Жеке адамға қатысты осындай еріктілік құндылығы тірі организм ретінде ұлтқа да тән. Демек кез келген жеке адамның арманы сияқты әр ұлттың арманы да – өзінің және өз ұрпағының азат болуы, өз тағдырын өзі шешуге құқылы болуы, тарихтағы өз жолын таңдауға ерікті болуы, өз болашағына еркін таңдау жасау мүмкіндігі. Осы құндылықтардың маңызы мен үшін Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің 4-курсында оқып жүрген 1986 жылғы желтоқсанның 16-18 күндері ашылды. «Қазақстанға басшы етіп елге белгісіз біреу жіберіліпті» деген суыт хабардың «лениндік ұлт саясатын», «әр ұлттың өз тағдырын өзі айқындауға еріктілігі» принциптерін күнде қайталап, Құрандай жаттап отырған саяси санасы ашық және «коммунистік партияның сара да дана саясатына» сенген студенттердің сеніміне атылған оқтай әсер еткені рас. Жастықтың жалынымен қақаған аязға қарамай атырылып алаңға шықтық.
Ұлттық намысы тапталған қазақ жастарының жалын атып еліміздің сол кездегі Брежнев алаңына аттандап шығуы – небәрі бес-ақ жылдан кейін арайлап ататын егемендік таңының алдындағы қапас түннің ең бір қараңғы сәтін серпілткен алғашқы белгісіндей еді. 33 жыл бұрынғы егемендік жолындағы қазақ халқының соңғы көтерілісі – Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінің ішінде жүріп, көзбен көрген суреттер әлі күнге есімде.
Қақаған аязға қарамай, атылған суық судың астында, кеңес режімі жендеттерінің темір сойылдары мен арсылдаған иттеріне төтеп беріп, жарылған бастарын таңып алып, көзден аққан ыстық жасымен мұздап қалған қолдарын жылыта жүріп, қарлыққан дауыстарымен «Менің елім, менің жерім, гүлің болып егілемін...» деп, «Менің Қазақстанымды» ұрандата алаңды жаңғыртып жүрген қазақ жастары...
Айналада түндегі қақтығыста өртенген машинаның қаңқасы.. Жер-жерде қармен араласып қатып жатқан қан дақтары... Солдаттар ұрып-соғып, итіне талатып, құлап қалғандарды машиналарына тиеп әкетіп, қалғандарын алаңнан 200-500 метрдей жерге дейін қуып тастайды...
Әуелде ҚазМУ-дың заң факультетінің оқу корпусынан оқытушылар мен коммунист-комсомол белсенділерінің шебін бұзып, атырылып шыққандағы курстастар алаңға жеткенде бір-бірімізден адасып, енді өзіміздің топтан мен, қос Айгүл – Жүсіпова мен Ибрашева және Шолпан Жүнісова төртеуіміз бір-біріміздің қолымыздан тас қылып ұстап алып, бірге қашып келе жатырмыз.
Соңымыздан түскен прожектордың жарығынан алдымыздағы көлеңкемізді көрдік, біздің көлеңкемізге енді солдаттардың көлеңкесі қосылғанда артымызға қарасақ, дүркірей қашқан нөпірдің соңғы жағында қалыппыз. Ал көрініс – бұрын-соңды өмірімізде көрмеген, тек соғыс туралы кинодан көрінетін сұмдық сюжет сияқты – қатар-қатар құрсаулы саппен жүгіріп келе жатқан солдаттардың темір қалқандары жерге дейін жетеді, алдыңғы саптарында арсылдаған иттері бірге жүгіріп келеді. Алаң асфальтына соғылған керзі етіктің күрсіліне иттерінің арсылы, оған қоса қолдарындағы сойылдарымен темір қалқанды соққан дауысы қосылған азан-қазан сұрапыл шу адамның жанын түршіктіреді... Жанымыз көзімізге көрініп, ышқына жүгіріп келе жатқанымызда, сол жақтан бір жігіттердің: «Қыздар! Бері, бері қашыңдар!» деген айғайы естіліп, тура жолдан солға қарай жалт бұрылып, екі қабат үйлердің ауласына қарай жанталаса жүгірдік. Қараңғыда жанұшыра жүгіріп келе жатып, сол екпінмен алдымыздан қазылып қойған адам бойындай орға ұмар-жұмар құлап түстік. Тұра келсек – орда он-он бестей түрік жігіттері, екі Айгүлмен үшеуміз. Шолпан жоқ. Қайда түскенімізді білмей шошып тұрған бізге түрік жігіттер қазақша сөйлеп: «Қыздар, қорықпаңдар! Біз сендермен біргеміз. Бұғыңдар, қазір солдаттар кері қайтады, сол кезде шығамыз», дейді. Өздері Алматы маңындағы Қаскелең, Талғардан келіпті.
