Тәуелсіздік және Елбасы! Бұл қос ұғымды біз бір-бірінен бүгінгі күні де, Мәңгілік елдің мәңгілік тарихынан да ешқашан бөле-жара қарай алмасымыз анық. Өйткені Елбасы Қазақ елін бір ғасырдың еншісіне де сыя қоймастай тарихи жолдан алып өтсе, Қазақ елі дүниенің төрт бұрышына ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен танылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 12 маусымда өзінің президенттік қызметіне кірісу рәсімінде: «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері», деп ақыл-парасат сөзін айтса, біз де осы пікір төңірегінде ой түйгелі отырмыз.
Кешегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін біздің бұрынғы Көкшетау облысындағы Ленинград ауданының Чистяков кеңшарында үлкен партия жиналысының өткені бар-ды. Бұл шаруашылық қой өсіретін болғандықтан, тұрғындары да кілең қазақтар еді. Мінберге бұрынғы тың көтеруші, ендігі аудандық партия комитетінің хатшысы шығып, қазақтардың «жақсылықты білмейтіндіктерінен бастап», Колбиннің Қазақстанды көркейтуге келгендігін дәріптеп, бұл ауылда қазақтардың тым ұлтшыл болып бара жатқандықтарын атап көрсетіп, «осы ауылға кіреберіс жол үстіндегі зираттағы әр қабірдің басына қойылған барлық айшықты алып тастаңдар» деп шаруашылық директоры мен партком хатшысына түнерді. Жүздері қарайып кеткен ауыл басшылары жерге қарады. Сол бір қысыл-таяң сәтте ауыл мектебінің директоры Сара Тілеубайқызы орнынан тұрып:
– Жақсы, хатшы мырза! Сіз ең әуелі ана аудан орталығының іргесіндегі орыс моласындағы барлық крестерді алғызып тастаңыз, біз де содан кейін ата-бабаларымыздың қабірінің басындағы айшықтарды жұлып тастармыз, – деп хатшының аузына құм құйып, жол тауып кеткені бар еді. Міне, біздің бертінге дейін жалғасқан осындай сорақылықтан көзіміз ашылмағаны ақиқат жайт.
Әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағы ыдыраған тұста Қазақстанның экономикалық та, әлеуметтік те жағдайы аса қиын болды. Мұны көз көрді. Дүкен сөрелері бос қалып жатты. Жаппай жұмыссыздық жайлады. Өзге дүниені қойып, қара сабын іздеп сабылдық. Міне, сол жоқшылық пен таршылық, айнала төңіректегі қарулы қақтығыстар мен берекесіздік белең алып бара жатқан тұста, кеудені «осы біз қазақ өз бетімізбен ел бола аламыз ба екен?» деген күдік пен күмән кеулеп, соны ойласаң болды, ұйқың шайдай ашылар алакөңіл шақта Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздікті тұғыр етіп, тарих сахнасына шықты.
Ұлтаралық қарама-қайшылықтар мен түрлі көзқарастарды ортақ бір мүддеге – татулық пен бірлік мүддесіне тоғыстыра білген Назарбаев саясатын әлем мойындады. Бұл да Қазақ елінің абыройы! Осы бір Назарбаев саясатын әлемнің мойындағандығының бір көрінісі мынау болса керек. 2014 жылдың 24 наурызында Еуропаның төріндегі Гаага қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа дүбірлі дүниенің бүгінгідей дүрлігіп тұрған шағында қырмызы қызғалдақтың «Президент Назарбаев» деп аталатын жаңа түрі таныстырылды. Қырдың топырағынан нәр алды дейтін сол қырмызы қызғалдақтың нәзіктігіндей адам үміті де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бүр жарған-ды!
Әлем көне тарихтың беттерінен өшпейтін тағы бір тарихи оқиғаны біледі. 2010 жылғы желтоқсан айының 1-2-сі күндері Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының Астана саммитін өткізу арқылы Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жылдар бойы үні шықпай келе жатқан осы беделді жаһандық ұйымның қадір-қасиетін сақтап қала алды және осы ұйымның тоқыраудың аз-ақ алдында тұрған қызметіне қан жүгіртіп, Еуроатлантика және Еуразия кеңістігінде сенім мен бірлікті орнықтырудың тағы бір маңызды қадамына жол ашты. Осылайша дүбірлі де дау-дамайлы, қарулы қақтығысы да дүние тіршілігінің жүйкесін жұқартып тұрған бүгінгі әлем проблемаларын адамзат мүддесі үшін жұдырықтай ет жүрегіне сыйғыза білді.
Адамзат мүддесі демекші, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы күнгі әлемдік дау-жанжалдарды, қарулы қақтығыстарды бейбіт жолмен, келіссөздер арқылы реттеу жолындағы бітімгершілік саясатын да әлем жоғары бағалады. Бүгінгі әлемнің тынысын тарылтып, қызуын көтеріп тұрған Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу бағытындағы түрлі көзқарасты жақтардың Астана қаласында сан мәрте кездесулері бұл мәселедегі Таяу Шығыстың қатып қалған тоңын жібітіп, бұрын қарудың тілімен ғана сөйлесіп келгендердің енді парасаттылық тілімен, дипломатиялық тілмен сөйлесулерін бастап берді.
Елбасының тәуелсіздік жылдары атқарған еңбегінің аясы мен ауқымы өте кең әрі ешбір өлшемге сыймайды десек, артық айтпаспыз. Өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына Астана қаласын салып орнықтыра білгендігінің өзі неге тұрады! Және де тәуелсіздік жылдары айдай әлемнің бір-бір бөлшегін даламызға әкеліп орнатып бере алған Елбасы бүгінгі астананы салу арқылы барша қазақ жұртын егемендік жолында ерлік жасауға талпындырса, туған Отанымызды бүкіл әлемге мойындатып, өз халқымен бүтін дүниені сүйсіндіре білді. Өз басым қазір елорданы Елбасының қазақ баласы үшін соғып берген ұлы ескерткішіндей қабылдаймын.
Біз – тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінің куәгер ұрпақтарымыз! Қазақ елі тәуелсіздігінің жиырма сегіз жылдан бергі бар тарихы мен тағдыры да, жүріп келе жатқан жолы мен асқан асуы да, тар жол тайғақ кешуі де, дәуірлеп өсуі мен өркендеуі де біздің көз алдымызда болып жатыр. Біздің әрқайсымызға Жаратушы Иеміз тәуелсіздік тарихын жасаушы да және соны жазушы да сыйын берді! Енді тек осы тәуелсіздігіміздің ғұмырлы, іргетасы берік те тұғырлы болуы үшін әрқайсымыз хал-қадерімізше үлес қоса берейік дегім келеді.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі
КӨКШЕТАУ