Саясат • 27 Желтоқсан, 2019

Өзекті мәселелер шешімін тауып келеді

139 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында елдің қоғамдық-саяси өміріне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізді. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) екінші отырысы – осы тұжырымдамалық ұғымның мазмұндық толтырылуының көрсеткіші. Бұл сөзімізге ҰҚСК отырысында жарияланған маңызды саяси шешімдер дәлел бола алады. Бұл жұмыс топтарының, консультациялар, кеңестер, Президенттің Ұлттық кеңестің жекелеген мүшелерімен жеке кездесулерінің нәтижесі болды. Бірінші реформалар пакетінде әлеуметтік-саяси модернизацияның ең өзекті, маңызды мәселелері қозғалды.

Өзекті мәселелер шешімін тауып келеді

Біріншіден, бұл – митингілерді ұйымдастырудың рұқсат ету принципінен хабарлау принципіне көшу. Бейбіт жиналыстар мен шерулерді өткізу тәртібіндегі өзгертулер – өте маңызды қадам. Бүкіл әлемде қазір наразылық белсенділігінің өсу үрдісі байқалады. Митингілер мен наразылық акциялары қазіргі заманғы нормаға айналды. Бұл, Президент айтқандай, қазақстандық қоғамның санасында митинг мәдениетін қалыптастыру уақыты келгенін білдіреді. Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жоспарды орындау шеңберінде «Бейбіт жиналыстар туралы» заң жобасы әзірленді, онда бейбіт жиналыстар мен оларды өткізу үшін арнайы орындардың барлық нысандары белгіленеді. Бұдан басқа, ұйымдастырушының, қатысушының, байқаушының мәртебелері, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттері нақты анықталатын болады.

Екіншіден, бұл – саяси партиялар мен парламенттік оппозицияға қатысты өзгерістер. Ұлттық кеңес отырысы аясында саяси партиялар үшін тіркеу межесін 2 есеге, 20 мың адамға дейін төмендету туралы мәлімделді және парламенттік оппозиция туралы заңның әзірленуіне қолдау көрсетілді, оған сәйкес саяси азшылық комитеттерді басқара алады. Бұл уақыт пен жаңа саяси жағдайларға жауап болды.

Үшіншіден, Ұлттық кеңестің консультативтік-кеңесші орган ретіндегі қызметінің маңызды қорытындысы – жала жапқаны үшін қылмыстық жаза туралы ҚР ҚК-нің 130-бабын қылмыстық сипаттан арылту бойынша жұмыс болды, ол енді әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске көшіріледі. Көбінесе бұл бап бойынша журналистер жазалауға ұшырады, себебі бұл бапты қылмыстық сипаттан арылту жалпы БАҚ жұмысына оң әсер етеді деп күтілуде. ҚР ҚК 174-бабын ізгілендіру әділ сот төрелігін жүзеге асыруға ықпал ететін нақты заңдық анықтама беруге мүмкіндік береді.

Мемлекет, сондай-ақ ашық және есеп беруі тиіс. Бұл, ең алдымен, бюджет қаражатын ұтымды жұмсауға қатысты. Осыған байланысты, 2020 жылдың қаңтарынан бастап тексерілетін мемлекеттік органдар мен ұйымдар бо­йынша аудиторлық іс-шараларды жариялау туралы шешім қабылданды. Бұл жұмысты жоғары қаржылық қадағалау органы – Есеп комитеті жүргізетін болады.

Көптеген бастама мен шешім әлеуметтік салаға және азаматтардың белгілі бір топтарын қолдауға қатысты – шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қысқарту, шетелдік жұмыс берушілер тарапынан қазақстандық жұмысшыларды кемсітуге жол бермеу. Көп балалы отбасыларға атаулы  әлеуметтік көмекті әділетті қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Көп балалы отбасыларға арналған жаңа мемлекеттік жәрдемақының мөлшері сараланған мөлшерде белгіленеді және ол 42,5 мыңнан 74 мың теңгеге дейін болады. Халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары да кепілді әлеуметтік көмек пакетімен – мектептерде ыстық та­мақпен, мектеп формасымен, көлікте тегін жол жүрумен және т. б. қамтамасыз етілетін болады.

Осылайша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы қоғам мен мемлекеттің сұхбатында нақты шаралар мен қабылданатын шешімдерде көрнекі нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетті.

 

Мәдина НҰРҒАЛИЕВА,

Президент жанындағы ҚСЗИ директорының кеңесшісі