Қоғам • 12 Желтоқсан, 2019

Жақсылыққа толы Жастар жылы

1427 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жастар Мемлекет бас­шы­сы­ның атау­лы жылдың қорытындысына арналған жи­ында тәуелсіздікті сақ­­тауға және жастарды қолдауға байланысты айтқан пікірлері мен ұсы­ныс­тарына ерекше назар ауда­­рып, өз ойларымен бөлісуде.

Жақсылыққа толы Жастар жылы

Абзал САРИЕВ,

Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің Әкімшілік және құқықтық жұмыс басқармасының үшінші хатшысы:

Жастар жылының жабылуына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мына шындықты есте ұстау керек: Елдің тәуелсіздігін, оның аумақтық тұтастығын ха­лық­­аралық ұйымдардың да­уыс бе­руі­мен емес, ақылмен, сауатты жүргізілген ішкі және сыртқы сая­сат арқылы сақтау керек. Халық өзінің тәуелсіздігін күш­ті, татулықты ту еткен мем­ле­кеттің аясында ғана сақтай алады. Сондықтан ең бастысы – Тәуел­сіз Қазақстанның іргетасын әлсі­­рет­пеу», деген сөзі маған қат­ты әсер етті. Мұны барша қазақс­тан­­дық жас үнемі есте ұстауы ке­рек.

Сонымен қатар Жастар жылында көптеген игі іс атқа­рыл­ға­нын айтқым келеді. Өскелең ұр­пақ­ты қолдау мақсатында бас­па­на­мен жəне жұмыспен қамту, сапа­лы əрі қолжетімді білім беру ісі қолға алынды. Мәселен, ірі ша­һар­­ларда еңбек етіп жүрген жастарға 9 мың пәтер берілмек. Оны жалға алу құны айына 15 мың теңге ғана. Мұндай баға тіпті шалғай аудандарда да жоқ шығар.

Қазақстанның ке­ле­­шегі – жас­тар. Яғни, ел тә­уел­­сіздігін сақ­тау, аумақтық тұ­­тас­тығы мен тұрақтылығын қам­та­ма­сыз ету де жастардың міндеті. Сон­дық­тан әлеуметті, егемен, бір­тұтас мемлекетті сақтап қалу үшін Тәуел­сіз Қазақстанның ірге­та­сын бе­рік ұстауымыз қажет.

Біздің жастарымыз – өте та­лантты. Олардың жетіс­тік­­теріне бүгінде әлем елдері таң­­да­на­ды. Таяуда  ғана Нью-Йорк­те концерт берген Димаш Құдай­бер­ген төрткүл дүниені мойындат­ты. Осындай жетістіктер Қазақ­с­тан атауын биікке шығара бере­тіні анық. Ол үшін замандас­та­рымды талмай еңбектенуге шақырамын.

 

Жадыра БАЙБҰЛАНОВА,

ақын, «Дарын» сыйлығының лауреаты:

Тарихқа үңілсек, елімізге – тұтқа, егемендігімізге тұғыр болған – жалынды жастар. Әріге көз салсақ, бәтуалы биіміз Қаз дауысты Қазыбек би он төрт жасында елін даудан, жерін жаудан қорғап, шаршы топта қаймықпай сөз бастапты. Үш жүздің басын қосқан Абылай хан жиырма жасында жауына жайдақ шауып, ұлы ерлік жасағаны есімізге түседі. Одан беріде, «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болған» Сұлтанмахмұт, «Мен жастарға сенемін» деген Мағжан да Алаштың ақ таңын аяулы ақын-жүрегімен жастық шақтарында жырлаған. Тағылымды тарихымызды зерделеген Шоқан да отызға жетпей-ақ орасан зор еңбек атқарыпты. Мұндай мысалдар өте көп.

Ойлап қарасақ, кемеңгер бабаларымыз осынау өнегелі істерін дәл қазіргі біздің жасымызда-ақ жасаған! Бабалар ізін жалғаған бүгінгі жас буын «мен мемлекет үшін қандай іс атқардым?» деген сұраққа толғанар болса, келешегіміздің кемел болары сөзсіз. Сондықтан Жастар жылын қорытындылағанда, әр адам бұл жыл маған не берді деп емес, мен елге не бердім деп есеп беруі тиіс сияқты. Десек те, Жастар жылы осымен тәмамдалды деу – ағаттық. Елдің болашағы – жалынды жас ұрпақ десек, әлеуетімізді арттырып, абыройымызды асқақтатар алдағы әр жылды – жастар жылы деп есептеймін.

