Азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің (бұдан әрі – Кодекс) 50-ден астам бабына өзгерістер енгізілді.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрін тіркеу, қайталама куәліктер мен анықтамалар алу бойынша эксаумақтық қағидат енгізілді. Енді қайталама туу туралы куәлік қажет болған жағдайда азамат қай аймақта туғанына қарамастан, кез келген тіркеуші органға барып, қайталама туу туралы куәлігін ала алады.
Ата-аналардың таңдауы бойынша смс-хабарлама арқылы тууды проактивті жолмен тіркеуге болады.
Анасының жеке басын куәландыратын құжатының болмауына қарамастан, баланың тууын тіркеу және туу туралы куәлік беру мүмкіндігі қарастырылған. Осы орайда, балаларда туған кезінен бастап азаматтықтың болмауы мәселесі шешіледі.
Сонымен қатар дефис арқылы қосарланған есімдер мен әкесінің атын жазу мүмкіншілігі қарастырылған. Мысалы: егер әкесінің аты Әли-Асқар болса, баланың әкесінің атын Али-Аскарович немесе Әли-Асқарұлы деп көрсетуге болады.
Бала Қазақстан Республикасынан тыс жерде туған және сол мемлекеттің туу туралы куәлігі болған жағдайда тууын тіркеуге негіз болатын құжаттардың тізімі кеңейтілді.
Мысалы, балаға Өзбекстан Республикасында туған жері бойынша туу туралы куәлігі берілген болса, жаңа түзетулерге сәйкес нақты туған жері көрсетілген қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлікті баланың ата-анасы тіркеуші органнан алуына болады.
Аталған новелла ата-аналарға мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекке тұру, денсаулық сақтау ұйымдарына тіркелу, жәрдемақы алу, қарыз жүктемесін алып тастау және т.б. мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға мүмкіндік береді.
Азаматтық хал актілерін тіркеудің кейбір түрлері олардың автоматтандырылуына байланысты алынып тасталды.
Екі куәліктің: асырап алу немесе әке болуды анықтау және туу туралы куәліктің орнына тіркеуші орган баланың жеке және ата-анасы туралы мәліметтері көрсетілген туу туралы куәлік қана береді.
Сот шешімі негізінде неке бұзуды тіркеу тәртібі автоматтандырылды. Аталған мәліметтер Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі және неке қию туралы акт жазбасына некенің бұзылғандығы туралы белгі қойылады.
Азаматтардың мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алуға болатын құжаттарды (сот шешімдері, медициналық анықтамалар, Қазақстан Республикасында тіркелген актілер туралы ақпарат және т.б.) мемлекеттік органдарға ұсыну қажеттілігі жойылды.
Жоғарыда аталған барлық новеллалар азаматтардың уақыт және қаражат шығындарын қысқарту, сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету процесін цифрлы форматқа көшіру мүмкіндігін береді.