Жарты сағаттай өткенде алаң жақтағы айғай-шу басылғандай болғасын ордан шықтық. Ендігі ойымыз төртінші құрбымыз Шолпанды табу. Жол жаққа шыққандағы көрініс соғыс алаңын елестетеді – алаң бойы сойылдан құлап, айғайлап көмек сұраған қыз-жігіттер, оларды сүйрелеп, машинаға тиеп жатқан солдаттар, сол баяғы арсылдаған иттер...
Кенет алдымыздағы бір үйдің қабырғасынан ағараңдаған Шолпанның тонына ұқсайтын бейне көрінген соң солай жүгірдік. Жақындап келсек, шынымен Шолпан екен. Алдында ұзын бойлы бір солдат темір сойылын оның кеудесіне көлденеңінен қойып, үйдің қабырғасына жабыстыра ұстап тұр. Қастарына ентіге-ентелей жүгіріп келдік. Еңгезердей орыс жігіті екен, құрбымыз солдаттың бетіне жәудіреген көздерімен қиыла қарап тұр. Кішкентай ғана сүйкімді қыздың мөлдіреген қара көздеріне көзі түскенде, қол көтеруге дәті бармаса керек, сірә. Келе сала оған: «Біз демонстрант емеспіз, сабақтан шығып осы маңдағы үйімізге келе жатқан студенттерміз, өтінеміз, жібере салшы...» деп, бар жанымызды салып, жалынып жатырмыз... Әлгі солдат әрқайсысымыздың бетімізге кезек-кезек қарап, біраз тұрды да үнсіз ғана бұрылып кете бергені... Өзіміз сияқты өрімдей жас солдаттың мәрттігіне біз де риза болып, артынан алғысымызды жаудырып жатырмыз.
Осылайша адасып қалғандарымыз бір-бірімізді тауып, табысып, шұрқырасып қалдық... Солдаттар Үкімет үйінің ғимаратына жақын жердегі трибуна маңындағы алғашқы позициясына қайтып барды. Араға жиырма-отыз минут салып, ес жиған жастар да алаңға олардың артынан «Менің Қазақстаным»-датып қайта беттеп барады...
Кенет топтың арасынан: «Отырыңдар! Отырыңдар!» деген дауыстар естілді. Отырдық. Айнала қалың нөпір отырған кезде басына ораған ақ дәкеден қызыл қаны шығып тұрған бір жігіт тұрған күйі қалды. Сөйтсек, басқалары отырған кезде тұрған адамның дауысы алысқа жетеді екен. Түрегеп тұрған жігіт қарлыққан даусымен ышқына айғайлап: «Қыздар! Сендер қайтыңдар! Жігіттер! Біз қайтпаймыз! Қалайда үш күн, үш түн шыдаймыз! Бүкіл әлем бізге қарап отыр! Қазақтар қорқақ екен, бір рет таяқ жеп еді – қашып кетті демесін! Намысты қорғаймыз! Қазір поршень зауыты мен АДК-ның күндізгі сменнен шыққан жігіттері келеді! Түнгі смендегілер сендер жұмысқа барыңдар! Жігіттер! Қыздарды қорғаңдар!» дейді...
«Қазақ халқы өзінің бүгінгі тәуелсіздігіне тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген сөздермен қалған жоңғар шапқыншылығы кезеңінен басталып, орыс отаршылдығына, одан кейінгі кеңестік қитұрқы саясатпен жалғасып, соңы кешегі Желтоқсандағы ұлтжанды, намысшыл, рухы биік жастардың көтерілісімен аяқталған небір нәубеттерді, өрескел қиянат пен мехнат-азаптарды қайсарлықпен жеңе отырып жетті. Осындай қиын-қыстау замандарда қазақ халқының «қансыраған кездері болды, бірақ қаза болған жоқ, есеңгіреп соққы алған кездері болды, бірақ есінен адасқан жоқ, сүрінген кездері де болды, бірақ сұлаған жоқ», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталы сөздері халқымыздың азаттық – тәуелсіздік жолындағы өткені мен бүгінін айқын суреттейтін сарабдал баға.
28 жылда «балаңдықты» артқа тастап, жалындаған жігіт жасына енді ғана жеткен мемлекетіміздің экономикалық-әлеуметтік, саяси-қоғамдық, халықаралық қатынас салаларында қол жеткізген қуатты жетістіктері, әрине ізгі ниетті әр азаматтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялататыны анық. Бүгінгі егемендігіміз – ғасырлар қойнауынан жеткен бабаларымыздың тасқа қашап жазып кеткен «Мәңгілік ел» деген ұшқыр қиялының жемісі, орындалған арманы. Бүгінгі егемендігіміз – найзасының ұшымен, білегінің күшімен болашақ ұрпақ үшін жан алысып, жан беріскен ұлы бабаларымыздың қабыл болған дұғасы, біздерге табыстаған аманаты. Аманатымызға адал болып, келешек ұрпаққа табыстау – бізге парыз. Еліміздің егемендігі құтты, берекелі және баянды болғай!
Мариям ҚАРАБАЕВА,
Алматы қалалық сотының судьясы