Руханият • 20 Желтоқсан, 2019

Шәпибаяу

718 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Шәпибаяу

Шәпибаяу… бұл әнді тыңдағанда қиял шіркін еріктен тыс бір сиқырлы сезіммен әлдилеп, әртүрлі көрініс, таңғажайып елес дүниесіне енгізеді. Алтын айы қалқыған мақпал түн. Хаққа мүлгіген тым-тырыс жайлау. Күмістей жалтыраған өзен айдыны. Бір қиырдан жүрек талдыра естіліп жататын жылқышылар әні… төңірек сүттей ұйып, тынып қалған. Иттің де үні өшкен. Ойда жоқта елең еткізетін оқыс дыбыс та жоқ. Дабыр-дүбірі зорға басылатын бір сәу­летті ауыл құлаққа ұрған танадай ұлы ты­ныштық құшағына енген. Тек… тек ауыл шетінде оқшау тұрған боз үйдің шыра­ғы сөнбепті. Аяғын мысықша лыпып басқан жігіт боз үйдің есігін аша қалғанда-ақ кіреу­ке шымылдық алдында мөлдіреп отырған Шәпи қызға таң-тамаша боп, әп-сәтте тілі бай­ланды ма, тәңір-ау, иә, әп-сәтте есін жиып,­ дызылдап тұрған тіліне басқа бір сөз ілінбей:

Дегенде Шәпибаяу, Шәпибаяу,

Атымды талға байлап келдім жаяу-ай!

Атымды талға байлап келсем жаяу,

Шәпи қыз отыр екен ұйқылы-ояу-ай! – деп өз көзіне өзі сенбегендей үздіге ұмсынады, бұдан әрі не дерін білмей.

Жұпар лепті дала түні. Боз үйде сұлулық періштесіндей боп, күлімсіреген Шәпи қыздың осы бейнесін елестетіп көрейікші. Ол дәйім көз алдыңда тіл байлаған тылсым сезіммен өзіне тартып, қол жетпейтін армандай ішқұса ғып, жүректі беймаза күйге түсіреді. Осы құмарлық, іштей бұлқыныстың өзі жан рахатындай сезілетін қандай ғана ләззат десеңізші! Сен сұлулыққа масаттанған бір ессіз мұңлықсың. Дүниенің бар-жоғы қаперіңе де келмейді. Өзіңді-өзің ұмытып, құлай беріліп, Шәпи қызға кірпік қақпай қарап қалыпсың. Не сиқыр бұл?

«Шәпибаяуды» неше рет тыңдасаң да сол бір айлы түн… жеке тұрған боз үй… ақ кіреуке шымылдық алдында мөлдіреген Шәпи қыз дәл осы сәтте жібектей есіліп бара жатқан тәтті әуез бірдеме деуге үніңді шығармай толқытады-ай бір! Тағы да «бұл не деген құдірет!» деймін, мысым құрып. Япыр-ай, қандай жүректің тебіренісі бұл? Әндегі түнгі көрініс, Шәпи қыздың отырысы, сүттей ұйыған ұлы тыныштықты бұзбай балбыраған сырлы әуез толып жатқан ғажайып әндеріміздің қайсысында бар еді? Басқа бір әнге ұқсасайшы… ұқсамайды! Ғайыбынан құйылып түскен сезімнің жан-жүректі елжіреткен әсерімен арбап, адамның асқақ қиялын одан сайын биіктетіп жібереді. Бұл – көшпелі елде өскен дала жігітінің сүйіспеншілік романтикасы!

* * *

«Шәпибаяу» сирек орындалады. Сонысы жақсы. Жиі-жиі айтылатын ән қанша керемет болса да бір күндері тыңдаушысын жалықтырады, ығыр қылады, оған деген құштарлық бірте-бірте салқындай береді. Сөйтіп қатардағы әндердің бірі секілді о бастағы қадір-қасиеті, әсер-күші солғындағандай болып, бұрынғыдай елең еткізіп емірентпейді. Ал «Шәпибаяу» сағындырып-аңсатып жүрсе де, ешуақытта өзінің сыр-сипатын жойған жоқ, құштар жүректің ынтық жыры боп күні бүгінге дейін жан-жүректі баураумен келеді. Тек бір ғана «Бұл қалай?» дегізетін бір жері бар, ол:

А-хо-оу, қайлым жырай,

А-хо-оу, қайлым жырай,

А-хо-оу, қайлым жырай,

пай-пай-пай-пай- а-ай,

бәдәви, бәдәви, арман-ай! – деп үздіктіре айтылып жүрген қайырмасының мән-мағынасы түсініксіз боп жатқанына ешкімнің мән бермеуі. Осы қайырмадағы әр сөзге ойлана қарасаң мұндай мағынасыздықтың қалай болып кеткеніне еріксіз бас шайқап, таңғаласың. Қоңыр үнді баритондар осылай деп, балбыратады, ғажайып романс орындағандай болып. «Шәпибаяудың» жұп-жұмсақ, биязы әуезі, әншінің әсерлі үні ғана жан сүйсіндіреді. Ал мына қайырма… осының «құпия сырын» зерттеп білейінші деген беймаза оймен бір күні консерваторияға келіп, профессор Бекен Жылысбаевпен сұхбат құрдым:

– Беке, «Шәпибаяу» жөнінде пікірлес­сек… бұл әнді өзіңіз ең таңдаулы тенорлар,­ баритондар орындаса деп, бәйек боп жүре­сіз. Оны өзіңізден талай рет тыңдадым.