 

Айдар Мұхамбетов,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті:

Қазір студенттерге берілетін мемлекеттік шәкіртақы 20 мың теңгенің айналасында. Жаңа жылдан бастап, Президенттің тапсырмасымен айына 25 мың теңгедей төленетін болды. Оқуым тегін, жатақханамен қамтылсам да, 20 мың теңге бірде жетсе, бірде жетпей қалатыны белгілі. Ай сайын шотымызға ақша салып отырған ата-аналарымыз үшін 5 мың теңге­нің өзі үлкен көмек. Жыл сайын та­мақ пен киім-кешек құны тұрақты қым­баттап отырғанын ескерсек, Үкімет біз секілді ақшасын негізінен тамақтану мен киінуге жұмсайтын жастарды кезекті рет демеп отыр. Анау айтқ­андай көп қаражат болма­ға­нымен, символикалық жа­ғы­нан бұл мемлекеттің жастарды, соның ішінде студенттерді ұмы­тпайтынын көрсеткендей. Жас­тар жылы аясында тек көпшілік мерекелік шаралар мен форумдар ұйым­д­астырылып қана қоймай, жа­с­тардың өздері үшін пайдалы шешімнің қабылданғанына ризашы­лы­ғымызды жасырмаймыз. Менің ойымша, Президенттің тапсырмасы студенттерге мемлекет тарапынан материалдық көмекті көбейтуге бастама болуы керек. «Ер тоқымы алтыннан жасалса да, шәкіртке көмектес» дегендей, жастардың терең білімді және жан-жақты болып қалыптасуы үшін оларға көрсетілген көмек ешқашан артық болмайды.

 

Бижан САДЫБЕКОВ,

Шымкент қаласы бойынша Жастар ресурстық орталығы «Қоғаммен байланыс және ақпараттық талдау» бөлімінің басшысы:

2019 жыл – жастар үшін жағым­ды болды деп айтуға толық негіз бар. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Жастар жылы жарияланып, Үкімет оны жүзе­ге асырудың Жол картасын қабыл­даған еді. Соған сәйкес, жас­тар­ды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, білім алу, жұ­мыс­пен қамту, бизнесті дамыту, жас отбасын қолдау сынды шаралар қарастырылды.

Қазіргі таңда Шымкент қала­сын­да 264 мыңнан аса жас бар. Олар жалпы қала халқының 26 па­йызын құрайды. Жастар саясатын үйлестіру мақсатында Жастар ресурстық орталығы жан-жақты қолдау білдіріп, олардың бастамаларын жүзеге асыру бағытында қызмет көрсетеді.

Орталықта мемлекеттік бағ­­дар­­ла­маларды насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтар болсақ, жұ­мыссыз жастарға қолдау көрсету және өз кәсібін ашуға мүмкіндік беретін «Жас кәсіпкер», «Бастау бизнес», қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жобалары бар. Сонымен қатар еңбек өтілі жоқ ЖОО түлектері үшін қолға алынып жат­қан «Жастар тәжірибесі» және қоғамдық жұмыс пен әлеуметтік жұмысқа арналған жобалар да маңызға ие.

Осылайша Жастар жылы шырайлы Шымкент шаһарының жастары үшін жағымды жаңа­лықтармен аяқталды. Мемле­кет басшысының Жарлығы бойынша келер жыл Волонтер жылы деп жарияланды. Бұл саланың да жастарға қатысы бар екенін ескерсек, 2020 жылдан күтер жаңалығымыз көп.

Жастар жылының жабылу салта­на­тында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қолынан Алғыс хат алдым. Бұл – еңбегім­нің бағалануы ғана емес, маған артылған үлкен сенім деп есептей­мін. Ел үшін еңбек етуді жалғас­ты­ра беремін.

 

Бекзат СМАҒҰЛОВ,

«Дарын» сыйлығының лауреаты:

Жастар еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі екені белгілі. Ата-бабамыз «Ерім дейтін ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын?» деп айтып кетті. Қазіргі таңда Қазақстанда ерім дейтін ел де, елім дейтін ер де бар. Бұған мысал 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануы. Осы кезеңде өскелең ұрпақты қолдау үшін көптеген жұмыс атқарылды. Жастардың жағдайын жасау үшін нақты шаралар қабылданды.

Таяуда «Дарын» сыйлығын иелендім. 1991 жылдан бері беріліп келе жатқан бұл сыйлық өнер және мәдениет қайраткерлерін марапаттауға, оларды құрметтеуге арналды. Бұған дейін еліміздің елеулі, халқымыздың қалаулы көптеген азаматы осы марапатқа ие болды. Соның қатарынан көрінгеніме өте қуаныштымын. Әрине, бұл жүлде ғана емес, маған артылған үлкен жауапкершілік деп білемін. Алдағы уақытта бойдағы бүкіл қарым-қабілетімді елімнің дамуына, мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне арнап, өз үлесімді қосу үшін тер төгуді жалғастыра беремін.

Тәуелсіздік күнінің қарсаңында өткен Жастар жылының жабылу салтанатының маңызы ерекше. Мұндай шаралар еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас­тарды таныстырады. Бұл бірлікке, ынтымаққа бастайды. Ортақ жобалар жасап, ел дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.