесіне Қазақстан аяғына нық тұрған соң бала туу көрсет­кіші еселеп артқаны осының айқын көрінісі.

Елбасы халықты тығырықтан алып шығып қана қойған жоқ, әрбір жүрекке сенім ұялатты. Тұр­мысты ғана емес, адамдардың, қоғамның санасын түбірімен өзгертті, жаңа қазақстандықтардың тұтас буынын қалыптастырды. Елбасы бастаған ұлы істерді жалғастыратын да, ол межелеп берген биік мақсаттарға жететін де осы – жаңа буын қазақ­стан­дықтар! Біз Елбасы жолын берік ұстансақ, бола­шаққа нық сеніммен және қарыштап қадам басамыз.

Мен Тұңғыш Президент күнін атап өтудің мәні осында деп ойлаймын және барша отандастарымды айтулы мереке – Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын!

– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет. Аса жауапты қызметіңізге табыс тілейміз!

 

Әңгімелескен

Ерлан ЖҮНІС,

«Egemen Qazaqstan»