Ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде қалады және 42 500 теңгені құрайды.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі 1500 теңгеге артып, 31 183 теңгені құрайды.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 7% - ға арттырылады, бұл ретте оның ең төменгі мөлшері 38 636 теңгені құрайды. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 5 %- ға ұлғаяды, оның ең төменгі мөлшері 16 839 теңгені құрайды.
Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері күнкөріс деңгейінің мөлшеріне, мүгедектіктің тобы мен себебіне, асыраушысынан айырылған жағдайда - асырауындағы адамдар санына және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне байланысты болады.
Мәселен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 5% - ға арттырылатын болады.
Мысалға, келесі жылдан бастап жалпы аурудан мүгедектікке берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына байланысты 32 431 теңгеден 59 872 теңгеге дейін болады.
Асыраушысынан айрылғандарға берілетін жәрдемақы асырауындағы адамдар санына байланысты 26 818 теңгеден 65797 теңгеге дейін болады. Сонымен бірге жетім балаларға әрқайсысы үшін 36 796 теңгеден беріледі, бірақ отбасының барлық мүгедек мүшелері үшін 79 829 теңгеден аспайды.
Бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы көбейеді: бірінші, екінші және үшінші балаға - 100 776 теңгеге дейін (38 АЕК), төртіншісі үшін - 167 076 теңгеге дейін (63 АЕК). Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бір жасқа дейінгі баланы күтуге ай сайынғы жеңілдіктер: бірінші балаға - 15 276 теңге (5,76 АЕК), екінші балаға - 18 061 теңге (6,81 АЕК), үшінші балаға - 20 819 теңге (7,85 АЕК), төртінші және одан кейінгі балаларға - 23 603 теңге (8,9 АЕК).
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы табысына қарамастан төленеді, мөлшері 16 973 теңгені құрайды.
Мүгедек баланы кәмелеттік жасқа дейін тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушысына, қамқоршысына (қорғаншысына) тағайындалған және төленетін жәрдемақы мөлшері 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 43 657 теңгені құрайды (1,4 ЕТКД). Осындай мөлшерде бала кезінен бірінші топтағы мүгедек баланы күту бойынша жәрдемақы төленеді.
12 желтоқсанда Сенат «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау саласындағы міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және мемлекеттік-жеке серіктестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қабылдады.
Бірінші Заңда еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде пайдаланылатын параметрлерді өзгерту көзделген. Бұл төлемді орташа есеппен 30% - ға арттыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, бұрын 100 мың теңге мөлшерінде орташа айлық табысы және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі 5 жылдан астам болған жұмысынан айырылған адам үшін төлем сомасы 30 000 теңгеден 41 600 теңгеге дейін өседі.
Екінші Заң 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізуді көздейді. Бұл жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде тағайындалады: 4 балаға - 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға - 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге.