Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдіктері, зиялы қауым өкілдері, ақын ұрпақтары мен тілшілер қауымы қатысқан жиынды ашқан белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы басқосудың мән-мазмұнын түсіндіре келе, мерейтой аясында жыл бойы толассыз атқарылған шаралардың маңызына тоқталып, баға берді. Тағдырдың жазуымен бір жылы дүниеге келіп, бақиға да бір мезетте аттанып кете барған үш арысты халық біртұтас ұғымға айналдырып, мерейтойын да бөліп-жармай ауыл, аудан, облыс, республика деңгейінде бірге атап өтті. Шығармаларына жан-жақты талдау жасап, үздіксіз насихат жасады. Үш бәйтеректің бірі І.Жансүгіров мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының мүшесі ретінде барлық шаруаның басы-қасынан табылған Н.Иманғалиұлының айтуынша, ақынның тойы Қазақстаннан тыс аумақтарда да аталып өтіп, халықаралық сипат тапты. Түркия, Ресей жұрты ақын өмірбаянына қанығып, шығармаларымен танысты. Мұзбалақ ақынның «Құлагері» неміс тіліне аударылды, ал Ұлттық аударма бюросының жетекшілігімен тәржімаланған жырлары ағылшын тілінде сөйледі.
І.Жансүгіровтің 125 жылдығына орай ақынның шығармашылығы мен өмірбаянын зерттеуге арналған журналистер мен әдебиетшілер арасында жарияланған байқаудың жеңімпаздарын анықтау оңайға соқпаған. Себебі Ілияс атын тіл, сөз өнері арқылы ұлықтауға арналған бәйгеге қатысқан әдебиетшілер мен журналистердің қарасы қалың болған. Ұзын саны 132 материал келіп түскен. Ақын өмірбаяны мен шығармашылығын зерттеуге арналған байқаудың ережесі бірнеше ай бұрын жарияланған болатын. Марапаттауға арналған бәйгенің қортындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сахна саңлағы Болат Әбділманов жариялап, жеті жеңімпаздың есімін атады. 3-орын үшеу: «Мәлім және беймәлім І.Жансүгіров» атты танымдық мақаласы үшін ілиястанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Шара Қияхметова, «Құлагер» поэмасының ағылшын тіліндегі аудармасы хақында» атты мақаласы үшін Дүйсенәлі Әлімақын, оқырман жанын толғантар естеліктер мен сұхбаттар жиынтығы үшін Мәриям Әбсаттар иеленді. 2-орын иегерлері екеу: шығармашылық байқауға «Қызық Ілияс – қыруар қазына» атты көлемді мақаласын қосқан Жемісбек Толымбеков және Ілияс туралы танымдық хабарлар жасап, көпшілікке ақын келбетін көзайым еткен тележурналист Мұрат Жұмабай 2-орын иесі атанды. Қазылар алқасы бәйгенің 1-орнына лайық деп тапқан мақала «Мұзбалақ ақынның мұзқаласы» деп аталады, авторы – белгілі журналист Заңғар Кәрімханға жүлдені мәдениеттанушы-жазушы Мұрат Әуезов табыстады. Ал ұлттың алғашқы Жарғысын жазған заңгер Барлыбек Сыртановтың өмірбаяны мен соңына қалдырған мұрасын зерттеп жүрген зерделі жас, Ілиястың ізімен жүріп отырып, Мәскеу мен Санкт Петербург архивтерін ақтарып, беймәлім болып келген 18 кітабын елге әкелген жас алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай бас жүлденің иесі атанды. Ілиястың ұлы Саят Жансүгіров тапсырған жүлденің иесін лайықты тапқанына залдағы үлкен-кіші тегіс қуаныш білдірді.
Жиында белгілі ақын Ғалым Жайлыбай, Аманхан Әлім, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, филология ғылымдарының докторы Кәкен Қамзин, профессор Т.Кәкішевтің жары Күләш Ахметова ақиық ақын туралы қызықты естеліктер айтты. К.Матыжанов Абайдың 175 жылдығы мерейтойы үстінде Абай мен Ілияс шығармаларының өзегіндегі ұқсастықты зерттеуді ұсынса, А.Әлім Ілияс пен Алаш тақырыбын қаузай түсу жайына тоқталды. «Құлагер» поэмасын жатқа айтып, ерекше мақаммен домбырасымен жырлап жүрген Нағашыбай Алпысов Қостанай облысынан арнайы келіп, алматылық қауымның алдында қоңыр дауысымен дастаннан үзінді шырқап берді. Ұлттың рухани құндылықтарымен қабысқан ақын жырларын келешекпен сабақтастыруды мақсат тұтқан бәйгеге ел азаматтарының бірі қаржылай көмек көрсетіп, дәнекер болса, әдебиет көшіндегі қайраткерлер Ілияс мұраларына жаңаша қарауды ұсынды. Мерейтой мәреге жеткенімен, Ілиястанудағы ізденістер ілгерілей бермек. Жастардың мерейін өсірген жиынға қатысқан көпшілік Ілистанудың жаңа кезеңі басталғанына сенім білдіріп, тарқасып жатты.
АЛМАТЫ