Аймақтар • 18 Қаңтар, 2020

Алматы облысында тағы бір тұрғын өзін өзі тонады

218 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Адамдар қаржылық қиындықтан шығу мен қарызды қайтармаудың түрлі жолдарын ойлап таба бастаған сияқты. Және ойланбай әрекет етудің салдарынан өздері зиян шегіп, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуға дейін баратынын білмей қалуда.

Алматы облысында тағы бір тұрғын өзін өзі тонады

Алматы облысында қарызын жасыру үшін «өзіне өзі шабуыл ұйымдастыру» дерегі осымен екінші рет тіркелді. Бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданындағы жағдай туралы жазғанбыз. Дәл соған ұқсас оқиға Талғар ауданында да болған екен. Бұл жолы банктен көп мөлшерде несие алған әйел, шыққан шығынды жасыру үшін полицияға өзін белгісіз қылмыскерлердің тонап кеткенін айтып, шағым жазыпты. Тәртіп сақшылары  жедел қимылдап, іс бойынша құрықтау операциясын бастайды. Алайда, із кесу жұмыстары тереңдеген сайын, әйел адамның арызында суреттелген қылмыс кейпі күдік тудығызған. Тергеушілер 39 жастағы келіншекті қайта сұраққа алған кезде ол шынын айтып, ешқандай тонау болмағанын мойындаған.

Қазір полицияны жалған мәлімет беру арқылы әбігерге салған келіншектің өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ал жалған арыз беруші бұл қадамға несиеге алған ақшаны мақсатсыз жұмсап қойғанын, мұны үйдегі отағасына түсіндіруге қорыққандықтан тонаушылар туралы оқиғаны ойлап тапқанын айтып ақталуда. Өкініштісі, келіншек енді 10 млн теңгеге дейін айыппұл төлеуі немесе 5 жылға дейін бас еркінен айырылуы мүмкін.