Үкімет • 20 Желтоқсан, 2019

Парламент Сенаты теміржол көлігі мәселелері жөніндегі заң жобасын мақұлдады

239 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл құжат саладағы 3 негізгі мәселені шешуге бағытталған. Біріншісі – жолаушылар тасымалын субсидиялауды оңтайландыру және ашық ету. Екіншісі – жасырын жүк транзитінің алдын алу. Үшінші мәселе – тұтынушылар құқығын қорғауды есепке ала отырып, кірме жолдардың қызметін реттеу. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Парламент Сенаты теміржол көлігі мәселелері жөніндегі заң жобасын мақұлдады

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне теміржол көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы 2019 жылғы 20 желтоқсанда Парламент Сенатында бірінші оқылымда мақұлданды.  

Заң жобасының бірінші бағыты (жолаушылар тасымалын субсидиялауды оңтайландыру және ашық ету) бойынша жолаушылар қозғалысында локомотивтік тартымның жеке операторын құру жоспарланған. Бюджеттен қосымша қаражат қарастырмай-ақ, кросс субсидиялаудан бас тарту үшін жолаушылар тасымалдаушыларын қолдауға жүк тасымалдаушының теңгерімдеуші төлемі енгізіледі. Бұл жолаушылар тасымалының нақты шығындарын көруге мүмкіндік береді. Аталмыш норма жаңа механизмді пысықтау үшін тек бір жыл, яғни 2020 жылы іске асырылады. Өзгерістер нәтижесінде мемлекеттік субсидияны тарату ашықтығы арта түседі. Осылайша, жолаушылар тасымалын субсидиялау механизмі бірыңғай стандартқа келтіріледі.

Екінші бағыт (жүктердің жасырын транзитінің алдын алу) бойынша жүк тасымалдау кезінде ішкі (импорттық/экспорттық) және транзиттік тарифтер бар. Транзиттік тариф ішкі тарифтерден 4 есе жоғары болғандықтан, кәсіпкерлер импорттық-экспорттық тәртіпте жүк тасымалдау арқылы жасырын транзит схемасын қолданады. Осындай тәсілдің себебінен «Қазақстан темір жолы» жыл сайын 16 млрд. теңгеге жуық кірістен қағылып отыр. Соған байланысты жүру жолында тиеп түсіруді және көлік түрін ауыстыру рәсімін қамтитын «жүк транзиті» ұғымы енгізіледі.

Үшінші бағыт бойынша, қазіргі уақытта кірме жолдарды бөлшектеп алу жағдайы орын алып отыр. Яғни, ірі меншік иелері жеке бөліктерді сату арқылы бір кірме жолды бірнеше бөлікке бөледі. Және жаңа тармақ иелеріне жеңілдетілген тәртіпте көрсетілетін қызметтер үшін жоғары тариф бекітеді. Сондай-ақ вагондардың бағыттамалы бұрмалар арқылы жүріп өткені үшін жеке төлем алу оқиғалары кездеседі.

Сондықтан кірме жолдар қызметтерін тұтынушыларының құқықтарын қорғау үшін заң жобасымен келесі нормалар қарастырылған:

1) кірме жолдарды сату және сатып алу шарттарын табиғи монополия саласындағы уәкілетті органмен келісу;

2) қайтадан сатып алынған жолдарға жаңа тарифтер бекіту;

3) тек тұтынушыға дейінгі кірме жолдың қашықтығына төлем алу;

4) бағыттамалы бұрма арқылы ақысыз жүріп өтуді регламенттеу.

Заң жобасын Парламент Мәжілісінде келісу барысында депутаттар жол жүру билеттерін заңсыз сату, қайта сатқаны үшін жауапкершілікке тарту, сондай-ақ құрылыс жобаларын мекемеден тыс кешенді сараптама жасау мәселелері бойынша түзетулер енгізді. Оның ішінде, жеке және заңды тұлғаларға жол жүру құжаттарын заңсыз сату, қайта сату үшін әкімшілік жауапкершілік қайта енгізіліп, айыппұл мөлшері 100-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.