Мерейтойлық датаға орай әр жерлерде Фариза апама арналған һәм бағышталған кештер, еске алулар, дұғалы астар өткізіліп жатыр. Жұрттан апамды сағынған көңілдердің лебізі мен аңсаған жүректердің лүпілі аңқиды. Фариза ақын туралы қаншама жан тебірентерлік пікірлер естимін, көлдей мақалаларды оқимын. Түсінгенім, «Фариза кетті, талантты кісі еді, маған мынадай жақсылығы өтіп еді, бәленшеге бүйтіп еді, түгеншеге сүйтіп еді» деп, соншалықты таланттың – поэзия падишасының өмірден өткеніне «иланған» һәм өлімін «мойындаған» ниеттердің көптігі... Бірақ менің жүрегімде апам әлі менімен бірге, қасымда, күнде дастарқанымда, сөремде, төрімде. Осы уақытқа дейін солай.
...Есімде ғой апамның қайтқан күні... қаңтардың 23-і, ақтүтек боран.... «Жазылып кетеді»… «осы ем курсын алған соң бұрынғысынан жақсарады да, ауруханадан шығып, апам қайтадан қасымызда жүреді» деп ең соңғы күнге дейін ойлаппын. Олай ойламауға себеп те жоқ емес. Ауруханаға барған сайын әдебиет пен өнердің жай-жапсарын әңгіме ететін апам соңғы бір күндерінде ғана «Осыдан аман-есен тұрсам, Астананың төрінде Меңдекешке (Сатыбалдиев) арнап қатырып тұрып кеш өткізем» деді. Сөзі нық, даусы ширақ. Айтса жасайтынына, ойға алса, іске асыратынына мүлде күмән келтірмеймін. Оған себеп сонау жылдары – Астанада әлі жастар жиналатын оқу орындары мен мәдени ошақтар тапшы уағында, рухани ұйымдар мен қаракөздердің тап бүгінгідей көбейе қоймаған шағында Фариза апай өзі ұйытқы болып, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арнап кеш өткізгенде маңайында болдым. Бірнеше ай бойы Сұлтанмахмұттың кітабын қолына алып, қайта «сүзіп» шықты. Бірде үйіне барсам, диванда кітап оқып отыр, мен кіргенде көзілдірігінің астынан «келдің бе?» деп, бір қарады да, «Ал, не жаңалығың бар?» деп ықыласын маған аударды. Амандық-саулық сұрасып, әртүрлі әңгімелерден соң, апамның көңіл күйінің «орнында» екенін түсіндім. Тіпті, апамның ақын көңілінің қанаттанып тұрғанын байқадым. Оған Сұлтанмахмұт өлеңдерінің қатты әсер еткенін де ұқтым. Шай бөлмеге өтіп бара жатып кенет апам: «…Кесені қолыма алып қарай бердім. Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп»… Сұмдық қой!» деді. Сұлтанмахмұттың «Бір адамғасын» айтып, тамсанып, риза болып келе жатыр. Сол шайдың үстінде Сұлтанмахмұтқа арналған кештің сценарийі, сөйленетін сөз, айтылатын ой, оқылатын өлең… барлығы талқыланды. Апамның сіңлісі Элеонора екеумізге дастарқан мәзірін тапсырды. Сонда Элеонора екеуміз 4-5 астау апамның соғымынан арнайы сыбаға-жіліктерімен асып апарғанымыз, оны тарту ретінен шатасып, апамнан «сөгіс» алғанымыз бар-ды. Торайғыров кешін Фариза апам өзі жүргізді. Сол кеште Астанадағы «мен – зиялының» тайлы-таяғы қалмай қатысып, Сұлтанмахмұттың рухы бір шалқыған күн болды. Сол кештен кейін осы елордада Сұлтанмахмұттың есімін айтқан бір мұсылман көргенім жоқ…
Елорда демекші, астаналық болғанымызға да жиырма жылдай уақыт өтті. Сол уақытымның 11 жылдан астамын Фариза апаммен бірге өткізіппін. Апам дүниеден озғалы қаншама жұрт ықыласы естілді. Бірі сағынған, бірі күрсінген, бірі жоқтаған… Арнайы «естелік» кітабы да жарыққа шықты. Жұртшылық «соңғы кезде қасында көп жүрген Елена еді, не дер екен, не жазар екен?» деп күткені де рас. Апам қайтқан сәттен бастап менің телефоныма дамыл жоқ, телеарналар: «Фариза апайдың қайтқанына орай жедел хабар түсіріп жатырмыз, келіп сөйлеңізші» дейді. «Фариза апам менің анамдай ғой, анам оң жақта жатқанда, бетімді бояп алып, теледидарда «олай еді, бұлай еді» деп сөйлеп тұрғаным қалай?» деймін. Олай етуге дәтім де бармады. Күнде өзіммен бірге жүретін Фариза апам туралы «естелік» жазуға да санам мен жүрегімді көндіре алмадым. Тек апам қайтқалы өткізген кештерім мен концерттерімде сахнадан рухымен сырласып келемін. Концерт демекші, Фариза апам менің елордадағы ең алғашқы кешімнен бастап, өмірінің соңғы күніне дейін қолдап, демеп өтті. 2002 жылы Қызылордаға «сыймай», анығы «сыйдырмай», Астанаға келген кезімнен бастап, анамдай қамқорлады. Алғаш келгенінде «тікелей бастығың кім?» деп сұрады. «Меңжамал Әлсейітова деген кісі» деймін. Апам: «А, кәдімгі Меңжамал ма? Ол өзімнің Меңжамалым ғой, дұрыс адам» деді. Меңжамалмен де апамның арқасында туыстай араласып, әлі күнге іргеміз алыстаған жоқ. Енді құрылған елордаға келгенімде есігін ашып күтіп отырған көкеміз жоқ, төрт жыл бір оқу орнының жатақханасында тұрдым. Оны да сол кездегі Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинова алып берген. Жатақхананың жағдайы белгілі, ыстық су, асханасы жоқ, тым ескі. Фариза апам Парламентте депутат. Күн сайын жұмыс аяғына қарай қоңырау шалып: «Есіктің алдында көлік күтіп тұр, шық» дейді де, қоя салады. Апам айтқан соң, апыл-ғұпыл жүгіре түссем, қызметтік көлігімен шопыры Құрман аға күтіп тұрады. Кейде көліктің артында апам өзі отырады да, мен мінер-мінбестен кеттік дейді. Көлік қайқаң ете қалып, заулай жөнеледі. Апам «Тыныштық па, не жаңалық?» дейді, оған менің жауабымнан соң үнсіздік орнайды. Қайда, неге бара жатқанымызды мен сұрамаймын, ол кісі айтпайды. Діттеген жерге жеткеннен соң, бір мейрамханаға, болмаса бір сарайға кіреміз. Фариза апайды қауқылдай қоршап, жапырлай амандасқан жұрттан сәл ығысып, кейін шегінемін. Апам артына жалт қарайды да, «Қайда қалдың? Бері жүр», деп қасына тартады. Қаумалаған жұртқа «Сендер мына Ленаны танисыңдар ма?» дейді. Олар болса маған қарап, танымаса да «А, танимыз! Әрине!» деп шуласады. «Жоқ, танымаймыз» десе, апамнан «Осы сендер неге талантты жастарды білмейсіңдер?» деген «таяқты жейтіндерін» біледі. Апамның тұтқиылдан ілетін мінезі мен жұрттың «шарасыздықтан» туған өтіріктеріне менің әбден айызым қанады. Көп болса 2-3 тост отырамыз, кімнің тойы екенін енді түсініп келе жатқанымда, «мен қайттым, сен неғыласың?» дейді апам, «мен де» деймін.
Кейде апамның үйіне қонып, таңертең жұмысқа депутаттың көлігімен жетемін. Әдетте, көліктердің барлығы басқы кіреберіске жақындай алмайды, тек депутаттар мен министрлердің көліктеріне ғана рұқсат етілген. Фариза апамның айрықша нөмірлі көлігі қайқайып министрлік алдына келіп, мені мінгізіп, не түсіріп кетіп бара жатқаны әріптестерімнің біразының көзіне «күйік» болып, сыпсың әңгіме тарағаны бар. Бірде жатақханамнан жаяулатып, борандатып жетем дегенше жұмысқа кешігіп қалдым. Ентіге беттеп, лифтінің тетігін басып, ішке енсем, лифтіде министрім Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаева тұр екен (ол кезде министрлер, әкімдер жұртпен аз да болса тең өмір сүретін). Мені тани кетіп, амандасып, хал-жағдайымды сұрап жатыр. Басқан нүктеме жеткен соң, жылы қоштасып түсе бастағаным сол еді, тап алдымнан өзімнің қызмет ететін департамент басшысы шыға келмесі бар ма? Көп уақыт өтпей, бастығым шақырып алып, сөге бастады: «Вы кто такая? С опозданием приходите на работу, еще с министром в одном лифте. Как Вам не стыдно? Понимаете! Где субординация?..». Боранның салдарынан кешіккенімді, министрдің лифтіде тұрғанын білмей қалғанымды, тіпті министрмен бірге жай қызметкер лифтіге қатар отырмасын деген заң жоқ екенін айтып түсіндіріп жатырмын, бастығым түсінгісі келмейді. Сөз ләмінен байқағаным, менің кеңселік тәртіпке бағына бермейтінім, бастық көрсе, құйрығын бұтына қыса жылмаңдап кететін ұры ит секілді өзгере қоймайтыным, депутаттың көлігімен «шалқайып» жүретінім ол кісіге «ауыр» тиіп жүрген сияқты. Менің де шыдамым таусылды. «Мынадай жерде жұмыс істемеймін» деп есігін тарс жауып шығып кеттім. Кабинеттен сөмкемді алып, шыға бергенім сол еді, ұялы телефоным шыр етті. Фариза апам! Күннің суықтығын айтып, тоңып қалмадым ба, не жаңалығым барын сұрап жатыр. «Жаңалығым – жұмыстан кеттім» дедім. Апам «Не болды?» деп аң-таң. Болған жағдайды айтып едім, зілді мырс етті. Сол күні жұмысқа бармадым. Ертесіне де бармай, Астананы аралап жүрсем, кеше мені иттей етіп жіберген департамент басшысы телефон соғады: дауыс ырғағы өзгерген, пұшайман болып тұр. «Пожалуйста, приходите» деп жалынады. Не де болса, Фариза апамнан дүмпудің жеткенін және осал тимегінін сездім. Шынында солай болып шығыпты. Менің жағдайымды айтып министр Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаеваға телефон соғыпты. «Анау, директорсымағың сенімен бірге лифтіге неге мінесің деп ұрсатын көрінеді? Бұл не деген ақымақтық? Баяғыда Мұқағалиді да өстіп өлтіріп еді қазақ, ол сендердің ондай кеңселік «тәртіптеріңе» көне алмайды», депті. Фариза апам өмірінде қатты құрметтеген, «Қыз ғұмыр» атты өлеңін арнап аялаған еліміздің қайраткер қыздарының бірегейі Шәмшә Көпбайқызы апама: «Министрмен бірге лифтіге мінбесін деген тәртіп жоқ, адамның бәрі бірдей ғой, апай. Кеңсе қызметкерлерінің кейде осындайы бар…» деп ақталған көрінеді. Айтса айтқандай, бірнеше рет қоңыраудан кейін бастығыма барып, түсінісіп, қайта жұмысқа кірісіп кеттім.
Осылай күнде жұмыстан шығып, не тойға, не кешке, болмаса апам: «Жатақханадасың ғой, етті сағынған шығарсың, үйге жүр» деп алып кетеді. Екеуден екеу бір табақ етті алып, ән-жырымызды айтып, сырласып отырамыз…. Сондай сырласудың бірінде Астанада кеш өткізгім келетінін айттым. Апам: «Дұрыс, ел-жұртқа Астанаға келгеніңді білдіруің керек» деп қолдау көрсетіп, ертесіне жұмыс кабинетінде отырып, Республикалық Кеден комитетінің басшысы Бердібек Сапарбаевқа телефон шалды. «Бердібекжан, сен өзің Қызылордада әкім болғаныңда облысыңның өнерпаздарын Алматы мен Астанаға алып келіп, жарқыратып көрсетіп едің, Еленаны