Ағаш көркі – жапырақ» дегендейін «газет көркі – ел хабары» деуге болады. Ол аз. Газет қалың бұқаранікі болу үшін елмен қоян-қолтық айқасу керек. Қайткенде газет елмен айқасады? Әрине, елдің өз тұрмысын өзіне, айнаға түсіргендей ашық көрсеткенде.
Ішкі-сыртқы хабар, үкіметтің қаулысы, бұйрық-жарлығы, съездің протоколы елдің оқуына онша қызықты көрінбейді. Жоғарыдан шыққан дерексіз терең сөз, терең саясат, қарапайым ел қазағына жат нәрседей көрініп, әрі ұғымсыз, әрі жалықтырғыш болуында сөз жоқ. Газетке елдің селқос қарауының бір себебі: өз мүддесін сөйлейтін, қышыған жеріне дөп келетін сөздердің аз басылуынан деп жоруға болады.
Бұған кім жазалы? Газетші ме, хабаршы ма? Әрине, екі жақта да бар: «апама жеңгем сай». Бұл бәріміздегі жалпы мін, жалпы салақтық, жалпы дерт, не десең сол.
Елге арналып шығатын газетті ел оқымаса, өйткені жанына жағымды, тісі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ. Кім көрінгенге қолжаулық, майлық, шылым орауыш тағы бірдеңе болмақ. Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар. Жұрт жазбаса, ішіндегісін тауып жазатын газетші тәуіп те, пайғамбар да емес («ғайыпты пайғамбар да болжамаған» деген қазақ нақылы пайғамбар да өзіміздей адам деп білгені). Ел мұң-мүддесін айтып, жетпегеніне жеткісі келсе, «алма піс, аузыма түс» деп қарап жатпай, газетшінің құлағын бұрай беру керек.
Тұрмыс – тырбанғандікі, заман – еңбекшінікі. Ырыс – еңбекте. Тұрмыс ырысы еңбекке тірелген заманда нендей игілікті болса да еңбекші жұрт өз талабымен, өз күшімен табу керек. Әлеумет ісі көппен, көмекпен, науқанмен істеледі. Сол науқан салатын әлеумет ісінің бірі – газет.
Ел: «жазбасам – маған серт, баспасаң – сағат серт!» деген жолға түссе, сонда газет елдікі болады. Сонда жұрт газетті қызығып оқитын болады. Газеттен пайдаланады.
Рас, газетке не болса, соны баса беруге болмайды. Газет елдің келесіне, жалпысына керекті сөзді басады. Сәрсембайдың аттан жығылғаны, Бейсембайдың ұйқысырағаны, Жұмабайдың арақ ішкені тәрізді қара су ұрттаған құрлы жұртқа пайдасы жоқ сөздерді газет баса алмайды. Газет шамасы келгенше көпке өнегелі болған уақиғаны, шын сөзді басуға тырысады. Бірақ қайғы сол: біреудің біреу ертоқымын ұнатпаса да әлеумет жұмысымен шатастырып, «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» мөлдіретіп, газетті адастырады. Сөйтеді де газетшіге өкпелейді. Өтірік айтса, жала жабылса жауапты болармын деп жұрт ойламайды. Қиыншылықтың бір үлкені – осы.
Ел газетке не жазу керек? Енді соған келейік.
Тіршіліктің тұтқасы – шаруа. Шаруасыз күнелтуге болмайды. Оны бәріңіз білесіз. Өнер, ғылым, саясат, әдебиет, адамгершілік... – бәрінің шығатын жері де, қоятын жері де шаруа. Шаруа оңалмай, басқа игілік те орнамайды.
Ендеше, жұрт алдымен шаруа жүзіндегі мүддесін жазу керек.
Қазақ шаруасының ұлтандысы – мал өсіру. Олай болса, мал шаруасы жайынан жазылуға тиіс. «Малдың несін жазамыз» деп абдырау жарамайды. Ең болмаса, мына сұрауларға жауап жазылып отырса да шаруа жайы көрінеді:
Қыс қалай өтті? Күйзеушілікке, жұтқа шалдыққан ел бар ма? Жауын-шашын қалай? Шөп шығымды ма? Жұға ма? Малдың ауруы, індеті жоқ па? Болса, қай елде? Ауруға, індетке қандай шара, нендей ем істеліп жатыр? Әлде істелмей ме? Дәрігер көмегі тие ме? Ұры, қасқыр тағы да сондай төтеннен жолығатын шығындар қалай болып тұр? Оларға қарсы қандай қам істеледі? Әйтпесе, қам істеуге үкіметтен көмек сұрауға ойланушы болды ма? Малдың нарқы немене? Ел малын саудагерге сата ма? Ұйымдар, кооперацияларға өткізе ме? Оларда қайсысы тиімді? Мәселен, бойдақ қойға неше кез киермендік шыт беріп жүр? Мал тұқымын асылдауға, елдің керек-жарағын жетістіруге ашылған ұйым, артель, кооперациялар бар ма? Жоқ болса неліктен? Әлде елді алыпсатарлар қанап жүр ме?
Егін салушылардың мүддесі не? Тұқым, сайман, жері жоқтықтан егін сала алмай қалған елдер кімдер? Қарызға ақша беретін серіктік дүкендерінен ақша алып пайдаланғандар бар ма? Алтын қарызы, астық қарызы деген сөздерді жұрт ұғынып, пайдасына көзі жетті ме екен? Алушылар шығымы қалай болатын? Шегіртке, саршұнақ деген зиянгерлер жоқ па? Бар болса, жер бөлімдеріне аян ба? Білдірілді ме?