– Не білгің келеді?

– «Шәпибаяудың» қайырмасы мағына­сыз сөздердің тұрақты тіркесіне айналды, Беке. Осы қайырманы белгілі әншілеріміз… иә, баритондарымыз, үні биязы тенорларымыз үлкен сахналарда рояль сүйемелімен орындап жүр.

– Домбырамен айтатын әншілер де бар.

– Беке, осы шіркіндер «Қайлым жырай», «Бәдәви… бәдәви» дей бере ме?

– Ой, құдай-ай, тіпті кейбіреуі «Бәдәуй» дейді ғой. Анамыз тербеткен тал бесікте әнмен ауызданып, әнмен өстік. Қазақ әні­нің сөзіндей мағыналы сөз жоқ. Оны өз шәкірт­терімнің зердесіне құюмен келемін. «Шә­пибаяудың» әлгі қайырмасы жөнінде «бұлай емес» деу­мен талай рет таусыла сөйлеп, жүйкемді тоздырғандай болдым. Әнші­лер зердесіз боп барады. Орындайтын әні не дейді, оған мән беріп жатқан жоқ. Тек дауысқа баса береді. Бұл жағынан орыс әншілерінен үйрену керек. Олар ән сөзін түсініп орындайды. «Шәпибаяудың» қайырмасындағы жүрегі оттай жанған ғашық жігіттің өзін күтіп отырған сүйіктісін көрген сәттегі таңғалысы… е, ол жай сөзбен бейнелеуге болмайтын махаббат шаттығы емес пе, а? Өзін тағатсыз күтіп отырған періштесін көрген сәтте:

А-хо-оу, қайран жар-ай,

А-хо-оу, қайран жар-ай,

А-хо-оу, қайран жар-ай,

пай-пай-пай-пай-ай,

бөде үй, бөде үй, арман-ай! – деп, бар дүниені ұмытқандай болады ғой, махаббаттың ерке бұланы! «Шәпибаяудың» төл қайырмасы осы… осы! «Қайлым жыр-ай» деген не сөз, ол? Олай емес, «қайран жар-ай!» . Жар сүйіспеншілігі! Сезімнің «аһ» дегізуі, бұл! Ал «Бәдәви» деген не? Сондай да сөз бола ма екен, қазақта, а? Және біздің ана тілімізде «в» деген әріп жоқ қой, тегі, а? Орыстанып біттік пе, не сұмдық бұл? Жүрегім ауырады осы бір сөз үшін де. Қазақта «бәдәви» емес, «бөде» деген ескірген, қолданыстан ұмыт болған сөз. Оның мағынасы бөлек, оқшау, оңаша, жеке, дара деген ұғымды білдіре­ті­нін ескілікті әншілерден талай рет естіп өстік. Бұл сөзімді шежіре көкірек Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Жүсіп­бек Елебеков… осы кереметтерді көп тың­дай­тын Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев және елдегі қарт әншілердің аузынан да естуге болады.

Профессор Бекен Жылысбаев осылай деді де, кристальный таза, күмістей сылдыраған нәп-нәзік үнмен «Шәпибаяуды» тамылжытқанда мен таңғажайып серенада тыңдап отырғандай хал кештім.

Осы оқиғадан кейін, иә, дәл сол бір кезде қыруар халық әндері мен сал, серілердің әндерін жүйелі түрде әнші Қайрат Байбосыновтың орындауында радиоға (бұл кезде мен музыка редакциясының бас редакторымын – І.Ж.) жаздырып жүрген едік. Қайратты редакцияға шақырып алып, «Шәпибаяудың» мән-жайын түсіндіріп, қайырмасындағы мағынасыздықты жөндеуді ақылға салдық. Бекен Жылысбаевтың әңгімесінен кейін Кәукен Кенжетаев, Суат Әбусейітовтермен де пікірлесіп, Жүсіпбек Елебековтің де сөзін тыңдап, анық жайға көзіміз жетті. Қайрат Байбосынов «Шәпибаяуды» бипаздап, төл қайырмасын асық жүректің «аһ» дегізген сезімімен:

Дегенде Шәпибаяу, Шәпибаяу,

Атымды талға байлап келдім жаяу.

Атымды талға байлап келсем жаяу,

Шәпи қыз отыр екен ұйқылы-ояу.

А-хо-оу, қайран жар-ай,

А-хо-оу, қайран жар-ай,

А-хо-оу, қайран жар-ай,

пай-пай-пай-пай-ай,

бөде үй, бөде үй, арман-ай!

Боз үйге ай сәулесі нұрын төгет,

Шәпи қыз сәлем айтып «келсін» деп ед.

Шомылған айдын көлде аққудай боп,

Бұраң бел сылаң етіп шыға келет.

А-хо-оу, қайран жар-ай,

А-хо-оу, қайран жар-ай,

А-хо-оу, қайран жар-ай,

пай-пай-пай-пай-ай,

бөде үй, бөде үй, арман-ай! – деп мөлдірете толғады.

«Шәпибаяу» Қайрат Байбосыновтың орындауында радиодан беріле бастады. Бір күні Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев телефон соғып, ризашылығын білдіріп: – Япыр-ай, «Шәпибаяудың» бағы енді ашылды-ау! Көшпелі елдің нағыз классикалық романсын тыңдағандай болдым, – деді.

 

Ілия ЖАҚАНОВ,

Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнер зерттеушісі