білесің ғой» деді. Бердібек аға ар жағынан мақұлдап жатқан болуы керек, «Сол қарындасың қазір Астанада, ел-жұртқа елордаға келгенін білдіріп, бір кеш жасағысы келеді» деді. Тұтқаның ар жағы көп сөйлеген жоқ, апам тұтқаны қойып жатып: «Шешілді, ертең ағаңа бар», деді. Ертесіне Бердібек аға: «Елена, Фариза апай айтқасын ғана деп ойлап қалма, сенің өнеріңді құрметтейтін екі адам болса бірі – мен, жалғыз адам болса, сол – менмін» деп одан сайын марқайтты. Астананың алғашқы қалыптаспаған қиындау жағдайына, мәдени мүмкіндіктеріне қарамастан, кеш Конгресс Холлда сол кездегі өлшеммен жоғары деңгейде өтті. Оны кеш соңында жарты сағат сөз сөйлеген Әбіш ағаның «Мынау Астананың ақтүтек боранындай Фаризаның мінезінен саңылау тауып, осындай іске мұрындық болдырған сен мықтысың» деп қағыта сөйлеп, жұртты күлдіріп, атап көрсеткені әлі есімде. Бұл 2004 жыл болатын…
Араға оншақты жыл салып 2011 жылы анам өмірден озып, өмірімде үлкен өзгеріс болды. Фариза апамның қамқорлығы мен адамгершілігін сол кезде сезіндім. Анаммен бірнеше рет дастарқандас болғаны бар, сонау 1992 жылы Қызылордаға келген сапарында үйде болып, папамның да көзін көргені бар, арнайы «көңіл асын» беріп, Құран бағыштады. Сол уақытта Фариза апамның да ауырып, Германиядан алғашқы отасын жасатып келген уақыты еді. Жаман ауру күннен-күнге дендеп бара жатқанын түсінсем де, Фариза апамның болмысына қарап дәм-тұзы таусылып бара жатыр деп ойлай алмадым. Ауруханада жатып та, химиясын алғаннан кейін бірауық шақырған шараларға қатысып, сөз сөйлеп, жастарға қолдау көрсетуді бір сәт те тоқтатқан жоқ. Менің анам қайтқаннан кейін, көңілімнің түсіп жүргенін көріп: «Көптен бері үндемей қалдың, сенің де анау Роза, Мақпалдар секілді өз үніңді көрсететін уақытың келген жоқ па?» деп, кежегеміз кейін тартып, үмітіміз үзіле бастағанда алға қарай сілтеген сөзі әлі жадымда. Өзі жаман аурудың 4-стадиясында жүріп, өкпесін сүйретіп «Алтын қыран» қорының Президенті, белгілі өнер мен әдебиеттің жанашыры Исламбек Салжановқа мені өз қолымен апарып таныстырып, алдағы концертіме демеуші болуды тапсыру үшін тек Фариза болып туу керек шығар! Қазіргі замандағы биліктегілердің он екі мүшесі сау, бәленбай шетелдің дардай оқуының дипломын егеленіп, 5-6 тілді игергенімен, біреудің таланты түгілі, қалталарына пайда түспесе ештеңеге селт етпейтінін көргенде ызадан жарыла жаздайсың!
Фариза апам әрбір араласқан адамымен тұрақты болуға тырысатын. Қайсыбір өнерге келген жастың қайдан шыққаны, ата-анасының кім екені, жағдайы қалай екені апамның назарынан тыс қалмайды. Ең алдымен сол адамның бүтінделмей тұрған жері болса, бүтіндеуге, құралмай тұрғанын құрасуға, болмай жатқанын болдыруға ұмтылады. Барлық жан жүрегімен еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген талант көрсе, соны бауырына тартады. Іздейді, сұрайды, тапсырады. Қазір әлем мейірімді ананың символы деп мать Терезаны әулие тұтады. Соңғы кезде ол кісінің де (қара жер хабар бермесін) әртүрлі даулы әрекеттері баспасөз беттерінде жариялана бастады. Тіпті, мать Терезаны айтпай-ақ, туған балаларынан безініп, тастап кетіп жүрген көкек әке мен аналардың көбейіп кеткені біздің қоғамды алаңдатып отырғанда, ағасының тоғыз баласын өз баласындай тәрбиелеп, асырап-баққан Фариза апамның кеңдігі мен адамгершілігіне тең келетін тұлғаны көргенім жоқ. Бұл биіктік пен парасат біздің қазақ қыздарына ғана тән болса керек! Ұлы адамның тәрбиесін алған балаларының да апам қайтқалы жарғақ құлақтары жастыққа тимей, апамның барлық шаруаларына бас-көз болып, Фариза апамның қалдырған өнегесін лайықты жалғап келе жатқанына сүйсінемін.
