Қоғам • 13 Желтоқсан, 2019

Шәкіртақының көбеюі жетісулық студенттерді шаттандырды

265 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай жаңа жылдан бастап еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің шәкіртақысы 25 процентке көбеймек.

Шәкіртақының көбеюі жетісулық студенттерді шаттандырды

Нәтижесінде, арнаулы оқу орындарында сабақты үздік оқитын студенттердің шәкіртақысы 19 272 теңгеден 24 090 теңгеге дейін өсетін болса, басқа санаттағы білімгерлердің де 16 759 теңге стипендиясы 20 948 теңгеге дейін жоғарылайтын болды. Сондай-ақ, жоғары білімді бакалавриат және магистратура жүйесі бойынша алатын студенттерге төленетін стипендия мөлшері де артады. Қазір бакалавриаттағы студент 20 949 теңге шәкіртақы алса, енді ол 26 186 теңгеге дейін өседі. Ал магистр-білімгерге бүгінде 53 530 теңге төленсе, ол көбейе келе 66 913 теңгені құрамақ. Мұнан бөлек, докторантурада білімін шыңдайтын болашақ ғалымдар үшін де қуанышты жаңалық бар. Мәселен, жас ізденімпаз қазір 81 998 теңге шәкіртақы алса, енді ол 102 498 теңгеге дейін ұлғаяды.

- Мен 4 жыл бакалавриатта, 2 жыл магистратурада оқыдым. Негізгі табысым стипендия еді. Студент болған күннен 20950 мың теңге стипендия алдым. Ал магистрант болғанда 53530 мың теңге алдым. Бұл қаражат менің күнделікті өмір сүруіме, коммуналдық қызметтерді төлеуіме жетіп отырды.  Енді 3 жыл докторантурада оқимын. Докторанттардың стипендиясы 82 мың. Жаңа-жылдан бастап ол 102500 теңге болады. Бұл дегеніңіз бүтін бір отбасын асырауға жететін қаражат.  Сондықтан стипендияның 25 пайызға өскеніне қатты қуанып отырмын. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде мен сияқты грантта оқитын сегіз жүзден астам студент бар. Олардың арасында  жақсы үлгерімі үшін жоғарылатылған стипендия алатындары қаншама. Білім алған жылдарымызды мемлекетіміз стипендиямен қолдап отырса, бізге бұдан артық не керек?  Сөзсіз  9 жыл бойы алған білімімді елімнің дамуына  арнаймын.   Қуанышты хабармен еліміздің барлық студенттерін құттықаймын және жетісулық студенттер атынан Президентке  алғыс білдіремін, - дейді І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 1-курс докторанты Айым Тынысханова.

 

 

Алматы облысы