Руханият • 11 Желтоқсан, 2019

Алматыдағы Сирек кітаптар музейіндегі «Тибби Юсуфи» - Жүсіп медицинасы

717 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тарихи–мәдени мұраны кеңінен жариялау, мұражай жәдігерлері мен жиынтықтарын сақтау, зерттеу және көпшілікке ұсыну, ғылыми, мақсатында құрылған «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайында халықтың рухани байлығының қайнар көзіне айналған жазба жәдігерлердің алғашқы қолжазба нұсқасынан қазіргі заманауи полиграфиялық өнердің терең иірімдерімен сабақтаса дамыған кітап күйіндегі тарихын баяндау, халыққа көрсету мақсатында атаулы күндер мен оқиғаларға байланысты кітап көрмелері ұйымдастырылып, мектеп оқушыларына, студенттерге лайықты тақырыптық экскурсиялар, лекциялар, әр түрлі дәрістер жүргізіліп тұрады.

Алматыдағы Сирек кітаптар музейіндегі «Тибби Юсуфи» - Жүсіп медицинасы

Сирек кездесетін кітаптар музейінің ғылыми қызметкері Д. Абдрахановтың «Тибби Юсуфи» - Жүсіп медицинасы» зерттеуі музей қорындағы XVI ғасырда өмір сүрген, Мәулана Юсуфи атымен танылған – Юсуф ибн Мұхаммед ибн Юсуф әт-Табибтің «Тибби Юсуфи» медициналық трактатына арналады әрі Орта Азия медицина тарихына қысқаша дикурс болып табылады.

«Қазақ жеріндегі медицина тарихына тоқталып өтсек, бұл аймақта медицина саласы ерте кезеңдерден бастап дами бастағанына көз жеткізе аламыз. Оған дәлел – археологиялық және этнографиялық деректер. Мысалы, Павлодар-Ертіс өңіріндегі Қараоба обасынан табылған әйелдің, Батыс Қазақстандағы Сайқын станциясы маңынан табылған ер адамның, Тараз қаласы төңірегінен табылған жауынгердің бассүйектері, Орталық Қазақстандағы Қарабие мекенінен табылған адамның қаңқасы Қазақстанда өмір сүрген емші-дәрігерлердің емдеу ісімен, әсіресе хирургиялық әдістермен ертеден-ақ таныс болғанын көрсетеді. Орта ғасырларда медицина саласына одан сайын шарықтай түсті. Ал Орталық Азияда дүниеге келген және Орта Азияны мекен Әбу Әли ибн Сина (980-1037 жж.), әл-Фараби (870 – 950 жж.), ибн Мансұр, Мұхаммед Хайдар Дулати (1499—1551 жж.) сынды ғұламалар медицина ғылымында елеулі із қалдырған» делінген ғалым еңбегінде.

Орағасырларда Орталық Азияда кеңінен тараған медициналық еңбектердің бірі XVI ғасырда өмір сүрген Юсуф ибн Юсуф әт-Табиб әл-Хиравидің «Тибби Юсуфи» шығармасы.  Мәуләна Юсуфидің өмірбаяны туралы жетерліктей дерек жоқ. Ол Хорасанның Хаф өңірінде дүниеге келген. Әкесі де атақты дәрігер болған және «Айн әл-хайат» («Өмір бұлағы») шығармасының авторы. Жас кезінде Мәуләнә Юсуфи отбасымен Гератқа көшіп, сол жерде «Дар аш-шифа» медресесінде ұстаз-дәрігерлерден дәріс алған. Хижра жыл санауымен 932 жылы (1526 жыл) Бабыр Шахпен бірге Гераттан Үндістанға көшеді. Ғұлама Үндістандағы ұлы Моғолдар патшалығының І-ші падишаһы Захиреддин Мұхаммед Бабырдың жеке дәрігері болып қызмет атқарды. Бұл уақытта дәрігер Юсуфтың жазған медициналық еңбектері Үндістан, Мәураннахр, Хорасан жерлерінде кеңінен тарала бастады. Захиреддин Мұхаммед Бабыр дүние салған соң Мәуләна Юсуфи Хумаюнның жеке дәрігері болды. Тарихта қызметіне байланысты «табиб», шыққан тегі мен жеріне байланысты «Хирави», «Хорасани», «Махалли», «Карши» лақабтарымен танылған Юсуф әл-Хирави еңбектерінің ерекшелігі, ол еңбектерде атақты Әбу Әли ибн Синаның атақты «Дәрігерлік ғылымның ережелері» атты шығармасында да кездеспейтін емдеу тәсілдерін қамтиды және медицина тарихында алғаш рет жеке жасаған дәрілік рецептердің көмегімен жұқпалы ауруларды емдеу тәсілін енгізген адам болып есептеледі. Бұл шығармалардың тағы бір ерекшелігі – бұл трактаттардың жазылу үлгісі. Юсуф әл-Хирави жазу барысында поэзиялық стильді қолдануы, яғни, емдік методиканы өлең шумақтарымен жеткізіп отырған. Юсуф әл-Хиравидің медицина және басқа да білім салаларында жазған шығармаларың Үнді-Ислам әдебиетіндегі орны ерекше. Шығармаларының ішіндегі ең танымалдары: 3 бөлімнен тұратын «Жәуәхир әл-лұға» - 1 бөлімінде адам органдарына арналады, 2 бөлімі жеңіл және күрделі дәрі түрлері және 3 бөлімі денеге байланысты аурулар мен түсінітемелері берілген шығарма; «Бахр әл-жауахир фи тахқиқ әл-мустәләхати әт-тиббия» – хижра жыл санауы бойынша 924 жылы (1518 жыл) танылған, алфавиттік жүйемен жасалған медициналық сөздік және энциклопедиясы (бұл шығарма көптеген анатомиялық, паталогиялық, фармацевтикалық көрсеткіштерден тұрады).

Ал жете тоқталуды қажет ететін медициналық еңбек «Тибби Юсуфи» немесе «Жамиу әл-фаваид фи тибб», «Жамиу әл-фаваид фи иләжи емрази» атауларымен танымал еңбек. Бұл еңбек «Рубаият әл-Юсуфи» деп те аталады. Қазіргі таңда әлемнің көптеген кітапханаларында көптеген атаулармен кездесетін бұл шығарма, көптеген аурулар мен ол аурулардың емі рубаилар (төрттаған түріндегі өлеңдер) түрінде жазылған бірде бір еңбек.

РМК «Ғылым ордасы» Сирек кездесетін кітаптар музейінің қорындағы «Тибби Юсуфи» қолжазба кітабы да жоғарыда аталған жазу стилистикасынан ауытқымастан түркі тіліне аударылған. Бұл шығарманың және басқа да араб, парсы, үнді және басқа да шығыс және батыс медицинасының мұраларының кеңінен таралуы Орта Азия және қазақ жеріне тән медцина саласының дамуына үлкен үлес қосқан.     

                                                                                       

АЛМАТЫ