Спорт • 13 Қаңтар, 2020

Балтық жағалауына бара аламыз ба?

140 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

28 қаңтар мен 2 ақпан аралығында футзалдан әлем чемпионатының іріктеу турнирі өтеді. Элиталық кезеңге жолдама алған УЕФА мүшелігіндегі 16 команда төрт-төрттен төрт топқа бөлініп, өзара шеберлік байқасады. «D» тобына түскен Қазақстан құрамасы Чехия, Словения және Румыниямен күш сынасады.

Балтық жағалауына бара аламыз ба?

Биыл 12 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Балтық жаға­лауында жалауы желбірейтін дү­ниежүзілік доп додасына әр топ­тан үздік шыққан командалар бірден жолдама алады. Сон­дай-ақ екінші орын алғандар да өзара күш сынасып, сол матч­тарда жеңіске жетсе, дәл сондай құрметке бөленеді. Қазақстан құрамасы кімдермен кездесетінін біз жоғарыда айттық. Ал өзге топтарда мына мемлекеттердің өрендері өнер көрсетеді:

«А» тобы – Португалия, Ита­лия, Беларусь, Финляндия.

«В»тобы  – Испания, Сербия, Украина, Франция.

«С» тобы – Ресей, Әзербайжан, Сло­вакия, Хорватия.

Бірден айта кетейік, жер­лес­теріміз үшін жеребе сәтті түс­ті. Біздің топта атағы алыс­қа жайылған бірде-бір коман­да жоқ. Барлық қарсылас­та­ры­мыздың деңгейлері шамалас. Мәселен, Чехия футзалшылары осыған дейін жеті мәрте ұйымдастырылған әлем чемпионатына үш рет қатысып, 2004 және 2012 жылдары екін­ші кезеңде ойнады. Одан әрі­ге шамалары жетпеді. Ал Еуропа біріншілігінде сегіз рет бақ сынады. 2003 жылғы Еуро­па біріншілігін өте тамаша бастаған чехтар жартылай фи­налда Украинадан (1:5) тас-талқан болып ұтылды. Ол кезде үшінші орын үшін кездесу өткізілмегендіктен, жүлде бұйырмады.

Есесіне 2010 жылы айтулы елдің ойыншылары қола ме­дальды иеленді. Ширек финалда Италиядан (3:3, пенальтиден – 3:1) айласын асырған олар жар­тылай финалда Испаниядан (1:8) ойсырай жеңілді. Шешуші сында Чехияның өкілдері Әзер­байжанның (5:3) осал тұсын тапты.

Словения осы күнге дейін дү­ние­жүзілік доп додаларына бірде-бір рет қатысқан емес. Ал қарт құрлықтың басты жарысында алты мәрте өнер көрсетті. Төрт рет топтық сайыста сүрінсе, 2014 және 2018 жылдары ширек финалға дейін жетті. Алғашында Испанияға (0:4) жол берсе, одан кейін Ресейден (0:2) ұтылды.

Румынияның да әлем чемпио­натына әлі жолы түспеген екен. Есесіне Еуропа біріншілігінде төрт рет ойнады. 2007 жылы олар топтық турнирде сүрінді. 2012 жылы ширек финалға әупірімдеп жүріп жеткенімен, Испанияға (3:8) жарытып қарсылық көрсете алған жоқ. 2014 жылы да дәл сол межеден көрінді. Бұл жолы румындардың жолын Ресей (0:6) бөгеді. 2018 жылы Словенияда жалауы желбіреген жарыстың алғашқы кезеңінен аса алмай, елдеріне еңселері түскен күйде оралды.

Жоғарыда аталған үш коман­даға қарағанда Қазақ­стан­ның табысы әлдеқайда қомақты. Со­нау 1999 және 2000 жылдары жерлестеріміздің Азия чемпио­натында жеңіс тұғырына көте­рілгенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Малайзияда қола медаль алсақ, Тайландта күміспен күптелдік. УЕФА-ға өткеннен кейін де біраз белестерді бағын­дырдық. 2016 жылы Белградтағы бәсекеде Ресейді (1:2) алға жібе­ріп, өз тобымызда екінші орынды еншіледік. Ширек финалда әйгілі Италияны (5:2) шаң қаптырып кеттік. Жартылай финалда даңқы алысқа тараған Испанияға (3:5) әліміз жетпеді. Ал қола медаль үшін тартыста Сербияны (5:2) сан соқтырдық.

2018 жылы Словенияда өт­кен жарыста Ресей (1:1) мен Поль­шаны (5:1) артқа тастап, топтық турнирде көш бастадық. Ширек финалда Сербиямен жолымыз қайта түйісті. Бұл жолы да біздің жігіттердің (3:1) мысы басым болды. Жартылай финалда Испаниямен (5:5) тең ойнадық. Бірақ пенальти соғу барысында Пиреней түбегі түлектерінің бағы жанды. Ал үшінші орын үшін өткен бәсекеде Ресейден (0:1) ұтылдық.

Әлем чемпионатында Қазақ­стан құрамасы екі рет өнер көр­сет­ті. Ғасырлар тоғысында Гва­те­малада жалауы желбіреген жарыста отандастарымыз Бразилия (1:12), Португалия (2:6) және Гва­темаладан (5:6) жеңіліп, топ­тық турнирде көш соңында қалып қойды.

2016 жылы қазақстандық фут­залшылар әлемдік додада екін­ші мәрте бой көрсетті. Ит ар­қасы қияндағы Колумбияда өткен жарыста өз тобымызда екін­­ші орынды иелендік. Турнир барысында Аргентинадан (0:1) ұтыл­ғанымызбен, Коста-Рика (3:1) мен Соломон аралдарынан (10:0) басым түстік. Бірақ 1/8 фи­­налда азулы Испанияға тап бол­дық. Бұл жолы да әлемнің екі және Еуропаның жеті дүркін чем­пионы деген дардай атағы бар ко­мандаға әліміз жетпеді. Бұл кездесу 2:5 есебімен аяқ­талған еді. 

Міне, биыл 12 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Литвада өтетін әлем чемпионатына жолдама алу үшін жерлестеріміз таяу күндері жоғарыда аталған командалармен күш сынасады.