Бизнес-омбудсмен институтының жұмысын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы толық қамтамасыз етеді. Аймақтарда орталық және өңірлік деңгейлердегі бөлімше қызметкерлері тартылды. Түптеп келгенде, бұл елдің барлық кәсіпкерлік қауымдастығының мүдделерін шоғырландыру және қорғау үшін қолда бар ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.
Бізде нақты міндет болды, ол – кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау. Бұл, ең алдымен, бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдар, Қылмыстық және Қылмыстық-әкімшілік кодекстерде кездесетін олқылықтар, салауатты бәсекелестікті және отандық бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық рұқсат беру, лицензияға қатысты кедергілер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері.
Бизнес-омбудсмен қызметімен айналысқан 4 жыл ішінде біз Қазақстанның барлық өңіріндегі кәсіпкерлермен кездесулер өткіздік, жиі ұшырасатын проблемаларды талдадық. Бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелерді кәсіпкерлер өздері нақты көрсетіп берді.
Өтініштердің басым бөлігі заңсыз қылмыстық іс қозғау мәселесіне қатысты болды. Жалпы алғанда, Қылмыстық кодекстің репрессивтілігіне қатысты шағымдар саны басым еді. Сондықтан біз экономикалық қылмыстар бойынша қылмыстық заңнаманы ізгілендіру және оны қылмыстық сипаттан арылтуға басымдық бердік. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жасалған рақымшылық нәтижесінде 600-ден астам бас бостандығынан айырылған кәсіпкерлер экономикалық қызметке қайта оралды.
Қылмыстық кодекстің репрессивті сипатының басымдығы мен болмашы құқық бұзушылық үшін жазалау, күдік туындаған жағдайда үш тәулікке қамаққа алу тәрізді шаралар кәсіпкерлерді алаңдатып келді және олардың жұмысына барынша кедергі келтірді. Шын мәнінде, біз Қылмыстық кодекстің экономикалық қылмыстар бөлігін зерттей бастағанда, онда жазалау сипатының басым екеніне көз жеткіздік. Мұндай жағдайда бизнесті дамыту қиын екені түсінікті. Кәсіпкердің әрбір әрекеті қылмыс ретінде бағаланып келген. Екі қайтара оқылымды – түсіндірмені алып тастау үшін кодекстің әрбір бабын мұқият зерттеу қажет болды. Адами фактордың да орын алғаны анық, көбінесе шенеуніктер осындай «олқылықтардың» салдарынан бизнесті тығырыққа тіреген. Осыдан барып жемқорлық тәуекелдері орын алған. Ертеңге деген сенімділікті тек либералды заң бере алады.
Елбасы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында бәсекеге қабілетті отандық бизнесті дамыту қажеттілігі туралы, оны заңсыз әкімшілік қысымнан, қауіп-қатерден және қылмыстық қудалаудан қорғау сапасын арттыру туралы бірнеше рет айтқан болатын. Бүгінде Қазақстанда Бас прокуратурамен бірлесіп, бизнеске қысымды азайту бойынша жүйелі және тиімді жұмыс жүргізіліп жатыр деп батыл түрде аралық қорытынды жасай аламын.
Қылмыстық кодекске түзетулер енгізілді. Бас прокуратура мен «Атамекеннің» экономикалық құқық бұзушылықтар үшін санкцияларды азайту жөніндегі бірлескен ұсыныстары ескерілді. Атап айтқанда, «Жалған кәсіпкерлік туралы» 215-бап алынып тасталды. Егер әрекет алғаш рет жасалса және мемлекет пен қоғамға қауіп төндірмесе, кәсіпкер залалды өз еркімен өтеген болса, жауапкершіліктен босатылады. Мұндай ескертпелер алты бапқа енгізілді. Осылайша, бизнестің тынысы кеңейіп қалды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу рәсімдеріне елеулі өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде экономика саласындағы қылмыстық істерді тіркеу 8 есе қысқарды – 2015 жылғы 8 170 істен 2019 жылдың 11 айында 1013-ке дейін қысқарды. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларына және кәсіпкерлік қызметке келтірілетін кедергілерге қатысты заңнамаға талдау жүргізілді. Бірлескен жұмыс осы мәселелерді шешуге бағытталған.
2018 жылы 24 мамырда Елбасы кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша заңға қол қойды. Нәтижесінде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды.
Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін тікелей қорғау туралы айтатын болсақ, 2016 жылдан бастап 20 мыңнан астам өтініш қаралды, олардың ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ және тұрақты бақылауда болды. Бизнес проблемаларының 70%-дан астамы өңірлік деңгейде шешілді. 2019 жылдан бастап облыс әкімдері Жол карталарына қол қоя бастады.
Бүгінде Қазақстан әлемнің ондаған елімен экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асырып отыр. Сондықтан да біз үшін отандық бизнесмендердің шет мемлекеттердің аумағында өз проблемаларымен жалғыз қалмауы өте маңызды. Осы мақсат үшін мен Ресейдің, Өзбекстанның және Грузияның бизнес-омбудсмендерімен өзара көмек және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдым. Осы елдердің бизнес-омбудсмендерімен өзара іс-қимыл аясында бизнесті қорғау мәселелері бойынша ақпарат алмасу жолға қойылды, кәсіпкерлерге қатысты заңға қарсы әрекеттер жасаған тұлғаларды жауапкершілікке тартуға және олардың мүлкін (тауарларды, ақша қаражатын және т.б.) қайтаруға жәрдем көрсетіледі, сондай-ақ дауларды сотқа дейін реттеуге қатысты шаралар қабылданып жатыр. Осы уақытқа дейін ондаған проблемалық мәселе шешілді.
Жалпы, Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шараларды халықаралық рейтингтік ұйымдар оң бағалайтынын атап өту қажет. Егер Дүниежүзілік банк есебінің деректері бойынша «Doing Business 2017» рейтингінде Қазақстан 35-ші орын иеленген болса, «Doing Business 2020» (2019 жылғы 24 қазанда жарияланған) нәтижесі бойынша Қазақстан 25-ші орынға көтерілді.
Егер Бас прокуратура, Үкімет, Парламент тарапынан жан-жақты қолдау болмаса, бұған қол жеткізу мүмкін болмас еді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Бүгінде өте өзекті болып тұрған талаптар бар, ертең олар қажет болмай қалуы да мүмкін, сондықтан сараптама мен пысықтау қажет.
Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауының арқасында Қазақстанда бизнес-ортаны жетілдіру бойынша жүйелі және ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бизнес-омбудсмен институты осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмысты толықтыруға және күшейтуге мүмкіндік береді.
Біз бизнесті қолдау және қорғау мәселелерінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл үлкен жұмыс болды және бұл орайда «Атамекенге» тиісті бағасын беру керек. Оның қолдауынсыз бизнес-омбудсмен институты бизнестің мәселелерін жалғыз өзі шеше алмас еді. «Атамекен» кәсіпкерлер құқығын қорғаудағы қуатты күш болып табылады!
Әрине отандық бизнестің проблемалары түбегейлі шешілді деу артық болар. Уақыт өтіп жатыр, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдарға қойылатын талаптар да өзгеруде, яғни барлық мәселелер күн тәртібінен алынып тасталған жоқ. Заман талабына сай бизнес талабы да өзгеріп отырады. Бірақ, ең бастысы, жұмыстың нақты нәтижеcін көріп отырмыз, ол бизнес-қоғамдастық тарапынан өз бағасын алды және қолдау тапты. Көкжиек ашылды, яғни бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі миссия алдағы уақытта да жүзеге асырылатын болады.
Болат ПАЛЫМБЕТОВ,
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл