26 Наурыз, 2010

БАС ҚАЛА БАРЫС ЖЫЛЫН ҚАРСЫ АЛДЫ

648 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Тарлан тарих үшін тым қысқа болып есептелетін осы жылдар аралығында Наурыз шын мәнінде Ұлыстың ұлы күніне, мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне айналды. (Президент Н.Ә.Назарбаевтың Наурыз мейрамына арналған мерекелік кештегі сөзінен). Наурыз сонау көне дәуірден бері күн мен түннің теңелуі, барлық тіршілік атаулының оянып, табиғаттың жаңаруының бастауын білдіретін мейрам ретінде тойланып келе жатқаны белгілі. Парсы тілінен аударғанда “ноу” – “жаңа”, ал “руз” – “күн” деген мағынаны білдіретін мейрам еліміз тәуелсіздігінің таңы ағарып атар алдында алғаш рет тойланғаны баршамызға мәлім. Қазіргі кезде жылдан-жылға мәні мен ма­ңызы артып келе жатқан айтулы мейрам қазақ даласының әр түкпірінде ерекше бір ықы­лас­пен тойланып, дастарқанның бас мәзіріне ұсы­нылатын наурыз көже және алуан түрлі ұлттық салт-дәстүрлер мен ойындар өзіндік сипатымен айшықталуда. Биылғы Наурыз мейрамы да еліміздің жер-жерінде лайықты түрде сән-салтанатымен атап өтілді. Айтулы мерекенің еліміз бойынша басты алаңына айналған Аста­нада Наурыз елорда тұрғындарын нағыз той қуанышына бөледі. Осы күні қаланың ортасын бөліп тұрған Есіл өзенінің сол жағалауында тұрғызылып жатқан бірегей ойын-сауық ор­та­лы­ғы – “Хан шатыр” алдындағы алаңға халық көп жиналды. Мұнда мерекенің ресми бағдар­ла­масы мемлекеттік филармонияның әртістері мен эстрада өкілдерінің қатысуымен басталып, “Тіршілік бастауы” атты театрландырылған про­­логпен жалғасты. Соңынан мереке “Жігіт­тер”, “Үркер”, “Бәйтерек” топтары және Мә­ди­на Сәдуақасова, Рамазан Стамғазиев, Астана қаласы шығармашылық ұжымының қойған концертімен қорытындыланды. Жалпы, осы күні мейрам Астананың барлық жерінде, атап айтқанда, қалалық саябақта, “Жастар” сарайы­ның жазғы алаңында, “Атамекен” этно-ме­мориалдық кешенінде, Қаржы министр­лі­гі­нің алдындағы алаңда, “Көктал” шағын ауда­нында, “Тұлпар” ипподромында, “Бәйтерек” мону­мен­ті мен Оқушылар сарайы алдындағы алаң­да, “Өндіріс”, “Интернациональный”, “Желез­но­дорожный” және басқа да қалаға іргелес жат­қан кенттерде кеңінен аталып өтті. Осылар­дың ішінде “Хан шатыр” ойын-сауық ор­та­лы­ғы алдындағы алаңда өткізілген мейрамда қала­ның жоғары және орта арнаулы білім орда­ла­ры мен түрлі мекемелері киіз үйлер тігіп, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық ойын­дарын көрсетіп, соңынан айтыстар ұйым­дастырғаны астаналықтар мен қала қонақтары­ның ыстық ықыласына ие болғанын атап өткіміз келеді. Мұнда №1 және №2 өнер мек­теп­­терінің оқушылары Наурыз мерекесін бей­нелеген жұмыстарын ұсынса, қалалық меди­ци­налық колледждің студенттері алтыбақан теуіп, жұмбақтар мен жаңылтпаштар жасырып, домбырамен ән айтты. Содан кейін мақал-мә­телдер жарысын ұйымдастырып, “Беташар” дәс­түрінің қойылымын көрсетіп, “Салтанат”, “Армандастар”, “Құдаша”, “Көктем” секілді би­­лерді билесе, №54 мектеп пен “Метро” көтер­­ме сауда орталығының қыз-жігіттері киіз үй ішінде ойналатын “Санамақ”, “Орамал тас­­тау”, “Соқыр теке”, “Ұшты-ұшты”, “Сақина жасыру”, “Қассың ба, доссың