Сонау жылы Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов Атырау облысының әкімі болып тұрғанда Фариза апамның 60 жылдық мерейтойы өтті. Шераға – Шерхан Мұртаза бастаған жиында Алтынбек Сәрсенбаев, Нұрлан Балғымбаев, Заманбек Нұрқаділовтердің қатысқаны қандай сәнді-салтанатты еді?! Облыс әкімі апама көлік мінгізді. Той соңында Фариза апам барлық атсалысқан азаматтардың басын қосып, дастарқан жайып, қызметтеріне рахметін айтып, құрмет көрсетті, мінген көлігін «Соңымнан еріп келе жатқан талантты қыз, аулыңа жаяу қайтпа» деп маған мінгізді. Жұрт разы болды. Иманғали Нұрғалиұлы «Жігіттер, мына көлікке жоғары білімі бар шопыр табыңдар, көлігіміз Атырауға қайтып келсін» деп қалжыңдады. Апамның ер-азаматтардан артық осындай кеңдігі мен биік парасатын көре алмайтындар да көп болды. Біреулер «Фариза облыс мінгізген көлігін менсінбей, Еленаға бере салыпты» десе, біздің қызылордалықтар, «Елена барып, Фаризаның көлігін сатып алып, «мінгізді» деп айтып жүр» деп күңкілдеді. Фариза апам адамдардың бойындағы көреалмаушылықты, талантты бағаламаушылықты, әйелдерді, қыздарды төмендетуді, аз қазақтың руға, жүзге, жерге бөлінгенін қатты жек көрді. Менің алғаш кешімді бастан-аяқ өткізген Бердібек ағаның ісіне разы болып, «Жалпы, анау руласым, мынау туысым деп бөліну – сандырақ. Азаматтық, адамдық деген ешқашан руға, жерге бөлінбейді» дейтін.
Жалпы, өмірде Фариза апамның сырлас ең жақын екі құрбысы болды. Оның бірі – Өскеменде тұратын білім саласының қайраткері Жәзира Ақатайқызы, екіншісі – мемлекет және қоғам қайраткері Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова. Фариза апам «Ертең мен өлгесін, менің дұшпандарым менен ала алмаған ақысын сенен алады. Сені тірідей жейді» деп ескертіп кетіп еді, осы күні сол сөздің дөп айтылғаны күнде дәлелденіп жүр.
Депутаттық мерзімі аяқталған соң да, апам қарап отырған жоқ. Әрбір өсіп келе жатқан талантты жасқа мейірімін төге алды. Менің және Азамат Есалы, Бауыржан Қарағыз сияқты жас ақындардың Астанадан пәтер алуына тікелей септігі тиді. Апама көптеген шағым айта келген қарапайым жұрттың баласын бақшаға орналастыру, оқуға түсіру, жұмысқа тұрғызу, тіпті ауыр қылмыс жасап істі болған жастардың түрмеден шығуына да ықпал еткеніне өзім куәмін. Фариза апам барда Астанада шығармашылық жастардың «Шабыт» фестивалі өтетін еді де, әр аймақтағы талантты жастардың басы қосылып, мәре-сәре болатын. Соңғы кезде аталған фестивальдан «Әдебиет» номинациясын алып тастағанынан-ақ апамның орны ойсырап тұрғанын көремін.
Ақмола астана болғалы әр қиырдан талантты көптеген жастың солай қарай ағылған кезі. Жаңа астанада әдеби орта қалыптасып үлгермеген шақ. Жастардың барлығы апайды айналшықтайды. Талай жақсы, жас қыз-жігіттердің ішінде Фариза апам мені, жұртқа сүйкімді көрінетін анау айтқан «жібектей» мінезім мен «жіптіктей» құлқым болмаса да, айрықша жақын тұтты. Менің азғантай талантымды бағалағаны болар. Кейде сөйлесіп отырғанда менен «Осы сен бәленшені танисың ба?» деп жоғарыда отырған бір лауазымды кісі туралы сұрайды. «Соны қандай адам деп ойлайсың?» дейді. Мен өз пайымымды айтсам, кейде шегі қатып күледі, бірде үндемей ойланып қалады. Апам неге менен біреулер туралы пікірімді сұрайды деп ойлайтынмын. Қазір сол кезде апамның әрбір ел басқарған адамдардың сапасына, деңгейіне өзінше баға беретінін, оны тануға, түсінуге ұмтылатынын түсініп жүрмін. Сонда менің пікірім арқылы – деңгейімді танығысы келіп және өзінің пайымына нақтылық іздейтінін осы күні сезінемін. Фариза апамдай адамды танып, бағалай білетін көрегендікті ешкімнен көргенім жоқ. Бүгінде ел басқарып жүрген есті деген ағаларымыздың өзі сыртымыздан айтылған өсек сөзге еріп, қарадай қыйтиып, сәлемге жарамай қалғанын көргенде, ешкімнің сөзіне ермейтін, әділдікті қақ жарып, құдайшылығын айтатын Фариза апамды жоқтаған кеудем ұли жөнеледі…
