Қоғам • 15 Қаңтар, 2020

Мал шаруашылығына маңыз берілмей отыр

657 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Облыста 6841 ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Оның 1586-ы ірі акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 5255-і шаруа қожалығы. Осылардың барлығы егін егумен айналысады. Мал ұстайтындары тек 120 ғана.

Мал шаруашылығына маңыз берілмей отыр

Егер барлық құрылымдарды егін егумен бірге, мал шаруа­шы­лығын өрістетуге жұмылдырса, ет пен сүт мол болып, ауылдың еңсесі көтеріліп қалмай ма? Екі қолға бір күрек таба алмай отырған қаншама адамға жұмыс болар еді. Тұрақты табыс тауып отырса, өкпе-наз да айтылмайды. Бұл әрі-беріден соң Алаштың алтын бесігі –
ауылды сақтап қалатын игілікті шаруаға айналары сөзсіз. Тек бір әттеген-айы, жердің игілігін көріп отырғандар малымызды бағып, ел де біздің оңынан тұрған ісіміздің игілігін көрсін дейтін ниет болмай тұр. Сондықтан шаруасы шалқыған ауыл шаруашылығы құрылымдарын егін егумен бірге, мал бақтыруға ынталандыру да қажет.

Ал мал бағуға мүмкіндік мол. Ақмола облысында түгін тарт­саң майы шығатын мыңдаған гек­тар жайылымдық жер тусырап бос жатыр. Мал азығын дайын­дайтын шабындық жер де бар. Мәселен, облыстың жер аумағы 14,6 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруа­шылығы жерлері 10 миллион 782 мың гектарға немесе бар­лық жердің 74 пайызына тең. Мұ­ның 5,7 миллион гектары егіс­тік, 4,5 миллион гектары жайы­лымдық жерлер.

Соңғы уақытта ауыл шаруа­шы­лығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында түгендеу жұ­мыстары жүргізілуде. Осы істің қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы
1 миллион 110 мың гектар жердің пай­даланылмай, бос жатқаны анықталып отыр. Осы жерде төрт түліктің қаншасын бағуға болар еді?

– Ауылдың еңсесін көтеретін жалғыз жол, мейлінше ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарын мал бағуға міндеттеу, – дей­ді Зеренді ауданының тұрғы­ны Қасым Ахметов, – кешегі кеңес заманында ауыл шаруашы­лы­ғының екі саласы қатар дамыды. Сол арқылы жұмыс қайнап жататын. Бос отырған ешкім болмады. Қазір егін шаруашылығымен айналы­сатындар ауылға көктемде бір, күзде бір келеді. Қалған уа­қытта ешкіммен шаруасы жоқ. Әрине қолынан келген аза­мат­тардың жұмыс істеп, табыс тап­қанына ешкімнің қарсылығы жоқ. Дегенмен, егін алқаптары бө­лінген кезде бұл шаруашы­лық­тарға тиісінше жайылымдық, шабындық жер де бөлінеді.

Жер иесі болып санал­ғаны­мен, мал бақпаған соң жер­­гілікті тұрғындарға көк тиын пайда­сы жоқ. Егер мал ұстаса, ауылда екі қолын қусырып отыр­ған адамдар біреуі малшы, біреуі сауыншы болып тұрақты табыс табар еді. Жұмыс бар жерден кім көшсін.

Өкініштісі, ауыл шаруа­шы­лығы құрылымдары бейнеті көп мал шаруашылығымен ай­на­лысуға құлықсыз. Соның кесі­рінен қаншама жер кәдеге ас­пай жатыр? Осы арада бұған дейін ешкімнің 613 мың гектар егіс­тік алқаппен, 490,2 мың гектар жайылымдық жермен жұмысы болмағанын айта кетуге тиістіміз.

– Шынтуайтында, шағын шаруа қожалықтары егін егуге ынталы, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаев, – бұл жерде қолбайлау болып отырған мәселе – олардың қолында қаржының жоқтығы. Мәселен, тауарлы сүт фермасын ұйымдастыру үшін мал сатып алумен қатар, қорасы, са­уын аппараттары тәрізді көп­теген қажеттілік бар. Бұл қомақ­ты қаражатты қажет етеді. Шаруа қожалықтарының банктер­ден несие алуы үшін қоятын кепіл­діктері болмай отыр. Міне, осындай тығырыққа тірелудің сал­да­ры­нан мал шаруашылығын да­мы­туда ішінара қолбайлау бар.

Басшының айтып отырға­ны – шағын шаруа қожалықтары төңі­регіндегі уәж. Ал жыл сайын мың­­даған гектар жерге дәнді да­қыл­дар тұқымын егіп, тәп-тәуір табыс тауып отырған ірі шаруа қо­жа­лық­тарының мүмкіндіктері бар. Бірақ мал баққаннан егін еккен әлдеқайда жеңілірек.

– Біздің жақта қыс ұзақ. Әсіресе қара мал алты ай бойы қолға қарайды. Қаншама мал азығын дайындау қажет, – дейді атбасарлық Алтай Қонысбаев,–бәлкім мал ұстауға енжарлық таныту осындай қиындықтардан туындап отырған шығар. Осы мәселеге мейлінше мән берілсе, ауыл шаруашылығы өнімдері бәсекелестік заңына орай қым­баттамас еді. Өйткені алушыдан сатушы көп болады ғой. Байыптап қарасаңыз, жердің бос жатқаны кімге пайдалы. Өзі­міздің бар мүмкіндігімізді пайдалана алмай отырмыз ғой.

Осы тақырыпты зерделесеңіз, екіұшты ойға қаларыңыз анық. Мәселен, қияндағы шоқ жұл­дыз­дай шағын ауылдардың жерлері бос жатса, ірі елді мекендердің маңайында қолдарындағы бірер малды бағуға тоқымдай жер таба алмай отырғандар аз емес.

– Ел еңбек етуден қол үзіп қалған. Ұмтылғанмен, жайы­лым­дық, шабындық жердің жоқ­ты­ғынан бір қолын екі ете алмай отыр, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов, – егін де егіп, мал да бағып көрдік. Қазір ел ішінде отырсақ та, белін буып мал бағамын деп ұмтылып отырған адам таба алмайсың. Малшы түгіл механизатор да жоқ. Қатарынан үш жыл бойы науқандық жұмыс кезінде механизаторларды көршілес облыстан ат-түйедей қалап әкеліп отырмыз. Әрине екі саланың тізгінін тең ұстаған жақсы. Мәселен, егін нашар шықса, малдан түскен табыс жыр­ты­ғымызды жамар еді. Бірақ соған мүмкіндік жоқ. Мал бағатын, мал азығын дайындайтын жердің бәрі алпауыт­тардың қолында. Олар шөбін шаппақ түгілі бір қарыс жеріне табаныңды тигізбейді.

Ақмола облысы – Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамта­масыз ету белдеуіндегі бірегей облыс. Азық-түліктің жұмыртқа, ұн тәрізді түрлері мол болғанымен, ет және сүт өнімдерімен қамтуда олқылық бар. Мәселен, сүт өнім­дерімен қамтамасыз ету көлемі былтыр­ғы  11 ай­дың ішінде 34 пайызды ғана қамтыған. Рас, талпыныс бар. 107,5 мың тонна сүт өнімдері ас­тананың сауда нүктелеріне жет­кізілген. Әйтсе де аздық етеді. Табиғи сүттің есесіне аста­на­ның сауда сөрелерінде құрғақ сүттен жасалған өнімдер сыңсып тұр. Жоғарыдағы біз айтқан ойды дамытсақ, жергілікті табиғи өнім шеттен келетін сүт өнімдері­мен қатар құрғақ сүттен жасал­ған тағамдарды ығыстырып, бәсеке­лестіктің бәсін арттыра түсер еді.

Дастарқанның берекесін келтіретін ет пен сүт қана емес, көкөніс те қажет. Целиноград ауданындағы «Грин стар», Ар­шалы ауданындағы «Еңбек-1», Шортанды ауданындағы «Таби­ғат ТР» тәрізді жауапкершілігі шек­теулі серіктестіктері бір мың­нан астам суармалы жерлерді игеріп, қызылша, қырыққабат, сәбіз, картоп өсіріп жатқанымен, азық-түлік белдеуінің көкөніске сұранысын 30 пайызға ғана өтей алып отырмыз. Осы орайда тағы да тусырап бос жатқан жер туралы қадап айтуға тура келеді. Көкөніс өсіруге қолайлы сулы, нулы жер Ақмола облысында аз емес. Бірақ соның басым бөлігі не өздері екпейтін, не өзгеге еккізбейтін жер иеленушілерінің қолында.

Сөзімізді түйіндей келе, мәсе­ленің мәнісін індетіп, ұсы­ны­сымызды да айталық. Ең алдымен егін егетін ауыл шаруа­шылығы құрылымдарына мал бағу да арнайы заң арқылы міндеттелсе.

 

Ақмола облысы