Қоныс алған, жерсіз қалған, отырықшы болған, бола алмай жүрген елдердің жайы қалай? Қолынан келмей, жөнін білмей отырған қандай мұң-мүддесі бар? Жер сатушы, жер жалдаушылар жоқ па? Жер дауы қалай тынышталып бітеді? Бітірушілер бар ма? Көрші ұлттармен жер жайында шекісу жоқ па?
Одан кейінгі газетке жазылатын сөз: ел басқару – әкімшілік, билік жайынан болуға тиіс.
Ел ішіндегі кеңес қызметкерлері: ауылдық сәбет, болыстық исполком, милиция, инструктор, халық билері, тергеушілері. Осылардың қызметі, тұтынған бағыты, кедей табына әперіп отырған теңдігі, қызметіне жарамды-жарамсыздығы, ересен жақсы, орасан ұят істері, кеңсе қағаздары қазақшаға айналуы, қызметкер табылуы, оның кемшіліктері, пайдасы, қазақ тілімен жүргізуге кедергілер, болыстарды біріктірудің-аудандаудың салдары, ел партиясы, кедейлер оянуы, елдегі коммунист ұялары, мүшелері, олардың қызметі, болыстық исполкомдарға көмегі, шекісуі, жастар ұйымы, олардың маңызы, қызметі, жиылысы, қаулысы; әйел теңдігі: қалың мал алу, оған тыйым салыну, жесір дауы, құн, барымта; соттардың дау бітіруі, елдің тынышталуы, болмаса жолсыз істер, лау міну, салық жию жұмыстары қалай өтеді – міне, осының бәрі газетке басылатын елдің күйінді, керекті мәселелері.
Жазылуға тиісті хабар: оқу-оқыту, мектеп, мұғалім жайы.
Мектеп жабдығы, мектеп шығыны ел мойнына артылғаннан бері мектептер шағындалып, мұғалімдер іріктеле бастағаны мәлім. Бірақ сол шағын мектептің өзін ел қамтамасыз етіп, баласын оқытып отыр ма, жоқ па? Оқытпаса, мектепке салқындықтың себебі не? Қай елде қанша мектеп, мұғалім бар? Оқуына құнтақты ма? Осылар жайынан жоғарғы мекемелер толық мағлұматы бар деп айтуға болмайды. Өйткені мұндағылар жер-жердің баяндамасынан ғана біледі. Жеріндегі оқу мекемелерінің өзі де «пәлен елде пәлен мектеп бар, пәлендей бала оқиды...» деген сияқты ұзынырға есеп болмаса, ел мектептің ішкі жайы-күйімен, ішкі сырымен таныс бола алмайды. Өйткені жылында бірлі-жарым келіп кеткен инструкторлар мектеп жайымен толық танысу мүмкін емес. «Қыстай пәлен бала оқып шықты» деп отырған мектепте бір-екі-ақ ай онды-бесті бала оқып, анығында мұғалім «қарақшы» болып қалатыны мүмкін нәрсе. Ұлы съезде, болмаса мекемеде қашып отырып оқыған, тыңдаған баяндамалар есте қалмайды. Сондықтан елдегі оқу жайын ел кісілері жазбай, дұрыс мағлұмат алу мүмкін емес. Елдің оқуға көзқарасы, қатынасы, істеген қамы, салдырған мектебі бар ма – бұл да жазылуға тиіс.
Алдымызда сауатсыздықты жою келе жатыр. Адамның жүзден 96-сы хат танымайтын қазаққа бұл қалпында, аспаннан шұға жауса да ұлтарақ тимейді. Бостандық, теңдік, әділдік, тыныштық, береке, өнер, білім, саясат, қысқасы, қандай жақсы ниет, таза мақсат болса да надан адамға қонбайды. Алдымыздағы қауырт жұмыс сол надандықтың ұясын бұзу. Ол үшін алдымен әліпби оқытып, хат таныту керек. Ана жылғыдай сауатсыздықты жоюға шартық мұғалімдер шығып, лау мініп, қыз-қатынды жинап, елді әбігер қылады деп ойламау керек. Бұл жолы жұмыс тәртіппен істелетін сиқы бар. Міне, ел осы туралы жазғаны да жөн.
Тағы бір жазылатын хабар – жұмысшылар тұрмысынан болу керек.
Қазақстанда түрлі кәсіпте жұмысшылар бар: балықшы, тұзшы, көмір, мыс, алтын кендерін қазушы, былғары, тері зауытында, жүнде, отын кесуде, сал ағызуда, пароход – баржыда, шойын жолда жұмыс істеушілер бар. Міне, солардың тұрмысы, ұйымы, алған теңдігі, болмаса көрген кемдігі қандай екені газет бетінде көрініп отыру керек.
Адамның салт-санасына өзгеріс кіргізетін тұрмыс – кәсіп. Жұмысшылар тұрмысы ел кедейінің тұрмысынан анағұрлым айырмасы бар. Еңбекшілер, кедейлер табы дегенде бетке ұстайтынымыз сол жұмысшылар болмақ. Тап сезімі алдымен соларда оянбақ. Олай болса, жұмысшылар тұрмысынан жазу – керектің керегі.
Қысқаша айтқанда, елдің газетке жазатын хабарлары мынау:
Шаруа жайы;
Әкімшілік, сот жайы;
Әйел теңдігі, жастар тұрмысы;
Оқу жайы;
Жұмысшылар тұрмысы.
Газетке не жазу керектігі бұрын да талай айтылған, қақсалған әңгіме. Сөйтсе де, «баспасөз күнінде» тағы айтамыз. Өйткені анда-санда есіне салып отырмаса, ел ұмытып, салақсып кету қаупі бар.
Ендігі тілек: сөзді ұзартпай, шұбатпай, қысқа, тиімді қылып жазуларыңызды басқарма сұрайды. Әрине, ол мүмкін болғанша.
Ж. А.