Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2019

Абылай Мырзахметов: Кейбір мәселелерді шешуде асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Абылай Мырзахметов Ұлттық кеңестің екінші отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмаларына қатысты пікір білдірді.

Абылай Мырзахметов: Кейбір мәселелерді шешуде асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ

- Ұлттық кеңестің бірінші отырысында елді толғандырып жүрген барлық мәселелер айтылған болатын. Ал екінші отырыста айтылған мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды. Мәселен жерді тиімді пайдалану, оны заманауи цифрлы технологиямен бақылау, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы квота бөлу, жастарға қоғамдық-саяси лифтілер құру, атаулы әлеуметтік көмек беруде нағыз мұқтаж жандардың алуын қамтамасыз ету деген сынды көптеген өзекті мәселелердің шешімін табуға арналған нақты ұсыныстар айтылды, - деді Абылай Мырзахметов.

Сондай-ақ ол кейбір мәселелерді шешу үшін 2-3 ай аздық ететінін айтты. 

- Мемлекет басшысы жиында кейбір мәселелерді шешу үшін 2-3 ай аздық ететінін айта келе әлі де талқыға салынып, оң шешім шығарылатынын айтты. Расында кейбір мәселелерді шешуде асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ. Осындай диалог алаңдарында талқыға салып, ортақ мәмілеге келіп, дұрыс шешім шығарған жөн. Бұл арқылы халық пен мемлекет арасындағы тығыз қарым-қатынас та орнайды.  Әріптестерімнің айтқан әр ұсынысы қолдау тауып, мәселелердің күрмеуі шешіліп жатқанына қуаныштымын. Мысалы экономика саласындағы салық төлеу, жерді тиімді пайдалану, ақша-несие стратегиясы сынды мәселелерді Мұхтар Тайжан айтып өткен болатын. Екінші отырыста осы айтылған мәселелер оңды шешімін тауып жатыр. Сондай-ақ жалған фирмалар ашып, ақша жымқырудың сан түрлі тәсілдерін істеп жүргендерге қарсы күрес ұйымдастырылатыны айтылды. Бұл көптен бері көкейде жүрген тақырып еді.  Енді бұл іс те бір жолға қойылатын болды, - деді А.Мырзахметов.

Сонымен қатар ол игерілмей, бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану жайын сөз етті. 

- Жерді тиімді игеру мәселесі толық шешілсе, қарапайым халықтың әл-ауқаты әлдеқайда жақсарар еді. Қазір игерілмей, бос жатқан жерлер өте көп. Сол жерлер халыққа ауыл шаруашылығымен, мал шаруашылығымен айналысуға берілсе, игі іс болар еді, - деді ол.