ба?” атты ұлттық ойындарды көрсетіп, келген қонақтарды мәз-мейрам қылса, №38 мектеп-лицейдің ұжымы сәлемдесудің он түрін көрсету арқылы шетел қонақтарын қазақ халқының сәлемдесу дәстүрі­нің көп екендігінен хабардар етті. Бұл оқу ор­нының тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Ақсымбат Төлеуханованың шә­кірттері ұсынған болашақ келіннің ұзатылу алдында туған-туысқандарымен “Сыңсу” қош­та­суы ерекше әсер қалдырғанын атап өткен жөн. Жалпы, биылғы Наурыздың баршамыз үшін маңыздылығының орасан екендігін елімізде Барыс жылынан бастап, Ұлыстың ұлы күніне заң арқылы мемлекеттік мәртебе берілгенінен көруге болады. Бұл мейрам 1989 жылы алғаш рет ұйымдастырылған кезден бастап есептесек, биыл осымен он бірінші рет өткізіліп отыр. Елімізде жылдан-жылға айтулы мейрамға мемлекет тарапынан баса назар аударылып келе жатқаны белгілі. Өйткені, Наурыз – достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі. Халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Сол себептен бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, жалпыға ортақ болып, ұлттар мен ұлыстардың ұйытқысына айналып отыр. Осы мақсатты жүзеге асыру керектігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та жұртшылық алдында білдірген пікірлерінде бірнеше мәрте қадап айтқан болатын. Мемлекет басшысы өткен жылдардан бері Наурызды жаңа жыл ретінде ресми атап өту жөніндегі көзқараспен келісетінін, өйткені, оны жылдың басы, жаңа күні деп есептейтінін атап көрсетіп келеді. Мәселен, Президент осы орай­да “тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған, алайда, бір замандарда халқымыз оны жоғалтып алды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін төл мере­ке­мізді біз қайтадан жаңғырттық. Бұл мереке әр уақытта халқымызда іргесі сөгілмеген бірліктің, еңселі ерліктің, ырыс пен бақ-берекенің мерекесі болып саналатын. Қыстан, қиыннан шыққан халқымыз бір-бірімен қауышып, төс түйістіріп, ағайынның аманшылығын біліп, өткенге салауат айтып, келешектен бақыт тілеп, наурыз көже ішетін болған. Бұл күні ұрысқан ағайын табысатын, ренжісіп қалған жастар қайтадан татуласып, махаббаттарын арттырып, бас қосатын, барлық жаманшылық ұмытыла­тын, жақсылыққа қарай бет бұратын кез болған. Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз түбінде өз мерекемізге келуіміз керек”, деген болатын. Ал биылғы құттықтауында да Президент еліміздің жаңа жылы Наурыз мерекесімен бас­та­луы тиістігін қадап айтты. “Жалпы ойлап қа­рағанда, біздің Жаңа жылымыз осы мерекеден бас­талса дұрыс болар еді. Қытайлар өздерінің жаңа жылын ақпанда, кәрістер де өз күнтізбелері бойынша мерекеледі. Біз Жаңа жылымызды әлі күнге дейін бірінші Петр енгізген қаңтардың бірінен бастап жүрміз. Биыл біз Жаңа жы­лы­мызды кең ауқымда, бүкіл халықтық деңгейде, көте­ріңкі көңіл-күймен, ерекше салтанатпен жаңа мазмұнда тойлағалы отырмыз”, деді Елбасы. Міне, Наурыз мейрамының еліміз үшін, халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін Мемлекет басшысының оған өте жоғары мән беруінен-ақ айқын түсінуге болады. Ендеше құтты болсын Наурыз той, бақыт әкел Барыс жылы демекпіз. Дастан КЕНЖАЛИН.