Хаттамаға Мәскеуде 2018 жылғы 22 тамызда қол қойылды және онда «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жөніндегі жобаны іске асырудың негізгі шарттары мен қазақстандық және ресейлік тараптар арасында жобаның іске асырылуын қаржыландыруды бөлу туралы айтылады.
Хаттама ережелеріне сәйкес қазақстандық тарап: ресейлік тарап жалға алатын объектілер құрамынан шығарылғаннан кейін базасында «Бәйтерек» кешенін құру көзделетін «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін ұстауды және пайдалануды; «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін реконструкциялауды және жаңғыртуды; старттық және техникалық кешендерді пайдалану бойынша персоналды дайындаудың оқу-жаттығу құралдарын жасауды; Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктерінің құлау аудандарын бөлуді; телекоммуникациялық және ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Хаттамамен «Зенит-М» ғарыш зымыран кешенінің объектілерін жалдаудан шығару және оларды қазақстандық тарапқа беру және экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары орта класты тасымалдағыш зымырандарды пайдалану көзделген. Қаралып отырған Хаттаманы ратификациялау және оның кейіннен күшіне енуі Қазақстанға жерүсті ғарыш инфрақұрылымының меншікті объектілерін пайдалана отырып, іске қосу қызметін жүзеге асыратын мемлекеттердің қатарына қосылуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бүгінгі отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасында Еңбек кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» және «Кәсіптік одақтар туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.
Атап айтқанда, заң жобасында: еңбек шарттарын есепке алуды автоматтандыру мақсатында еңбек шартын электрондық нысанда жасасу тәртібін бекітуге; жұмыс берушілердің жұмыскерлерге еңбек және тұрмыс бойынша лайықты жағдайлар жасау жөніндегі міндетін белгілеуге; азаматтардың мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде жұмыс берушінің көрсетілген уақыт кезеңіне жалақысы сақталмайтын демалыс беру жөніндегі міндетімен толықтырыла отырып, жұмыс орнын сақтауға; отбасының науқас мүшесіне күтімді жүзеге асыратын жұмыскерлерге толық емес жұмыс уақыты режиміне құқық беруге бағытталған нормалар, сондай-ақ жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді бағалау және басқару негізінде еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізуге бағытталған түзетулер ұсынылып отыр.
Заң жобасының нормаларын жан-жақты талқылау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ кәсіптік одақтар органдарының өкілдерімен жұмыс кездесулері ұйымдастырылды. Жұмыс кездесулерін еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігіне, кәсіптік одақтардың қызметін жетілдіруге, еңбек саласында құқықтық және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасының ережелерін іске асыру тетігімен байланысты мәселелер талқыланды.
Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік атқарушы органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар Д.Мыңбай, Ж.Дүйсебаев, Р.Ким, А.Қоңыров, Д.Еспаева, А.Перуашев.