Қанат Саудабаевтың Жапонияға сапары екі елдің өзара қызығушылық танытатын салалары көп екенін көрсетті
Қанат Саудабаев Жапонияға ресми сапары аясында 23 наурыз күні осы елдің Премьер-министрі Юкио Хатоямамен кездесті. Сапардың бірден Жапонияның Үкімет басшысымен жүздесуден басталуында үлкен мән, айтарлықтай салмақ бар. Өйткені, мақсат Жапонияның жаңа әкімшілігімен ұтымды үнқатысу орнату, екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық сипатын бекемдеу болып отыр.
Жалпы, стратегиялық әріптестіктің негізгі қозғалтқышы белсенді сауда-экономикалық өзара іс-қимыл болуы тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі кезде Жапониямен аталған бағыттағы ынтымақтастық деңгейі өзге Азия елдерімен салыстырғанда көңілдегіден көп төмен жатыр. Жапонияның құрлықтағы ғана емес, әлемдегі дамыған мемлекеттердің алғашқы сапынан орын алатынын ескере келгенде, Қазақстан үшін бұл олқылықтың орнын толтыру аса маңызды. Сондықтан еліміздің ресми делегациясы құрамына бірқатар жауапты адамдар енгізілген.
Жапония да Қазақстанмен ынтымақтастыққа аса мүдделі елдердің бірі. Бұл Токионың Отанымыздың тәуелсіздігін әлемдегі алғашқы елдер қатарында – 1991 жылдың 28 желтоқсанында танығанынан көрінеді. Ал екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс та көп кешікпей, 1992 жылдың 26 қаңтарында орнады.
Қазақстан-Жапония саяси үнқатысуы 1992 жылдың мамырында Жапония Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Ватанабэнің Қазақстанға сапарынан бастау алды. Араға екі жылға жетер-жетпес уақыт салып, Жапонияға сапармен Қазақстан Президенті Н.Назарбаев келді. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа негіз қалады. Қазақстан басшысының Жапонияға 1999 жылғы сапары барысында Достық, әріптестік және ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
2006 жылдың тамызында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың шақыруы бойынша елімізге ресми сапармен Жапонияның сол кездегі Премьер-министрі Д.Коидзуми келді.
2008 жылдың маусымында Қазақстан басшысы Н.Назарбаев Жапонияда ресми сапармен үшінші рет болды. Бұл жолғы сапар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға оң ықпал етті. Бұдан кейін де Үкімет, Парламент, министрліктер жетекшілері деңгейінде бірқатар сапар алмасулар жүзеге асты.
Қазақстанның статистикалық деректеріне сүйенсек, екі ел арасындағы тауар айналымы 2009 жылы 882,6 млн. АҚШ долларын құрады. Бұдан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,78 млрд. долларға жеткен болатын. Соңғысына әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кері әсер еткені байқалады. Жалпы, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық, жоғарыда да атап өткеніміздей, мүмкіндіктерден айтарлықтай төмен жатыр.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру үшін өткен жылы Бірлескен комиссия құрылған. Былтырғы күзде Астанада аталған комиссияның 1-ші мәжілісі ұйымдастырылды, бірқатар құжаттарға қол қойылды. Онда, әсіресе, Жапониядан инвестициялар мен жоғары технологиялар тартуға баса назар аударылды.
Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, әсіресе, соңғы жылдары оң бағыт ала бастады. Мысалы, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жапонияға алғашқы сапары барысында Қазақстан аумағында көз жұмған жапон әскери тұтқындарының тізімі жазылған “Естелік кітабын” тапсырғаны әлі ұмытыла қоймаса керек.
2008 жылдың желтоқсанында Токиода “Отырар сазы”, “Қазақстан камератасы” ұжымдарының, опера және әншілік өнердің танымал шеберлері Н.Үсенбаева мен Ж.Тапиннің қатысуымен Қазақстан мәдениетінің фестивалі өтті.
Қазіргі кезде Жапонияда “Болашақ” бағдарламасы бойынша 21 қазақстандық жас білім алып жүр.
Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Жапония Премьер-министрі Юкио Хатояма арасындағы кездесу достық, іскерлік жағдайда өтті. Сұхбаттастар екі жақтың да мүддесіне сай келетін, экономикалық тұрғыдан бірін-бірі толықтыратын ортақ мәселелер бар екенін атап көрсетті. Мәселен, Қазақстанда табиғи байлықтар мол болса, Жапония жағында жаңа технологиялар мен инвестиция беруге мүмкіндік жеткілікті. Осының өзі екіжақты ынтымақтастықты дамытуға алғышарт жасай алатын факторлар болып табылады.
Энергетика, соның ішінде атом энергетикасы салаларындағы әріптестіктің перспективалары жоғары. Оның үстіне жақында осы салаларды дамытуға тікелей қатысы бар, яғни атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалануды көздейтін екіжақты келісімге қол қойылған болатын. Енді осы құжат барынша жедел күшіне енген жағдайда ол Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасының локомотивіне айналған болар еді.
Кездесу кезінде инвестицияларды өзара қорғау мен ынталандыру жөніндегі келісімге тезірек қол қоюдың маңызды екендігіне де екпін түсірілді. Қазіргі кезде тараптар аталған келісім бойынша келіссөздер жүргізуде. Бұл құжат қабылданған жағдайда екіжақты ынтымақтастықтың жаңа перспективаларына жол ашылатын болады.
Қазақстан мен Жапония әлемде ядролық қарудан аса көп зардап шеккен мемлекеттер болып табылады. Осыған байланысты Қ.Саудабаев та, Ю.Хатояма да ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселесінде күш біріктіруге екі елдің моральдық тұрғыдан құқы бар екендігіне назар аударды. Осы орайда үстіміздегі жылдың 12-13 сәуірінде Вашингтонда болатын Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке Қазақстан мен Жапония басшылығы қатысуының маңызы зор.
Қ.Саудабаев Жапония Премьер-министріне Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың өзіне ыңғайлы кез келген уақытта Қазақстанға келіп-кетуі туралы жеке шақыруын және Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Түркия Президенті А.Гүлдің 7-9 маусымда Ыстамбұлда өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) саммитіне қатысу туралы бірлескен шақыруын табыс етті. Осы саммит барысында Қазақстан Кеңеске төрағалық өкілеттігін Түркияға өткізетін болады. Ал Жапония АӨСШК-ге бақылаушы ел мәртебесіне ие.
Қ.Саудабаев сондай-ақ еліміздің Жапонияның жаңа Үкіметімен ынтымақтастыққа үлкен үміт артатынын жеткізді. Қазақстан Президенті жариялаған ел экономикасын әртараптандыру бағдарламасы шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты арттырудың әлеуеті жоғарылай түсетінін айтты. “Н.Назарбаевтың 2008 жылғы Жапонияға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың толық жүзеге асатынына сенім артамыз”, деді осы ретте Қанат Бекмырзаұлы.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі, сонымен қатар, Жапония тарабына 29 тамызды, яғни Семей ядролық сынақ полигоны жабылған күнді Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы Қазақстан Президентінің бастамасын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы өткен жылдың соңында Қазақстан басшысының осы бастамасын ресми бекіту туралы тиісті қарар қабылдағаны белгілі. Сөйтіп, әлем жұртшылығы үстіміздегі жылдан бастап 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде атап өтетін болады.
Қ.Саудабаев кездесу соңында Жапония жағына бұрынғы Семей полигоны аймағын қалпына келтіру бағытындағы гуманитарлық көмегі үшін ризашылық білдірді. Мұның жөні де бар. Мысалы, Жапония БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей өңірі бойынша қарарының қосымша авторы ретінде көрініп қана қоймай, 1999 жылы Токиода бұрынғы Семей ядролық полигоны проблемалары бойынша халықаралық конференция өткізудің бастамашысы болды. 2006 жылы Жапония Үкіметі БҰҰ-мен бірлесіп “Бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағында адам қауіпсіздігін кеңейту” жобасын жүзеге асыруға 2 млн. доллар грант бөлу туралы шешім қабылдады. Осылардың алдында, дәлірек айтсақ, 2000 жылы Жапония Үкіметі өңірге медициналық құрал-жабдық алу үшін 6 млн. доллар бөлсе, 1998 жылдың наурызынан бері Қазақстан аумағындағы ядролық сынақтардың салдарын зерттеу жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізіп келеді.
Атом қаруының зардабын әбден тартқан, оның қасіретін тікелей көзбен көріп, жүрекпен сезінген ел ғана осындай ізгілікті қадамдарға бара алса керек.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Жапонияға ресми сапары келесі күні одан әрі жалғасып, ол екіжақты кездесулерге толы болды.
Самат МҰСА – Токиодан.