Бірде дастарқан басында халқымыздың әйгілі әншісі Роза Бағланова туралы әңгіме болды. Фариза апай онша мән бере қойған жоқ. Кейбір замандастары Роза Тәжібайқызының сахнадағы еркелігін, болмысын келеке ететінін естіп жүретін едік. Әдеттегідей, «Бағланова туралы не ойлайсың?» деді. Мен жастайымнан Роза Тәжібайқызын пір тұтып, әншілігіне тамсанып келе жатқанымнан бұрын, оның кешегі Желтоқсан оқиғасында билік мінберінде емес, алаңдағы жастардың ортасына барып, әрбір қыз-жігіттің қолынан ұстап, жылап тұрып: «Айналайын, үйіңе қайт. Қазір сендерді мыналар қырып тастайды ғой, аналарың аңырап қалады ғой» деп шап-шағын бойымен жанұшыра жалынып, еңіреп жүргенін көзімен көргендерден естігенімді айтып, Роза апайды Үлкен адам деп бағалайтынымды жеткіздім. Апам: «Әбіш те осыны айтып еді» деді де, үндемей қалды. Арада бір-екі ай өткен соң, бір күні Фариза апам: «Мен жалпы, кісіге көзқарасымды өзгертпейтін едім, бірақ сен менің Роза Бағлановаға көзқарасым мен пікірімді 180 градусқа өзгерттің. Өткендегіден бері сенің сөздеріңді ойланып жүрдім. Роза апай шынында Ұлы адам екен» деді. Бұл апамның әбден көзі жетпей, көңілі иланбайтын, нақты дәлел болмаса, «қашқанға да, қуғанға да серік» күнде көріп жүрген аумалы-төкпелі бисымақтардай емес, адам құнын ақылмен пайымдайтын салиқалы жан екендігінің бір белгісі еді...
Фариза апамның «Аяғыңа жыртық туфли киіп жүрсең де, халықтың сөзін сөйлеп жүріңдер» деген сөзі санамда жатталып қалды. Өз халқын осылай сүйген ақынның болмысы мен шығармашылығына халықтың да махаббаты артпаса, кеміген емес және Фариза апа алыстаған сайын ол махаббат ғасырлардан ғасырларға жалғасып, күшейе түсетініне сенемін.
Фариза апаммен әрбір өткізген уақытым қалған өмірімнің компасына айналғандай. Кейде бір шаруаларды «қалай етсем екен?» деп ойлай қалсам, көз алдыма Фариза апамның бейнесі орнай кетеді. Онымен іштей ақылдасам, мақұлдасам… Соңғы күндерінде қоғамдағы келеңсіздіктерге қатты алаңдады. «Біздің осы уақытқа дейін айтып, жазып жүргеніміздің бәрі «теріс» болып шықты ғой, еңбегіміздің бәрі зая кетті» деп, қоғамда арсыздықтың көбейіп, адамшылықтың төмендеп кеткеніне күйінетін. Әсіресе таланты жоқ, бір өлермендердің шын таланттарды басып-жаншып төрге ұмтылғанын қабылдай алмады. Кейде мен: «Апа, қайтесіз, өмір деген қып-қысқа дүние, оларды да Құдай жаратты ғой» десем, «Сен «кешіру» керек дейсің, өмірде кешірілмейтін дүниелер болады» деп бір-ақ кесетін. Апам қайтқанда белгілі журналист Серік Аббас-Шах «Фаризалардың дәуірі бітіп, Гогалардың дәурені басталды» деп жазып еді әлеуметтік желіде. Осы күні «кешірілмейтін жағдайларды» жиі көріп, күнде «жеңіліп», сәт сайын «өліп» жүрміз.
…21 қаңтар. Түс әлетінде ауруханаға соқтым. Төсегінде түрлі газет-журналдар. Көзілдірігін киіп алып, әдеттегідей кроссворд шешіп, қағазға телміріп жатыр. Ұзақ отырмадым. Түнде апамды түсімде көргенімді айттым. Апам бір жылы жымиып қарады да, үнсіз қалды. Әшейінде өзі «бүгін не түс көрдің?» деп сұрайтын. Мен кейде түс көріп, оны болжап, соларым дұрыс келіп отыратынын білетін. Бір-екі күнде шығатынын айтты. Есіктен шығып бара жатып, артыма қайта бұрылып қарадым. Апамның ауру әбден шаршатқан көзімен қиыла да қимай қарағанын көрдім. Жүрегім солқ етті… Сол қараған жанары әлі көз алдымнан кетер емес…
Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері